Accessibility links

Неміс фермері Еуропаға қымызмұрындық берді


Неміс фермері Ганс Цольман қымыз фестивалінде. Германия, Вальдбрун, 15 мамыр 2011 жыл.
Неміс фермері Ганс Цольман қымыз фестивалінде. Германия, Вальдбрун, 15 мамыр 2011 жыл.

Германияның Вальдбрун аймағында өткен қымыз фестивалінде саумалдан жасалған косметикалық өнімдер, дәрумен және балаларға арналған тағамдар сатылды. 400-ге жуық жылқысы бар фермер Ганс Цольманның отбасы 1959 жылдан бастап жылқы бағуды қолға алған.


Германия азаматы Ганс Цольманның «бие бауынан» кәдімгі бабы келген қымыздың қышқылтым исі бұрқырап шығып, мұрныңды жарады. Жылқы фермасының айналасы – көк майса. Тап-тұйнақтай тазалық бірден көзге түседі. Цольманның биесі де осында сауылады, кеңсесі де, қымыз бен бие сүтінен жасалған өнімдерін сататын дүкені де осында.

«ТӘРТІПТІ БИЕЛЕР» КҮНІНЕ 3 РЕТ САУЫЛАДЫ

Сауыншы қыз арнайы аппаратпен бие сауып тұр. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл
Аумағы атшаптырым болатын Цольмандардың жылқы фермасында ұзыннан-ұзақ тартылған бие бау мен көгендегі құлын көрінбейді. Жайылып жүрген жирен қасқа, құла қасқа, бүйірлері торсиған тор биелер сауын уақыты жақындағанда, қораның есігіне қарай ешкім айдамай-ақ кезек-кезегімен жақындай береді. Биені сауатын аппарат бекітілген шағын ғана ішкі қораның есігі ашылса болды, «тәртіпті биелер» бір-бірден кіріп, қалт тұра қалады.

Соншама биені «сауып» жүрген ақ халатты қаршадай екі қыз биенің тырсиып тұрған желініндегі қос үрпіні алдымен таза орамалмен сүртіп алады да, сауын аппаратын кигізе қояды. Екі минутқа жетер-жетпес уақытта сүтін беріп, өзі жемнен қарпып асап алған бие шыға жөнеледі де, орнына келесісі кіреді. Алдыңғы қимыл айна-қатесіз тағы қайталанады. Ал жаңа ғана сауылған саумал пластмасса түтікше арқылы өңделетін орынға қарай бұлақша ағып жатыр.
Ханс Цоллманның фермасы. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл.

Қазақтың келіншектері тәрізді көгендеулі құлынды қолы қарулы бір жігітке жетектеп әкелдіріп, аналық биені құлынын салып иітіп алғаннан кейін артқы қосаяқтың бірін құшақтай келе тізерлеп барып, үрпіге қол созып жатқан сауыншы көрінбейді. Қазақтар биені сағат сайын сауса, немістер бір биені күніне үш рет қана сауып, әр сауғанда әр биеден 1-1,5 литр сүт алады екен.

САУМАЛДАН ЖАСАЛҒАН САБЫН МЕН БАЛМҰЗДАҚ

Күніне 100 биені қолда ұстап, сауып отырған Цольманн отбасының жасыл желекке оранған ауылдың сыртындағы жылқы фермасына бұл күні көлікпен да, жаяу-жалпылап та ағылып жатқандар легі бір толастамады.

«Бүгінде еуропалық бірнеше елге қымыздан жасалған өнімдерді экспортқа шығарып жатырмыз» деген Ганс Цольманн Азаттық радиосына берген сұқбатында қымызға деген сұраныс жылдан-жылға күшейіп келетінін айтты:

- Қымызды сұраушы елдер қатары жыл сайын артып келеді. Біз бие сүтінен жасалған өнімдерді Франция, Нидерланды, Бельгия елдеріне экспорттап келеміз, - деді ол.
Қымыздан жасалған балмұздақтың жарнамасы. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл

Цольман мырза қазір 200 биенің жүз шақтысы құлындағанын айтты. Ол биелер күнделікті 3 рет сауылып, сүтін түрлі мақсаттағы өндіріске пайдаланып келе жатырмыз дейді.

Неміс фермері қымызды пайдалану дәстүрін қазақтардан алғанын айтады. Өнімдерін «био-қымыз» деп атапты. Цольман отбасы бие сауумен 1959 жылдан бері айналысып келе жатыр.

- Бие сүтін пайдалануға менің қайын атам доктор Шторх себепкер болып, неміс жерінде жылқы шаруашылығын бастаған. Біз соны жалғастырып, түрлі өнімдермен дамытып келеміз, - деді ол.

Қазақ-неміс кәсіпкерлерінің үйлестірушісі, Германия қазағы Сүлеймен Шатқам Цольман отбасының жылқы шаруашылығын қалай қалыптастырғаны жайлы Азаттыққа әңгімелеп берді.

- Совет-герман соғысында жараланып, тұтқынға түскен Цольманның қайын атасы Рудольф Шторхты қазақ отбасы саумалмен емдеп жазып алған. Кейін еліне оралған ол қымыз дәмін ұмыта алмай, Германияда жылқы шарушылығын құрып, нағыз қымыз жасауды көздеген. Содан бері оның ұрпағы қымыздың адам денсаулығына пайдасын Еуропаға танытуға тырысып келе жатыр.
Сүлеймен Шадқам (сол жақта) және Ханс Цоллманн. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл

Цольман отбасы қымыз ашытып қана отырған жоқ, биенің сүтінен сәбилерге беретін саумалдан бастап, түрлі косметикалық крем сабын, лосьон шығарады. Әр өнімді әдемілеп орап, сыртына неден, қалай жасалғаны турасында тәптіштеп жазып қойған. Ең бастысы «ешқандай химиялық қоспасы жоқ, тек табиғи өнімнен жасалды» деп атап көрсетілген. Соған қызыққандар бірден сатып алып, дәмін көргеннен кейін дорбалап алып кетіп те жатты.

Цольмандардың ендігі жоспары саумал қосқан балмұздақ жасау екен. Оның құрамы мен дайындау технологиясы жөнінде ұсыныстарын тиісті орындарға жіберген неміс жылқышысы тек жауап күтіп отыр.

Қонақтарға саумал мен қымыз ұсынып, бие сүті қосылған лосьон мен сабынның, кремнің қасиетін түсіндіріп, сауданы қыздырып тұрғандар да – Ганс Цольманның үш қызы мен әйелі Гюдрун. Немерелері де осында құлдыраңдап шауып жүр.

Фестиваль күні мұнда қымыз бен саумал саудасымен қатар балалардың атқа шауып, шөпке аунап ойнауына да барлық жағдай жасалып қойыпты.

ҚЫМЫЗБЕН ЕУРОПАДА ҚАУЫШҚАН ҚАЗАҚТАР

Қымыз фестиваліне қатысқан Германиядағы қазақтарды да сөзге тартқан едік. Олар ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі сусынымызды немістердің технологиясының арқасында енді косметикалық заттар ретінде де пайдаланып жатырмыз деді. Осы аймақтағы Хайдельберг қаласында тұратын Сәдия Цурер есімді қазақ қымыз фестиваліне жылда қатысатынын айтады:
Сәдия Цурер, еуропалық қазақ қымыз фестивалінде. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл

- Біздің Цольман мырзамен танысқанымызға 25 жылдай болып қалды. Алғашында мында кішкентай ғана қора болып, 40 шақты ғана жылқысы болатын. Осындай халыққа арналған фестиваль өткізіп келе жатқанына 10 жылдай уақыт болып қалды. Цольман отбасы жылқы шаруашылығын дамытуға өте көп еңбек сіңіріп жатыр. Қазір олар қымызды медициналық тұрғыда пайдалану жолдарын қолға алған. Дәрі ретінде жасалған өнімдерін ауруханалар мен курорттарға жібереді. Қымыз өнімдеріне Еуропа ғана емес, басқа да әлем елдері қызығып жатыр.

Қымыздың адам денсаулығына оң әсері крем-сабын және дәрумендер арқылы да тиіп жатыр деген германиялық қазақ Дина Шатқам өзінің бие сүтінен жасалған заттарды пайдаланып жүргенін алға тартты:

- Қымызды көп уақыт ұстай алмайсыз, белгілі бір уақытта ішіп қою керек. Қымызға қолыңыз жетпесе, мында бие сүтінен жасалған бірнеше капсулдық дәрумендер бар. Адамның барлық ауруы ішек-қарындағы бактериялардан басталатын болса, мында қымыздың дәрумендері бар. Ол ішті, адам ағзасын тазалайды. Сонымен бірге құрғатылған бие сүтінен жасалған кремдер қолға өте пайдалы.
Бие сүтінен жасалған өнімді ұсынып тұрған сатушылар. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл

Сәдия Цурер ханым қымызды немістердің пайдаға жаратып жатқанына қуанғанымен, Қазақстанда бұл тек сусын ретінде ғана ішіліп, денсаулыққа пайдасын тигізетін заттарды өндіру қолға алынбай отыр дейді.

- Бір немістің қазақтың ұлттық сусыны қымызды осылай дамытып жатқанына қуанамыз. Бір жағынан өзіміздің қазақта бұл тек сусын қымыз ретінде ғана қалып қойғаны өкінішті. Жыл сайын келгенде бие сүтінен жасалған жаңа бір затын көресіз, - дейді Сәдия.

Бавариядағы Регенсбург қаласында білім алып жатқан павлодарлық студент Заринаның айтуынша Қазақстан өкілдері қымыздың адам денсаулығына тигізер пайдасы жайлы Германияда 1991 жылы өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда ұзын-сонар кеңес айтып кеткен.

- 1991 жылы профессор Жанғабылов пен Цольман мырза екеуі Германияда бие сүтінің адам денсаулығына пайдасы жайлы форум өткізген. Онда медициналық саладағы қазақ-неміс мамандары қымыздың пайдасын қалай дамыту және пайдалану жолдарын талқылаған, - дейді Зарина.

Уақыт өте келе бие сүтінен түрлі өнім дайындау бойынша Германияда нақты жобалар пайда болғанымен Қазақстанның өзі әлі бұл салада кенже қалып келеді.

АЛМА ШЫРЫНЫ ҚОСЫЛҒАН... ҚЫМЫЗ

Немістер қымыздың кермек дәмін аздап болса да алманың шырынын немесе банан қоспаларын қосып сәл жұмсартатын да тәсіл ойлап тапқан. Қымызға банан немесе шырын қосып ішкендер де дәміне тамсанып-ақ тұр.

Мұнымен қатар кез келген уақытта қымыз ішкісі келген адам сусынның кептірілген ұнтағын сатып алып, суға салып, езіп жіберсе, бір демде қымыз да дайын болады екен.

Ганс Цольманн мырзадан қымызды қандай ыдысқа құйып ашытасыздар деп сұрадық.

- Арнайы жасатқан шұңғыл шойын ыдыстарымыз бар соларға құйып сақтаймыз, кішірек пластмасса ыдыстарға да, 200 грамдық шыны бөтелкелерге де құйып, сатамыз, тапсырыс бергендерге жөнелтеміз, - дейді жылқы фермасының қожайыны.
Жергілікті әкімшілік пен парламент өкілдері қымыз фестивалінде сөйлеп тұр. Валдбрун, 15 мамыр 2011 жыл

Ағаш бөшке немесе иленген теріден тігіліп, тобылғының түтініне ысталған күбі мен мес қана жетіспей тұр. Германия денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-гигеналық талаптары бойынша саумал тек металл шойын ыдыста сақталып, ашытылуы керек екен.

Қымыз фестивалінің қызығы қыза түскен түс әлетінде Осы Вальдбрун аймағының әкімі мен жергілікті парламент депутаттары, «Жасылдар» партиясының өкілі келіп, кәсіпкер Ганс Цольманның жасап жатқан ісіне сипаттама беріп, қымыз өндірісінің Германиядағы денсаулық реформасына орай дамытылып жатқанын тілге тиек етті.

Олар қымыз дайындау технологиясын қазақтардан алған атасы Рудольф Шторхтың бастаған ісін жалғастырған азаматтың ісін барынша қолдайтындықтарын байқатты.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НЕМІСТЕРДІҢ САҒЫНЫШЫ

Фестиваль туралы хабарды естіп, қымыздың дәмін татуға келгендер арасында жергілікті немістермен қатар қазақстандық немістерді де көп кездестірдік. Олар «қымыз» деген сөздің өзі құлақтарына тым жылы естілетінін және ауылдың иісін аңсағандықтан бұл тойға келгендерін айтып, Цольманның жылқы шаруашылығына таңданып та, тамсанып та қарайды.

Вальдбрунда қымыз фестивалі өтеді деген хабарды газеттен оқи сала, осы шараға келуге асықтық дейді Қарағанды облысы Нұра ауданының Майоровка ауылынан шыққан немістер Мария мен Вальдемар Огель.
Бұрынғы қазақстандық немістер Мария мен Валдемар Огельдер. Германия. 15 мамыр. 2011 жыл

- Қымыздары өте керемет екен. Осыған дейін біз келгенде биенің саумал сүті ғана болатын. Ол Қазақстанда біз дәмін татқан қымызға жетпейтін. Енді бүгін ашытылған қымызды ішіп, туған дәмді сезінгендей күйге түстік. Жылқы, қымыз және осы ортаның өзі қазір бізге Қазақстанда отырғандай әсер беріп тұр.

Германияда тұрып жатқанына 15 жылдай болып қалған ерлі-зайыпты Огельдер Қазақстандағыдай кең дала мен еркіндік, даланың жұпар исін сағындық дейді. Сол себепті қымыз фестиваліне қазақтар келуі мүмкін деген хабардан соң, ең болмаса қазақи ортаны сезініп, қымыз ішіп қалуға осында жеттік деп қалды олар.
XS
SM
MD
LG