САУАЛНАМА БОЙЫНША МАКРОН АЛДА КЕЛЕДІ
Алдын ала жүргізілген сауалнамалар ЕО-ны жақтайтын 39 жастағы бұрынғы экономика министрі Эммануэль Макрон президент болатындай нәтиже көрсетіп тұр. Ал Ұлттық майдан лидері Марин Ле Пен алдын ала сауалнамада Макроннан артта келеді.
Франциядағы президент сайлауында Макрон жеңе қалған жағдайда ұлтшылдардың арыны басылып, Францияны да ЕО-дан шыққан Ұлыбритания сияқты оңашалап алуға бейім жаһандануға қарсы топтардың саясат сахнасындағы позициясы әлсіреп қалады.
Жұма күні жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, экономиканы ЕО нарығымен жақындата түсуді жақтайтын Макрон 60 пайыздан астам дауыспен басым түседі деген болжамдар жасалып жатыр.
Ал егер бұл болжам орындалмай, әсіреұлтшыл Ле Пен ханым жеңіп шықса, ЕО болашағы күмәнді бола бастайды (журналистер бұл елдің ЕО-дан шығуын «Фрекзит» атай бастаған - ред.), Франция шекарасын жауып, евро валютасы әлсірейді, сауда қатынастары қиындайды деп болжайтындар да бар.
Мамырдың 7-сі түске таман екі кандидат та - Макрон Ле Туке жағажайында, Ле Пен Энен-Бомон қаласында дауыс берді. Түс кезінде жасалған есеп бойынша, сайлаушылардың белсенділігі 28,23 пайызбен төмен болып тұр.
ВИДЕО: Макрон мен Ле Пен дауыс берді (видео - орыс тілінде)
Өткен айда президент сайлауының бірінші туры өткен. Сол кезде жүргізілген сауалнамалар нәтижесі сайлау бюллетеньдерін санағаннан кейінгі есептен аса көп алшақ кетпеген еді. Осыған қарап, екінші турдың нәтижесіне батыл болжам жасап жатқан сарапшылар бар.
ЕКІ ҚАРСЫЛАСТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Респонденттердің 62 пайызы 39 жастағы Эммануэль Макронға 48 жастағы Ле Пенді тоқтату үшін ғана дауыс беріп жатқандарын айтқан.
Reuters агенттігіне сұхбат берген Анси қаласында тұратын психотерапевт Дениз Дуллиан «Мен бірде-бір кандидатқа риза емеспін. Бірақ мен топастықты азырақ көрсем деймін, достықтың көп болғанын қалаймын» деген.
Ал Еуропа саясаты институтының директор орынбасары Мартин Мичелот «Ле Пеннің жалғыз саясаты - Макронды барынша жамандау, оны жаһандануды әкелетін адам ретінде, Францияға қауіпті адам ретінде суреттеу» дейді. Алдын ала жүргізілген сауалнамада Ле Пенге 38 пайыз респондент дауыс берген.
Мичелот Ле Пеннің сыртқы саясатқа деген көзқарастарын айта келіп, "Ол Таяу Шығыстағы терроризммен күресте Ресеймен ынтымақтасқысы келеді, Иранмен келіскісі келеді, оның бұл мақсаттары АҚШ саясатына толық қарсы» дейді.
Мичелот "Макрон сыртқы саясатта қазіргі президент Франсуа Олландтың бағытын жалғастырады" деп болжайды.
«Макрон - сыртқы саясатпен айналыспаған адам, сондықтан ол қазіргі курсты көп өзгертпейді» дейді Мичелот ЕО мен НАТО-ның Ресейге қарсы саясатын меңзеп.
Макронның сайлау штабы хакерлік шабуылға ұшырағаны кейінгі тәулікте белгілі болды. 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей хакерлері араласты деген ақпарат тараған еді. Бұл шабуылды да сол оқиғамен салыстырушылар бар. Францияның қазіргі президенті Франсуа Олланд оқиғаны тексеруге уәде берді.
Бұл сайлаудың ерекшелігі - Францияда кейінгі ондаған жылдар бойы билік етіп келген ірі партиялар (солшылдар мен оңшылдар) жеңіліп, екінші турға өтпей қалды. Оның үстіне Франция аймақтарындағы жергілікті билік күтпеген проблемамен ұшырасып отыр. Франциялық БАҚ ақпаратына қарағанда, кей қалалардағы сайлау комиссиялары толық жасақталмаған. Екі қарсыластың да партияларының өкілдері барлық аймақтардағы сайлау комиссияларына жетпей жатыр.
Франциядағы сайлау заңы бойынша сайлау комиссияларында сайлауға түсіп жатқан тараптардың өкілдері болуы тиіс. Жергілікті билік сайлау комиссияларындағы орындарды аймақтардағы муниципалдық кеңес өкілдерімен, сайлаушылар арасынан шыққан еріктілермен толтыруға тырысып жатыр.
Дауыс беру Францияның 66 мыңнан астам сайлау учаскелерінде таңғы сағат алтыда басталды. Олардың көбі Франция уақытымен кешкі сағат бесте, ірі қалалардағы учаскелер кешкі сағат алтыда жабылады.
Жексенбі күні сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Францияда 50 мыңнан астам полиция қызметкері кезекшілікке шыққан. Парижде, Ниццада және елдің басқа өңірлерінде жасалған шабуылдардан Францияда кейінгі жылдары 230-дан астам адам қаза тапқан.