Ресей Қырғызстанның солтүстігіндегі Қант қаласында орналасқан әскери базада болған жүздеген жауынгерін Украинадағы соғысқа жіберген.
2021 жылдың аяғында Ресей федерациясы құрамындағы Тыва республикасынан Қанттағы әскери базаға 300 адам келді дейді қала тұрғындарының бірі. Бұл Мәскеудің Украинаға басқыншылығынан бірнеше ай бұрын болған.
"Бірақ соғыс басталғалы оларды көрген жоқпыз" деді әуе базасына жақын жерде тұратын адам. Бұл база Қырғызстан астанасынан жиырма шақырым жерде орналасқан. "Бірде Тывадан келгендердің бірі маған соғысқа кетуі мүмкін екенін айтты" дейді ол.
Азаттық қауіпсіздік мақсатында осы материалды әзірлеу барысында сұхбат алған адамдардың аты-жөнін атамайды.
Ресей Қанттағы әскери базасынан Украинадағы соғысқа әскер жібергенін ресми хабарлаған жоқ. Азаттық әуе базасындағы ресейлік шенеуніктер мен Ресейдің Бішкектегі елшілігіне сұрау салды. Бірақ олар жауап бермеді.
Ал Тывадағы үкіметтік емес ұйым мен Украинада қаза тапқан бір жауынгердің жесірі Азаттыққа Тыва сарбаздарын Қант қаласынан Украинаға жібергенін, олардың кейбірі сол жақта қаза тапқанын растады.
Украинада соғысудан бас тартқан адамдармен жұмыс істеген "Новая Тыва" ұйымы Қант қаласына жіберілген сарбаздардың фотоларын көрсетті. Олардың бірі Бішкекте, екіншісі Қант қаласында түсірілгенге ұқсайды.
Қанттан Украинаға қанша тывалық жауынгер жіберілгені белгісіз. Жергілікті тұрғындар соғысқа дейін әуе базасында 300-500 адам болған дейді.
Ал "Новая Тыва" ұйымы Қырғызстаннан Украинаға биыл жазда кемінде тоқсан адам жіберілгенін айтады.
Ұйым өкілі Азаттыққа жауынгерлерді Украинаға екіге бөліп жібергенін, кемінде он адам қаза тауып, жиырмасы жараланғанын айтты. Ол отыздан астам адам соғысудан бас тартып, еліне қайтып оралған деді.
Сарбаздар арасында ұлты орыс адамдардың болған-болмағаны белгісіз.
"ДОСТЫҚ ПЕЙІЛ"
Қант қаласының тұрғындары сондағы әуе базасына Тывадан сарбаздардың алғаш рет 2014 жылы келгенін айтады.
Тывалар мен жергілікті қырғыздар "достық қарым-қатынаста болды" деді тұрғындардың бірі. Ол екі ұлттың мәдениеті мен тілінде ұқсас барын айтады.
Әуе базасында алдымен ондаған тыва болған. Бірақ 2021 жылдың аяғында олардың саны күрт артқан.
"Олар әскери дайындықтан өтіп, ұшақтан парашютпен секіретін" деді Қант тұрғындарының бірі.
Қалада такси жүргізетін Ырыскелді Тыва республикасынан келген әскери қызметкерлердің бірімен Украинадағы соғысты талқылағанын айтады.
"Сарбаз өзіне әйелі келетін болғандықтан аз уақытқа жалға алатын пәтер іздеп жүрді" деді Ырыскелді. "Тағы бір кездескенімізде "Бізді Украинаға жіберіп жатыр. Бәрімізді сонда жібереді" деді. Соғыстың енді басталған кезі еді" дейді ол.
Жергілікті жұртқа Тыва жауынгерлері әскерде келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүргенін айтқан.
"Тыва сарбаздары әуе базасының құрамына кірмейді екен" деді тағы бір тұрғын. "Олардың казармасы, асханасы мен әжетханасы бөлек болды. Қару-жарақ пен құрал жабдықтары да өздерінікі еді".
Азаттық бұл айтылғандарды тәуелсіз дереккөздерден тексере алған жоқ.
Тыва жауынгерлер база аймағында шатырда тұрды дейді тұрғындардың бірі. Ол тывалықтар көктемде Қант қаласында болғанын, бірақ кейінгі кездері көрінбей кеткенін айтады. Ол сарбаздардың Қанттан қашан кеткенін нақты айта алмады.
Google Earth Pro жүйесі маусымда түсірген суреттерден әуе базасының жерінде ондаған палатка тігілгенін болғанын көруге болады.
Азаттық тілшілері қыркүйекте Қанттағы әскери базаға барды. Бірақ палатакалар тұрған жер бос жатқанын көрді.
"СОҒЫСҚА ӨЗ ЕРКІМЕН КЕТКЕН ЖОҚ"
Ресейдегі ең кедей аймақтардың бірі саналатын Тывада орташа жалақы – 200 доллар. Тыва халқы үшін армия табысы жақсы жұмыс орны болып отыр. Бірақ армияға барғанымен, олар соғысқа баруға келісім бермеген.
"Новая Тыва" өкілдері Қантта болған жауынгерлердің бірі 21 маусымда ұйымға хабарласып, соғысқа барғысы келмейтінін айтты дейді.
Ол келісімшартты үзіп, армиядан кеткісі келетінін айтқан. Бірақ командир келісімшартты Украинадан келген соң ғана бұзуға болады деген.
Ұйым өкілі олардың 55-мотоатқыш бригадасының құрамында болғанын айтты.
"Былтыр қараша-желтоқсан кезінде оларды Қырғызстанға, сосын [биыл] жазда Украинаға жіберген" деді ол.
Сарбаз өзіне құжатын командирі бермей қойғанын айтады. Бірақ маусымда тоғыз адам поштадан сәлемдеме алатынын сылтауратып құжатын алып алған. Олар бірден Бішкек әуежайына барып, 29 маусымда Тываға жеткен дейді "Новая Тыва" өкілі.
Сол күні Украинаның Лисичанск қаласында Тывадан шыққан бірнеше адам қаза тапқан.
Ресей баспасөз құралдары 55-мотоатқыш бригадасының "тувалық батыл жауынгерлердің" қаза тапқанын хабарлаған.
Азаттық радиосы Лисичанск қаласында қаза тапқан сарбаздардың бірінің жесірімен сөйлесті. Ол күйеуінің сол бригадада болғанын растады.
"Ол наурызда Қырғызстанға уақытша кетті. Үш айдан кейін үйге демалысқа келуі керек еді, бірақ келген жоқ. Олардың бәрін Қырғызстаннан Украинаға жіберді" деді ол. "Ол Украинаға 19 маусымда кетіп, 26 маусымда қаза тапты".
Азаттық қаза тапқан сарбаздың әйел мен балаларының қауіпсіздігі үшін марқұмның аты-жөнін атамайды.
Жесірінің сөзіне қарағанда, күйеуі Украинаға өз еркімен кетпеген.
"[Украинаға] барудан бас тартатынын жазды. Бірақ өтінішін қабылдаған жоқ" деді ол.
"ӘСКЕРИ БАЗАДА БЕЛСЕНДІЛІК АЗАЙДЫ"
Кейінгі айларда Қант қаласындағы әскери базада белсенділік азайды дейді жергілікті жұрт. 925 гектар жерді алып жатқан аумақ тікенек сыммен қоршалған.
Базаны жақын маңдағы ауданмен байланыстыратын жалғыз жолда да бұрынғыдай қозғалыс жоқ дейді тұрғындардың бірі.
"Базаға кіретін жерде 100-150 [орындық] тұрақта үнемі көлік толып тұратын. Бірақ Украинадағы соғыс басталғалы ол жерде 20-30 көлік қана тұрады. Жолдағы қозғалыс та азайды" деді ол.
Қала тұрғындары базада әскери ұшақтардың да азайғанын айтады.
"Соғыс енді басталғанда, түрлі ұшақтардың жаттығу жасап жатқанын күнде көретінбіз. Іс-қимыл көп еді" деді Қант тұрғыны. "Тікұшақтағы парашютшілер, адам да көп еді. Қазір ондай жоқ".
"Ұшақтар да көрінбей кетті" деді ол. "Қазір ұшақтар шамамен аптасына бір рет көрінеді".
Қырғыз сарбаздары мен билікке жақын дереккөздер Азаттыққа Ресейдің әскери базасындағы ұшақтар кестеге сай ұшып-қонып жүргенін айтты.
Ресейдің Қанттағы әскери базасы 2003 жылы ашылған. 2017 жылы оны басқа базаларға қосқан.
Азаттық тілшілерінде Украинаға Қант қаласынан жіберілген басқа ұлт өкілдері туралы дерек жоқ.
Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бейшенов Азаттыққа Ресейдің Украинаға Қырғызстаннан техника мен әскер жіберуге құқығы жоқ екенін айтты.
"Бұл Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының міндеті емес. Олар әскер жібергенін ресми хабарлауы керек. Бірақ бізден сұрамайды. Сонысы қынжылтады. АҚШ пен Халықаралық валюта қоры бізге айып тағуы мүмкін. Бірақ Қауіпсіздік кеңесі келісімшартта ондай жағдай қарастырылмағаны туралы жауап дайындап жатқан болар. Ұшақ қонды, ұшты, біздің тексеруге құқығымыз жоқ. Құқығымыз болса, сарбаздарды неге жіберіп жатырсыңдар деген дау туатын еді. Бұл жағдай біздің шаруамыз жоқ дегенге саяды" деді ол.
2001 жылы АҚШ Бішкекке жақын жерде әскери база ашқан. Ол Ауғанстанға жіберілетін әскер мен техниканы орналастыруға арналған еді. Бірақ Ресейдің қысымымен Қырғызстан оны 2014 жылы жауып тастады.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшілері Айбек Бибосунов пен Кубат Қасымбековтің материалы бойынша дайындалды.
ПІКІРЛЕР