Accessibility links

Ирактың ерікті әскерге төлейтін қаржысы жоқ


Сүннит жиһадшыларына қарсы аттанған Ирак еріктілері.
Сүннит жиһадшыларына қарсы аттанған Ирак еріктілері.

Ирак үкіметінің «ИШИМ-нің көзін жояйық» деген ұранымен ондаған мың азамат соғысқа аттанған. Алайда майдан өтінде сарбаздарға әлі ақша төленбеген, қару-жарақ жетіспейді. Қарсы жақ күш алып барады.

«Ислам мемлекеті» террористік ұйымы күшейіп алды, әзірге бет қаратпай тұр. Ал Ирак үкіметінің қорғаныс шебіндегі жыртығын жамауға қауқары жоқ.

Әскерге жаңа алынған еріктілер отан қорғауға құлшына кіріскенде Ирак парламенті олардың майдан өтінде соғысуына бар мүмкіндікті жасап, қару-жарақ, құрал-жабдықпен, жалақымен қамтамасыз ету жағын қарастырып жатқан.

Үкімет маусым айында «жау шапты» деп ұран тастап, азаматтарын «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы соғысқа шақырғанда, ондаған мың ерікті әскерге жазылған. Бұл қатары сиреген ұлттық армия мен полицияға жан бітірді. Ирак билігі жауға аттанған жасаққа тұрақты армиядан кем қылмай қару-жарақ береміз, жалақы төлейміз деп уәде еткен.

Майданда бірнеше ай соғысқан сарбаздардың кейбірі әлі күнге не қаражат, не қару алмағандарын айтады.

Жау қолында қалған ауданның бірі – Бағдаттан солтүстік-шығысқа қарай, Иранмен шекарада орналсқан Дияла аймағы. Аймақты қайтарып алу үшін болған ұрыстарға армия солдаттарымен қатар, мыңдаған ерікті жасақ та қатысқан.

Жергілікті кеңес мүшесі Қасем әл-Махмуридің айтуынша, үкімет еріктілерге ай сайын 500 - 800 мың динар ($400 - $650) төлеп отыруға уәде еткен. Бұған қоса, оларға тамаққа айына 125 мың динар ($100) берілуі тиіс болған. Ал майданда қаза тапқандардың отбасыларына қомақты өтемақы төленетіні де айтылған.

"Ислам мемлекеті" содырларына қарсы соғысып жатқан Ирак еріктілерінің кейбірі тиесілі жалақыларының бір бөлігін ғана алғандарын, енді біреулері ақшаларының біразын басшылар алып қойғанын айтады.
"Ислам мемлекеті" содырларына қарсы соғысып жатқан Ирак еріктілерінің кейбірі тиесілі жалақыларының бір бөлігін ғана алғандарын, енді біреулері ақшаларының біразын басшылар алып қойғанын айтады.

Махмуридің сөзінше, аймақ орталығы – Бакуба қаласындағы Ирактың қорғаныс және ішкі істер министрліктері өкілдіктеріне 6 650 ерікті тіркелген. Бұл тізім ақша төлеуі тиіс орталық үкіметке жіберілген. Алайда «ол жақтан әлі ешқандай жауап жоқ» дейді Махмури.

Осындай жағдайдың кесірінен Бакубадағы кейбір еріктілер ереуілге шығып, соғысудан бас тартып жатыр. Қыркүйектің 26-сы күні ондаған сарбаз шатырларының алдында наразылық шарасын өткізді. Аты-жөнін айтқысы келмеген бір сарбаз «Еріктілер арасында қаза тапқандар да, жараланғандар да бар» дейді. Ол шииттердің діни көсемі Аятолла Әли әл-Систани мен Ирак премьер-министрі Нури әл-Маликидің «соғысқа қатысқандарға өтемақы төлейміз» деген уәдесіне сенген.

- Біз марджаяның (шииттердің рухани көсемі – ред.) «соғысқа аттаныңдар» деген үндеуін қолдадық. Бірақ әлі күнге жалақы алған жоқпыз, - дейді ол.

Аты-жөнін айтпаған тағы бір ерікті:

- Біз қауіпсіздік күштерінің «Ислам мемлекетімен» соғысуына қолдау көрсетіп, террористермен шайқасып жатырмыз. Үкіметтен жалақы беруді сұраймыз. Аймағымызды қорғай беруге дайынбыз, - дейді.

«МӘСЕЛЕ ЖУЫҚТА ШЕШІЛЕДІ»

Ирак парламентінің қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің мүшесі Мәжид Жабар үкіметтің еріктілерге айлық төлей алмай отырғанын мойындайды, бірақ ол «бұл мәселе шешіліп жатыр» дейді.

Азаттықтың Ирак қызметіне сұхбат берген Жабар қыркүйектің 30-ы күні үкімет жиыны өткенін, сол отырыста еріктілердің құқықтарын анықтайтын заң қабылдау туралы шешім шыққанын, енді еріктілердің қару-жарақ, құрал-жабдық және жалақы алу мәселесі реттелетінін айтты.

Соғысқа нақты қанша ерікті қатысып жатқаны белгісіз. Ирак үкіметінің деректері бойынша, бұл соғысқа екі миллиондай адам жұмылдырылған. Бірақ майданға жасақ жию ісіне жақын жүрген адамның берген мәліметтеріне қарағанда, әскерге 150 мыңға жуық ерікті жазылған, олардың көбі - шииттері басым оңтүстік аймақ тұрғындары.

АРМИЯНЫҢ НЕГІЗГІ ПРОБЛЕМАСЫ – ЖЕМҚОРЛЫҚ

Сарапшылар «қалай болған күнде де террористермен соғыста еріктілер шешуші рөл атқарып жатыр» дейді.

Лондонда тұратын Ирак жөніндегі сарапшы Саджад Джиядтың айтуынша, еріктілердің әскерге алынуы Ирак армиясы мен полиция күштерін жігер берген.

- Еріктілердің көбі кетіп қалған жағдайда Ирак армиясының майдан шебіндегі мүмкіндіктері түгесіліп қалмайды. Бірақ бұл олардың күш-қуатын әжептәуір кемітетіні рас. Бұл ерікті жасақтар маңызды міндет атқарып жатыр, олардың бірден кетіп қалуы үлкен проблема тудыруы мүмкін, - дейді сарапшы.

Мұндай проблема тек Дияла аймағында ғана емес, басқа жерлерде де бар. Ирактың түкпір-түкпірінен солдаттар, полицейлер мен еріктілер ақша алмағандарын, қару-жарақтың жетіспейтінін айтып, соңғы бірнеше ай бедерінде Азаттықтың Ирак қызметіне хат жазып жатыр. Кейбіреулері тиесілі жалақыларының бір бөлігін ғана алғандарын, енді біреулері ақшаларының біразын басшылар алып қойғанын айтады.

- Ирак армиясына кері әсер етіп жатқан басты екі фактор - жемқорлық пен саясилану. Өкінішке қарай, дәл осы жағдай еріктілер арасында да қайталанып жатыр. Дәл осындай жаппай жемқорлық, үрей, шегініс және ерікті жасақтардың тарап кету оқиғалары Мосул қаласында да болған, - дейді Джияд.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG