Осы аптада Миланда Еуропа және Азия елдерінің басшылары кездескен екі күндік «Азия-Еуропа» (АСЕМ) саммиті өтті. Оған Ресей, Украина және Қазақстан басшылары да қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе тұрақты әріптестікті дамыту және қауіпсіздікті нығайту болды. Саммит қонақтарын Италияның жаңа премьер-министрі, Флоренцияның 39 жастағы бұрынғы мэрі Маттео Рензи қабылдады.
МИЛАНҒА НАЗАРБАЕВ ТА БАРДЫ
Италияның Linkiesta газеті «саммит күндері Миланда көлік кептелісі көбейіп, көше қиылыстарында полицейлер қаптап кеткенін жазды. Басылым «Италия премьері Маттео Рензи Миланда оқитын Қытай студенттерінің арасына барып, олармен бірге фотоға түсіп жүр» деп жазады.
Linkiesta газеті «Жымиып, қонақтармен қол алысып амандасқан, арасында «селфи» суреттерге түскен премьер Қытайдағы немесе Ресей, Тайланд, Қазақстандағы азаматтардың құқықтары жиі бұзылатыны жайлы бір сөз айтпады. Саммитке стратегиялық және коммерциялық мақсатпен қатысқан елдердің бәрі азаматтық және саяси құқықтар бұзылатын мемлекеттер екені белгілі» деп жазады.
Италия журналистері Украина дағдарысы басталған тұста қазақстандық үгіт-насихаттың президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты «Ресей менУкраинаны татуластыратын тұлға» деген болжамы қате болғанын еске алды. Олар «Алма Шалабаева мен оның қызын депортациялауға байланысты шыққан шудан кейін Нұрсұлтан Назарбаев басқарып отырған Қазақстандағы нақты жағдай бүкіл итальяндықтарға белгілі болды» деп жазады.
Миланда Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Петр Порошенко арасында Еуропа елдері басшыларының ұйымдастыруымен келіссөздердің үшінші раунды өтті. Бұл кезде Франция сотында қазақстандық олигарх әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовті Ресейге беру немесе бермеу мәселесі қаралып жатты. Алма Шалабаеваның күйеуі Әблязовке Қазақстан, Ресей және Украинада «миллиардтаған доллар жымқырды» деген айып тағылған. Әбялзов бұл айыптаудың «саяси астары бар» деп санайды. Былтыр Италия Әблязовтің әйелі мен кәмелетке толмаған қызын Қазақстанға заңсыз депортациялаған. Бірақ кейін оларды Италияға қайтарды. Рим олардан ресми түрде кешірім сұраған.
ПУТИН МЕН ПОРОШЕНКО
«Азия-Еуропа» саммитінің күн тәртібінде талқыланған негізгі мәселелердің бірі - Украина мен Ресей арасындағы қықтығыс. Reuters агенттігінің жазуынша, Украинаны қолдайтындарын ашық білдірген Еуропа жетекшілері Ресейден атысты тоқтату режимі талаптарын орындауды талап етуге әзір болған.
ЕО пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу мәселесінде белсеніп шыққан Германия канцлері Ангела Меркель Ресеймен келіссөз жүргізуге ынталы екенін байқатты. Los Angeles Times газетінің жазуынша, Миландағы кездесу алдында Ангела Меркель неміс депутаттарына Ресейге үш талап қоюға - Ресейдің бүкіл қарулы күштерін Украина жерінен шығаруды; ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ) Ресей мен Украина шекарасын күзетіп, бақылауына; қазанның 26-сы күні Украинаның бүкіл территориясында елдің жаңа парламентін сайлауға мүмкіндік беруді талап етуге уәде еткен.
Бейсенбі күнге белгіленген кездесу Владимир Путиннің Италияға жоспарлы мерзімнен кешігіп келіне байланысты кейінге шегерілді. Екі сағаттан аса созылған келіссөз түн ортасында аяқталып, екі жақ та ортақ мәмілеге келе алмағандарын мойындады.
Reuters агенттігінің жазуынша, жұма күні Ангела Меркель «Ешқандай өзгеріс байқамадым. Келіссөздерді жалғастырамыз. Кейбір мәселелер бойынша прогресс бар, бірақ Украинаның территориялық тұтастығын бұзуға қатысты негізгі мәселе әлі шешілген жоқ» деп мәлімдеген.
Ангела Меркель 1994 жылы қабылданған Будапешт меморандумында Ресей Украинаның территориялық тұтастығын құрамындағы Қырыммен бірге мойындағанын Украинаның тәуелсіздігіне күмән келтіре сөйлеген Владимир Путиннің есіне салған.
Жұма күнгі таңғы ас үстіндегі келіссөздерге Ресей тарабының да көңілі толмаған. «Российская газета» басылымы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың «Украинаның оңтүстік-шығысындағы нақты жағдайды кейбір қатысушылар мүлде түсінгісі келмеді деп өкінішпен айтуға болады» деген сөздерін келтірген.
Газеттің жазуынша, «кейбір қатысушылар объективтілік танытуға мүлде тырыспады» деген ол бірақ «жалпы конструктивті келіссөз өтті» деп мәлімдеген.
ПУТИН БЕРЛУСКОНИДІҢ ҮЙІНЕ ҚОНАҚҚА БАРДЫ
Саммиттен кейін Владимир Путин Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің үйінде болған. Журналистік зерттеу жүргізген ВВС-дің хабарлауынша, «салықтан жалтарды» деген айыппен сотталған Сильвио Берлусконидің үйіне барған Владимир Путин жергілікті уақыт бойынша таңғы 03:45-те қайтқан.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қарттар үйінде бір жыл қоғамдық жұмыс істеу жазасына кесілген 78 жастағы Сильвио Берлусконимен кездесу үшін Ресей президенті сот орындарынан арнайы рұқсат алған.
- Ресми іс-шаралар аяқталғаннан кейін Путин өзінің ескі досы Берлусконимен жолығуға барды, - дейді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.