«Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары Сириядағы Кобани қаласына шабуыл жасап жатыр. Дәл шекарасының түбінде соғыс жүріп жатқан Түркия қамсыз емес, әскері кез келген сәт қақтығысқа араласуға әзір тұр.
Кобани қаласынан Түркия шекарасы бірнеше жүз ғана метр. Шекара бойына қойылған армия әзірге тұрған жерінен тапжылмаған. Анкара «күрдтер қаласын жауға бермейміз» деп мәлімдегенімен, жеме-жемге келгенде әскерін қандай да бір батыл қимылдан бөгеп тұр.
«ДІННЕН БЕЗГЕН ЕЛ»
Егер Түркия «Ислам мемлекеті» (ИМ – ред.) ұйымы содырларына қарсы қандай да бір әскери шара жасаса, мәселен, жаяу әскер немесе ұшақтарын жіберсе, «жиһадшылар» бұл елдің өзіне тап беруі мүмкін.
Кейбір сарапшылардың болжауынша, ондай жағдайда «Ислам мемлекеті» Түркияның егемендігіне де қауіп төндіруі ғажап емес. Себебі ұйым содырларының жоспары бойынша, олар құрып жатқан «Ислам халифатына» бүкіл мұсылман елдері кіруі тиіс.
Стамбулда тұратын сарапшы Гарет Дженкинстің пікірінше, Анкара Сириядағы жанжалға араласа қалған күнде, Түркияның өз ішінде террористік шабуылдар басталып кетуі мүмкін.
«Түркиядағы террористік шабуылдарды «Ислам мемлекеті» содырлары немесе бұл ұйымды «қолдайтындар» ұйымдастыруы ықтимал» дейді Дженкинс.
Ол «кейінгі уақытта ИМ ұйымының Түркияда террористік шабуылдар жоспарлағаны жөнінде бірнеше ақпарат түскенін» айтады.
Сарапшы сөзіне қарағанда, ИМ Түркияны «діннен безген ел» деп жариялаған. Экстремистік ұйымның бұл емеуріні – радикалды исламистерді Түркияға айдап салғанмен бірдей».
АНКАРА СЕНІМНЕН АЙЫРЫЛДЫ
Дженкинстің айтуынша, Түркия әскері Сирия президенті Башар Ассадтың қас жауы – ИМ ұйымына қарсы аттанса, Анкара аймақтағы беделінен айырылуы мүмкін. Өйткені, аймақтық держава болып отырған Түркия Сириядағы Башар Ассадты биліктен құлатуды қызу қолдап, әрі халықаралық қауымдастықты Ассад режиміне ұшақтармен шабуыл жасауға шақырған еді.
Түркияның сыртқы саясатта өз есебі бар. Қарулы күштерін Сириядағы қақтығысқа араластырмас бұрын, Анкара Батысқа бірнеше талап қойған. Сириядан қашқан босқындар алдында сөйлеген түрік президенті Режеп Тайып Ердоған «Біз үш нәрсені сұрадық. Бірі – ұшуға болмайтын зоналар белгілеу. Екіншісі – аймаққа параллель жатқан қауіпсіз аумақты қорғау. Үшінші – Сирия мен Иракта ұстамды әрі сабырлы оппозиция қалыптастыру» деген.
Бұл талаптар орындалса ғана Ассад режимі мен Анкара арасында аз да болса сенім пайда болуы мүмкін.
«Ал егер Түркия Ассадтың бітіспес жауына қарсы шабуылға шықса, оның соңғы екі жыл бойы жүргізген сыртқы саясаты зая кетеді» дейді Дженкинс.
КҮРДТЕРДІҢ РЕНІШІ
Ал енді Анкара Кобани қаласын қоршаған «Ислам мемлекеті» ұйымы содырларына қарсы ешқандай әскери шара қолданбаса, Түркияның өз ішіндегі күрдтер наразылығы күшеюі мүмкін.
Наразылық әлден байқалып жатыр. Түркияның күрдтер көп тұратын оңтүстік-шығыс аудандарында қазанның 7-сі күні полициямен қақтығыс бұрқ ете қалды. Одан ондаған адам мерт болған. Еуропадағы күрд диаспорасы да шеруге шықты. Мұнда да ондаған шеруші Брюссельдегі Еуропарламент ғимаратына лап қойған.
Корольдік біріккен қызметтер институтының (RUSI) қызметкері Аарон Штейннің айтуынша, Кобани оқиғасы күрдтердің соңғы бірнеше жыл бойы Анкараға жиған ашу-ызасын қоздатып жіберген.
Штейн «Күрдтер биліктегі «Әділет және даму» партиясының «ашық шекара» саясатын іске асырмағанына наразы. Олардың ойынша, Анкара осылайша ИМ содырларының күрдтерге шабуыл жасауына мүмкіндік туғызып отыр.
Дженкинс «күрдтердің Түркияның құр қарап отырғанына реніштері жақын арада тарқай қоймайтынын» айтады. Әсіресе, Анкараның қақтығысқа қатысқысы келген күрдтерді шекарадан аттап бастырмау туралы шешімі азшылық топтың Анкараға өкпесін өршіте түскен.
СЫЗАТ ҰЛҒАЙЫП БАРАДЫ
Сарапшылар айтқандай мәселені тереңірек қарастырсақ, Түркияның Кобанидегі күрдтерге көмек бермеуі Анкара мен тыйым салынған Күрдістан жұмысшылар партиясы (КЖП) арасындағы онсыз да әрең жасалған бітімге зиянын тигізуі мүмкін.
Партия жетекшісі Абдулла Оджалан әлі түрмеде отыр. Өткен аптада ол «Кобанидегі күрдтер қырғынының Анкарамен бітім процесіне де зардабын тигізуі мүмкін екенін» ескерткен. Бұл партия күрдтер автономиясын кеңейтуді талап етіп, 30 жылдан бері Түркия билігімен күресіп келеді. Ол қақтығыстардан бүгінге дейін 40 мың адам қаза тапты деген ақпарат бар.
Штейннің сөзіне қарағанда, содырлар Кобаниге шабуылды үдеткен сайын КЖП мен Анкара арасындағы сызат та ұлғайып барады.
«Бұл жолы Кобанидегі шайқас пен бұрын жасалған әлгі бітімнің арасында тікелей байланыс болып тұр. Оджалан бітімді бұзуы да мүмкін. Ол ондай жағдайдың болуы мүмкін екенін әлдеқашан ескерткен» дейді Штейн.
Сарапшылар Анкараның әскери интервенциядан тартыншақтап отыруының тағы бір себебін айтады. Яғни, Кобани қаласындағы күрд әскері «Ислам мемлекеті» содырларына тойтарыс берсе, күрд жасақтары (YPG) күшейіп кетуі мүмкін. Себебі Кобаниде шайқасып жатқан сириялық күрдтердің де Түркиядағы КЖП-мен байланыстары бар.
Штейн: «Анкараның қорқатыны – шекаралас жатқан Сирия күрдтерінің автономиялық анклавы пайда болса, Түркия күрдтерінің олармен қосылуға үміті күшейеді» дейді.
ИРАК КҮРДТЕРІ
Сарапшылардың айтуынша, Анкараның әрекетсіз қалуы Ирактағы Күрдістан үкіметімен орнатқан қарым-қатынастарға да зиян тигізеді. Бұл автономия Анкараның аймақтағы басты сауда серіктесінің біріне әрі одақтасына айналған.
Дженкинс Түркия мен Ирактағы Күрдістан үкіметінің арасына әлден сызат түскенін айтады. Себебі тамыз айында ИМ содырлары Ирактың солтүстігі мен батысындағы күрдтер мекендейтін аумақтарды басып алғанда, Анкара әскери және гуманитарлық көмек беру туралы өтініштерге құлақ аспай қойған.
Сарапшы: «Аралары нашарлағанымен, Түркия Күрдістан үшін «жалғыз мүмкіндік» болып қала береді. Себебі олар егемендіктерін қамтамасыз етіп тұрған мұнай мен газды Түркия арқылы экспорттайды. Сондықтан бұл екі тарапты ат құйрығын кесісті деп айта алмаймыз» дейді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫСЫМ
Дженкинс Түркияға Кобанидегі жағдайға араласуға жергілікті күрдтерден бөлек, халықаралық қауымдастық та ықпал етуге тырысып отырғанын, алайда Анкараның сонда да қозғалмағанын айтады. Ол осылайша бұл ел халықаралық қауымдастықтың да сенімінен айырылып барады деп санайды.
«Халықаралық қауымдастық Түркияны «Ислам мемлекеті» сияқты қатыгез, тағы ұйым жасап жатқан қырғынды тоқтатуға араласпай, тасжүректік көрсетіп отыр» деп санайды. Ал Анкара бұл дағдарысты шешуге бұдан әрі де араласпауға сылтау іздеп отыр» дейді ол..
(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)