Қарағанды облысындағы АК 159/6 түзету мекемесінің қызметкері сотталушыларға бейнежазба түсіруге көмектесті деп танылып, 2 миллион теңгеден аса айыппұл төлейтін болды. Бұл туралы шешім шығарған Шахтинск қалалық сотының аппарат жетекшісі Асхат Жанашев хабарлады.
ТӨРКІНІ ТҮСІНІКСІЗ 50 МЫҢ ТЕҢГЕ
Оның сөзінше, түзету мекемесінің аға бақылаушысы Дархан Ахметовке қызметін асыра пайдаланды деген айып тағылып, қылмыстық кодекстің 307-бабы негізінде жаза тағайындалып отыр.
Шахтинск сотының таратқан ақпараты бойынша, Ахметовтың негізгі міндеті – колония ішіндегі өзіне белгіленген бекетте сотталушыларды бақылау болған. 2010 жылғы мамырдың 26-ы Ахметов сотталушы Андрей Корольковке колония қызметкері сотталушыны ұрып жатқандай қылып көрсетіп қалта телефонына түсіріп алуды ұсынған. Бейнеролик нанымды болып шығуы үшін өзінің қызметтік киімін - үстіндегі күртешесін, фуражкасы мен резеңке тоқпағын берген деп жазылған ақпаратта.
Бейнеролик нанымды болып шығуы үшін өзінің қызметтік киімін - үстіндегі күртешесін, фуражкасы мен резеңке тоқпағын берген.
Бұл үшін аға сержант Ахметов сотталушыдан 50 мың теңге ақша талап еткен. Бейнероликке түскен «әртістер» де, оны түсірген оператор да сотталушылардың өздері болған. Бейнежазба түсіріліп болған соң сотталушылар контролерге киімін де, телефонын да қайтарып берген.
Іс материалдарына сәйкес колония қызметкері Дархан Ахметов бейнежазбаны үшінші бір адамға беріп, ол мамырдың 28-інде интернетке орнатқан. Бұл үшін Ахметов сотталушы Корольковтен 50 мың теңге ақша алған.
Алайда, Ахметовтың бенежазбаны түсіруге, кейін оны үшінші адам арқылы Интернетке шығаруға өзі мүдделі бола тұра «әртіс» болып ойнаған сотталушылардан не үшін 50 мың теңге алғаны түсініксіз көрінді. Бұл туралы сұрағымызға оның адвокаты мен сот өкілдері жауап бергісі келмеді.
Сот өкілі Асхат Жанашев, «сотта колония қызметкері Ахметовтың кәнісі толығымен дәледенді» деп қысқа қайырды.
КОЛОНИЯ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ
Бұдан бұрын 2010 жылдың қараша айында интернетте тарап, дау болған бейнежазбаға қатысы бар төрт сотталушыға сот үкім шығарған. Оларға түрмеде отырған негізгі мерзімдеріне тағы екі жыл түрме жазасы тағайындалған еді.
Енді, міне, сотталушыларға бейнежазба түсіруге көмектескен колония қызметкеріне айыппұл тағайындалып отыр. Колония басшылығы бұл шешімнің әділ екендігін айтады.
Сотталушылар жаппай өз денелерін тіліп тастады. Ал бұл дегеніңіз аса ірі заңбұзушылық.
- Бұл істі ұйымдастырған колония қызметкері емес, сотталушылар болатын. Бұдан бөлек, сотталушылар жаппай өз денелерін тіліп тастады. Ал бұл дегеніңіз аса ірі заңбұзушылық. Олар түрменің қалыпты қызметіне кедергі келтірді. Сондықтан олар қылмыстық кодекстің 360-шы бабы - «қылмыстық атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау» бойынша жазаланды, - дейді дейді колония басшысының қызметі уақытша атқарып отырған Саят Қожықов.
Ол 25 жастағы Дархан Ахметов қазір 159/6 колониясында жұмыс істемейтіндігін айтты. Өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалысымен Ахметов жұмыстан босатылған.
Азаттық тілшісімен сұхбат барысында Саят Қожықов бұл іске қатысты жеке көзқарасын айтып қалды.
- Әрине, оған (Ахметовке – ред.) қаталдау жаза тағайындау керек еді. Бірақ, Ахметовке қарсы қылмыстық іс қозғалып, сол бойынша жаза берілді. Бұл соттың шешімі, - деді Қожықов.
«ТУЫСЫНЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАП...»
Дархан Ахметовтың адвокаты Қанат Тікежанов, Азаттық тілшісімен сұхбат барысында, қорғаушысының еш кінәсі жоқ екендігін айтты.
- Ол мүлдем кәнісіз. Колонияның бастығы (Қайдар Сарин ) – оның туысқаны. Ахметовты жұмысқа орналастырған сол ғой. Бастығы жарты жылдың ішінде зейнеткерлікке шығу керек. Ал мына шу шыққанан кейін [Ахметов] жаза салған ғой түсініктемені. Он-ақ сынып білімі бар бала, жай сержант. Заңды білмейді, жаза салған. Айналып келгенде біреуді жазалау қажет, ал бастықты қалай жазалайсыз? - дейді адвокат.
Заңды білмейді, жаза салған.
Адвокат өз қорғаушысының жазықсыз екендігін дәлелдеу үшін барлық инстанцияларға шағымданатынын жеткізді.
- Әзірге Шахтинск қалалық сотының шешімі күшіне енген жоқ. Біз 15 күннің ішінде шешімге қатысты аппеляциялық шағым беруге құқығымыз бар. Біз ол құқығымызды міндетті түрде пайдаланамыз. Тіпті бұл істі Жоғарғы сотқа дейін жеткізуге дайынбыз. Оның кінәлі емес екендігін бәрі біледі, тіпті соттың өзі де біледі, - дейді Қанат Тікежанов.
Оның сөзінше, қалалық соттың шығарған шешімін орындау жаңа ғана отбасын құрған Ахметовке мүлдем қиын.
- Ол жас бала ғой, жақында ғана үйленді. Баласы да жоқ. Ол бұған дейін 300 мың теңге көлемінде несие алған. Соны төлей алмай жүр. Ал соттың 2 миллионнан аса қаржыны төлеу туралы шешімі мүлдем орындалмас іс, - дейді адвокат.
Біз бұл мәселеге қатысты 159/6 колониясының бастығы Қайдар Сариннің қызмет орнына хабарласқанымызда, қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз «Сарин госпитальде жатыр» деп жауап берді. Оның ұялы телефоны да жауап бермеді.