Беларустер көшелерде, жұмыс орындарында және аудиторияларда жаппай ереуіл жасап, Александр Лукашенкодан биліктен кетуді талап етіп жатыр.
1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко 9 тамыздағы президент сайлауында көпшілік дауыспен жеңіске жеткенін жариялағалы елде күн сайын дерлік қарсылық шарасы өтіп келеді. Лукашенконың қарсыластары, сайлаушылар және Батыс үкіметтері сайлаудың әділ өтпегенін айтып, оның нәтижесіне күмән келтіреді. Биліктің наразылықты күшпен басу әрекеті бірнеше адамның өліміне алып келді, жүздеген кісі жарақат алып, 10 мыңға жуық адам қамалды.
26 қазанда оппозиция қысымды күшейте түсті.
Оппозиция лидері Светлана Тихановскаяның Лукашенкоға қойған "биліктен кетіп, наразыларға қысымды доғарып, саяси тұтқындарды босат" деген ультиматумы 25 қазанда аяқталды. 26-сынан бастап режимге қарсы жаппай ереуіл бастайық деген Тихановскаяның үндеуіне 9,5 миллион халқы бар Беларусьтегі мемлекеттік зауыт, мейрамхана, кафе, жекеменшік фирма және сол сияқты мекемелер қызметкерлері, сондай-ақ университет студенттері құлақ асып жатыр.
Сарапшылардың айтуынша, айлап жалғасқан бұл саяси дағдарыстың жаңа кезеңі басталды, бұл кезеңде Лукашенконың билікті ұстап қалу қабілеті және Тихановская мен жақтастарының оны орнынан кетіру үшін халық қолдауына қаншалық сүйене алатыны сынға түспек.
"Бұл ереуіл оппозицияның да, биліктің де ставкасын көтереді. Тұрақты өтіп жатқан жаппай наразылық режимнің легитимдігін әлсіретті. Жалпыұлттық ереуіл оның экономикалық тіршілігіне қауіп төндіреді. Режим мұның қатерлі екенін түсінеді" дейді Британияның Беларусьтегі бұрынғы елшісі, қазір Лондондағы Стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Найджел Гулд-Дэвис.
УАҚЫТ ДҰРЫС ТАҢДАЛҒАН БА?
Елдегі оппозиция серкелерінің көбі тұтқындалған не Тихановскаяның өзі сияқты шетелге қашуға мәжбүр болған. Ол өзіне және отбасы мүшелеріне қауіп төнгендіктен, сайлау өте салысымен Литваға қашқан.
Батыс үкіметтері наразыларға қолдау білдірді, Еуроодақ пен АҚШ Лукашенконы Беларусьтің легитимді президенті деп мойындамайтынын мәлімдеді. Еуропа одағы наразылар мен оппозиция белсенділерін қуғындауға, тамыздағы сайлау нәтижелерін бұрмалауға қатысы болуы мүмкін деген Беларусьтің 40 лауазымды тұлғасының активтерін бұғаттап, оларға виза беруге тыйым салды.
12 қазанда Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Беларуське жаңа санкциялар салу жоспарын қолдады. Санкцияға Лукашенконың өзі де ілінбек.
Бір күннен соң Тихановская Лукашенкоға орнынан кету жөнінде ультиматум қойды. "25 қазанға дейін бұл талап орындалмаса, жалпыұлттық ереуіл бастаймыз" деді Тихановская.
Беларустық комментатор әрі сарапшы Анна Барабанның айтуынша, бұл шара оппозицияға жаңа күш-қуат береді.
Әсіресе Минскіде демалыс күндері наразылыққа шыққандар саны ондаған мыңға жеткенімен, аптаның басқа күндері қарсылық білдіруші қарасы көп емес. Анна Барабанның айтуынша, бұл халықтың екпіні басылып жатқанын білдіреді.
"Үш айдан астам уақыт үздіксіз наразылықтан соң беларустар шаршаған тәрізді, сондықтан қарсылыққа шығатын кісі қарасы сәл азая бастады. Биліктің де наразылыққа еті үйренгендей, қазір олар шара өзі-ақ бітеді деп күтіп отыратын сияқты" дейді ол.
Лукашенкоға оппозиция қойған ультиматум аяқталар күні өткен наразылыққа 100 мыңнан астам адам жиналды. Лукашенко ультиматумды елемеді, полиция қатаң әрекет етіп, құлақ тұндыратын граната қолданды, жүздеген адамды қамады.
ЕРЕУІЛДІ ЕЛЕМЕГЕНСУ
Лукашенко басқарған билік органдары ереуіл мемлекет басқару ісіне еш әсер етіп жатқан жоқ деп отыр.
26 қазанда мемлекеттік БелТА агенттігі индустрия министрі Петр Пархомчиктің "Қалыпты жағдайда өнім өндіріліп, тұтынушыларға жеткізіліп жатыр" деген сөзін келтірді.
Пархомчик ереуілдің көлемін кішірейте сөйледі, оппозиция өзінің маңызын асыра көрсеткісі келеді деді.
"Он, он бес, жиырма адам жиналып, суретке түсіп, оны [әлеуметтік желіге] жүктеп, "зауыт жұмысын тоқтатты, жұмысшылар ереуілде, мекеме міндеттерін орындамайды" деп жазуы мүмкін" деді ол.
Мұның алдында Лукашенко да мемлекеттік мекемелерде жұмысшылар ереуіл жасаса, "Балаларды кім асырайды?" деп кекеткен еді.
Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тергеу департаментінің басшысы Константин Бычек 26 қазанда наразылық шаралары "терроризмге" теңестірілуі мүмкін екенін айтты. Бұл қысым күшейе түсуі мүмкін дегенді білдірсе керек.
Мемлекет ереуілді елемеуге тырысқанымен, Беларусьтің арнайы жасағы көтерілісшілер мен олардың жақтастарын ұстап әлек.
Беларусьтегі "Весна" адам құқықтары тобының мәліметінше, 26 қазанда Минск, Гродна, Брест, Могилев, Лида және өзге қалаларда 320-ға тарта адам қамауға алынған.
"МҮМКІНДІКТЕР ӨНЕРІ"
Беларусьтегі ең ірі химиялық зауыттардың бірі – "Гродна Азот" жұмысшылары ереуілге шықпақ болып жатқан жерінен қамауға алынған. Amnesty International дерегінше, полиция оларды таңғы 7-де ұстап әкеткен.
"Лукашенко режимі наразы жұртпен тіл табысудың жолдарын іздеудегі қабілетсіздігі мен икемсіздігін тағы да паш етіп, қолында бар жалғыз құрал – күшті пайдаланып отыр" дейді Анна Барабан.
Лукашенконың қатаң күшке ғана жүгінуі оның қолында басқа әдіс қалмағанын білдіреді дейді беларустық саяси сарапшы Андрей Шуман.
"Саясат деген – мүмкіндіктер өнері. Қолында сан түрлі әдіс-тәсілі бар саясаткер – мықты саясаткер. Тәсіл аз болған сайын саясаткер де әлсірейді, оның билікті ұстап қалу мүмкіндігі азая түседі. Қазір Лукашенко билігінен айырылып жатыр" деді Шуман Азаттықтың "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында.
"САНДАР ОЙЫНЫ"
Тихановская жекеменшік компанияларды, діндарларды және спортшыларды ұлттық ереуілге үн қосуға шақырды.
"Мемлекеттік зауыттар мен мекемелер жұмысшылары, жүргізушілер мен шахтерлер, мұғалімдер мен студенттер бүгін таңертең ереуіл бастады" деді ол 26 қазанда Telegram арнасында.
Сол күні Азаттықтың Беларусь қызметіне сұхбат берген Тихановская "қайрат-жігерін жинап, батыл қадамға барып, ереуілге қосылған әрбір беларусь үшін мақтанатынын" айтты және шараға басқаларды да шақырды.
Ереуілдің бірінші күні қанша адам жұмыс істемегенін нақты айту қиын.
Беларусь Демократиялық кәсіподақтар конфедерациясының басшысы Александр Ярощук "биліктің қатты қысымына байланысты ереуілге қатысқандар санын тап басып айта алмаймыз" деді.
Оппозицияның айтуынша, 26 қазандағы ереуілге "Беларуснефть" мұнай компаниясы, тыңайтқыш шығаратын алып мекеме "Беларуськалий", автокөлік шығаратын МАЗ, МЗКТ, "Белкоммунмаш", Беларусь трактор зауыты және электроника шығаратын "Атлант" сияқты ұйымдар қатысқан.
Минскіде және басқа қалаларда аудиториядан тысқа шығып кеткен студент көп. Олар бір апта бұрын осындай шараны бастаған зейнеткерлер қатарына қосылды.
Минскінің сыртында жатқан Belarus Hi-Tech Park те оппозицияны қолдаушылар қатарына кірген.
РЕСЕЙ НЕ ІСТЕМЕК?
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей "Беларусь мекемелеріндегі ереуілге көз жұма қарай алмайды, олардың сенімді түрде жұмыс істеуі өте маңызды" деді.
Ереуіл елді қаңтарып тастаса, онда бұл Ресейдің Лукашенконы қолдау саясатына да сын болмақ.
Дағдарыс басталғалы Мәскеу оған қолдауды күшейтіп, 1,5 миллиард доллар несие берді, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттырып, әскери жаттығуды жиілетті.
"Алдағы апталарда жалпыхалықтық ереуіл ауқымы ұлғайса, Путин Лукашенкоға деген соңғы сенімін жоғалтуы мүмкін" дедйді Анна Барабан.
ЛУКАШЕНКО БИЛІГІ ҚҰЛАУҒА ЖАҚЫН БА?
Басты серкелері тұтқындалып, қалғандары шетелге қашқанымен, Тихановская құрған Үйлестіру кеңесі технология мен интернеттің арқасында жұмылып, іске кірісе алды.
"Тихановская белсенді деген әрбір әлеуметтік топпен видеобайланыс арқылы сөйлесті. Олардың арасында аймақтық ұйымдар, жұмысшылар, спортшылар және басқалар бар. Үйлестіру кеңесінің жүздеген мүшесі Беларусьте тұрады. Түрлі елдерде орын тепкеніне қарамастан, Беларусь халқы, Тихановская (Вильнюс), Telegram арналар (Беларусьте және шетелде), Үйлестіру кеңесі (Беларусь, Польша) арасында жақсы байланыс орнап, олар іс-әрекеттерін үйлестіріп, жұмыла алды" деп жазды электронды поштамен жіберген жауабында Atlantic Council ғылыми зерттеу орталығының зерттеушісі Анна Любакова.
Ереуіл Лукашенкоға қысымды күшейткенімен, бұл әдіске ғана жүгіну "оппозицияның ставкасын да көтеріп жіберді" дейді Гулд-Дэвис.
"Жалпыұлттық ереуіл басым көпшіліктің тек демалыс күндері емес, күн сайын қолдауын және оның кесірінен болатын экономикалық қиындыққа мойынсұнуын қажет етеді. Сәтті болуы үшін ол бетбұрыс шегіне дейін жетуі керек, яғни адам көп қатысқаны сондай, басқалар да өз әлеуметтік үміт-арманының орындаларын түсініп, шараға қосылуы тиіс, ал билік оның бәрін жазалап үлгермей қалуы керек" деп жазды ол Азаттық сұрағына берген жауабында.
21 қазанда Тихановская ереуіл кесірінен келісімшарты тоқтатылған жұмысшыларға қаржылай өтемақы төлеуге "кепілдік" беретінін айтты. 26 қазанда ол ереуілшілерді қаржылай қолдау үшін 7 миллион доллар жылу жиналғанын хабарлады.
25 қазанда Минскіде өткен үкіметті қолдайтын азғантай жұрттың митингісі Лукашенко жақтастарының қаншалық азайғанын айғақтайды дейді Шуман.
Оның билігінің ақыры туралы айту әлі ертерек болар, дегенмен сын сағаты соқты дейді сарапшы:
"Дағдарыс Лукашенконың мүмкіндіктер шеңберін жылдам тарылтып жатыр. Одан жақтастары сырт айналды, оның күш пен өкіметтің барлық құралын уысында ұстауы қиындап барады. Осылай жалғаса берсе, қаңтар-ақпанда биліктің ауысуы туралы әңгіме қозғалып қалуы әбден мүмкін" деді Шуман.
ПІКІРЛЕР