Accessibility links

«Сирияға ұмтылғандардың» кейбірі қайта сотталып отыр


Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам мен олардың адвокаттары сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.
Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам мен олардың адвокаттары сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Ақтөбеде «Сирияға бармақ болғаны» үшін сотталған 12 адамның арасында әкелі-балалы үш адам және 2011 жылы ҰҚК ғимаратында өзін-өзі жарған Рақымжан Мақатовтың сыбайласы ретінде сотталып келген жігіт те бар.

«РАҚЫМЖАН МАҚАТОВТЫҢ СЫБАЙЛАСЫ»

Ақтөбе сотының судьясы Ерлан Бақытжан 12 шілдеде жария еткен үкім бойынша «террористік топ құрамында Сириядағы соғысқа қатыспақ болғаны» үшін сотталған 12 адамның арасында ең ұзақ мерзім – 8 жылға бас еркіндігінен айыру жазасы 1977 жылы туған Жанболат Сәрсенбаевқа тағайындалды. Сот оны қылмыстық кодекстің «қылмысқа дайындалу және оқталу», «террористік топ құру, оған басшылық жасау» және «террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру» баптары бойынша айыпты деп таныды.

Жанболат Сәрсенбаев 2011 жылы 17 мамырда Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ғимаратында өзін-өзі жарып қаза тапқан Рахымжан Мақатовтың сыбайласы ретінде бұған дейін де сотты болған. Ол 2011 жылы желтоқсанда Ақтөбе қалалық соты үкімімен қылмыстық кодекстің «террористік топ құру», «терроризмді насихаттау» және «қару сақтау» деген баптары бойынша сотталған 12 адамның бірі. Сол жолы сот үкімімен үш жылға түрме жазасына кесілген Жанболат Сәрсенбаев жазасын өтеп келген.

Сириядағы экстремистік топқа қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.
Сириядағы экстремистік топқа қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Ал бұл жолы «Сирияға соғысқа кетпекші болғаны» үшін сотталып жатқан 12 адамның арасындағы жоғары білімдісі де осы Жанболат Сәрсенбаев. Өзгелері негізінен орта білімді, басым көпшілігі – жұмыссыз.

Сот үкіміне сәйкес, Жанболат Сәрсенбаев жазаны қатаң тәртіптегі, қалған 11 адам – жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ТӨРЕХАНОВТАР

Судья Ерлан Бақытжан шығарған үкімде бір отбасындағы үш адам – әкелі-балалы Төрехановтар қылмыстық кодекстің «террористiк топ құру, оған басшылық ету мен оның әрекетіне қатысу» және «қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» баптары бойынша айыпты деп танылған.

Отбасының үлкені Марат Төреxановты сот (1959 ж.) жеті жылға жалпы режимдегі түзеу колониясына қамауға үкім етті. Ал оның екі ұлы – Жасұлан Төреxанов (1989 ж.) пен Ержан Төреxанов (1996 ж.) әрқайсысы алты жылға сотталды.

Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам мен олардың адвокаттары сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.
Сириядағы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адам мен олардың адвокаттары сотта отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Марат Төрехановтың күйеу баласы Жасұлан Раманқұлов та алты жылға бас еркіндігінен айырылды. Оның адвокаты Күләш Манько Азаттық тілшісіне сот үкімімен келіспейтінін айтып, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

- Ол «Сирия жоспары» туралы сапарға бір апта қалғанда ғана білген және лажсыздан келіскен. Жасұлан Раманқұловтың жасы тоқсанға таяған кәрі әкесі, екі жанары көрмейтін мүгедек анасы бар. Үйлері 2014 жылы өртеніп кеткен, өзі жұмыссыз. Сақал қойып, шалбарының балағын қысқа етіп кескені үшін жұмыс берушісі оны күзетшіліктен шығарып жіберген, - дейді адвокат.

Алты жылға сотталғандардың тағы бірі Ұлар Файзуллаев та бұрын «жарылғыш зат сақтаған» деген күдікпен тергеуге ілініп, осыдан екі жыл бұрын «шынайы өкiнуiне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған». «Ал оның радикалды діни ағым ұстанатын екі ағасы сотталып кеткен» дейді ақпарат көзі Азаттыққа.

Жоғарыда аталғандардан бөлек, 12 шілде күні Ақтөбе сотының үкімімен Әуез Ақбазар (1987 ж.), Балақазы Сандыбаев (1975 ж.), Бауыржан Тапалов (1991 ж.), Кенжебай Сүлейменов (1981 ж.), Мұxамбетсапа Дияр (1966 ж.) және Есет Шаймарданов (1994 ж.) алты жыл мерзімге бас еркіндігінен айырылды. Олар жазаны жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.

«ТЕРРОРЛЫҚ ТОПҚА ҚОСЫЛМАҚ БОЛҒАН»

Сот үкіміне сәйкес, бұл 12 адам «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының қатарына қосылып, «Сирия республикасы аумағында болып жатқан қарулы қақтығыстарға, яғни террорлық іс-әрекеттерге қатысуды жоспарлағаны» үшін айыпты деп танылған. Сонымен бірге, сот тұжырымы бойынша, олар интернет арқылы террористер өкілдерімен байланысып, Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарының жалған паспортын жасатпақ болған және олардың бірі көздеген мақсатқа жету үшін қаржы бөлген.

Сотталған 12 азаматтың дүние-мүліктері тәркілеуге жатқызылды. Үкімде «Халық банктің» Ақтөбе филиалындағы есепшотта сақталған сотталушыларға тиесілі 1 миллион 177 мың теңге мен ҰҚК-нің Ақтөбе департаменті сотталғандарды ұстағанда тапқан 5700 АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленетіні хабарланды.

Судья Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға шығарылған үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.
Судья Ерлан Бақытжан (оң жақта) Сириядағы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылмақ болған деп айыпталған 12 адамға шығарылған үкімге апелляциялық шағым беру тәртібі туралы айтып отыр. Ақтөбе, 12 шілде 2016 жыл.

Үкімді оқып болған соң судья Ерлан Бақытжан сотталушыларға апелляциялық шағым беруге құқылы екендерін хабарлап, шағым беру тәртібін түсіндірді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот үкімі оқылған кезде залда киген киімі өзгелерден ерекшеленетін адамдар да болды. Олар өздерін фото мен видеоға түсірмек болған журналистерге наразылық білдірді. Үкімге қатысты пікірлерін сұраған Азаттық тілшісіне жауап беруге де құлық танытпады. Сонымен бірге, сотталғандардың туыстары да журналистке комментарий беруден бас тартты.

Биыл ақпан айында ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбенің іргесіндегі Ақшат ауылы маңында Mercedes автобусымен жолға шыққан топты ұстағаны туралы ақпарат тараған еді. Жергілікті баспасөз құралдары ұсталған көлікте ер адамдармен бірге әйелдер мен омыраудағы жас балалар болғанын хабарлаған. Кейін ұсталғандардың арасында болған 12 ер адамға «террористік іс-әрекет» қылмысы бойынша айыптар тағылып, тергеу басталған. Олардың ісі бойынша сот процесі жабық жағдайда өтті.

Ирак пен Сирия жерінде соғысып жатқан «Ислам мемлекеті» тобын Қазақстан былтыр қазан айында террорлық ұйымдар тізіміне енгізіп, ел аумағында қызметіне тыйым салған.

Бұған дейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Таяу Шығыста соғысып жүрген экстремистер қатарында 300-ге жуық қазақстандық бар деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG