Accessibility links

Рахымжан Махатов исламшыл топтың мүшесі болған


Рахымжан Махатовтың әке-шешесімен бірге тұрған үйі. Ақтөбе, Оңтүстік-батыс ықшам ауданы, 18 мамыр 2011 жыл
Рахымжан Махатовтың әке-шешесімен бірге тұрған үйі. Ақтөбе, Оңтүстік-батыс ықшам ауданы, 18 мамыр 2011 жыл

Өзін-өзі жарған Рахымжан Махатовтың әйелі Мейрамгүлді ұлттық қауіпсіздік комитеті сол күні-ақ қамаған. Туыстарының айтуынша, оны күйеуін жерлеген соң шығарады.


Мамырдың 17-сі күні Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінде өзін-өзі жарған 25 жастағы Рахымжан Махатов қайтыс болып, тағы үш адам жараланған еді.

КЕЛІННІҢ ШАРТЫ

Өзін-өзі жарған жігіттің жақын туысының айтуынша, «Рахымжан болашақ жары Мейрамгүлге шағын дүкенде сатушы болып істеп жүрген кезінде жолыққан». Мейрамгүл – Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылының тумасы.

Туыстары Рахымжан Махатовтың үйреншікті өмірден суый бастағанына, домбыра шерткенді қойып, достарының үйінде жамағатпен намаз оқып, үйіне кеш қайтуына Мейрамгүл себеп болды деседі. Достарының кім екенін, оның қандай жамағат екенін ешкім білмейді? Ақтөбенің басқа халқы сияқты, Рахымжанның туыстары да бұл өңірге үйреншікті болып кеткен «уаххабшылар» деген атауды айтады.

«Мейрамгүл ресми тіркеуден өткен мешіттердің бағытын қолдамайтын шағын мұсылман тобының мүшесі болған» дейді Азаттық тілшісімен сөйлескен адам. Рахымжан жас қызды жақсы көріп, сөз салыпты. «Мейрамгүл келісіпті, бірақ «дінді қабылдайсың» деген шарт қойыпты. Той жасадық, ағайын-туыс қуанып қалды» дейді сұқбаттасымыз.

– Рахымжан институт бітірген соң банкте тәжірибеден өтті. Кейін Атырау облысына барып, Құлсарыдағы мұнай компаниясына жұмысқа тұрды. Біртіндеп домбыра шерткенді қойып кетті – олардың жамағаты мұндай өнерді құптамайды екен. Намазға қатты мән берді. Орынбасар Махатов ұлдарына қатал қарайтын. Бәріміз айран-асыр болдық. Бұған әлі сене алмай отырмыз, – дейді Рахымжан Махатовтың туысы.

СӘУІРДЕ ТҰТҚЫНДАЛҒАН СЕГІЗ АДАМ

Қазақстан билігі жарылыс болған күні-ақ Рахымжан Махатов «қылмыстық топ құрамында бірнеше қылмыс жасағаны үшін сезікті болған», бұл іске «жауапкершіліктен бой тасалау мақсатында» барған деп мәлімдеді. Бірақ Ақтөбедегі кейбір ақпарат құралдары Рахымжан Махатовтың расымен «әсіре діншіл бағыт ұстанған бейресми мұсылман тобының өкілі екенін» жаза бастады.

Азаттық тілшісінің Рахымжанның туыстарынан сұрап білгені – ол расында да өзгеше бағыттағы мұсылман тобына мүше болған. Оған қоса тағы бір жаңа дерек – Рахымжан Махатовтың биыл сәуір айында басқа пікірлестерімен бірге тергелгені.

Рахымжан Махатовтың туыстарының айтуынша, сәуірде шағын мұсылман тобының сегіз мүшесін арнайы қызмет орындары ұстаған. Қамалғандардың арасында Рахымжан да болған екен. Кейін оны екі адаммен бірге «ешқайда кетпейміз» деген қолхаттарын алған соң босатып жіберген. «Бес адам қамауда отыр» дейді туыстары. Арнайы қызмет орындары сол кезде Рахымжан Махатов тұрып жатқан үйді – әкесінің шаңырағын тінткен.

Сегіз адамды тұтқындаған қай құқық қорғау орыны екендігі, оларға қандай айып таққандығы әзірше анық емес.

– Рахымжан соңғы тергеуден келгеннен кейін «енді түзелем, бәрін түсіндім» деген еді, – дейді туысы.

ТІНТУ

Бейсенбі, 19 мамыр күні Ақтөбенің Оңтүстік-Батыс шағын ауданындағы Махатовтардың үйіне арнайы қызмет өкілдері келіп, тағы да тінтті.

– Осымен төрт рет тінту жүргізді. Қазір екінші қабатты тексеріп, бөлмелердің есігін мөрлеп жауып жатыр, – дейді бұл отбасының туыстарының бірі. – Рахымжанның әкесі Орынбасар Махатов жуықта инсульт алған. Әке-шешесіне бұл ауыр соққы болды.

Рахымжан Махатовтың туыстары оның сүйегін алған күннің ертеңінде жерлеуге дайын отырғандарын айтады.
XS
SM
MD
LG