Accessibility links

«ЕАЭО енді Украинадан үмітін үзе берсін» дейді сарапшылар


Беларусьтегі украиналықтар Украин парламенті сайлауына дауыс беріп тұр. Минск, 26 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Беларусьтегі украиналықтар Украин парламенті сайлауына дауыс беріп тұр. Минск, 26 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Экзит-пол Украинадағы парламент сайлауында батысшыл партиялар жеңіске жеткенін көрсетті. Қазақстандық сарапшылар ол елдегі жаңа парламенттің жұмысы оңай болмасын айтады.

Украинада қазанның 26-сында өткізілген парламентке мерзімінен бұрын сайлауда 29 партия дауысқа түсті.

Бұл науқанға сайлаушылардың 50 пайыздан астамы ғана қатысты. Ресей аннексиялаған Қырым мен ресейшіл сепаратистерге қарсы операция жүріп жатқан Шығыс Украинадағы 4,5 миллионнан астам адам дауыс бере алмады.

«БАЛАНС САҚТАЙТЫН ПАРТИЯ ЖОҚ»

Қазақстан парламенті мәжілісі депутаты, Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков Украинада өткен парламент сайлауында коммунистердің 5 пайыздық төменгі шектен өте алмай қалуын «теріс құбылыс» деп бағалайды.

Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков митинг өткізіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.
Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Жамбыл Ахметбеков митинг өткізіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.

– Еуропаға біржолата бет бұрған батысшыл партиялар арасында балама пікір ұсынып, баланс сақтайтын партияның болмауы біржақты шешімдердің қабылдануына негіз болуы мүмкін. Бұл сайлау саясаттың әсерінсіз өтпегені анық. Олигархтардың, Порошенконың жақтастарының, көбінесе сондай топтардың мүддесіне сай партиялар тобы жасақталған сияқты, – дейді Жамбыл Ахметбеков.

Ал Қазақстан коммунистік партиясының төрағасы Ғазиз Алдамжаров Украинадағы идеяластарының парламентке өте алмауын «ол елде болған соңғы оқиғалардан кейін халық арасында коммунистерге сенімнің азаюынан» деп түсіндірді.

– Соңғы кезде Украинада «коммунистік партияны жабамыз» деген әңгіме де көп көтерілді. Майданға шыққан азаматтардың бұйрығын тыңдап отырған адам көп қой. Сондықтан көбісі сескенген болар, – дейді Ғазиз Алдамжаров.

«УКРАИНА ЕУРОПАНЫ ТАҢДАДЫ»

Ал саясаткер Әміржан Қосанов Украинаның енді құрылмақ парламенті халықтың тұрмысын түзеп, азаматтардың көңілінен шығуы үшін әуелі парламент пен президент арасындағы билік өкілетінің тепе-теңдігін де жаңадан қалыптастыруы керек екенін айтады.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

– Парламентте құрылатын коалиция және оның нақты саяси бағыты Украинаның болашағын анықтауы тиіс. Мәселен, сайлауға жартылай қатысқан Донецк және Луганск облыстарының тағдыры не болмақ? Бұл жолғы сайлауға тұтастай қатыспаған Қырым мен Севастопольдің Украина өміріндегі орны қандай болмақ? – дейді Әміржан Қосанов

Сайлаудың алдын-ала нәтижелеріне қарап, Украина еуропалық бағытты өзінің басты басымдылығы деп таңдағанын айтқан қазақстандық саясаткер:

– Енді құрылмақ Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) Украинаны [«қатарымызға қосылады» деп] күтпей-ақ қойса да болады, – дейді.

Журналист Қасым Аманжолұлы да «Украинаның жаңа парламенті батысшыл партиялардан құралатынын, онда енді ресейшіл партиялар болмайтынын» айта келе:

Журналист Қасым Аманжолұлы Украинада хабар түсіріп жүр. 2014 жылдың қыркүйегі.
Журналист Қасым Аманжолұлы Украинада хабар түсіріп жүр. 2014 жылдың қыркүйегі.

– Осы жолғы депутаттар арасында партиялық тізіммен де өткен, жеке сайлау округтері бойынша да барған қаншама нағыз сарбаздар, батальон командирлері болады. Елде батысшыл күштермен қатар ұлтшыл күштердің де өте ықпалды екенін ұмытпаған жөн. Бірақ әзірге ортақ жауы Кремль болғандықтан еуропашылдық пен ұлтшылдық шын шайқасқа түсе қоймайды, – деді.

Украинадағы парламент сайлауы барысында жүргізілген экзит-полл нәтижелері бойынша, жаңа парламентте батысшыл партиялар басымдыққа ие болмақ. Дауыс беру нәтижесі бойынша алдын-ала жүргізілген сауалнамаға қарағанда, 450 депутат болатын Жоғарғы Радаға жеті партия өтеді. Олардың арасында көп дауыс алғандары – ел президентінің «Блог Петра Порошенка» (23,1 пайыз), премьер-министр Арсений Яценюктің «Народный фронт» (21,2 пайыз), Львов мэрі Андрей Садовыйдың «Самопомощь» бірлестігі (13,4 пайыз) құрылымдары.

Партиялардың сайлауалды постерлерінен құрастырылған сурет. Киев, 22 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Партиялардың сайлауалды постерлерінен құрастырылған сурет. Киев, 22 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жоғарғы Радаға енуі мүмкін партиялар арасында мүшесінің көбі бұрынғы президент Виктор Януковичтің Аймақтар партиясында болған «Оппозиционный блогы» (7,6 пайыз), Олег Ляшконың «Радикальная партиясы» (6,4 пайыз), ұлтшыл «Свобода» (6,3 пайыз) және экс-премьер Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиялары (5,5 пайыз) бар.

Жоғарғы Радаға өтуге керек 5 пайыздық шектен аса алмаған саяси ұйымдардың арасында Украина коммунистік партиясы, «Сильная Украина», «Правый сектор» және «Гражданская позиция» да бар.

Сайлауды бақылау жөніндегі Еуропа комиссиясы (ENEMO) Украинада қазанның 26-сы күні өткен парламент сайлауы халықаралық стандарттарға сай болғанын мәлімдеді. Ал Украина сайлау комитетінің дерегінше, дауыс беру барысында 805 тәртіп бұзу оқиғасы тіркелген, бірақ олардың 85 пайызы – сайлаудың демократиялылығы мен заңдылығына әсер етпейтін техникалық және процедуралық сәттер.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG