Өткен апта, шілденің 14-інде Ниццаның Англия жағалауында Тунистан келіп, Францияда тұрып жатқан Мұхамед Ляуэж Булель есімді терроршы 19 тонналық тоңазытқыш жүк көлігіне мініп, Францияның тәуелсіздік мерекесі саналатын Бастилияны алу күнін тойлап, серуендеп жүрген халықты таптап шықты. Оқиғадан 84 кісі қаза тауып, 300-ден астам адам жарақат алды.
Қылмыскер неғұрлым көп адамды жаныштау үшін көлікті әрлі-берлі бұра берген. Кешкі отшашуды көруге жиналған мыңдаған адамды үрей биледі. Полицейлермен біраз атысқан ол екі километрдей жер жүріп өткен, ақыр соңында көлікті қоршаған арнайы жасақ әскері терроршыны атып өлтірген. Оның жүріп өткен жолы мыжылған денелерге толып, қып-қызыл қан болып қалған. Бұл шындығында айуандықтың жантүршіктірер түрі болды.
Француз қауіпсіздік күштері жалма-жан мәлімет жинап, Ляуэж Булель «психологиялық проблемалары немесе өмірге өкпесі бар жалғызілікті қылмыскер шығар» деп топшылады. Кейіннен оның кішігірім бұзақылық пен ұрлық жасағаны, психиатриялық сырқаттан емделгені анықталды. Дегенмен, ол Франция барлаушыларының “fiche S” күдікті жиһадшылар тізімінде жоқ болып шықты.
Алайда, екі күннен соң ИМ өзінің Amaq ақпарат арнасы арқылы шабуылды мойнына алып, «Францияның Ницца қаласындағы қанды операцияны ИМ солдаты жүзеге асырды, ол «ИМ-ге соғыс ашқан коалициядағы мемлекеттердің азаматтарын нысанаға алыңдар» деген біздің үндеуімізді орындады» деп мәлімдеді.
Террористің басқа аймақтарда да сыбайластары болуы мүмкін. Шілденің 17-сі күні Ляуэж Булельге 7,65 миллиметрлік автоматты тапанша берді деген күдікке ілінген албаниялық екі жігіт тұтқындалды. Полицейлерді ол осы тапаншамен атқан.
Тарихшы әрі арабтанушы Питер Ван Остайеннің айтуынша, ИМ-нің кешігіп барып мәлімдеме жасағанына қарағанда, Ляуэж Булельдің олармен байланысы болмаған сияқты. Франция басшылығы да осындай тоқтамға келіп отыр. «Ол тым жылдам радикалданған тәрізді. Бұл – шабуылдың жаңа түрі. Бүгінде ИМ үндеулерін тыңдайтын, жаттығудан өтпей-ақ аса ауыр қылмыстарға бара алатын жекелеген адамдар қауіпті болып отыр» деді Францияның Ішкі істер министрі Бернар Казнев.
Бұл да ИМ стратегиясына сәйкес келеді. 2014 жылғы қыркүйектің 22-сі күні ИМ «баспасөз хатшысы» Әбу Мұхаммед әл-Аднани әш-Шами «кәпірлерге қастандық жасауға «ынталы» жиһадшыларға «Егер қолдан жасалған бомба немесе оқ таба алмасаңдар, онда алдымен дінсіз америкалықты, французды не солардың жақтастарын тауып алыңдар. Сосын оның басынан таспен ұрыңдар, пышақтаңдар, мәшинемен басып өтіңдер» деп «кеңес» берген.
«Крестшілерді өлтіруге шақырған үндеулер содан бері сан мәрте қайталанды» дейді Ван Остайен. Бұл үндеулер Ляуэж Булельге қатты әсер етсе керек, себебі полицейлер оның компьютерінен ИМ-нің көп видеосын тапқан.
Дегенмен, бар гәп исламистердің стратегі Әбу Бәкір Нажидің сонау 2004 жылы интернетте жарық көрген «Қатыгездік менеджменті» деген еңбегінде жатса керек. Бұл еңбек «Әл-Қаиданың» Ислам «халифатын» құруына мүмкіндік беретін басты стратегиясы саналады. ИМ құрылғанға дейін жарыққа шыққан бұл еңбек экстремистердің басты нұсқаулығына айналған, ақпарат құралдарының хабарлауынша террористердің командирлері оны жиі оқиды.
Нажидің басты идеясы – экстремистер Батысты әскери шабуылға неғұрлым қатты азғырған сайын олардың билігін соғұрлым әлсіретуге болады, соның кесірінен олардың ресурстары азайып, ел ішіндегі беделі түседі әрі жалпы әлемдегі мұсылман қауымының ашуын туғызады. Басқасы болмаса да, Ирак соғысы оның сөзінің рас екенін дәлелдеді.
Соңғы мысал: былтыр қарашада 130 адамның өмірін жалмаған Батаклан концерт залындағы терактіден соң екі күн өткенде Франция ИМ-ге қарсы ең ірі әуе шабуылын бастап, террористер бекінген Раққа қаласын бомбалады.
Осы арқылы Франция президенті Франсуа Олланд Нажидің дәл сол стратегиясына сәйкес әрекет етті. Оның бұдан басқа жолы да жоқ еді. Ашулы француз халқы ел басшылығының батыл қадамға баруын талап етті. Франция әскери жағынан көп шығынданғанымен, бұдан еш нәтиже шықпады, керісінше Таяу Шығыстағы мұсылман қауымының ашуына тиді, ал ИМ содырларына аса көп зиян келтіре алмады.
ИМ Нажидің стратегиясына өзгерістер енгізіп, өз мақсатына бейімдеп алды. Олар шабуылдарды өз елінде туып-өскен жергілікті адамдарға жасату арқылы Батыс мемлекеттерінің ішіне іріткі салып, саны аз мұсылмандар мен көпшілік халықтың арасында өзара өшпенділік туғызды. Бұл формула қарапайым болғанымен, олар үшін өте тиімді болды. Франция, Бельгия, Ұлыбритания сияқты елдердің өз ішінде өсіп-жетілген «жиһадшылар» көбейген сайын ол елдердің үкіметтері мұсылмандарды бақылауды күшейте түседі. Бақылау күшейген сайын олардың наразылығы да артады. Наразылық артқан сайын «жиһадшылар» да көбейеді. Бұл - бір шырғалаң шеңбер.
Экстремистер стратегиясының орындалып жатқанын байқау қиын емес. Теракт әсіресе Франциядағы әсіреоңшыл күштердің оң жамбасына келе қалды.Шабуыл болған күннің ертеңіне әсіреоңшыл «Ұлттық майдан» партиясы жетекшісі Марин Ле Пен «Исламшыл фундаментализмнің ошағына соғыс жариялауды» талап еткен мәлімдеме жасады.
Ниццадағыдай тағы бірнеше теракт болса, Ле Пеннің президент болып сайланып кетуі де ғажап емес. Онда бүкіл Еуропаны тұрақсыздық жайлауы мүмкін.
Бүгін біз «жиһадизмнің» Еуропада орныққанын ашық мойындауға мәжбүрміз. Таяу Шығыстағы әскери коалицияға кірген Батыс елдерінің барлығы террордың нысанасына ілікті.
«Мұндағы басты логика - «қысас», яғни «қанға – қан, жанға – жан» тәртібі. Бұл террор бізді әлі көптеген жылдар нысанаға ала ма деп қорқамын» дейді арабтанушы Ван Остайен.
Дэвид Патрикаракостың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.