Accessibility links

Астананың мақтауын асырған Земан нарық көзін іздейді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) мен Чех Республикасы президенті Милош Земан (оң жақта). Астана, 24 қараша 2014 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) мен Чех Республикасы президенті Милош Земан (оң жақта). Астана, 24 қараша 2014 жыл.

Астанаға ресми сапармен келген Чехия президенті Милош Земанды ресейшіл саясаты үшін отанында ашық сынайды. Тікелей эфирде Pussy Riot тобын тілдеген Земанға жұрт наразылық білдірген.

Осы аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Чех Республикасы президенті Милош Земанды қабылдады. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – экономикалық ынтымақтастық жайы талқыланды.

АСТАНА САЛУДАҒЫ ПРОГРЕСС

Президент Назарбаев «Чехия – Қазақстанның Еуропадағы негізі сауда әріптестерінің бірі әрі Қазақстанда жетпіске жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірлескен ірі компаниялардың бірі – чехтың «Шкода» жеңіл көлігін құрастыратын өндіріс» деп мәлімдеді.

«Чехия азаматтық авиация үшін ұшақтарын ұсынды әрі Қазақстанды мақтады» деп жазған «Казахстанская правда» ресми газеті Милош Земанның қошемет сөздерін келтіреді.

Чехия президенті Милош Земан. Душанбе, 26 қараша 2014 жыл.
Чехия президенті Милош Земан. Душанбе, 26 қараша 2014 жыл.

Басылым президент Земанның «Мұнда 12-13 жыл бұрын Чех Республикасы үкіметінің төрағасы ретінде келгенмін. Адам сенгісіз прогресті байқадым. Мысалы, астана құрылысын алайық. Нұрсұлтан Назарбаев мені 2050 жылға дейінгі құрылыс жоспарымен таныстырды. Президенттің өзі атағандай, Қазақ елі әлемдік экономикада маңызды ойыншылардың біріне айналатынына сенімдімін» деген сөздерін келтірген.

Чех газеттері Қазақстанды ұзақ жылдар басқарып отырған президент Назарбаевтың атына Земанның мақтауды үйіп-төккеніне назар аударған. Ағылшын тілінде шығатын Prague Post газетінің жазуынша, Қазақстанды «экономикалық ғажайып» деп атаған Земан «чехтар Қазақстанды ұзақ мерзімді әрі мүдделес ел деп санайды» деп мәлімдеген. Prague Post басылымының хабарлауынша, Милош Земан Қазақстан азаматтарының Чехияға виза алу процедурасын жеңілдетуге уәде еткен. Газеттің жазуынша, оның «әлемдегі ең жақсы сыра» деп чех сырасын мақтап, Америка сырасын «лай су» деген сөздеріне Астанада қол шапалақтаған.

Чех баспасөзінің жазуынша, қазіргі Еуропа одағы жағдайында чех тауарларына батыс елдері нарығынан әзірше орын тимей отырғандықтан, Чехия совет заманындағы нарық көздерін қайта жаңғыртуға мәжбүр. Чехия президенті Қазақстанға сапары алдында Қытайға барған. Чех оппозициясы Милош Земанды «Қытайдағы адам құқығын бұзуға қатысты мәселе көтермей, Пекинде экономика тақырыбын ғана қозғады» деп сөгеді.

ЧЕХИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫНДАҒЫ РЕСЕЙ

Чехтың iDNES газетінің жазуынша, авторитарлық режимді ширек ғасыр бойы басқарып отырған Назарбаев Қырымды аннексиялап алғаны үшін Ресейге қарсы салынған санкцияларды меңзеп «Қазақстан мен Чехия әлемдегі оқиғалардың көбіне қатысты ортақ көзқарас ұстанады» деп мәлімдеген.

Шеруге шыққандар Чехия президенті Милош Земанға наразылық белгісі ретінде қызыл карточка көрсетіп тұр. Прага, 17 қараша 2014 жыл.
Шеруге шыққандар Чехия президенті Милош Земанға наразылық белгісі ретінде қызыл карточка көрсетіп тұр. Прага, 17 қараша 2014 жыл.

Жуырда чех радиосына тікелей эфирде сұхбат берген Милош Земан Ресейге қарсы санкцияларды «мағынадан жұрдай» деп атап, Pussy Riot тобына тіл тигізген әрі президент Владимир Путинді мақтаған еді.

Жұртқа оғаш сөздерімен танылған Земанның бұл мәлімдемелері 17 қараша күні – «Мақпал төңкерісінің» 25 жылдығын мерекелеу кезінде жаппай наразылыққа ұласты. Жұрт Милош Земанның отставкаға кеткенін қалайтынын білдіру ниетімен қызыл карточка ұстап көшеге шығып, мерекелік жиында оған жұмыртқа, қызанақ лақтырды.

Еуропа елдері басшыларының ішінде «авторитарлық әміршілерді қолдайды» деп айыпталатын жалғыз Милош Земан ғана емес. Қазақстан үкіметіне «кеңесші» болғаны үшін бұрынғы премьер-министр Тони Блэр де сынға ұшыраған. Ұлыбритания мен одан тыс елдерде Блэрді «Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілін қанды қырғынмен қуып таратқаннан кейін беделіне нұқсан келген Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдегі жағымды имиджін жасауға тырысады» деп айыптайды.

Тони Блэр Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысып отыр. 18 мамыр 2011 жыл.
Тони Блэр Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысып отыр. 18 мамыр 2011 жыл.

Қарашаның 25-і күні Американың Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында Тони Блэр жеке меншік Tony Blair Associates фирмасы Қазақстанға әкімшілік басқару, мемлекеттік сатып алулар саласы мен заң үстемдігін орнату жөнінде реформалар жүргізуге көмектесуге тырысады деп мәлімдеген.

Wall Street Journal газетіне Тони Блэр «Бұл елге қатысты айтылатын бүкіл сын-ескертулерді және бұл елдің саяси мәселелері мен адам құқығын қорғау саласын дамытуы тиіс екенін толық түсінетінін» айтқан.

Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын, соңғы 20 жылда экономикасы 10 есеге өскенін әрі Батыстың маңызды одақтасы екенін алға тартқан Тони Блэр «қажет болмаса, ондай жерде жұмыс істемес едім» деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG