Accessibility links

Буркхальтердің Астанаға сапарын Украина дағдарысымен түсіндірді


Швейцария президенті әрі ЕҚЫҰ төрағасы Дидье Буркхальтер. 10 қыркүйек 2014 жыл.
Швейцария президенті әрі ЕҚЫҰ төрағасы Дидье Буркхальтер. 10 қыркүйек 2014 жыл.

Швейцария президентінің Қазақстанға сапарын талқылаған бұрынғы дипломат «бұл – Астананың ара ағайындық рөлі артып жатқаны» деп сипаттайды.

Қарашаның 20-сы күні Астанаға келген Швейцария президенті Дидье Буркхальтер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.

Дидье Буркхальтер кездесуде ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Украина дағдарысын шешу мәселесіне күш салу керегін, Минскіде қабылданған шешімдерді нақтылау маңызды екенін айтты. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Швейцарияның 2005 жылдан бері Қазақстанға 12 миллиард доллар шамасында инвестиция жұмсағанын, екі елдің сыртқы және ішкі саясатта да әріптес екенін мәлімдеді.

Қазақстандық бұрынғы дипломат, бұл елдің Швейцариядағы елшілігінде қызмет атқарған Қазбек Бейсебаев Азаттыққа берген сұхбатында Дидье Буркхальтердің Астанаға сапарының басқа да себептері бар екенін айтты.

Азаттық: – Швейцария президентінің Қазақстанға ресми сапармен келуіне екі ел арасындағы саяси-экономикалық мәселелер маңызды себеп болды ма?

Қазбек Бейсебаев: – Швейцариядағы ең үлкен тұлға Қазақстанға бірінші рет келіп тұр. Швейцария – дамыған мемлекет, олардан үйренеріміз көп. Бірақ күн тәртібінде екі мемлекет арасындағы саяси-экономикалық мәселелер ғана тұрған жоқ. Өзіңіз білесіз, Еуропа Одағы (ЕО) мен Ресей арасында Украинаға байланысты тартыс бар. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Швейцарияның президенті осы мәселелерге назар аударып отыр.

Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломатиялық қызметкер Қазбек Бейсебаев.

Қазақстанға Швейцария президентінен кейін Франция мен Чехия президенттері келмек. Қазір ЕО мен Ресей арасындағы тартыс кезінде ара ағайын ретінде Қазақстанның орны, рөлі біраз артып жатыр. Мүмкін, олар Қазақстан арқылы Ресейге сауал қоятын шығар. Дипломатия жағынан бұл Қазақстанға қолайлы әсер етіп тұр. Әрине, Астана да өз мәселесін айтып, өз мүддесін ойлауы керек.

Азаттық: – Швейцария – қазақстандық бұрынғы шенеунік, қазіргі кезде Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі Виктор Храпунов тұратын ел. Астанадағы кездесуде Қазақстан «алаяқтық жасады, қаржы жымқырды және ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар» деген айыппен іздеп жатқан Храпуновтың жайы айтылуы мүмкін бе?

Қазбек Бейсебаев: – Ол жайлы сөз қозғалуы мүмкін шығар. Бірақ айтылған күннің өзінде қандай да бір өзгерістер бола ма, болмай ма – белгісіз. Еуропа мемлекеттері – прагматик, рационалды елдер. Швейцарияда біздіңше министрлер сияқты жеті кеңесші бар. Сол министрлер кезекпен бір жылға президент болады. Олар ресми сапарларға жиі шыға бермейді. Сондықтан Дидье Буркхальтердің Астанаға сапарында Храпунов жайы сияқты нәрселер қозғалса да, бұл – екінші кезектегі қосымша мәселелер.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG