Сирия мен Иракта экстремистік топтардың қатарында жүрген қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен және өзбек жасақтары туралы хабарлар мен видеолар интернетте көп жарияланды. Олардың ішінде әсіресе өзбектердің жиі аталуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, олар – аймақтағы ең саны көп ұлт. Орталық Азиядағы ең атышулы қарулы топ – соңғы кездері қайта жиі айтыла бастаған «Өзбекстан ислам қозғалысы» (ӨИҚ), бұған қоса «әл-Қайда» мен «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік топтарының қатарында да өзбектер бар. Азаттық радиосының Өзбек қызметі өзбек содырларының қазіргі ахуалын сараптап, оларға қатысты біраз деректер тапты.
ӨИҚ ЖАСАҒЫ
Бұған дейін «Өзбекстан ислам қозғалысы» 2015 жылдың соңында жұмысын тоқтатты делінетін. Ұйымның соңғы басшысы Усман Ғази 2015 жылдың жазында ИМ тобына қосылуға ант берген соң қысқа қарай ол қасындағы бір топ жасағымен Пәкістанда бекінген жерінен шығып, Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы Забул аймағындағы ИМ тобына жақын Мансұр Дадулла тобына қосылған. Сол кезде молда Мансұр басқарған Талибан әскері ӨИҚ қозғалысынан зәбір көрген жергілікті хазар ұлтының жасағымен бірігіп, қазанның соңы, қарашаның басында «Өзбекстан ислам қозғалысын» талқандаған. ӨИҚ-ның 200-ге жуық жасағы мен басшылары Усман Ғазидің өзі де сол ұрыста қаза тапқан.
Солтүстік-шығыс Ауғанстанда жүрген ӨИҚ содырлары өздерін «Жамаат ансарулла» немесе «Жундалла» деп атайтын тәжік тобына енген. Ал Ауғанстанның солтүстік-батысында жүргендері жергілікті талибандық топтарға қосылып кеткенге ұқсайды.
Алайда, биыл маусымның 6-сында ӨИҚ атынан тараған мәлімдемеде қозғалыстың ИМ тобына қосылатыны тағы қайталанады, бірақ артынша «Әбу Бәкір Бағдади мұсылмандардың халифі емес, бар болғаны «Ислам мемлекеті» тобының әмірі» деп иландырған «ғұламалардың» пікірлерін келтіреді.
Мәлімдемеде «Өзбекстан ислам қозғалысының жұмысы тоқтаған жоқ», тек олар «шалғайдағы түрлі майдандарға шашырап кетті» делінеді, соңында «біз Ауғанстандағы мұсылман бауырлармен бірлесе күресеміз» деп сендіреді.
Азаттық тілшісі сөйлескен дереккөздердің айтуынша, ӨИҚ-ның бұрынғы басшысы Тахир Юлдаштың ұлы қозғалысты Ауғанстанның солтүстік-шығысында қайта жасақтап жатыр. Тахир Юлдаштың өзі 2009 жылғы тамызда Пәкістанның шалғай ауылында пилотсыз ұшақтан атып өлтірілген.
РЕСМИ ДЕРЕКТЕГІ АЛШАҚТЫҚ
Азаттық тілшісі Өзбекстан ішкі істер министрлігімен тығыз байланысы бар адаммен сөйлесті. Аты-жөнін атамауды өтінген ол кісінің айтуынша, қазір Ауғанстанның солтүстігінде ӨИҚ-ның жүз шамалы адамы жүр, ал бұл – Ауғанстанның, Орталық Азия мемлекеттерінің және Ресейдің ресми деректерінде аталатын саннан әлдеқайда аз.
«Онда неге Өзбекстан үкіметі Ауғанстанның теріскейінде ӨИҚ-ның жүздеген сарбазы жүр деп жалған ақпар береді?» деген сауалымызға сұхбаттасымыз: «Ақша алу үшін», - деп жауап берді. Шекаралық аймақтағы орта деңгейдегі қауіпсіздік қызметкерлері ӨИҚ-ның шама-шарқын білгенімен, департаменттері жұмыс істеп, қызметкерлер айлық алып отыру үшін олардың санын әдейі көбейтіп айтады дейді ол.
Ташкенттегі ресми басшылар солтүстік Ауғанстандағы ахуалға шынымен алаңдап отыр. Азаттық радиосының Gandhara веб-сайты жақында өзбек қауіпсіздік күштерінің шекаралық аймақта рейд жүргізгенін, арасында ауғандық біраз адамды тұтқындап, Өзбекстанға алып келгенін хабарлаған.
Өзбектер алыс аймақтарда – Сирия мен Иракта да соғысқа қатысып жатыр. Азаттық радиосы Өзбекстан мен Түркиядағы, Ресейдегі дереккөздерге хабарласып, солардың жайын сұрады.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ СОДЫРЛАР
Таяу Шығыста жүрген өзбектердің басым көпшілігі Сирияда, оның ішінде Раққа қаласы мен оның маңайында шоғырланған. Ақпарат құралдарының деректері бойынша, олардың кейбірі ИМ тобының сапында жүрсе, енді біразы керісінше, ИМ-ге қарсы соғысып жатқан экстремистік топтың қатарына қосылған. Олардың санын тап басып айту өте қиын, шамамен бірнеше жүз, бәлкім мың аса адам деген болжам айтылады. Олардың көбі ұрыс барысында өліп жатқандықтан содырлардың нақты санын білу тіпті мүмкін емес.
Арасында «Өзбекстан ислам қозғалысында» болған содырлар да бар, бірақ көпшілігі – қатарға жаңадан қосылғандар. Көбі Ресей мен Түркияда қара жұмыста жүрген мигранттардан жасақталған, басым бөлігі – қырғызстандық өзбектер.
Азаттық тілшісі Сирия мен Ирактағы заңсыз жасақтардың құрамына адам жинауға қатысы бар адамдармен тілдесті. Адам саудасымен айналысатын олар әскери тәжірибесі жоқ әр өзбекті арбауына түсіріп, Таяу Шығысқа жөнелткені үшін 10 мың АҚШ долларын алатын көрінеді. Ал ӨИҚ құрамында болған әккі жауынгерді майдан алаңына жіберген адам 30 мың доллардан көп табыс табады.
Қорыта айтқанда, шетелде қарулы топтар қатарында жүрген өзбектердің саны соншалық көп емес. Кейбір ақпарат құралдары олардың санын мыңдап көрсетеді, ал шындығында Араб түбегінен Пәкістанға дейінгі үлкен аймақта барлығы екі мыңға жуық өзбек соғысып жүр. Ал Орталық Азияның басқа елдерінен барғандар саны бұдан да аз. Аймақ елдерінің қауіпсіздік саласына көмек көрсеткенде осы жайтты ескерген ләзім.