Accessibility links

Украинадағы сайлау жікшілдіктің ақыры болуы мүмкін


Сайлау комиссиясы мүшесі дауыс беру кабинасынан шығып келеді. Донецк облысы Новотроицк селосы, 23 қазан 2014 жыл.
Сайлау комиссиясы мүшесі дауыс беру кабинасынан шығып келеді. Донецк облысы Новотроицк селосы, 23 қазан 2014 жыл.

Қазанның 26-сы күні Украинада өтетін парламент сайлауы Еуропамен ынтымақтастықты қолдайтын жаңа консенсус қалыптастырар деген үміт бар. Елдегі орыстар да путиндік Ресейге сенімсіздікпен қарай бастаған.

Қазанның 26-сі күні Украина азаматтары саяси алауыздықты және елдің еуропашыл батысы мен ресейшіл шығысы арасындағы араздықты тоқтату ниетімен сайлау учаскелеріне барады.

Алауыздықтың аяқталуын ең әуелі Украинаның шығысында әлі өршіп тұрған сепаратистік жанжалдың нәтижесі деуге болады.

– Бұл алауыздық соғыстың арқасында және бір жыл бұрын Ресей президенті Владимир Путин туралы жақсы пікірде болған, енді «соғыс шынымен Ресейдің басшылығымен әрі қолдауымен жүріп жатыр» деп есептейтін орыс тілді украиндардың арқасында азайды. Тіпті Украинаның этникалық орыс азаматтарының көбі қазір осы елдің нағыз патриотына айналып барады, – дейді Киев-Могилян академиясының профессоры Андреас Умланд.

Киев-Могилян академиясының профессоры Андреас Умланд.
Киев-Могилян академиясының профессоры Андреас Умланд.

Бұл сайлау басым қолдауға ие партияны ғана емес, еуроинтеграцияны жақтайтын әрі Мәскеудің ниетіне қауіптене қарайтын мығым саяси блокты алға шығарады. Ресейдің Украинадағы орыстілді тұрғындарды этникалық ынтымақтастыққа шақырған ескі үндеулері қазір бос жаңғырыққа айналып барады.

– Ұзақ жылдар бойы Украинадағы тіл проблемасын сылтауратып, қоздырып әрі теріс пиғылмен пайдаланып келді. Қауіпсіздік проблемасы украиндардың көп бөлігін біріктіре бастады. Меніңше, қазір қауіпсіздік проблемасы бірінші орында, – дейді Азаттықтық Украин қызметінің аға редакторы Наталия Чурикова.

«НОВОРОССИЯНЫ» ЖАҚТАЙТЫН ЕКІ ПАЙЫЗ

Аймақтағы сепаратистік жанжалға байланысты ресейшіл Донецк мен Луганск облыстарында тұратын сайлаушылардың көбі сайлауға қатыспайды. Этникалық орыстар көп тұратын және наурызда Ресей аннексиялап алған Қырымда да сайлаушылар дауыс бере алмайды.

Бірақ Украинаның Киев билігіндегі бөліктеріндегі сайлауға қатысатын сайлаушылардың, оның ішінде орыстілді және этникалық орыстардың арасында әлдебір келісім туып келеді.

Украинаның туы күні өткен флэшмоб. Одесса, 23 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Украинаның туы күні өткен флэшмоб. Одесса, 23 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қыркүйекте ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный басқаратын «Коррупциямен күрес қоры» Одесса және Харьков облыстарында тұратын сайлаушылар арасында қоғамдық пікірге қатысты сауалнама жүргізген. Бұл екі облыста орыстілді тұрғындар тығыз қоныстанған, біраз уақыт бұрын екеуі де ресейшіл «Новороссия» жобасына қосылуы мүмкін кандидат ретінде есептелетін.

Сауалнамаға қарағанда, сайлаушылардың 34 пайызы «Укриананың болашағы Еуропамен байланысты болғанын» құп көреді, 17 пайызы ғана Ресеймен тығыз байланысты қалайды. Сайлаушылардың 17 пайызы екі нұсқаны да қабылдамай, «Украина тәуелсіз мемлекет болуы тиіс» деп санайды.

Респонденттердің 87 пайызы екі облыс Украина құрамында қалуы тиіс деп мәлімдесе, тек 3 пайызы ғана Ресейге қосылуды жақтайды. «Новороссияның» бір бөлігіне айналуды қалайтындар саны 2 пайыз ғана. 2010 жылы екі облыс та бір ауыздан дауыс бергеніне қарамастан, респонденттердің 64 пайызы Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті жақтырмайтынын мәлімдеген.

Респонденттердің 56 пайызының Путинге деген көзқарасы жағымсыз, 58 пайызы былтырдан бері Ресей туралы пікірі нашарлағанын мәлімдеді.

Ең маңыздысы, ондағы халықтың 75 пайызы қазанның 26-сы күні өтетін сайлауға қатысатынын мәлімдеген.

«ГӘП - ПУТИН МЕН ОЛ ҚҰРҒАН ЖҮЙЕДЕ»

Киевтегі «Жағдайларды модельдеу агенттігі» ғылыми-зерттеу ұйымы директоры Виталий Баланың пікірінше, Украинаның саяси өмірінде болған елеулі өзгерістерге Шығыс Украинадағы жанжалға, «бұл жанжалға Ресей кінәлі» деген көп тараған пікір түрткі болған.

– Нәтижесінде биылғы сайлауда еуропашыл, Майданмен байланысты партиялар парламенттен көп орын алады. Міне, бұл – принциптік өзгерістер. Әрі жуырда бұл жағдай өзгере қоймас, – дейді ол Азаттыққа.

Бір кездері қуатты «Аймақтар партиясын» қолдаған партиялар мен қозғалыстар қазір саяси сахнадан шығып қалмас үшін күресіп жатыр.

Украиналық карикатурист Алексей Кустовскийдің Путин жайлы суреті.
Украиналық карикатурист Алексей Кустовскийдің Путин жайлы суреті.

Сарапшы Умланд бұл өзгерістерді этникалық орыстардың Ресеймен қосылу ойынан бас тартқанымен емес, Владимир Путиннің өзіне деген көзқарастарының нашарлауымен байланыстырады.

– Іс жүзінде мұндағы проблема – Путин мен соңғы 15 жыл бойы ол құрған жүйеде. Ал жастар, батыл жастар бұл айырмашылықты жақсы түсінеді. Еуропаға барып көрген, украиндарға этникалық жағынан да, тіл жағынан да туыстас Польша, Словакия мен Болгария сияқты елдердің қандай жолдан өткенін білетін жастар шығар. Енді олар Ресей-Еуразия жолы емес, әлгі жолмен жүргісі келеді, – дейді Киев-Могилян академиясының профессоры Андреас Умланд.

Оның айтуынша, украиндар путиндік Ресейді «изоляцияға ұшырататын, жалпы нормадан ауытқыған анахронды саяси жүйе» деп есептейді.

«ПРАВЫЙ СЕКТОР» - БІР ПАЙЫЗ

Қыркүйекте «Демократиялық бастамалар қоры» өткізген сауалнамаға сәйкес, Петр Порошенконың партиясын сайлаушылардың 30 пайызы қолдайды. Жоғарғы Рададан орын алуды көздейтін партиялардың ішінде бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы, Олег Ляшконың популистік-радикалды «Радикал партиясы», бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Гриценконың «Азаматттық позиция» партиясы, премьер-министр Арсений Яценюктің «Халық майданы» партиясы бар.

"Правый сектордың" сайлау жарнамалары. Львов, 23 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
"Правый сектордың" сайлау жарнамалары. Львов, 23 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сауалнамаға қарағанда, Ресей Украинада оянып келе жатқан «фашизмнің» дәлелі ретінде үздіксіз мысалға келтіретін радикалды ұлтшыл және ксенофобшыл «Правый сектор» партиясы 1 пайыздан аз дауыс жинаған, Жоғарғы Рададан маңызды орын алуы да екіталай.

«Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңес» ұйымының ғылыми қызметкері Эндрю Уилсон «Украинаның оңтүстігі мен шығысында тұратын азаматтардың сайлауға қатысу деңгейі төмен болса, бұл «Ресейді қазірге дейін Киевке оң көзбен қараған облыстарда жағдайды ушықтыруға итермелеуі мүмкін» деп қауіптенеді.

Ресей ақпарат құралдары Украинада болып жатқан процестердің заңдылығына қатысты күмәнді қоздырып жатыр.

Жуырда Санкт-Петербургтегі мемлекеттік телеарнасы жаңалықтарында: «Қаптаңдар! Арзандады! Жоғарғы Радаға орын сатылып жатыр! Кандидаттар арасында жендеттер, бұзақылар, қарақшылар жүр. Әскери қылмыскерлер, Дарт Вейдердің сайқымазақтар армиясы мен жалаңаш фотомодельдер Украинаны несімен жарылқамақ?» деп хабарлады.

Украинада Еуропамен ынтымақтастықты жақтайтын консенсус біліне бастағанымен, елдің саяси жүйесі әлі жетілмеген әрі бөлшектенген күйі қалып отыр. Украин тілінде сөйлейтін батыс пен орыстілді шығыс арасындағы араздықтың беті біраз қайтқан сияқты. Бірақ оның орнына тағы қандай алауыздықтар мен проблемалар келетіні белгісіз.

– Енді ғана тіршілік ете бастаған жаңа жүйе әлі де талай өзгеруі мүмкін. Бізде кейбір басшылардың рейтингіне тәуелділік әлі бар. Белгілі бір лидердің танымалдығы төмендеуі оның партиясының ықпалы әлсіреуіне себеп болады. Жұрттың көбі парламенттің қазіргі сайланатын құрамы толық бес жыл істемейді, бір немесе екі жылдан кейін тағы парламент сайлауы өтуі мүмкін деп ойлайды, – дейді «Жағдайларды модельдеу агенттігі» ғылыми-зерттеу ұйымы директоры Виталий Бала.

Роберт Коалсон мен Том Бэлмфорттың мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазы.

XS
SM
MD
LG