Францияның жоғарғы кассациялық соты бүгін қазақстандық оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың өтінішін қанағаттандырмай тастады. Былтыр қазанда Лион қаласының апелляциялық соты Мұхтар Әблязовты Украина немесе Ресейге экстрадициялауға санкция берген.
Мұхтар Әблязов 2013 жылы жазда Францияның оңтүстігінде ұсталғаннан бері сол елде қамауда отыр. Франция мен Қазақстан арасында қылмыстық іздеу бойынша ұсталғандарды экстрадициялау туралы келісім жоқ. Франциямен ондай келісімі бар Украина мен Ресей бұрынғы банкирдің үстінен «қаржылық алаяқтық» жасады деген шағым түсірген.
Адвокаттары егер Әблязов Ресей немесе Украинаға тапсырылатын болса, олар оны Қазақстанға беруі мүмкін екенін, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы болып табылатын Мұхтар Әблязовты Отанында азаптау күтіп тұрғанын айтады.
Франция заңы бойынша, кассациялық сот шешімін енді үкімет қаулысымен бекітуі тиіс. Адвокаттары үкіметті Мұхтар Әблязовты Франциядан экстрадицияламауға шақырды деп хабарлайды Associated Press.
Бұған дейін халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Франция билігін Мұхтар Әблязовты экстрадициялау ісінің сотта әділ қаралуын қамтамасыз етіп, оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін елдерге экстрадицияламауға шақырған.
2009 жылы ақпанда өзі басқарып келген БТА банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кеткен Мұхтар Әблязовты кейін Қазақстан билігі «банктен 6 миллиард доллар жымқырды» деп айыптаған. Ал Әблязов Қазақстанда өзін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін саяси астары бар себептермен қудалап отыр деп есептейді.