Accessibility links

ИМ ұл баланың "жансыздарды" атқанын көрсетті


ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс
ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс

ИМ-нің жан шошырлық жаңа видеосында қарулы ұл бала "Ресейдің ФСБ агенттері" деп сипатталған екі адамды атып өлтіреді. Видео қаңтардың 13-і күні әлеуметтік желіде тарады.

Ультра-радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымының мүшесі ретінде таныстырылған ұл бала қазақ сияқты көрінеді. Ол ИМ-нің бұрынырақ жариялаған видеосында "Өскенде кәпірлерді бауыздайтын муджахед боламын" деп сөйлеген ұлға қатты ұқсайды.

ИМ-нің "Әл-Хаят" медиа тобы орыс тілінде түсірген, арабша және ағылшынша субтитр қойған жеті жарым минуттық видео "Іштен шыққан жау" деп аталады.

Кадр сыртындағы дауыс "ИМ-нің дұшпандары сырттан енгізген жансыздардың әшкереленгенін" баяндайды. Әуелі екі ер адам өздерінің "ресейлік ФСБ агенттері жалдаған жансыз екендерін мойындап" сөз сөйлейді.

Бірінші адам өзін "1976 жылы туған Жанболат Мамаев (Jambulat Mamayev) есімді Қазақстанның Жамбыл облысының тұрғынымын" деп таныстырады. Ол бастырмалата сұрақ қойып отырған кадр сыртындағы адамға үрейлі көзбен қарай отырып қысқа жауап береді. Жанболат өзін Сирияға "ИМ-дегі орыстілді содырлар туралы ақпарат жинау үшін ФСБ қаржыландырып жібергенін" айтады. Ол жолай Стамбулда аялдап, "мешіт қасындағы пәтерде тұрғанын", бір қарашай мен бір түрікке жолыққанын баяндайды.

Екінші тұтқын өзін 1984 жылы туған Сергей Николаевич Ашимов деп таныстырады, этникалық орыс болып көрінеді. Көзі жиі жыпылықтайтын оның жауаптары көп монтаждалған. ИМ содырлары туралы айтқанда ол "бауырлар" деген діни термин қолданады. Ол өзін "ИМ жетекшілерінің қайда екенін анықтау үшін ФСБ жібергенін" айтады.

Сақалдары қырылған бұл екеуіне де "ИМ алдындағы кінәларын" күшпен мойындатқаны сөздерінен байқалады. Олардың ФСБ агенттері болмауы да мүмкін. Ашимов: "Бұрын мұсылман болғанын, кейін бауырларын сатқан соң муртадқа (діннен безушіге) айналдым" дейді.

ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс
ИМ-нің "ФСБ жансыздарын жазалау" видеосынан көрініс

Видеоның соңында қолдары арттарына қайырыла байланып, тізерлеп тұрған екі адам қайта көрнеді. Олардың ту сыртында бет-әлпеті ИМ-нің бұрынғы видеосында көрсетілген қазақ балаға келетін тапанша ұстаған ұл мен сақалды ер адам көрінеді. Сақалды ер адамның қысқа айыптау сөзінен соң әлгі ұл бала екі адамды атып өлтіреді.

Дәл осы бала былтыр қарашада ИМ таратқан "жиһадшы балалар" туралы видеода қазақша сөйлеп, "өскенде кәпірлерді өлтірем" дейтін ұлға ұқсайды. Соңғы видеодағы жас жендеттің нақ сол ұл екенін дәлелдегісі келгендей "Әл-Хаят" оның әуелгі видеодағы түрін қайталап көрсетеді.

Екі адамды атып өлтірген соң ұл бала тапаншасын көтеріп күлімсірейді. Кадр сыртындағы дауыс бұл көріністі "өлген екеуі жас муджахедтің аяқ астында қор болды" деп сипаттайды.

Бұл видео тарала салысымен Дамаскідегі Ресей елшілігі арнайы мәлімдеме жасап, "ИМ мүшелерінің ФСБ агенттерін өлтіру видеосы туралы ешқандай ақпараты жоқ екенін" хабарлады.

ФСБ коммент беруден бас тарты.

Діни ультра-радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары былтырғы маусым айынан бері Ирак пен Сирияның біраз аумағын басып алып, олардың қатарына ондаған мемлекеттен жиһадшы экстремистер тартыла бастаған. АҚШ бастаған коалицияның әуе күштері ИМ позицияларын атқылап тұрады. Бірақ содырлар өздері бақылау орнатқан территорияда Ирак пен Сириядағы сүннит емес діни және этникалық азшылық өкілдерін мыңдап өз бетінше өлім жазасына кесіп жатыр. Батыс пен Шығыстың белгілі мұсылман теологтары ИМ-нің қатыгездігін сынап бірнеше рет мәлімдеме жасады.

Материалды жазуға Джоанна Парасщук қатысты

XS
SM
MD
LG