Accessibility links

Климаттың өзгеруі Еуропадағы аптап ыстық пен орман өртіне қалай әсер етеді?


Табара мен Лосасио аралығындағы бидай алқабында шыққан өртке қарап тұрған адам. Самора, Испания, 18 шілде 2022 жыл.
Табара мен Лосасио аралығындағы бидай алқабында шыққан өртке қарап тұрған адам. Самора, Испания, 18 шілде 2022 жыл.

Еуропада күн қатты ысып, орман өрті өршіп жатыр. Бұған климаттың өзгеруі қалай әсер етті? Ғалымдар түсіндіреді.

АПТАП ЫСТЫҚ НЕДЕН БОЛАДЫ?

Климаттың өзгеруінен ауа райында әдеттен тыс ыстық жиіледі. Әлем елдерінің көбінде байқалған бұл құбылысты Біріккен ұлттар ұйымының жаһандық климатологтар тобы да растады.

Индустрия дәуірі басталғалы адам қызметінің нәтижесінде парник газдар әсерінен планетада ауа температурасы 1,2 градусқа көтерілген. Бұл аптап ыстық кездері температура одан да жоғары бола алатынын көрсетеді.

"Қазір біз бетпе-бет келіп отырған жылу толқындары климаттың өзгеруінен жиілеп жатыр" деп түсіндіреді Лондондағы Imperial College климатологы, World Weather Attribution зерттеу тобы жетекшілерінің бірі Фридерике Отто.

Аптап ыстықта Зеннор маңында қураған өсімдіктерден шыққан өртті сөндіріп жүрген адам. Корнуолл, Ұлыбритания, 19 шілде 2022 жыл.
Аптап ыстықта Зеннор маңында қураған өсімдіктерден шыққан өртті сөндіріп жүрген адам. Корнуолл, Ұлыбритания, 19 шілде 2022 жыл.

Бірақ ауа райының жылуына басқа да факторлар әсер етеді. Еуропада атмосфера циркуляциясы маңызды фактор болып отыр.

Осы айда Nature журналында жарияланған зерттеу Еуропада жылу толқыны АҚШ секілді солтүстік ендіктегі елдерге қарағанда 3-4 есе жиілегенін көрсетті. Зерттеу авторлары мұны солтүстік жартышардағы батыстан шығысқа қарай жылжитын ауа ағынының өзгеруімен түсіндіреді.

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Нақты бір жылу толқынына климаттың өзгеруі қалай әсер еткенін білу үшін ғалымдар "атрибуциялық зерттеулер" жүргізеді. Олар 2004 жылдан бастап аптап ыстық, су тасқыны мен қуаңшылық секілді ауа райының тосын құбылыстарына байланысты осындай төрт жүзден астам зерттеу жасап, оған климаттың өзгеруі қалай әсер еткенін анықтауға тырысқан.

Олар қазіргі климаттың жүздеген деректерін парник газдар бөлінбей тұрған кезеңдегі мәліметтермен салыстырған.

World Weather Attribution ғалымдары 2019 жылғы маусымда Еуропада тіркелген рекордты деңгейдегі аптап ыстық климат өзгермей тұрған кезеңге қарағанда қазір Франция мен Нидерландыда қайталану ықтималдығы жүз есе өскен дейді.

АПТАП ЫСТЫҚ НЕГЕ ЖИІЛЕП КЕТТІ?

Жер шарындағы орташа температура индустрия дәуіріне дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,2 градусқа көтерілген. Бұл қазірдің өзінде аптап ыстықты жиілетіп жатыр.

Қатты ыстықта Трафальгар алаңындағы субұрқақтан салқындап отырған адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 19 шілде 2022 жыл.
Қатты ыстықта Трафальгар алаңындағы субұрқақтан салқындап отырған адамдар. Лондон, Ұлыбритания, 19 шілде 2022 жыл.

"Адам климатқа әсер етпегенде он жылда бір рет болатын төтенше температура қазір үш есе жиі болады" деді Цюрихтегі ETH климатологы Соня Сеневиратне.

Температураның көтерілуі адамзат атмосфераға парник газ шығаруды тоқтатқанда ғана тыйылады. Әйтпесе, аптап ыстық ауа райы күшейе береді. Ал климаттың өзгеру проблемасы шешілмесе, аптап ыстық бұдан да қауіпті бола түседі.

2015 жылы қабылданған Париж келісіміне сәйкес, мемлекеттер жаһандық орташа температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа, анағұрлым төменірек деңгейде ұстап тұруға және температураның өсуін 1,5 градусқа дейін шектеуге келіскен. Бірақ қазіргі саясат бұл мақсаттарға жету үшін қалдықтарды жылдам азайтуға мүмкіндік бермейді.

Индустрияға дейін аптап ыстық он жылда бір рет болатын. Егер Жер шарындағы орташа температура 1,5 градусқа көтерілсе, аптап ыстық он жылда 4,1 рет, ал 2 градусқа көтерілсе, он жылда 5,6 рет болар еді деп ескертеді IPCC ғалымдары.

Сеневиратне орташа температура 1,5 градусқа көтерілсе, болашақта көбіне күн жылы болады дейді.

КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ӨРТТІҢ ЖИІЛЕУІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Климаттың өзгеруі ыстық және құрғақ ауа райын күшейтеді. Бұл өрттің жылдам тарауына және ұзаққа созылуына әсер етеді.

Климаттың өзгеруі Жерорта теңізі аймағында орман өртінің әдеттегіден ертерек басталуына және бұрынғыдан көбірек аумақтың өртенуіне ықпал етті. Былтыр Еуропа одағы аумағында жарты миллион гектардан астам жер өртенген. Бұл 2017 жылдан кейінгі ең үлкен көрсеткіш болып отыр.

БҰҰ туы тігілген жердегі ғимараттың сыртындағы термометр көлеңкеде ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша +40 градус екенін көрсетіп тұр. Бонн, Германия, 19 шілде 2022 жыл.
БҰҰ туы тігілген жердегі ғимараттың сыртындағы термометр көлеңкеде ауа температурасы Цельсий шкаласы бойынша +40 градус екенін көрсетіп тұр. Бонн, Германия, 19 шілде 2022 жыл.

Күннің ыстық болуы өсімдіктердің ылғалын да азайтып, оны өрттің тарауына әсер ететін құрғақ отынға айналдырады.

"Ыстық және құрғақ ауа райы анағұрлым қауіптірек болады" дейді Copernicus орталығының бас ғылыми қызметкері Марк Паррингтон.

Португалия мен Грекия секілді елдерде жаз айларында орман жиі өртенеді. Олардың мұндай жағдайға еті үйреніп, қажетті инфрақұрылым жасап алғанымен, биыл екі ел де Еуроодақтан төтенше көмек алуға мәжбүр болды. Бірақ бұдан да жоғары температура орман өртін таңсық көретін және онымен күресуге дайын емес елдерде де жиілеуі мүмкін.

ОРМАН ӨРТІНЕ БАСҚА НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Орман өртімен күресуде орман шаруашылығын басқару және өрттің пайда болу себептерінің алдын алу маңызды фактор саналады. Еуроодақ ондағы он өрттің тоғызына адам себепкер болатынын айтады. Мысалы, өрт адамдардың от қоюынан, кәуап тәрізді тамақ дайындау үшін от жағуынан, электр желісін тартуынан немесе шыны қалдықтарын жинамауынан пайда болады.

Испания сынды елдерде халықтың көбі қалаға көшіп, ауылды жерде тұратын адам азайып жатыр. Тиісінше, онда орман өртіне әсер ететін өсімдіктер мен "отынды" тазалайтын жұмыс күші азайған.

Эль-Пон-де-Виломара маңындағы орман өртін сөндіріп жүрген төтенше қызметтің арнайы ұшағы. Каталония, Испания, 18 шілде 2022 жыл.
Эль-Пон-де-Виломара маңындағы орман өртін сөндіріп жүрген төтенше қызметтің арнайы ұшағы. Каталония, Испания, 18 шілде 2022 жыл.

Кей жерлерде ормандағы ағаштарды азайту немесе табиғи экожүйені өртке бейімдеу үшін бақыланатын өрт қою секілді шаралар орман өртін шектеуге көмектесе алады. Бірақ ғалымдар адамзат климатты өзгертіп жатқан парник газдарды азайтпаса, аптап ыстық, орман өрті, су тасқыны мен қуаңшылық күшейе беретінін айтады.

"Он немесе жиырма жылдан соң қазір болып жатқан өрт сол кезбен салыстырғанда бірқалыпты болып көрінуі мүмкін" дейді Испаниядағы Лерида универистетіндегі орман инженериясы профессоры Виктор Реско де Диос.

Reuters материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG