Accessibility links

«Хьюман Райтс Вотч» Джордж Буш әкімшілігіне қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етеді


АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш. Вашингтон, 15 қаңтар 2009 жыл.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш. Вашингтон, 15 қаңтар 2009 жыл.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы Джордж Буш пен оның әкімшілігіндегі жоғары шенді үш шенеунікті тұтқындарды азаптау шараларын мақұлдағандары үшін жазаға тартуды сұрайды.


Human Rights Watch («Хьюман Райтс Вотч») ұйымы өз баяндамасында Джордж Буштың азаптап-қинауға бұйрық бергендігіне «бұлтартпас дәлелдер» келтіреді. Буш бұйрық берген азаптау тәсілдерінің арасында 2001 жылғы террорлық актілерден кейін-ақ терроризмге қатысы бар деген күдікті азаматтарға қолданылған суда тұншықтыру және құпия жазалау тәсілдері де бар.

ТҰТҚЫНДАРДЫ ҚИНАУҒА КІМ РҰҚСАТ БЕРДІ?

«Азаптау 2001 жылғы қыркүйектің 11-і «Әл-Қаиданың» Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларына шабуылынан кейінгі күндерде-ақ басталған. Ол кезде Джордж Буш әкімшілігі АҚШ-тан тыс жерлердегі әскери және
АҚШ-тың Гуантанамо лагеріндегі тұтқын. 27 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

терроризмге қарсы операцияларда ұсталғандарға қолданылатын саясат пен іс-шаралардың жаңа түрін дайындай бастаған» делінеді баяндамада.

«Азаптауға жол жоқ: Буш әкімшілігі мен тұтқындарға оң көзқарастың болмауы» атты баяндамада вице-президент Дик Чейни, қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд және орталық барлау басқармасының директоры Джордж Тенет мақұлдаған заңсыз әрекеттерді дәлелдейтін жайттар да бар.

«Баяндамада көпшілікке белгілі дәлелдемелерге үңіле отырып, Буш әкімшілігінің жоғары шенді тұлғаларына қинап мойындатуды мақұлдағаны үшін қылмыстық тергеу жасалып, қудалануы керектігін айқын көрсетеді» дейді Human Rights Watch ұйымының терроризм және оған қарсы күрес бағдарламасының аға кеңесшісі Андреа Прасоу. АҚШ-тың әскери комиссиясы кеңсесінде қорғаныс мәселелері бойынша адвокат болып істеген ол Гуантанамо түрмесіне түскен бірнеше тұтқынды қорғаған екен.

Баяндама Джордж Бушты ЦРУ-дың терроризмге қатысы бар деген күдіктілерді ұрлады және үшінші елге беру бағдарламасын жасауға тапсырыс берді деп айыптайды. Құжат бойынша күдіктілер үшінші елде қатаң тергеуден өткен.

Дик Чейни «заңсыз тұтқындауды жүзеге асыру және азаптау шараларын заңдастырудың құқықтық негіздерін жасауда басты рөл атқарды» деп, ал ЦРУ-дың бұрынғы директоры Джордж Тенет суға тұншықтыру мен тұтқындарды келесі тарапқа беру бағдарламасын айналымға жібергені үшін айыпталып отыр.

БҰҰ-НЫҢ АЗАПТАУҒА ҚАРСЫ КОНВЕНЦИЯСЫ

Құқық қорғау ұйымдары президент Барак Обама тұтқындарды азаптау мен өзге де теріс қарым-қатынас жасау актілеріне тергеу жүргізуге міндетті деп санайды. Себебі АҚШ әлемнің 140-тан аса мемлекетінің қатарында БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына қол қойған ел.

Топ директоры Кеннет Рот мәлімдесінде «Әлемнің Дарфур, Ливия, Шри-Ланка сияқты елдерінде халықаралық маңызы бар қылмыстар жасала қалса АҚШ-тың әділеттілікті талап етуге құқы бар, бірақ мұндай қос стандарт болмауы керек. Егер АҚШ өз шенеуніктерін тергелу мен
АҚШ-тың Гуантанамо әскери түрмесіндегі тұтқындар. Куба, 28 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

қудаланудан қорғайтын болса, онда ол басқа елдерде ауыр қылмыстар жасаған адамдардың жауапқа тартылмай, құтылып кетуін оңайлата түседі» деген.

Джордж Буш пен оның кейбір жоғарғы шенді сыбайластары азаптау арқылы тергеу әдістерін халықаралық заңдар негізінде қолдануға рұқсат берді деген тұжырым жаңалық емес. Бұрынғы президент тіпті өзінің екі күдіктіні суға тұншықтыру арқылы тергеуге бұйрық бергенін де мойындады. Бұл жерде ол әділет министрлігіндегі заңгерлердің азаптаудың мұндай түрін заңға сыяды деп айтқанын алға тартады.

Бірақ АҚШ үкіметінің сол кездегі әрекеттерін сипаттайтын көпшілікке жария құжаттардың саны соңғы кезде көбейіп кетті. Оған бұған дейін елдің ақпарат бостандығы заңына сай құпия болып келген құжаттардың ақпарат еркіндігі актісінің негізінде жариялануы түрткі болған. Бұл іске қозғау салғандардың бірі – "АҚШ-тағы азаматтық бостандық одағы" ұйымы.

Әлі мыңдаған құжаттар құпия күйінде қалып отыр. Алайда Андреа Прасоу: "Егер құқық қорғау ұйымдары оларда не барын байқай алатын болса, онда Ақ үй әкімшілігінің бұрынғы шенеуніктеріне қатысты іс тіпті қатаңданып кететін шығар" дейді.

ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ БУШ ӘКІМШІЛІГІН ЖАУАПҚА ТАРТУ ҚҰҚЫҒЫ БАР

Джордж Буш кезеңіндегі үшінші бір елдің қолына заңсыз берілген тұтқынның бірі – Махер Арар. Оны шетелдегі еңбек демалысынан Канададағы үйіне қайтып бара жатып, Нью-Йорктегі әуежайға тоқтаған жерінен АҚШ құқық қорғау органдары "Әл-Қаиданың" мүшесі деген күдікпен ұстап әкеткен.

Канада мен Сирияның қос азаматтығына ие Арар екі апта бойы абақтыда отырып, сосын Сирияға беріледі. Сирияда оны бір бойы азаптайды. Содан бері Сирия Махер Арардың кінәсіздігін мойындады, ал АҚШ үкіметімен ынтымақтаса жұмыс істеген Канада үкіметі оған моральдық шығын ретінде 11 миллионға жуық АҚШ долларын өтеп берді.

Бірақ АҚШ үкіметі Махер Арады әлі ақтаған жоқ, оған қоса оның өзінің азаматтық және халықаралық тұрғыдағы адами құқықтарының бұзылғанын айтып түсірген шағымын қабылдамай тастады.

Human Rights Watch ұйымы Обама әкімшілігінен Джордж Буш пен бұрынғы шенеуніктерге қарсы қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. Егер талап орындалмаса, ұйым шетелдік үкіметтерді іске тартпақшы.

Андреа Прасоу БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясының жалпыға ортақ ережесіне сай, кез-келген мемлекет өзінің құқықтық шешімін шығара алады дейді.

- Бұл принцип азаптаудың сондай сорақы қылмыс екендігін, ал азаптағандардың қай жерде болмасын тергеліп, қудалану қажеттігін айтады. Сондықтан, егер АҚШ тергеу жүргізбейтін болса, оны конвенцияға қол қойған өзге елдің іске асыруы міндетті, - дейді ол.

Прасоу Джордж Буштың бірнеше ай бұрын Швейцарияға баруды жоспарлағанын және «ол сапардан екі күн бұрын құқық қорғаушылар мен жәбір көрушілердің Швейцария билігімен бірге оған қарсы қылмыстық іс дайындағаны туралы ақпарат тараған соң, доғарғанын мысал қып келтіреді.

«БҰЛ ӘҢГІМЕ БІРІНШІ РЕТ КӨТЕРІЛІП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

Барак Обаманың президент ретіндегі алғашқы әрекеттерінің бірі ЦРУ-дың тұтқындарды үшінші елге беру бағдарламасын дереу тоқтату және сырттағы түрмелерді жабуы болды. Ол АҚШ-тың тұтқындарды ешқандай
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш (сол жақта) және қазіргі президенті Барак Обама. Вашингтон, 16 қаңтар 2010 жыл.

азаптап, қинамайтынын мәлімдеді. Алайда Обама бұрынғы қателіктермен емес, қазіргі мәселелермен айналысқанды жөн көретінін бірнеше рет айтты.

Сондықтан да болар АҚШ-тың бас прокуроры Эрик Холдер ЦРУ-дың шет елдердегі құпия қамау орындарында 100-ден астам ғана тұтқынды тергегенін және өткен айда АҚШ-та қаза тапқан екі тұтқынның ғана ісіне қатысты қылмыстық іс қозғалған деп хабарлады.

Барак Обама әкімшілігі бұрынғы бас прокурор Джон Эшкрофтты қудаланудан сақтап қалып, сол кездердегі компромат ретіндегі материалдарды құпияда ұстап отырғанын айтады құқық қорғау ұйымдары.

Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестің мүшесі және қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің қызметкері болған Джеми Флай Human Rights Watch ұйымының баяндамасынан ешқандай жаңа дүние таппағанын айтады.

ОБАМА ӘКІМШІЛІГІ ЕСКІ ЖАРАНЫ АШУҒА ҚҰЛЫҚТЫ ЕМЕС

«Бірқатар халықаралық және АҚШ ұйымдарының қатысуымен Буш әкімшілігінің 2001 жылғы оқиғаларда ұлттық қауіпсіздік шеңберінде қолданған суға тұншықтыру және сол сияқты кейбір қинау әрекеттерін азаптаудың бір түрі деп тану жайында көптеген пікірталастар болған. Бірақ АҚШ қашанда заңды басшылыққа алады, әрі Обама сияқты Буш әкімшілігі де өз әрекетінің заңға сай екеніне көз жеткізген және оны үкіметтік заңгерлер мақұлдап отырған» дейді ол.

Джеми Флай Ақ үй өтіп кеткен істі қайта қозғайды деп ойламайды. Барак Обама әкімшілігі бұл істі қайта қазудың орнына, алға кете бергенді жөн көреді деп санайды Буш әкімшілігінің бұрынғы қызметкері.

Андреа Прасоу Human Rights Watch қойып отырған талапқа қоғам аса қызығушылық танытып отырмағанын мойындайды. Дегенмен, Барак Обама оның билігі тұсында АҚШ азаптау шараларын қолданбайды деп мәлімдеп қана деп қоймай, одан гөрі батылырақ қимылдағаны маңызды деп санайды.

«Егер азаптауға қарсы заңдық шара қолданылып, прецедент жасалмаса, онда АҚШ-тың келесі президенті қайтадан азаптау шараларына көз жұма қарауы мүмкін» дейді Андреа Прасоу.
XS
SM
MD
LG