Accessibility links

«Жерден бұрын жаратылған Жәннати»


Иранның конституциялық қадағалау кеңесінің басшысы Аятолла Жәннати. Тегеран, 15 қазан 2010 жыл
Иранның конституциялық қадағалау кеңесінің басшысы Аятолла Жәннати. Тегеран, 15 қазан 2010 жыл

Иранның конституциялық қадағалау кеңесінің басшысы Аятолла Жәннати туралы анекдоттар қаптап кетті.

«Құдыретті конституциялық кеңес басшысы Аятолла Ахмад Жәннати Ирандағы ең кәрі мемлекеттік қызметкер. Оның қашан туғанын ешкім білмейді. Ол жер шарына біздің бәрімізден бұрын келген. Керек десеңіз ол Адам ата мен Хауа анадан да бұрын туған...»

Сексенді орталап қалған саясаткер туралы ел арасына тарап кеткен әзіл-қалжыңның негізі осындай боп келеді.

Біреулер ол жайлы «Жәннатидің қолында Мұса пайғамбардың Тәуратының көшірмесі бар екен» деп қалжыңдайды.

Енді бір әзілде ол бір топ ғалымдарға қаратып былай деген екен дейді: «Сендер үшін «Үлкен Жарылыс» (жаратылысқа себеп болған құбылыс) деген жәй теория ғана ғой, ал мен үшін ол ойымда әлі тұрған естелік».

Біраз жұрт оның Fars ақпарат агенттігіне динозаврлар жойылған кезеңдегі көрген-білген естеліктерін айтып бергені туралы анекдотты таратып жүр.

Ол жайлы мазақ әңгіменің өрттей қаулау себебі Жәннатидің соңғы отыз жылда Иранның саяси сахнасын билеп, елдегі ең пәрменді тұлғалардың біріне айналғандығында жатса керек.
Сендер үшін «Үлкен Жарылыс» (жаратылысқа себеп болған құбылыс) деген жәй теория ғана ғой, ал мен үшін ол ойымда әлі тұрған естелік.

1988 жылдан бері Конституциялық қадағалау кеңесінің төрағасы ретінде Жәннати кез-келген саяси реформаны тұсап тастайтын және реформашыларды биліктен аластаушы, қала берді либерал кандидаттарды сайлауға жақындатпайтын қыңыр белсенді ретінде танылды.

Парижде тұратын ирандық әлеуметтанушы Саид Пейвандидің айтуынша, Жәннатидің ұзаққа созылған «жағымсыз саяси рөлі» мен жас буынның тыныс-тіршілігінен бейхабар қалғаны ол туралы мазақ әңгімелердің тууына түрткі болып жатыр.

- Иран саясатына ұзақ уақыт бойы ықпал етіп келе жатқан Жәннатиден басқа да ірі тұлғалар бар. Олардың кейбірі Жәннатимен құрдас болуы да мүмкін. Осыған қарамастан олар уақыт өткен сайын өздерінің бұрынғы позицияларын да, көзқарастарын да өзгертіп үлгерді. Бірақ, инесі бір орнында тұрып қалған күйтабақ құсап тұрған – Жәннати ғана. Сондықтан ел-жұрт тоқырауға қарсы осындай әжуа әңгімелерді қару ретінде қолданып жатыр, - дейді ол.

Ирандықтар діни-саяси жетекшілері туралы ұдайы күлдіргі әңгімелер шығарып келеді. 1979 жылғы төңкерістен кейінгі жылдары көптеген анекдоттар Ислам республикасының негізін қалаушы Имам Хомейнидің ізбасары саналған Аятолла Монтазери туралы болатын. Ол кейіннен диссиденттің біріне айналды да, артынша үйқамаққа алынды.

Сол замандағы сықақтарда ирандықтар Монтазериді аңқау адам ретінде суреттеген еді. Тірі болғанда оппозициялық «Жасылдар» қозғалысының өкіл әкесі атануы мүмкін бас аятолланың өзі де BBC-дің Парсы қызметіне сұқбат берген кезде халықтың өзі туралы әзіл әңгіме айтып жүргенін білгенін мойындаған еді.
Соңғы жылдары Иран президенті Махмуд Ахмадинежад та әзіл-әжуа кейіпкеріне айналды. Әдетте оған қатысты әзілдер оның түр-тұрпаты мен қарама-қайшы сөздеріне және ыңғайсыз мәлімдемелеріне орай айтылады.

Бірақ қазір Жәннати мазаққа арқау болу жағынан президенттен де асып түсіп отыр.
Бұл әлемде тұрақты екі нәрсе бар. Біреуі – жақсы репутация; екіншісі – Аятолла Жәннати.

Апталық «Базтаб» басылымы Жәннати туралы алғашқы әжуа әңгімелер Конституциялық қадағалау кеңесі былтыр оның «ауыр науқастан дүние салғаны» туралы өсекті жоққа шығарған соң пайда болды деп хабарлайды.
Бұл мәлімдеме ирандықтарға Тегерандағы жұма намазында тұрақты түрде құтпа оқып келе жатқан діни консерватор мәңгі өмір сүретіндей әсер етсек керек.

Бір анекдот жаналғыш Әзірейіл періштенің қанша жерден мұқият жоспар құрса да, Жәннатидің жанын алып, оны ана дүниеге аттандыра алмай жүргенін сипаттайды.
Тегеранды тез арада шарлап кеткен жаңа бір анекдот бойынша, Әзірейіл періште Жәннатиды ұстау үшін басқа періштелерді көмекке шақырып жүр екен. «Жебірейіл, сен көшенің ең басында тұр, Мекайыл сен көшенің ортасында тұршы, ал Исрафил екеуіміз көшенің екі шетінде тұрамыз» деп айғайлайтын көрінеді.

Харизмадан жұрдай қарт саясаткер туралы анекдоттардың таралып, ауыздан ауызға, SMS-тер және әлеуметтік желілер арқылы жайылып кетуі консервативті басылымдардың назарынан тыс қалмапты.

Өткен аптада консервативті заңгерге қарайтын «Панжере» апталық басылымы бұл әзіл-әжуалардың бәрі Конституциялық бақылаушы кеңеске сайлау алдында нұқсан келтіруді мақсат тұтқан амалдар деп баға берді. Иран алдағы наурыз айында парламент сайлауын өткізбекші.

«Соңғы бірнеше айда Аятолла Жәннатиді әжуалап түйрейтін мазақ әңгімелер неге көбейіп кетті? Олар оның ғылыми және саяси жасаған еңбектерін ақырындап жоқ қылмақшы ма?» деп сұрайды басылым.

Алайда мазақ әңгімелер жалғасып бара жатыр. Иранның бұрынғы мемлекеттік қызметкері және реформашыл діндарлар ассоциациясының басшысы Мухаммед Мусави Хоениха таяуда өтетін сайлау туралы сұраққа жауап бере отырып, Жәннати туралы тағы бір әзіл айтып берді. Хоениха: «Бұл әлемде тұрақты екі нәрсе бар. Біреуі – жақсы репутация; екіншісі – Аятолла Жәннати» деп жазыпты өзінің вебсайтында.
XS
SM
MD
LG