Accessibility links

"Не тапсақ, соны жедік". Соғыста болған Ресей сарбазы кітап жазды


Кіші сержант Франциядан босқын мәртебесін сұрады.
Кіші сержант Франциядан босқын мәртебесін сұрады.

Тамызда Ресейден кеткен кіші сержант Павел Филатьев Украинадағы соғыста өзі қызмет еткен бөлімнің жағдайы туралы 141 беттен тұратын кітап жазған. "Ресейліктер "соғысқа қарсымыз" деп айтудан қорықпаса, соғыс тезірек аяқталады" дейді ол.

56-десантты шабуыл бригадасының кіші сержанты Павел Филатьев Ресейден кетпей тұрып Украинадағы соғыста көргендерін қағаз бетіне түсірген. 141 беттен тұратын повеске соғыс басталған соң Херсонға шабуыл жасаған бригадада көрген-білгендері арқау болған.

"Жабайылар секілді, не тапсақ, соны жедік: сұлы жармасы, тосап, бал, кофе... Шегіне жеткеніміз сонша, мұның ең маңызы болмады. Көбі бір ай бойы далада тұрды. Содан кейін адамдарды соғысқа жіберді" деп жазған ол кітабында. "Командирлер өзі түсінбейтін жоспарды орындау үшін тер төгіп, денсаулығы мен өмірін қауіпке тіккен адамдар туралы қалай ойламайды?"

"Зов" деп аталатын еңбегін Филатьев Vkontakte әлеуметтік желісінде жариялаған.

Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына жеті айға жуықтап қалды. Кейбір сарапшылар соғыста екі жақтың да сарқылғанын айтады. Филатьев – Украинадағы соғысты сынаған соң әскерден кетіп, елден қашқан алғашқы орыс сарбазы саналады.

Ол негізінен Ресейдің соғысты қалай жүргізіп жатқанын, сарбаздарға қалай қарайтынын сынға алып, биліктің жанды жеріне тиген.

"Билікке 2012 жылдан бері көңілім толмайды. Елдегілердің көбі солай" деді Филатьев Азаттыққа 25 тамызда берген сұхбатында.

"Бірақ митингілерге ешқашан барған емеспін, елдің саяси және қоғамдық өміріне де араласқан жоқпын. Ақыр соңында не болды? Мінеки, өзіме еш қажеті жоқ соғысқа бардым. Енді немқұрайлығымыз үшін жауап беруіміз керек" дейді ол. "Бұл соғыс тезірек аяқталуы керек. Олар кез келген келіссөз үстеліне отыруы керек деп ойлаймын".

"УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСҚА, ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫМЫН"

Филатьев 2007 жылы әскери борышын өтеген соң, өз еркімен келісімшартқа отырып, Солтүстік Кавказда қызмет еткен. Ол кезде Ресей онда "контртеррористік операция" жүргізген.

Ол 2010 жылы әскери қызметтен кетіп, жылқы өсірумен айналысқанын айтады.

2021 жылғы тамызда ол әскерге оралу туралы жаңа келісімшартқа қол қойған. Оны 2014 жылы Ресей аннексиялаған Қырымға жіберген.

Кітабында ол өзі қызмет еткен Феодесиядағы базаның жағдайына көңілі толмағанын айтады. Еңбекақы супермаркет қызметкерінікінен аз, бөлімнің әскери дайындығы да күмәнді дейді ол. Павел Филатьев осыны айтып қорғаныс министрлігіне шағым түсіріп, әскери қызметтен кетемін деп шешкен. Содан кейін оларды Днепр бойындағы стратегиялық маңызы бар Херсон портын шабуылдауға жіберген. Бұл – 24 ақпаннан соң Ресей әскері басып алған алғашқы қала болды.

Байланыс, дәрі-дәрмек және өзге де құрал-жабдықтар ылғи да қат болды дейді ол.

"Колоннада кетіп бара жатып, бұл шабуылды қалай жасаймыз деп ойлайсың. Жақсы жоспар жоқ. Сол жерге жетпей ештеңе біле алмайсың. Соңғы сәтте ғана естисің" дейді Филатьев.

"Украинадағы соғысқа да, әскердегі жемқорлыққа да қарсымын" дейді ол. "Жау ел ішінде, билікте жүріп, әскерді әдейі күйретіп, содан кейін оны соғысқа жіберіп жатқан сияқты".

Ол ел ішіндегі жау деп кімдерді айтып отырғанын нақтылаған жоқ.

"БЕЙБІТШІЛІКТІҢ КЕЗ КЕЛГЕН ТҮРІ СОҒЫСТАН ЖАҚСЫ"

Филатьевтің әскерден және елден кету оқиғасы бұлыңғыр. Ол Николаев қаласының маңындағы шайқаста жарақат алғанын айтады. Ресей әскері соғыстың алғашқы күндері Херсонның солтүстік батысындағы бұл портты қаланы басып ала алмаған еді.

Сәуірде жараланған Филатьевті алдымен Херсонға, содан кейін Севастопольдегі ауруханаға апарған.

Ауруханадан шыққаннан кейінгі айда ол әскери қызметтен кетуге шешім қабылдаған. Бірақ командирлер оның өтінішін қабылдамай, оның кетуіне мүмкіндік беретін медицина құжаттарын жоғалтып алғанын айтып, соғысқа оралуын бұйырған.

Сол кезде ол соғыстан қашып кету туралы шешім қабылдаған.

Тәуелсіз басылымдар Павел Филатьевтің тамыздың басында әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мәтінін көшіріп басқан. Сонымен қатар ол "Дождь" телеарнасына сұхбат берген.

Ресейден кетер алдында ол The Guardian басылымына да сұхбат беріп, қамауға алынудан қауіптенген соң бірнеше мекенжай ауыстырғанын айтқан.

Филатьев 13-14 тамызда Ресейден кеткен. 16 тамызда ресейлік құқық қорғаушы Владимир Осечкин фейсбукте Филатьевтың елден кеткенін растады.

Осечкин шамамен екі аптадан соң, 28 тамызда Филатьевтің Париждегі Шарль де Голь атындағы әуежайға қонғанын, екі күннен кейін Франция оған ресми түрде бассауға сұрауға рұқсат бергенін айтқан.

Ол "қарулы күштерге жала жабу" бабы бойынша оған қарсы қылмыстық іс қозғалды деп ойлағандықтан елден кеткенін айтады. Путин 24 ақпандағы басқыншылықтан соң осындай заң қабылдаған еді.

"Бейбітшіліктің кез келген түрі соғыстан жақсы екенін бәрі біледі" дейді ол Азаттыққа. "Әрине, бір-бірімізден шексіз кек ала аламыз, бірақ бір, екі немесе он жылдан соң соғыстың аяқталатыны шын ғой. Мәселе "Оның өтемі қандай болады?" деген сұрақта. Ресейліктер "соғыс", "соғысқа қарсымыз" деп айтудан қорықпаса, соғыс жылдам аяқталады. Менің қолымнан не келеді? Біріншіден, көргенімді айту. Екіншіден, азамат ретінде пікір білдіру".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG