Accessibility links

Каримов Чехияға бармайтын болды


Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Сочи олимпиадасының ашылу салтанатына келген сәті. 7 ақпан 20014 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Сочи олимпиадасының ашылу салтанатына келген сәті. 7 ақпан 20014 жыл.

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Чехияға ресми сапары кейінге шегерілді. Оның Еуропаға келуіне халықаралық құқық қорғау ұйымдары қарсы болған еді.

Келесі апта Чехияға келеді деген өзбек басшысының осы жолғы сапардан бас тартқанын Чехия шенеуніктері де растады.

Каримовтың Еуропаға келуіне Өзбекстандағы адам азаптауға, саяси оппозиция мен журналистерді түрмеге қамауға наразы құқық қорғау ұйымдары қарсы болған еді.

«ҚОЛАЙСЫЗ УАҚЫТ»

Чехия президенті Милош Земанның сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Хинек Кмоничек Азаттықтың Өзбек қызметіне «Бұл – қабылдаудан бас тарту емес, кейінге қалдыру» деді.

Оның айтуынша, Өзбекстан жағы жоспарланған уақыттың қолайсыздығын айтқан. Оның үстіне екіжақты келісімге қол қоюға тиіс чех министрлерінің көбі әлдебір себеппен кездесуге келе алмайды. Олардың ішінде Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка мен «алты министрдің бесеуі» бар.

Олардың бұл шешімін Ташкенттен келетін қонақтың қасында өздерін қолайсыз сезінетіндерімен түсіндіруге болар. «Кездесудің жаңа мерзімі белгіленген жоқ» деді Чехия президенті Милош Земанның сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Хинек Кмоничек.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ТАЛАБЫ

Чехиялық «Мұқтаж жандар» (Clovek об Tisni) гуманитарлық тобы мен басқа да ондаған халықаралық ұйымдар чех президентінен өзбек басшысын қабылдамауды сұраған еді.

Чехия президенті Милош Земан.
Чехия президенті Милош Земан.
Земан өзінің алдындағы президент Вацлав Клаустың Каримовты шақырып қойғанын айтып, кездесуден бас тарта алмайтынын білдірді. Ол тіпті сыншыларды «екіжүзді» деп те айыптады.

«Мұқтаж жандар» тобының сайтында «Халықаралық ұйымдар Өзбекстанстанда саяси оппозиция мен журналистердің түрмеге қамалғанын, жапа шегушілерге зорлық-зомбылық, тіпті қайнаған суға бетімен батыру сияқты әрекеттердің жасалғанын, жүздеген шеруші қаза тапқан Әндіжан оқиғасына әлі тәуелсіз тергеу жүргізілмегенін бұрыннан айтып келеді» деп жазылған.

"Respekt" басылымы ақпанның 13-і күні іссапардың кейінге шегерілгені туралы хабарлап, Чехия сыртқы істер министрі Любомир Заоралектің «Иә, солай болды» деген сөзін келтірген.

Бұл Каримовтың 2005 жылдан бері Еуропаға жасаған үшінші сапары болатын еді.

Әндіжанда бейбіт тұрғындарға оқ атып, қырғын жасағаны үшін Еуропа Одағы Ташкентке қарсы санкция қабылдаған.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG