Видеода «Ирак тыңшысын атып тастаған» баланың АҚШ бастаған ИМ-ге қарсы коалицияның әуе-шабуылдарынан қаза тапқаны туралы ақпарат тамыздың 2-сі күні әлеуметтік желілер арқылы тарай бастады.
«Тыңшыларды жою» деп аталған, әлеуметтік желілерге мамырдың 2-сі жарияланған видеода бала мылтығын оқтап алады да, тұтқынды итеріп, тізерлей отырғызады. Содан соң «Америкадан, Ресейден, Еуропадан кек аламын» деп айқайлаған ол тапаншасын кезеп, тұтқынды бірнеше рет басынан атады.
Алайда, оқ атылған кезде жасөспірім баланың өзі видеода көрсетілмейді, сондықтан тұтқынды шын мәнісінде дәл оның атып өлтірген-өлтірмегені белгісіз.
Видеодағы баланың опат болғаны туралы ақпаратты ИМ-нің («Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы) орыс және ағылшын тіліндегі ақпарат көздері тамыздың 2-сі күні таратты.
Мәселен, Хадиджа Адам атты интернет қолданушы Twitter желісінде бұл туралы: «Тыңшыларды жою» атты видеоға түскен Әбу Омар Кавкази әуе шабуылдары кезінде опат болды» деп жазды.
Abu Ibn есімді Facebook қолданушысы да сол күні «бозбаланың коалиция әскерінің әуе шабуылы кезінде қаза тапқанын» хабарлады. Содан соң көп ұзамай Abu Ibn-нің Facebook парақшасы ашылмай қалды.
Баланың қаза тапқаны туралы ақпаратты растайтын мүмкіндік болмай тұр. Осы ақпаратты таратқан ағылшын және орыс тіліндегі дереккөздердің ешқайсысы әуе шабуылының жай-жапсары, оқиғаның қай ауданда болғаны жайлы егжей-тегжейлі мағлұмат бермеген.
ТЕРРОРҒА БАЛАЛАРДЫ АРАЛАСТЫРУ ЖИІЛЕДІ
Баланың аты-жөні әр дереккөзде әртүрлі айтылады. Біреуінде оны «Әбу Омар Кавкази» десе, енді бірінде «Әбу Омар Дағыстани» деп атайды. Әдетте ересек содырлар өздеріне осылайша лақап ат қойып алады, аттарындағы тіркеме олардың туған жерін білдіреді. Қойылған лақап атына қарап оның Солтүстік Кавказдан, соның ішінде Дағыстаннан шыққанын бажайлауға болады.
Баланың Сирия мен Иракта ИМ террорлық тобы құрамындағы солтүстіккавказдықтар қатарында соғысып жатқанын дәлелдейтін тағы бір айғақ бар.
Мамырдың 2-сі күні жарық көрген әлгі видеода бала Thermoform логотипі бар баскиіммен тұр. Ирак пен Сирияда соғысып жатқан Солтүстік Кавказ аймағынан келген содырлар суреттерінен көбіне олардың осы фирманың баскиімін киетіні байқалады. Солардың арасында әсіресе Грузиядан шыққан этникалық кистин Омар әл-Шишани де осындай баскиіммен жиі көзге түскен.
ИМ-нің орыстілді жасақтары қатыгездікпен кісі өлтіру әрекеттеріне жас балаларды бұрыннан араластырып келеді. Қаңтар айында жарық көрген бір видеода Орталық Азия аймағынан келді деген бір бала «Ресей тыңшылары» деп, орысша сөйлейтін екі кісіні атып тастайды.
«Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымының орыстілді жасақтарды арнайы жаттығудан өткізетінін дәлелдейтін айғақтар жетерлік. Қаңтар айында жарық көрген сол видеодағы бала бұрынырақта тарап, Қазақстанды дүрліктірген тағы бір видеодағы қазақ балалардың бірі болуы да ғажап емес. Ол видеода Қазақстаннан Сирияға барған балалардың арнайы әскери және идеологиялық дайындықтан өтіп жатқаны айтылады.
Сол видеода өзін «Қазақстаннан келген Артеммін» деп таныстырған содыр әскери форма киген, жастары онға да толмаған Орталық Азиядан соғысқа барды деген балаларды көрсетеді. «Артем» де шілде айында оққа ұшты деген ақпар бар.
Йоанна Паражчуктің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.