Бүкіл Батыс әлемінде «ашық шекара мен еркін сауда гүлденуге бастайды» деген идеяны негізге ала отырып құрылған саяси тәртіпті жоққа шығаратын, истеблишментке қарсы бүлік басталды.
Соңғы 12 айдағы оқиғалар осыны айғақтайды.
Ұлыбританияда сайлаушылар саяси-экономикалық салдарының ауыр болатынын біле тұра Еуропа одағынан шығуды жақтады, сөйтіп ел үкіметі жоспарын өзгертіп, одақтан бөлек өмірдің қамын жасай бастады.
АҚШ-та сайлаушылар «Мексикамен шекарада «үлкен дуал» тұрғызып, мұсылмандардың келуіне тыйым саламын», «еркін сауда жөніндегі келісімдердің бәрінен шығамын» деп уәде берген, саясаттан тыс миллиардер Дональд Трампты президент етіп сайлады.
Еуропада, Польшада ұлтшылдар үкімет басына келді, Италияда Еуроодақты қолдайтын үкімет жеңіліс тапты, Австрия Еуроодақ тарихында алғашқы әсіреұлтшыл президентті сайлауға шақ қалды.
Саяси сарапшылар осы құбылысқа қандай ат берерін білмей қиналып жатыр. «Оңшылдардың бас көтеруі», «популизмнің өршуі», «истеблишментке қарсы партиялардың күшеюі» - дәстүрлі партиялардың көбін састырып қана қоймай, Батыстың әлеуметтік және экономикалық саясатына түбегейлі өзгерістер әкелген бұл құбылыстың жалпылама сипаттамалары осындай болып келеді.
- Халықтың басым бөлігі ашық сауда мен ашық шекараға қарсы ма, бұл әлі анық емес, бір белгілісі – қоғам екіге жарылған, халықтың бір бөлігі жаһандану саясаты, иммиграция мәселелері олардың мүддесіне қарай шешіліп жатқан жоқ деп санайды, сондықтан олар қарсылығын сайлау кезінде білдіріп жатыр, - деді Британиядағы Нортумбрия университетінің АҚШ тарихы профессоры Майкл Каллинен.
2017 жылы Италия, Франция, Германия және Нидерландыда болатын сайлаулар кезінде истеблишментке наразылардың көңіл-күйі тағы да сынға түседі. Мұндағы популистік партиялардың көбі Брюссельді өз елдерінің мүдделері мен бірегейлігіне қатер төндіреді деп сендіреді. Егер бұл партиялар көбірек жеңіске жетсе, онда Еуроодаққа ыдырау қаупі туады.
- Біздің мақсатымыз – өз құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді, мәдениетіміз бен ақшамызды қайтару, ұлттық мүддені қайтадан алға шығару, - дейді Нидерландыдағы «Еркіндік» партиясының басшысы Гирт Уилдер. Түрлі идеологияларды ұстанғанына қарамастан, өзге популистік партиялардың көбі осындай ортақ мақсаттар қояды.
Истеблишментке қарсы партиялар Франциядағы Марин Ле Пеннің Ұлттық майданы сияқты оңшыл, Германиядағы «Дойчландқа балама» сияқты ұлтшыл, Испаниядағы «Подемос» пен Грекиядағы СИРИЗА сияқты солшыл болып келеді. Антииммиграциядан бастап бюджет үнемдеуге қарсылыққа дейін түрлі бағдарламалары болғанымен, оларды қолдаушылардың уайымдары ұқсас болып келеді. Олар көбіне өз жұмыстарының сақталуы мен табыстарының көбеюін ойлайды, «жаһандану жұмыстарын тартып алады, иммиграция бәлекет әкеледі, мәдениет өзгереді, террор көбейеді» деп үрейленеді.
«Бұл партиялар өз елдеріндегі қоғамдық ауанды қалай өзгертуі мүмкін?» деген сұрақ көп елді толғандырады.
Көптеген сарапшылар, әсіресе, Брюссельге қарсы партиялары тым белсенді елдерде – Италия, Франция, Нидерланды мен Германияда Еуроодаққа үлкен қауіп бар деп санайды. Бұл елдерде келесі жылы сайлау өтеді.
Еуропашыл премьер Маттео Рензи желтоқсанда отставкаға кеткен Италияда жаңа парламент сайлауы өтеді. Сол сайлауда халықтың 30 пайызының қолдауына ие болып, екінші тұрған «Бес жұлдыз» популистік қозғалысы билікке келуі ықтимал. Комедиялық әртіс әрі блогшы Беппе Грилло басқаратын бұл партия Италияның еуроаймақтан шығуы жөнінде референдум өткізуді қалайды. Халықтың 12 пайызы қолдайтын «Солтүстік лига» - ұлтшыл әрі антиимиграциялық саясат ұстанады, олар Италияны Еуроодақтан шығару керек деп санайды.
Нидерландыдағы басқа саяси тұлғалар әсіреұлтшыл Уилдермен коалицияға бірігуге дайын емеспіз деп отырғанына қарамастан, наурызда өтетін жалпыұлттық сайлауда елдің көп ауданында Уилдердің «Еркіндік» партиясы жеңіске жетуі мүмкін. Бұл партия еуроға, Еуроодаққа, иммиграцияға және исламға қарсы.
Сәуірде президент сайлауы өтетін Францияда Ұлттық майдан басшысы Ле Пен қолдаушылар саны жөнінен басты қарсыласы – оңшыл-орташыл Республикалық партия өкілі Франсуа Фийоннан бірнеше пайыз ғана қалып келеді. Еуроодаққа, иммиграцияға қарсы Ле Пен сайлана қалған жағдайда Еуроодақтан шығу туралы референдум өткіземін деп уәде берген.
Германияда қазанның 22-сіне дейін өтетін парламент сайлауында еуроаймаққа қарсы саяси күш – «Германияға балама» партиясы парламентке өтуі мүмкін. Одақтың өзіне, иммиграция мен Исламға қарсы болмаса да, ортақ валютаға қарсылық білдіретін бұл партия 2013 жылы құрыла салысымен үлкен жетістікке жетті, Германияның 16 аймақтық парламентінің 10-ында орындар алып үлгерді. Жақында өткен сауалнама нәтижелері бойынша 16 пайыз халықтың қолдауын алған бұлар дәстүрлі оппозиция – социал-демократтар (22 пайыз) мен канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық одағынан (32 пайыз) кейін үшінші орында тұр.
- Бұл – бүгінгі қалыптағы Еуроодақ үшін аса қауіпті екі жыл болмақ. «Кейбір елдердің белгілі бір бағытқа бет бұруы Одақтың жойылуы деген сөз бе, әлде тек осы елдер Еуроодақтан шығып, қалғандары басқа формадағы кішірек ұйымды сақтап қала ма?» - көкейдегі бас сұрақ осы, - дейді Брюссельдегі Еуропалық саяси зерттеулер орталығының Еуроодақ саясаты жөніндегі сарапшысы Марко Инцерти.
АҚШ-та республикашыл Дональд Трамп басқаратын әкімшілік 20 қаңтардан кейін «Американы қайтадан ұлы ел етеміз» деген ұранды қаншалық және қалай жүзеге асырады, әлі белгісіз.
- Трамп қалай әрекет етеді, ол сайлау науқаны кезінде айтқандарының барлығын жүзеге асыруға кірісе ме, бұл жағын болжап білу өте қиын. Егер ол тек бірнеше уәдесін орындауға кіріссе, қайсыларын таңдап алуы мүмкін? Мұның барлығы идеологияға емес, оның өзіне, оның жеке басына байланысты, - дейді Брюссельде орналасқан АҚШ-тың Германиядағы Маршалл қорының сарапшысы Роза Бэлфор.
Трамптың жиі беріп жүрген уәделерінің бірі – заңсыз иммиграцияға құрық салып, АҚШ-тың өнеркәсібін қолдау үшін қатаң сауда саясатын жүргізетін келісімдер жасасу. Ол мұны саяси элита өздерінің мүдделерін аяққа таптады деп санайтын, экономикалық тұрғыдан жапа шегіп жатқан қарапайым америкалықтар үшін жасаймын дейді.
Сарапшылардың көбі популистік партиялардың бас көтеруіне 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейінгі Батыс елдеріндегі экономикалық өсімнің баяулығы қосымша себеп болды деп санайды.
- 2008 жылы ғаламдық қаржы дағдарысынан кейінгі байқағанымыз - әлемдегі үкіметтердің ешқайсысы өз елдерін рецессия мен депрессиядан құтқара алатындай қауқарлы болмай шықты. Олар елдің ойынан шыға алмады, ал популизм – соларға қарсы реакция, - дейді ол.
Оның айтуынша, АҚШ-тағы ірі банк дағдарысы болған 1992 жылдан соң экономикалық өсім 5-6 пайызға артқан. Ал 2008 жылғы құнды қағаздар нарығындағы толқын мен жылжымайтын мүлік нарығындағы көпіршіктің жарылуы өтімділік дағдарысын тудырғаннан кейінгі өсім біраз баяу болды. АҚШ экономикасы 4 пайызға ғана өссе, Еуроодақ 1 пайыздан әзер асып, еуроның еңсесін көтеру үшін күресіп келеді.
Сарапшылардың көбі қазіргі экономикалық мәселелер – Батыстағы тамыры тереңде жатқан проблемалардың симптомдары деп санайды, және бүгінгі саяси бұлқыныстың түп-тамырында да осы себептер жатыр дейді.
- Америкада, бәлкім тіпті Еуропада болған, 70 жылдам аса уақыт жұмыс істеген әлеуметтік келісімнің бүгінде күші біткен, - дейді Лондондағы Chatham House зерттеу орталығында АҚШ пен Америка құрлығы бағдарламасын басқаратын Ксения Уикетт.
Оның айтуынша, халық қартайып барады, жастардың қолдауына үміт артатын қариялар саны артып келеді, өнімділік төмендеп жатыр, ал инфрақұрылым мен білімге инвестиция жеткілікті дәрежеде салынып жатқан жоқ. Өздерін ұмыт қалғандай сезінетіндердің дауысын естіп, жаңа әлеуметтік келісімге келгенде ғана Америка мен Еуропа қоғамына тән дәстүрлі саяси тұрақтылық қайта қалпына келеді дейді сарапшы.
Чарльз Рекнагельдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.