Қазақстан президентінің ресми сайтының хабарлауынша, Франция президенті Франсуа Олландтың екі күндік сапары кезінде «2012 жылы Францияға Нұрсұлтан Назарбаев барғанда жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралып, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады». Олланд пен Назарбаевтың 2012 жылғы кездесуінде екі елдің білім, зерттеу және инновация саласында, соның ішінде жоғары оқу орындары деңгейінде ынтымақтастық орнату жоспары айтылған еді.
Қазақстанның Франциядағы елшілігінің бұрынғы қызметкері Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Батыс пен Ресей арасындағы тартыс кезінде Астанаға келе жатқан Олланд Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мүмкіндіктерін пайдалануға да тырысады.
Азаттық: – Қазақстанға Еуропадағы жетекші мемлекеттер басшыларының сирек келетіні белгілі. Жуықта Астанаға барған Чехия мен Швейцария президенттерінен кейін іле шала Франция басшысының ресми сапармен келуі нені білдіреді?
Қазбек Бейсебаев: – Франция президенттері осыған дейін де Қазақстанға екі рет – 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2010 жылы Никола Саркози келген. Енді Франсуа Олландтың келуі Қазақстанның Батыс мемлекеттерімен, әсіресе Франциямен дипломатиялық және саяси-экономикалық байланысын жақсартқанын білдіреді. Франция мен Қазақстан арасындағы парламентаралық байланыстар 1990 жылдардың ортасынан бастап орнаған. Екі ел делегациясының барыс-келісі кезінде белгілі бір экономикалық лоббилер қоса жүреді. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынастардың жоғары болатынына бұл да бір себеп.
Азаттық: – 1992 жылы Қазақстан мен Франция бекіткен «Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық» туралы келісімде екі жақты саяси ынтымақтастық жасалатыны да айтылған. Одан бері Астана мен Париж арасында қандай саяси ынтымақтастық орнады?
Батыс Қазақстандағы адам құқығы жайын сынағанымен, іске келгенде прагматикалық тұрғыда ойлайды.
Қазбек Бейсебаев: – Екі мемлекет тығыз саяси ынтымақтастық жасайтындай көршілес елдер емес. Батыс Қазақстандағы адам құқығы жайын сынағанымен, іске келгенде прагматикалық тұрғыда ойлайды. Оның үстіне ондай декорациялық мәлімдемелерден гөрі экономикалық мүдделердің салмағы қай уақытта да басым болады. Франция – Қазақстанға ең көп инвестиция салған мемлекеттің бірі. Әсіресе мұнай, уран және ғарыштық зерттеулер саласында екі арада біріккен жобалар өте көп, яғни екі ел арасында миллиардтаған доллар қаржы жүр деген сөз. Түрлі саяси мәлімдемелер айтылуы мүмкін, бірақ ең бастысы – Франция Қазақстанда нақты жұмыс істеп жатқан компаниялары мен келешектегі мүддесін ұмытпайды. Олландтың осы сапарында тағы да ірі келісімдерге қол қойылуы мүмкін. Ірі инвестиция салып отырған ел ретінде Франция Қазақстандағы тұрақтылыққа мүдделі. Сол себепті Қазақстанның саяси келешегі туралы сөз болуы да ғажап емес.
Азаттық: – Өзіңіз «Қазақстандағы тұрақтылыққа мүдделі» деп сипаттаған Франция Астананың 2015 жылы Мәскеу және Минскімен бірге ЕАЭО-ға кіретінін қалай қабылдайды?
Қазбек Бейсебаев: – Менің ойымша, Батыстың Ресеймен арадағы экономикалық тартысынан кейін Қазақстан нарығының тартымдылығы артқан. Ресеймен арадағы санкциялар соғысынан кейін Франция Қазақстан арқылы ЕАЭО-мен қарым-қатынас жасағанды қолайы көреді. Өйткені Еуропа «Еуропадағы ең соңғы диктатор» деп сипатталатын Александр Лукашенкомен әріптес болуға құлықсыз. Бұл тұрғыда Қазақстан – бейтарап мемлекет. Сондықтан олар кей шаруаларды Қазақстан арқылы шешкісі келуі мүмкін. Олландтың сапарында бұл мәселеге ерекше назар аударылуы ықтимал.
Азаттық: – Астана Париждің осындай экономикалық мүдделерін пайдалана отырып қазір Францияда тұтқында отырған қазақстандық олигарх Мұхтар Әблязовты қайтаруды сұрауы мүмкін бе?
Қазбек Бейсебаев: – Қазақстан «Жоғарыдан тапсырма берсе, бәрін шешуге болады» деп есептейтін советтік менталитет бойынша Мұхтар Әблязовты қайтаруды сұрауы әбден мүмкін. Бірақ Франсуа Олланд бұл мәселе тек сот шешімі арқылы шешілетінін айтып, дипломатиялық жұмсақ жауаппен құтылады. Қазір Франциядағы рейтингі онсыз да төмен Олланд сотқа ықпал ететін шаралар жасай бастаса, бітпес даудың астында қалары анық. Сондықтан Олландтың Әблязов ісіне араласа алатыны жөнінде қандай да бір сөз қозғауы мүмкін емес.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.