Accessibility links

«Ислам мемлекетінің» бес түрлі әдісі


Сириядағы Кобани қаласының шетінде жүрген «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі. 7 қазан 2014 жыл.
Сириядағы Кобани қаласының шетінде жүрген «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі. 7 қазан 2014 жыл.

«Ислам мемлекеті» террорлық тобы жанкештілердің жарылыстарын ұйымдастырып, ерекше қатыгездікті насихаттау арқылы өзіне жақтас жинап жатыр.

Бомба қойылған көлікті жару, кепілге түскендерді қатыгездікпен өлтіру арқылы дұшпандарын үрейлендіруді мақсат еткен «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы көбінесе қолданатын бес тәсіл бар.

ӨЗ ӨЗІН ЖАРАТЫНДАР

«Әл-Каида», «Талибан» сияқты ұйымдардың көпшілігі террордың осы әдісін пайдаланады. Бірақ бұл тәсілді «Ислам мемлекеті» майдан өтінде жиі ұйымдастыруымен ерекшеленеді.

«Олардың сарбаздарының сапында өздерін жарып жіберуге дайын адамдар өте көп» дейді Бейруттегі Таяу Шығыс және Парсы шығанағының әскери сараптама орталығының сарапшысы Рияд Кахуажи.

ИМ жау шебіне шабуыл жасағанда бомба қойылған көліктерді қашықтан басқарылатын зымыран іспетті пайдаланады. Бұл әдісті олар әсіресе қалалық жерде жиі қолданады. Артынша жарылыс болып, халық жан-жаққа қашқан сәтте олар жаудың шебін басып алады.

«Бұл да халықаралық коалицияның ұшырған зымырандарына ұқсас нәрсе. Мұндағы айырмашылық – олар нысананы дәл көздейді әрі халықты қорқыта алады. Олар жауларының зәресін алады» дейді Кахуажи.

ИМ өкілдері өздері жаулап алған Сирияның Ракка провинциясында. 30 маусым 2014 жыл.
ИМ өкілдері өздері жаулап алған Сирияның Ракка провинциясында. 30 маусым 2014 жыл.

«Ислам мемлекеті» басын өлімге тіккен осыншама адамды қайдан табады?

Сарапшының айтуынша, жаңа сарбаздар идеологиялық ұстанымдарына, психологиялық жағдайына қарап таңдалады әрі соған сәйкес пайдаланылады.

– Олардың кімнің шектен шығып, өлімге бас тіге алатынын анықтап, бағалайтын жүйесі бар сияқты. Сондай адамдар арнайы миссияға дайындалып, қажеттілік туындаған жағдайда әлгі миссиясын орындайды, - дейді Кахуажи.

ҮРЕЙ ТАРАТУ

Жанкештіні құрбан етіп, бомба жарумен қоса «Ислам мемлекеті» ерекше қатыгездігін паш ету арқылы дұшпандарын үрейлендіруді көздейді.

Олардың кепілге алған шетелдіктің басын кескені түсірілген видеоны интернетке салып, бүкіл әлем жұртшылығының үрейін алғаны есте. Терроршылардың тағы бір әдісі – қарсыласының көз алдында олардың сарбазын атып тастау.

– Олар бірнеше әскери тұтқынды шабуыл бастардың алдында қарсы жаққа көрсетіп тұрып жайратып салды. Бұл да дұшпанның құтын қашыру үшін жасалады, - дейді Кахуажи.

Террорлық топ Сирия үкімет армиясының қолға түскен жауынгерін және Сирияның зайырлы оппозициялық қозғалысына қарасты «Еркін Сирия армиясы» сарбазын осылайша ұрыс қарсаңында атып тастаған.

ИМ басып алған күрдтер базасы төңірегіндегі атылған оқ гильзалары. Ракка провинциясы, Сирия, 7 қазан 2014 жыл.
ИМ басып алған күрдтер базасы төңірегіндегі атылған оқ гильзалары. Ракка провинциясы, Сирия, 7 қазан 2014 жыл.

Мұнымен қоймай, олар осылай қатыгездікпен азаптап өлтірілген адамдардың видеотаспаларын интернетке жариялайды. Маусым айында олар Тикрит қаласында Ирак армиясының жүздеген солдатын қырып жатқандарын көрсеткен видеоны жариялады. Тамызда Ракка қаласында кемінде 120 сириялық сарбазды өлтіріп жатқан және бір видеоны жарыққа шығарды.

«Ислам мемлекеті» қалың бұқара арасында да үрей таратуға бейіл. Суннит емес аймақтарды бақылауға алған соң олар әскер жасындағы еркектерді ұстап алып, атып тастайды. Ал Язиди аймағында олар жас қыз-келіншектерді ұстап алып кетіп, сексуалдық күңдікке сатқан.

Олардың мұндай қатыгездігін білетін халық «Ислам мемлекеті» адамдары жақындап қалғанда өздері-ақ басқа жаққа босып кетеді.

ҰШҚЫР ТОП

«Ислам мемлекеті» әскери күштері өте ұйымшыл, олар «пикап» көліктерге мініп, шағын топ болып жылдам қозғалады. Сондықтан халықаралық күштер олары әуеден шабуылдап, көп нәтижеге жете алмайды. Тек әуеден соққы беру арқылы оларды әлсірету мүмкін емес.

ИМ Сирия және Ирак армияларының танктерін тартып алғанына қарамастан, әуе қорғанысы мықты жауларына қарсы мұндай ауыр көліктерді көп пайдаланбайды.

Сирияда жүрген «Ислам мемлекеті» ұйымының қарулы адамдары.
Сирияда жүрген «Ислам мемлекеті» ұйымының қарулы адамдары.

– «Ислам мемлекеті» танкті тек үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланады, олармен майдан алаңына шықпайды. Себебі, әуеден тасталған бір бомба оны күл-талқан ететінін біледі, - дейді Францияның Лион қаласындағы Gremmo зерттеу орталығының Сирия жөніндегі маманы Фабрисе Баланче.

Сарапшының айтуынша, «Ислам мемлекеті» өздері басып алған Ракка сияқты қалаларда бұқара халықтың арасына дендеп еніп алған. Мұндай жағдайда әуеден бомба тастаса, бейбіт тұрғындар арасында көп адам шығыны болады. Ал мұны олар өз мақсаттарына пайдаланып, қатарына жаңа сарбаздар қосып алады.

– Үйлерді бомбалаған жағдайда халық арасында үлкен наразылық күшейеді. Олар «Исламға қарсы жаңа жорық басталды, Газада халықты қырып жатқан Израиль сияқты Америка да мұсылмандарды өлтіріп жатыр» деп ашуланады. Сөйтіп біз «Ислам мемлекетіне» қарсы психологиялық соғыста жеңіліске ұшыраймыз, - дейді Баланче.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕН ҚОСЫЛҒАНДАР

Маусым айында ұзын саны 10 мың болған террорлық топ сарбаздары қазір 20-30 мың адамға жетіп қалды. Олар Ирак жерін біртіндеп жаулап, күшейіп келеді.

Олардың қатарына жаңа қосылып жатқандардың көбі – басқа қарулы топтардың мүшелері болғандар. Бұған қоса олар әлемнің түкпір-түкпіріндегі, соның ішінде Еуропадағы жиһадшыларды өз жағына белсенді түрде тартып жатыр.

– Шетелдіктер жүздеп, тіпті мыңдап олардың қатарына барып қосылып жатыр. Осы заманда майданға осыншама адамның бұлайша жөңкіле аттануы болмаған шығар, - дейді Лондондағы корольдік қызмет институтының сарапшысы Шашанк Жоши.

Оның айтуынша, шетелдіктердің жаппай соғысқа келіп жатуының себебі Сирияның географиялық орнына байланысты. Сирия Еуропаның дәл іргесінде жатыр, оған Түркия арқылы өтіп кету оңай. Ауғанстан, Сомали, Йемен сияқты елдердегі жиһадшыларға барып қосылу бұдан гөрі қиынырақ дейді сарапшы.

Сирияда тұтқындарды өлтіруге апара жатқан ИМ содырлары түсірген видеодан скриншот. 27 тамыз 2014 жыл.
Сирияда тұтқындарды өлтіруге апара жатқан ИМ содырлары түсірген видеодан скриншот. 27 тамыз 2014 жыл.

«Ислам мемлекеті» Сириядағы соғысты сунниттер мен шииттер арасындағы шешуші шайқас деп түсіндіру арқылы көп жақтас жинап жатыр. Дамаск пен Бағдаттағы ресми үкіметтерді арабтардың ежелгі қарсыласы – Иран қолдап отырғандықтан, сунниттердің біразы бұл соғысқа қатысуды парыз санайды екен.

– Бұл Еуропадағы суннит мұсылмандардың ерекше назарын аударып отыр. Олар үш жыл бойы азапталып, қырғынға ұшырап, әуеден бомбаланып, жапа шеккендерді көріп келеді. Бұл – жаңа сарбаз жинаудағы ең оңтайлы құрал, «әл-Каида» осы әдісті бұлайша сәтті пайдаланып көрген емес, - дейді Жоши.

Сирия мен Ирактағы біраз жерді басып алған «Ислам мемлекеті» жиһад қозғалысына жан бітіріп, жұртты ерте алатын күшке айналып келеді.

– «Әл-Каида» әрдайым шалғайда жатқан жауларына қарсы террорлық шабуыл жасап келді, олардың өз жері болған жоқ, ондай жағдайда оларды нысанаға алу оңай болар еді. «Ислам мемлекетінің» халифат құру идеясы, жерді басып алу, жақын маңайдағы жаумен күресу тактикасы ұзақ жылдар бойғы «әл-Каиданың» идеологиясынан ерекше болып шықты, - дейді сарапшы.

«Ислам мемлекеті» шығыс Сирия мен Иракта тағы бір дұшпан – күрдтерге қарсы соғысқа жетекшілік етіп отыр. «Шілде айында мұнайға бай Киркук қаласын бақылауға алған күрдтер енді өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құрмақшы» деген үрей жергілікті арабтарды «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының маңайына топтасуға итермелейді.

ҚАНДАС ТУЫС ҚЫЛУ

«Ислам мемлекеті» мұның алдындағы бүлікшілердің қателіктерінен сабақ алған сыңайлы.

Олардың бір қателігі – суннит тайпаларының арасындағы алауыздық, өзара бақталастық. Өзара ауызбіршіліктің жоқтығынан АҚШ «Сунниттердің оянуы» жасағын жұмылдырып, көмек беріп, экстремистік топтарға қарсы айдап салды. Соның арқасында олар 2006 жылы діни топтарды басып тастады.

«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының басшысы Әбу Бакр әл-Бағдади.
«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымының басшысы Әбу Бакр әл-Бағдади.

«Ислам мемлекетінің» басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади болса арабтардың ескі дәстүр-салттарын пайдаланып, тайпалардың көсемдерімен тіл табысуға барынша күш салып жатыр.

– Мәселен, ол тайпа көсемінің қызын өз тобындағы бір әмірге алып береді. Яғни, әлгі тайпа мен «Ислам мемлекеті» құда болып, туысқа айналды деген сөз. Бұған қоса ол тайпа көсеміне өз ұлыңды майданға жібер деп қолқа салады. Сөйтіп, аймақтағы барлық тайпалармен осындай туыстық байланыс орнатып алған. Егер әлгі тайпа қарсыласатын болса, ол барлығын жайратып тастайды, - дейді француз сарапшысы Баланче.

Чарльз Рекнагельдің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG