Accessibility links

«Тұтқындарға қысым көрсеткендер көбінесе жазаланбайды»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ал Ақмола облысында «сотталушыларды азаптады» деп айыпталған түрме қызметкерлерінің соты осы аптада аяқталады.


Құқық қорғаушы Ардақ Жанәбілованың айтуынша, Ақмола облысындағы түрме қызметкерлеріне қатысты сот шешімі жұма күні шығуы тиіс.

– Прокурор төрт жыл сұраған. Айыпталушылардың арасында (Ақмола облыстық) департамент бастығының орынбасары, департамент бөлімінің бастығы, т.б. адамдар бар, – деді Ардақ Жанәбілова маусымның 23-і күні
Алматы және Алматы облысы бойынша түзету мекемелеріндегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрайымы Ардақ Жанәбілова. Алматы, 23 маусым 2011.

халықаралық қысыммен күрес күніне орай Алматыда өткен жиында.

ТҮРМЕНІҢ ЖЕТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Өткен жылы жаз айында Державинскідегі (Ақмола облысы) қатаң тәртіптегі колонияда бір топ сотталушы түрме ішіндегі азаптауларға қарсылық танытып, қарындарын тіліп тастаған. Ол оқиғаға байланысты суреттер телефон арқылы тарап, ақпарат құралдарына да жетіп, қоғамда шу туған еді.

2010 жылдың қараша айында ЕЦ-166/26 қатаң тәртіптегі колониясы қызметкерлеріне қатысты «Азаптау» және «Қызметі бабын асыра пайдалану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, осыдан бірнеше ай бұрын сот басталған.

Бұл істе жәбірленушілер – оннан астам тұтқын, айыпталушылар – жеті түрме қызметкері.

Осыған дейін жәбірленуші жақтың туыстары тұтқындарды сотта куәлік беруден бас тартқызу үшін түрме әкімшілігінің оларға қысым жасағанын айтып, шағымданған болатын.

«ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ ТОҚТАҒАН ЖОҚ»

Жәбірленушілердің бірі Эдуард Дәулетбакиевтің әкесі Мансұр Дәулетбакиевтің айтуынша, сот аяқталып қалса да, қоқан-лоққы көрсету әлі жалғасып жатыр.

– Бұған дейін қоғамның назарын осы мәселеге аудартуға тырысып, құқық қорғаушыларға жүгіндік. Билікке үндеу де жаздық. Дегенмен әлі күнге
Жәбірленушілердің бірі Эдуард Дәулетбакиевтің әкесі Мансұр Дәулетбакиев. Алматы, 23 маусым 2011.

дейін тоқтаған жоқ, – дейді Мансұр Дәулетбакиев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, түрме қызметкерлерінің үстінен іс қозғалғаннан кейін сотталушыларға қысым көрсету үдей түскен. Сот процестеріне орай Көкшетаудағы уақытша қамау изоляторына ауыстырылған тұтқындар мұнда да қысымнан көз ашпаған.

– Оларды мұнда бір-біріне қарсы қойып, азаптап, куәліктерінен бас тарқызу үшін түнде тұрғызып алып ұрып-соққан. Мұндай азапқа төзбеген олар апта бойы аштық жариялады, – дейді Мансұр Дәулетбакиев.

Мансұр Дәулетбакиев бұған қатысты билік орындарына хат жазғанын, олардың шағымды қабыл алса да нәтижесіз болғанын атап өтеді. Оның айтуынша, мәселеге құқық қорғаушылар араласқаннан кейін жағдай ептеп қалыпқа түскен.

«ЖАБЫҚ МЕКЕМЕЛЕРДІ БАҚЫЛАУ – ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ»

Құқық қорғаушылардың айтуынша, өкінішке қарай, Қазақстанда қысым көрсету фактілері көбінесе жазаланбай қалады. Егер 2002-2007 жылдар аралығында «Азаптау» бабы бойынша 20 адам кінәлі ретінде табылса,
Адам құқығын қорғау бюросы Астана бөлімшесінің директоры Анар Ибраева. Алматы, 23 маусым 2011 жыл.

2009 жылы тек бір адам ғана қылмыстық жазаға тартылған. Есесіне қысымға қатысты шағымдар бұдан әлдеқайда көп.

– 2010 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, қылмыстық жазаға төрт адам тартылған. Осы жылдың бес айын айтсам: Қарағандыда екі іс сотқа түспек; Оңтүстік Қазақстан облысында мұндай фактілер тіркелген, бірақ нақты статистиканы білмеймін; бұған қоса Ақмола облысындағы іс бар. Ал қысыммен күрес коалициясына бір жылдың ішінде 263 шағым түскен. Осыған қарап өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер, – дейді Адам құқығын қорғау бюросы Астана бөлімшесінің директоры Анар Ибраева маусымның 23-і күні өткен жиында.

Бұл жиында құқық қорғаушылар Қазақстанның қысымға қарсы әртүрлі деңгейдегі халықаралық құжаттарды қабылдаса да, ондағы ережелерді толығымен сақтамай отырғанын сынады. Олардың айтуынша, көптеген жабық мекемелерде қысымға қарсы жағдайды бақылау – өте қиын. «Қысым тақырыбы қоғамда ашық талқыланған кезде ғана нәтижеге жетуге болады» дейді олар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG