Accessibility links

Тізімдегі төртеу. Донбастағы ұшақ апатына күдіктілер


Донбасс жерінде апатқа ұшыраған ұшақ қалдығы мен халықаралық тергеу тобы күдікті санайтын адамдардың суреттерінен коллаж.
Донбасс жерінде апатқа ұшыраған ұшақ қалдығы мен халықаралық тергеу тобы күдікті санайтын адамдардың суреттерінен коллаж.

Украинаның Донецк облысына құлаған малайзиялық Boeing ұшағының апатқа ұшырау себебін зерттеген бірлескен тергеу тобы алғаш рет Нидерланд билігі бастаған қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген төрт азаматтың аты-жөнін атады. Бұл мәлімдемеден бірнеше күн бұрын голландиялық БАҚ ұшақ апатына күдіктілердің тізімін жариялаған. Алайда тергеу тобы ұсынған толық тізім БАҚ-та жарияланған материалмен сәйкес келмейді.

Баспасөзде аты-жөні жарияланған төрт адамның үшеуінің атын бұған дейін Boeing-777 апатының мән-жайын зерттеген тәуелсіз зерттеушілер атаған. Олар: Ресейдің Курск қаласындағы 53-зениттік зымыран бригадасының командирі Сергей Борисович Мучкаев, ресейлік отставкадағы барлаушы Сергей Николаевич Дубинский (лақап аты – Хмурый), өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасы" бас барлау басқармасының 2-бөлімін басқаратын Олег Юлдашевич Пулатов (лақап аты – Гюрза) және Донецк халық республикасында тұтқынға түсіп, босап шыққаннан кейін Украина билігі "мемлекеттік сатқын" деп айыптаған Украина қарулы күштері полковнигі Иван Николаевич Безъязыков. Голландиялық БАҚ дерегінше, Безъязыковтың түсініктемесі айыптауға негіз болған: ол "Донецк халық республикасында" Дубинскийдің бөлімшесінде әскери қызмет атқарған және Boeing-777 ұшағын атып түсірген "Бук" әскери қондырғысы Ресейден сепаратистер басып алған Украина аумағына қалай жеткізілгенінен хабардар болуы мүмкін.

MH17 ісі. Толықтырылған нұсқа

Бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясы басталардан жарты сағат бұрын таңертең тергеу тобы өкілдерімен сөйлескен "Боинг" апатында қаза тапқандардың туыстары журналистер алдына шығып, бірлескен тергеу тобы апатқа кінәлі деп тапқан 4 адамның аты-жөнін атады. Ол есімдер сәрсенбі күні Нидерланд бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған тізіммен толық сәйкес келмейді.

Қаза тапқандардың туыстарына сенсек, аты-жөні аталған 4 адамның соты 2020 жылы наурыздың 9-ы күні басталады. Жауапқа тартылатындар: Ресей азаматы Игорь Стрелков (Гиркин), Украина азаматы Леонид Харченко (лақап аты - "Крот"), Ресей азаматы Олег Пулатов (лақап аты –"Гюрза") және тағы бір ресейлік Сергей Дубинский (лақап аты – "Хмурый"). Bellingcat жариялаған жаңа зерттеуде төрт адамның апатқа қандай қатысы бары түгел жазылған.

Иван Безъязыков пен Сергей Мучкаев бұл тізімде жоқ.

Игорь Стрелков "Интерфакске" сәрсенбі күні берген сұхбатында "Донецк халық республикасы" күштерінің "Боинг" апатына қатысы жоғын тағы да мәлімдеген.

Кейінірек бұл тізімді Нидерланд полициясының ресми өкілдері растады. Аттары аталған төрт адамға халықаралық іздеу жарияланады. Бірақ тергеу тобы Ресей мен Украинадан бұл азаматтарды экстрадициялауды сұрамайды. Өйткені Ресей мен Украина конституциясында ел азаматтарын басқа мемлекеттің құқық қорғау органдарына беруге тыйым салынған. Алайда бірлескен тергеу тобы Ресей мен Украинаға күдіктілерді тергеуді сұрап, хат жібереді.

Сот отырысы күдіктілер оған қатысудан бас тартқан жағдайда да өтеді.

Бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясында ресейшіл сепаратистер басшылары Игорь Стрелков пен Александр Бородайдың Мәскеу аннексиялаған Қырым басшысы Сергей Аксенов пен Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Владислав Сурковпен және өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" жетекшісімен телефон арқылы сөйлескен жазбалары жарияланды. Бұл әңгімелерде Стрелков пен Бородай Ресей сепаратистеріне әскери көмекті күшейтуді сұраған.

Бірлескен тергеу тобы оқиға куәгерлерінен өздерінде бар ақпаратпен бөлісуді тағы да сұрады. Бұл үндеу ең алдымен тергеу тобы Ресейден Украинаға "Букты" жеткізумен айналысқан деп топшылайтын Курск қаласындағы 53-зениттік зымыран бригадасы әскерилеріне бағытталған.

Ресей сыртқы істер министрлігі сәрсенбі күні кешке бірлескен тергеу тобының баспасөз конференциясында Ресейге таққан айыптарын "бос сөз" деп атады.

​Тергеу тобы өкілдері сәрсенбі күні MH17 жолаушылар рейсінің апатына кінәлі деп танылған күдіктілер есімін жариялайтыны туралы дүйсенбіде Reuters агенттігі мен бірнеше голландиялық БАҚ жазды. Сейсенбі күні Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Елена Зеркаль күдіктілер арасында 4 адам барын айтты.

Boeing-777 ісі бойынша тергеу барысы MH17 жолаушылар рейсі апатына жауапты саналатын азаматтардың аты-жөнін анықтауға көшкені туралы Нидерланд бас прокуроры Фред Вестербеке 2018 жылдың мамыр айында өзі басқаратын бірлескен тергеу тобы (JIT - Joint investigation team құрамында Нидерланд, Бельгия, Австралия, Малайзия және Украина сарапшылары бар) ұшақ апатына Ресейдің қатысы бары туралы ресми мәлімдеме жасаған кезде айтқан.

Фред Вестербеке.
Фред Вестербеке.

JIT зерттеуіне сәйкес, "Боингті" Ресей қарулы күштерінің 53-зениттік зымыран бригадасына тиесілі "Бук" әскери зымыран кешенінен атып түсірген. "Бук" Ресейден Украинаның ресейшіл сепаратистер бақылайтын аумағына жеткізіліп, апаттан кейін дереу Ресейге қайтарылған.

Вестербеке қаза тапқандардың туыстарын Нидерландқа арнаулы хатпен маусымның 14-і күні шақырып, оларға маусымның 19-ы күні таңертең зерттеу кезінде анықталған жаңа деректер туралы жеке өзі хабарлағанын айтты. Осыдан соң болған баспасөз конференциясында бұл ақпарат көпшілік назарына ұсынылды. Баспасөз конференциясының трансляциясын мына жерден көруге болады.

Ресей Boeing-777 апатына қатысы бары туралы мәлімдемелерге "Бук" қондырғысы ешқашан Украина шекарасынан асқан емес" деп жауап берді. Ресей ұсынған нұсқа Boeing-777 апатқа ұшырағаннан бері бірнеше рет өзгерген. Ресей әуелгіде "Первый канал" сюжетінде фотомонтаж арқылы жасалған жер серігінен алынған суретті көрсетіп, "ұшақты украиналық зымыран атып түсірді" деген. Кейін "жолаушылар ұшағын украиналық "Бук" кешенінен атқан, оқиға орнынан табылған зымыран қалдықтары Совет одағы кезінде жасалған, ал Ресей қарулы күштерінде ондай қару қолданылмайды" деп мәлімдеген.

Бұл нұсқалардың бәрін тәуелсіз сарапшылар мен ашық дереккөздерден алынған мәліметтер жоққа шығарған. Ресей өзін тергеу процесіне қатыстырмау әділетсіз деп есептейді. Фред Вестербек Ресейдің бұл уәжіне 2018 жылы берген жауабында "Мәскеу тергеу тобының бірде бір сұрағына сол күйі жауап берген жоқ" деген.

Бірлескен тергеу тобының қорытындылары Bellingcat халықаралық тобы ашық деректерді зерттеу арқылы тапқан ақпараттармен үнемі сәйкес келеді. Bellingcat өкілдері өз мәлімдемелерінде, оның ішінде Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында тапқан ақпаратын бірлескен тергеу тобына беріп отыратынын, бірақ тергеу ісіне араласып, ресми қорытындыда қандай ақпарат болатыны туралы алдын ала болжам жасай алмайтындарын айтқан. Бұған дейін Bellingcat зерттеушілері "Бук" қондырғысы Ресей қарулы күштерінің 53-зениттік зымыран бригадасына тиесілі екенін, "Боингті" атып түсірген құрылғының борт нөмерін анықтап, әлеуметтік желіде жарияланған суреттер арқылы қаруды Ресей мен Украина аумағы арқылы алып жүрген қозғалыс сызбасын жасап, зымыранның қай тұстан ұшырылғанын нақты айтқан. Ұшаққа атылған зымыран 298 адамның өмірін қиған. Оның ішінде Нидерланд елінің 198 азаматы бар. Сәрсенбі күні Bellingcat бұрын Boeing-777 апатына қатысы бары белгісіз боп келген Донецк және Луганск "халық республикалары" сепаратистерінің аты-жөні аталған ауқымды зерттеуін жариялады. Олардың қатарында аты-жөнін голландиялық тергеушілер ресми атаған Олег Пулатов та бар. Тергеудің негізгі бөлігі Bellingcat апатқа қатысы барын 2 жыл бұрын жазған Сергей Дубинский туралы.

Bellingcat "Букты" Ресейден Украинаға жеткізіп, оны Снежное ауылына тасымалдауға қатысы бар басқа адамдардың да атын атаған. Олардың арасында Ресей қорғаныс министрлігі орталық әскери округінің бас инспекторы Николай Федорович Ткачёв пен бас барлау басқармасының жоғары лауазымды қызметкері Олег Иванников те бар. Bellingcat тобының Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында айтқаны бойынша, Boeing-777 ұшағы қасақана атылмаған. Сепаратистер оны украиналық әскери жүк ұшағы деп ойлаған.

Bellingcat тобының жаңа зерттеуі Украина қауіпсіздік қызметі апат болған шілденің 17-сі күні және оған дейінгі және одан кейінгі күндері жазып алған сепаратистердің телефон әңгімелеріне негізделген. Телефон әңгімелерінің бір бөлігі Украина қауіпсіздік қызметі мен бірлескен тергеу тобының ашық деректерінде жарияланды. Украина бірлескен тергеу тобына барлығы 150 мыңға жуық телефон қоңырауы жазбасын берген. Bellingcat зерттеушілері "Бук" қондырғысын Украина аумағымен тасымалдауға жауапты азаматтардың барлығының аты-жөнін анықтаған. Зерттеушілер сондай-ақ сепаратистердің жоғары шенді командирлері мен бас барлау басқармасының жетекшілері Сергей Дубинский, Игорь Стрелков, Игорь Безлер, Александр Ходаковский және басқаларының апатты ұйымдастыруға қандай "үлес" қосқанын талдаған.

"Біз тапқан деректер бірлескен тергеу тобына көмектеседі деп үміттенеміз. Бізбен салыстырғанда, олардың ақпарат алу ресурстары мен жолдары көбірек. Оның үстіне JIT бұл зерттеуде көрсетілген ақпараттың біраз бөлігін немесе бәрін түгел біледі деп ойлаймын. Егер ойым расталса, онда қоғам MH17 рейсінің апаты шын мәнінде қалай болғанын, 2014 жылы шілденің 17-сі күні кімнің нақты қандай іспен айналысқанын толық білуге мүмкіндік алады" дейді Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатында Bellingcat зерттеу тобының мүшесі Арик Толер.

"СІЗДЕР ЖАҚҚА ҚҰС ҰШЫП БАРАДЫ". БЕЗЛЕР ТОБЫ

Боинг апатынан кейін Украина қауіпсіздік қызметі екі телефон әңгімесінің мазмұнын жариялады. Онда өзгелермен бірге 53 жастағы Қырымда туған Ресей азаматы, "Бес" деген лақап атпен белгілі әрі Донбастағы сепаратистер командирлерінің бірі Игорь Николаевич Безлердңі сөзі де бар.

2017 жылы желтоқсан айында Безлер ресейлік арнайы қызмет өкілдерінің рұқсатымен бірлескен тергеу тобының сұрақтарына жауап берген. Тергеу тобының болжауынша, дәл осы командир жетекшілік ететін сепаратистер бақылайтын аумақтан Донецк – Енакиево – Торез – Снежное (осы жерден Boeing-777 ұшағына зымыранмен шабуыл жасалған) бағыты бойынша "Бук" зымыран кешенін тасымалдаған. Сепаратистер командирі Бес тергеу тобына апатқа қатысы жоғын айтқан.

Украина қауіпсіздік қызметі мамандарының дерегінше, алғашқы телефон әңгімесі жазбасында Безлер мен "Жалдамалы" деген лақап аты бар екі адамның сөйлескені жазылған. Олар ұшақ апатынан екі минут бұрын сөйлескен. "Жалдамалы" Безлерге сол жаққа қарай "құс ұшып бара жатыр" деген, яғни ол ұшақты меңзесе керек.

Игорь (Бес) Безлер.
Игорь (Бес) Безлер.

– Николаич.

– Иә, "Жалдамалы".

– Сіздер жаққа қарай "құс" бара жатыр.

– Бізге қарай құс ұшып келе жатыр ма?

– Иә, әзірге біреу ғана.

– Барлаушы ма, әлде ірі ме?

– Бұлттан жөнді көрінбейді, өте биік ұшып барады.

– Бәрін түсіндім, қабылдадым. Жоғары жаққа жариялаңыз.

Әңгіме ауанына қарағанда, "Жалдамалы" бірінші болып әуедегі ұшақты байқап қалған сияқты, оны бірден командирі Безлерге хабарлаған. Бұған қоса, әңгімеден екеуінің де оны украиналық әскери немесе әскери жүк ұшағы деп болжағанын аңғаруға болады. Телефон әңгімесінде "Жалдамалы" деп аталған адамның әлі күнге дейін нақты кім екені жарияланбаған еді. Bellingcat тобының тұжырымы бойынша, оны екінші аудиожазбаның көмегімен анықтай алған. Екінші аудиожазбада Безлердің дауысы естіледі. Бұл ұшақ апатынан кейін 20 минут өткен соң болған. Бұл жазбада Безлер болған жайтты Украинаның қауіпсіздік қызметі ГРУ қызметкері Василий Геранин деп анықтаған адамға баяндайды.

Гераниннің өзі мұны бірнеше рет жоққа шығарған. Телефонмен сөйлескендер ұшақтың Енакиево елді мекені маңына құлағанын айтқан, яғни Безлер бұл кезде Енакиево маңындағы өз штабында болған сияқты. Ашық дереккөздеріндегі ұшақ маршрутына сүйенген Bellingcat тобының тұжырымы бойынша, "Жалдамалы" ұшақты Дзержинск қаласы ауданында (қазіргі Торецк) байқап қалған. Тек бұл болжаммен қабыспайтын бір ғана жайт бар: Украина қауіпсіздік қызметі көрсеткен телефон әңгімесі қай уақытта болғаны. Бірақ Bellingcat уақытты қателесіп көрсеткен болуы мүмкін деп топшылайды.

Boeing жолаушылар ұшағының апатқа дейін ұшып өткен жолы.
Boeing жолаушылар ұшағының апатқа дейін ұшып өткен жолы.

Дзержинск елді мекені 2014 жылдың шілде айында Украина билігіне қарайтын аумақ еді. Зерттеу авторлары Дзержинск пен жергілікті "жасақты" Безлерге бағынатын Валерий Александрович Стельмах басқаратынын анықтаған. Әлеуметтік желідегі аккаунттарында ол өзін "Валерий жалдамалы" деп атаған. Ешкімге ұқсамайтын оның дауысын тез ажыратуға болады. Зерттеу тобы аудиожазбадағы оның дауысын бірден таныған. Стельмахтың дауысын мына видеосұхбаттан тыңдап, салыстыруға болады.

Валерий Стельмах.
Валерий Стельмах.

Дзержинскіде (Торецк) туған Валерий Стельмах совет кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан. Украинада терроризм бабы бойынша күдікке ілініп, іздеу жарияланған. Видеода ол украиналық төлқұжатын көрсетеді, алайда оның Ресей азаматтығы да бар болуы әбден мүмкін. Стельмахтың айтуынша, ол Шешенстан мен Югославияда соғысқан. Ұшақ апаты болғаннан кейін төрт күннен соң Дзержинск украин әскерінің бақылауына өтті. Әлеуметтік желідегі жазбаларына қарағанда Стельмах көптен бері туған қаласында тұрмаған және 2015 жылдан бері Ресейде, алдын ала мәлімет бойынша, Ростов облысында тұрады. Bellingcat зерттеушілерінің пікірінше, ол ұшақ апаты кезінде "елеулі рөл" атқарған. Өзін өзі жариялаған "Донецк халық республикасындағы" ірі жасақты басқаратын дәл осы Стельмах әуедегі ұшақты ең алғаш байқап, Безлерге хабарлаған. Соның хабарламасынан кейін Игорь Безлер онымен дауласпай, ақырында Бук Boeing-777 жолаушылар ұшағын атып түсірді.

Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған телефон әңгімелерінде Безлер тобының өзге де мүшелері бар. Атап айтқанда Минер және оның тобы.

"Қазір ғана ұшақты құлатты. Минер тобы. Енакиевода құлады" деді Безлер Геранинге. Тағы бір телефон әңгімесінде "Майор" және "Грек" деп аталған адамдар Boeing ұшағын Чернуха блокпостындағы казактар құлатты деп болжам жасайды.

Bellingcat Live journal-да жарияланған бұл әңгімелер мен жазбаларды зерттеді. Осы жазбаларды "Минер тобы" мүшелерінің бірі Евгений Крыжин есімді азамат жариялаған. Ол Донбастағы соғысқа Қиыр Шығыстан келген ресейлік ерікті. Минер деп аталған адамның өзі Игорь Иванович Украинец есімді 1971 жылы туған азамат, Днепропетровск облысының тумасы. Украина ақпарат құралдарының жазуынша, ол 2016 жылы Санкт Петербургтегі Михаилов әскери артиллерия академиясында оқыған. 2014 жылы сәуір айында Луганскідегі Украина қауіпсіздік қызметі ғимаратына мина қойғаны үшін "Минер" деген лақап атқа ие болған.

2014 жылы шілдеде, Boeing ұшағын атардан сәл бұрын, ресейшіл сепаратистер командирі Игорь Стрелков Украинецті Славянск маңындағы Николаевка ауылын дұшпанға тастадың деп кінәлаған (кейін Стрелковтың өзін "Славянскіні беріп қойдың" деп сан рет айыптаған).

Игорь "Минер" Украинецтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен 2012 жылы жойылған парақшасындағы суреті.
Игорь "Минер" Украинецтің "ВКонтакте" әлеуметтік желісінен 2012 жылы жойылған парақшасындағы суреті.

Bellingcat зерттеуі авторлары Безлер Геранинмен әңгіме кезінде Boeing ұшағын атып түсіруге Минердің қатысы бар екені туралы нақты айтпайды. Оның сөзі әртүрлі долбар жасауға азық болады: мысалы, Безлер өз қарамағындағылардың мықты екенін көрсету үшін ресейлік барлаушыларға өтірікті шындай қылып мақтануы мүмкін, немесе ұшақ сол Дзержинскіде осы топтың бақылауындағы аймақтың үстінен атып түсірілгенін меңзеген болуы ықтимал, өйткені ұшақты атқаннан кейінгі алғашқы минуттарда сепаратистер командирлері Boeing-тың қай жерге құлағаны және оны қай тұста атқаны туралы әлі толық білмейтін. Қалай болғанда да, Игорь Украинец пен оның сарбаздарында өте биікте ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағын атып түсіретін техникалық құралдың болғаны күмәнді деп қорытады зерттеу авторлары. Зерттеушілер ұсынған тағы бір болжам аты-жөні аталмаған "еріктінің" 2014 жылғы шілденің 25-і күні Reuters агенттігіне берген сұхбатына негізделген. Онда "Бук" зымыран кешенін Снежное елді мекеніне жеткізуге Минер мен оның тобының қатысы болуы мүмкін, дәл сол себепті Безлер Геранинмен әңгімеде Минерді атаған делінеді.

Bellingcat зерттеушілері апаттан соң оны атып түсірген "Чернухино блокпостындағы казактар" деген болжам да ұшақ құлағаннан кейінгі алғашқы минуттардағы әлем-тапырық кезде пайда болған деп санайды. Ол туралы Майор мен Грек өзара әңгімеде айтады. Чернухино елді мекені ұшақ құлаған тұстан 20 шақырым, ал ұшақты атып түсірген зымыран ұшырылған жерден шамамен 42 шақырым қашықта, Луганск облысы аумағында орналасқан.

"ШЫҒЫС" БАТАЛЬОНЫ ЖӘНЕ АЛЕКСАНДР ХОДАКОВСКИЙ

Александр Ходаковский "орыс көктеміне" дейін Украина қауіпсіздік қызметінің Донецк облысындағы арнаулы операциялар орталығын басқарған. 2014 жылы "Донецк халық республикасы" сепаратистерінің ірі қарулы тобы -"Шығыс" батальонын басқаруға көшті. Bellingcat дерегінше, Ходаковскийдің Boeing апатымен байланысын Украина қауіпсіздік қызметі жазып алған телефондағы екі әңгіме дәлелдейді. Бұл жазбаларда Bellingcat Ресей қарулы күштері бас барлау басқармасымен байланысы бар деп тапқан "Донецк халық республикасы" барлау қызметінің басшысы Сергей Дубинский (Хмурый) Украина арнаулы қызметі өкілдері "Бурят" және "Саныч" деп атаған адамдармен сөйлеседі.

Украина қауіпсіздік қызметіне сенсек, телефон жазбасы шілденің 17-сі күні жазылған. Жазбада "Бурят" "Донецкіге енді ғана әкелген сұлуын көлікке қашан арту керегін" сұрайды. "Хмурыйдың" "Бұл мен ойлаған зат па?" деген сұрағына "Бурят": "Иә, Бук, Бук" деп жауап берген. Бірнеше минуттан кейін "Хмурый" "Санычпен" зымыран құрылғысын қайда жеткізу керегін талқылайды. Нақты тапсырмалар алған соң, ол қол астындағы қызметкерлердің біріне хабарласып: "Картадан Первомайское деген жерді қарашы. Сол ауданға тоқтайсың. Сенің міндетің – қазір апаратын затыңды қорғау" дейді.

Bellingcat Дубинский-Хмурыйға үлкен зерттеу арнап, Азаттықтың Орыс қызметі бұл туралы 2017 жылдың ақпанында толық жазған. Енді "Саныч" лақап атымен белгілі қызметкердің артында қандай адамдар тұрғаны белгілі болды. "Саныч" пен "Буряттың" "Бук" құрылғысының тасымалына тікелей қатысы бар болуы мүмкін. Сондықтан олардың түсініктемесі халықаралық тергеу үшін өте маңызды. Сергей Дубинский "Бук" құрылғысының тасымалына қатысы барын толықтай жоққа шығарады.

"Бурятпен" әңгімеде Дубинский "Бук" құрылғысы "Шығыс" батальонындағы танктер сапына қосылуы керегін айтады. "Санычпен" сөйлескенінде ол "Бук" артылған жүк көлігін танктер сапына қосу үшін қайда апару керек деп сұрайды. Кейінірек бір сұхбатында "Хмурый" Boeing апатының алдында Ходаковский оған әскери күшін нығайту үшін өз батальонынан үш танк беруді ұсынғанын айтқан. Дәл осы сұхбатта Дубинский Ходаковскийдің қарамағында істейтін "Сан Санычтың" атын атайды. Bellingcat зерттеуінің авторлары Украина қауіпсіздік қызметінің жазбаларындағы "Саныч" – 1967 жылы желтоқсанның 21-і күні Донецкіде дүниеге келген, "Шығыс" батальонындағы Ходаковскийдің орынбасары, кейінірек "Донецк халық республикасының" экономика вице-премьері болған Александр Александрович Семёнов деп көрсетеді. Оның әлеуметтік желідегі парақшаларына қарағанда, Семёнов қазір де Донецкіде тұрып жатқанға ұқсайды. Ходаковскийдің өзі 2018 жылы Ресейге көшкен.

Александр Семенов (сол жақта) пен Александр Ходаковский ресейшіл сепаратистер жиынында. Донецк, 1 наурыз 2014 жыл.
Александр Семенов (сол жақта) пен Александр Ходаковский ресейшіл сепаратистер жиынында. Донецк, 1 наурыз 2014 жыл.

Bellingcat "Шығыс" батальонының "Бук" құрылғысын тасудағы рөлін маңызды деп есептемейді. Аудиожазбалардағы ақпаратқа қарамастан, видеода "Шығыс" танктері "Бук" құрылғысы жанында болғаны тіркелмеген. Ходаковский да барлық сұхбатында өзі басқаратын батальон танктерінің зымыранға жақын жерде болмағанын айтқан. Бірақ Reuters журналисіне берген сұхбатында Ходаковский сепаратистерде "Бук" құрылғысы барын білгенін мойындаған.

Bellingcat зерттеуінде Ходаковскийдің Boeing апатынан кейін ұшақтың "қара жәшігін" ЕҚЫҰ қызметкерлерінен жасыруға көмектескені айтылады. Бұл туралы Ходаковский Украина қауіпсіздік қызметі жазып алған "Донецк халық республикасы" төтенше жағдайлар министрлігінің екі қызметкерімен (олардың бірі "Алексей", болжам бойынша, ведомство басшысы Алексей Кострубицкий болуы мүмкін) телефон әңгімесінде айтады.

"ГЮРЗА" ЖӘНЕ "КІТАПХАНАШЫ" (НЕМЕСЕ "БУРЯТ")

Bellingcat материалының келесі бөлігінде Boeing апатына қатысы бар деп танылған сепаратистердің тағы екі өкілі туралы жазылған. Олар - Украина қауіпсіздік қызметі ұшақ апатынан соң келесі күні жариялаған телефон жазбасында Сергей Дубинский атаған "Гюрза" және "Кітапханашы" лақап атымен белгілі азаматтар. Украина қауіпсіздік қызметі өкілдерінің айтуынша, олар телефон арқылы таңертеңгі сағат 9.45 кезінде сөйлескен. Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған басқа телефон жазбаларына қарағанда, мұнда Дубинскийдің сөйлескен адамы "Донецк халық республикасының террорисі" деп аталады. Өйткені жазба жарияланған кезде Украина қауіпсіздік қызметі Дубинский сөйлескен адамның не шынайы, не лақап атын білмеген.

– Мені мұқият тыңда. Қазір "Кітапханашымен" хабарлас, Мотелевский айналмасынан кейін не тұрғанын түсінген шығарсың. Ол жаққа оралғандардың ішінен өзіне керек адамдарды аласың. Қалғандарын осында қалдырасың. Ол жаққа барсаң, сол маңда Первомайское деген жер бар, картадан қара.

– Түсіндім.

– Сол жерге бекінесің, өзіңмен қалғандарды жаныңа аласың. Сенің міндетің – қосымша күш болу. Одан бөлек, қазір апара жатқан затыңды қорғау. "Гюрза" да сонда келеді. Бір жағдай болса, байланыстамын.

"Кітапханашы" - қолға түскен телефон жазбаларының ішінде шын аты-жөні анықталмаған жалғыз адам. Бірақ Украинаның БҰҰ халықаралық сотына берген шағымы мен оған қосымша тіркелген сепаратистердің телефон жазбалары мәтінінен Дубинскийден "Сұлуды" (Бук) қайда арту керек?" деп сұраған "Бурят" пен "Кітапханашы" лақап аттарының артында бір адам тұрғанын байқауға болады. Bellingcat "Гюрзаның" кім екенін анықтаған. Зерттеушілердің топшылауынша, "Гюрза" - апат болған кезде "Донецк халық республикасы" бас барлау басқармасының 2-бөлімін басқарған Олег Юлдашевич Пулатов. Пулатов пен "Гюрза" арасындағы байланысты анықтауға сепаратист басшылар арасында танымал forum-antikvariat.ru және glav.su форумдары көмектескен. Пулатов форумда "Халиф" деген атпен Игорь Стрелковпен (форумда "Котыч" деп тіркелген) және Дубинскиймен (форумдағы аты "Плохой солдат") сөйлескен.

Бір хабарламасында "Халиф" "Плохой солдатпен" жеке әңгімесінен үзінді жариялаған. Жеке хабарламада "Халиф" "Плохой солдатты" Олег деп атаған. Кейінірек бұл ақпарат "Русское отечество" форумына жетекшілік ететін азаматтың қолына түскен. Пулатов-Гюрза суреттері 1990 жылы өзі бітірген Киев жоғарғы жалпы әскери командалық училищесінің сайтынан табылған. Сайтта сондай-ақ Пулатовқа 2002 жылы ақпанда "әскери қызметін үлгілі атқарғаны және Отанына адал қызмет еткені үшін" Ресей президенті Владимир Путиннің атынан берілген алғыс хаттың көшірмесі тұр.

Олег Пулатов әуе-десанттық әскерде болып, 2008 жылы подполковник шенінде қызметінен босатылған. 2014 жылы бұл шешімге қарсы болып, сотқа жүгінген. 2014 жылы қазанда Ульяновск соты онымен азаматтық некеде тұратын әйелдің 2013 жылдан бері "әскери қақтығыс аймағында жүрген" Олег Пулатовты пәтерге иелік ету құқығынан айыру туралы өтінішін қанағаттандырған. Пулатов "Донецк халық республикасына" қосылған кезде, оның өміріндегі қиындықтар туралы жоғарыда аталған форумда Сергей Дубинский жазған. 2018 жылы Пулатов Луганскіде тұтқындалып, 80 күн қамауда болған. Ол шілденің 15-і күні – Боинг апатына 4 жыл толуға екі күн қалғанда босап шыққан (форумда Пулатов "өзін зынданға не үшін тастағандарын" түсінбейтінін жазған). "ВКонтакте" желісіндегі парақшасынан (Пулатов онда маусымның 12-сі күні болған) бөлек, ол "Одноклассники" желісінде екі парақша жүргізеді. Оның бірі "Қасиетті Сталин", екіншісі – "Қасиетті Сталиннің халифаты" (парақша атаулары араб тілінде жазылған) деп аталады. Пулатов бұл парақшалар арқылы бірнеше рет forum-antikvariat.ru форумына суреттер мен видеолар жариялаған. Парақшаларда оның туған күні 1966 жылғы шілденің 24-і деп көрсетілген. 2017 жылы Пулатов бұл форумға MH17 рейсі апатқа ұшыраған жерге 20 минуттан соң келдім деп жазған. Ол кең таралған "ұшақ алдын ала өлтірілген азаматтарға толы болған, апат орнында "ісінген" денелер жатты" деген нұсқаны өзі шығарғанын мойындаған. Қазір Пулатовтың қайда тұратыны анық емес: шілденің 17-сі күні Луганск түрмесінен босағанына екі күн болғанда ол: "Біздің аумақта жүрмін... құқықтық зонада (жас әрі рухты мемлекетте)..." деп жазған.

Игорь ("Бес") Безлер.
Игорь ("Бес") Безлер.

Боингты атып түсіруден бір тәулік бұрын 2014 жылы шілденің 16-сы күні Пулатовтың бейнесі Игорь Стрелковтың LifeNews тілшісіне Мариновка ауылындағы шабуыл туралы айтып тұрған видеосында кездеседі. Видео Степановка ауылынан солтүстік-батысқа қарай орналасқан алаңда, "Бук" зымыраны ұшырылған орыннан небәрі 3 шақырым жерде түсірілгені анықталды. Видеода Пулатов Стрелков сұхбатын бөліп, оған украин әскерінің минометтен атқылағаны туралы хабарлайды. Стрелков Пулатовқа қарсыластың орнын анықтап, оған шабуыл жасауды тапсырады. Видеода өзін ту сыртынан түсірген кадрды Пулатов кейін "Одноклассникидегі" негізгі суреті етіп қояды.

"КӨРТЫШҚАН", "РЯЗАНЬ", "ЖЫЛАН", "БОЦМАН"

Bellingcat тобы зерттеуінің соңғы бөлімі қауіпсіздік қызметі мен бірлескен тергеу тобы жариялаған сепаратистердің басқа телефон жазбаларына арналған. Онда Олег пен Лёня есімді адамдар апат күні зымыран ұшырылған алаңға барар жолды талқылайды.

Украинаның БҰҰ халықаралық сотына Ресейдің үстінен түсірген шағымында бұл әңгіменің мәтіні бар. Онда телефон арқылы сөйлескен адамдар "Көртышқан" және "Жылан" деп аталған. "Көртышқанның" Игорь Стрелковпен әңгімесі Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған жазбада да кездеседі. Бұл жазбаны Украина қауіпсіздік қызметі 2014 жылы шілденің 25-і күні Донецк облысындағы Украина күштерін Ресей әскері өз аумағынан атқылағанын дәлелдеу үшін жариялаған.

"Көртышқан" мен "Жылан" лақап аттарын алған азаматтардың кім екенін Сергей Дубинскийдің өзі glav.su. форумындағы жазбаларының бірінде айтып қойған. Жазбаға сәйкес, "Көртышқан" Константиновканың бұрынғы коменданты, майор Леонид Владимирович Харченко болып шықты. Интернетте Харченконың 2015 жылы берген видеосұхбаты бар. Онда ол өзін шын атымен таныстырып, "Донецк халық республикасының" бас барлау басқармасы 2-ші бөлімінің басшысы екенін айтады. Бұл оның 2014 жылы жазда Пулатовтың қол астында істегенін, кейіннен оның орнына тағайындалғанын білдіреді. Осылай ол екеуі 2014 жылы шілденің 17-cі күні Boeing құлаған жерге жақын маңда болған деген болжам расталады. Харченко 1972 жылы қаңтардың 10-ы күні Константиновкада туған. Украинаның шығысында соғыс басталғанға дейін оның қайда істегені белгісіз. Леонид Харченконың дауысы бірлескен тергеу тобы жариялаған тағы екі жазбада кездеседі. Онда Харченко Дубинскийге "Букты" Ресейге сәтті жеткізгені туралы есеп береді. Қазір Харченконың қайда жүргені белгісіз, бірақ 2017 жылы ВКонтакте желісінде Андрей Комчатов деген қолданушы Игорь Стрелков жазбасының астына бірнеше пікір қалдырған. Пікірлердің мазмұнына қарап, "Көртышқанды" Ресейдің Ростов облысында Boeing апаты туралы тым көп білгені үшін өлтіріп кеткенін түсінуге болады.

Леонид Харченко ("Крот").
Леонид Харченко ("Крот").

Бірлескен тергеу тобы 2015 жылы куәгерлерді Boeing апаты туралы түсініктеме беруге шақыру үшін жариялаған сепаратистердің тағы бір телефон жазбасында "Көртышқан"-Харченко "Рязань" деген лақап аты бар адаммен сөйлеседі. "Рязань" "Көртышқанға" "Бук" экипажы мүшелерінің бірі басқалардан қалып қойып, бағытынан жаңылып, блокпостқа келгенін айтады. Харченко "Рязаньға" оны дереу Boeing апатқа ұшыраған жерге жақын Снежное елді мекеніне апаруды тапсырады. Бұл диалогты ұшақты атып түсірген "Бук" зымыранын жергілікті жерді жақсы білмейтін ресейлік экипаж басқарғанына жанама дәлел деп есептеуге болады.

Bellingcat зерттеушілері дауыс ырғағына қарап, "Рязань" Харченконың "Көртышқан" барлау батальонында істеген Эдуард Гилазов екенін анықтаған. Із-түзсіз жоғалып кеткен оны 2015 жылы өлгендер қатарына қосқан. "Жылан" лақап атымен белгілі азаматтың шын аты-жөні Олег Шарпов деп айтылады. Ол – Славянск, Новопавловкада болған қақтығыстарға ("Луганск халық республикасы") қатысқан барлау взводының "Үлкен жылан" деп аталатын командирі. 2014 жылы қыркүйекте Шарпов ауыр жараланып, 2014 жылы қарашаның 3-і күні қайтыс болған.

Bellingcat зерттеуіндегі соңғы кейіпкер – "Боцман" деген лақап атпен белгілі сепаратист. Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған телефон жазбаларында ол қиын әскери ахуалға шағымданып, таңертең көптен күткен "Бук" зымыранына қол жеткізгенін айтқан Сергей Дубинскийге көмек беруді ұсынады. "Боцманға" "Кеше екі ұшақты атып түсірдік, бүгін де екіншісін құлаттық" деген Дубинский бұл кезде әлі азаматтық ұшақ атып түсірілгенін білмейтін болуы керек.

Bellingcat зерттеуінде "Боцман" Шешенстан мен Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Игорь Безлердің маңайындағы офицер ретінде таныстырылған. 2014 жылы жазда ол Горловканы Украина әскерінен қорғау операциясын басқарған. Одан бұрын Славянскідегі қақтығысқа қатысып, соғыста көзінен айырылған. Болжам бойынша, "Боцман" 2016 жылы қаңтарда Ресейде өкпе қабынуынан қайтыс болған. Осыдан кейін оның әскери серіктері мен туған ағасы "Боцманның" шын аты-жөні Сергей Сергеевич Поваляев екенін ашып айтқан. "Боцман" мен Поваляев арасындағы байланыстың қалай анықталғанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.

Зерттеудің қорытынды бөлігінде Сергей Дубинский мен ол басқарған "Донецк халық республикасы" бас барлау басқармасының қызметкерлері "Бук" зымыранын Украинаға жеткізіп, Boeing апатынан кейін оны шұғыл түрде Ресейге қайтаруға жауапты болғаны айтылады. Игорь Безлер мен оның қарамағындағы қызметкерлер шілденің 17-сі күні әуедегі жолаушылар ұшағын басқалардан бұрын көріп, оны Украинаның әскери ұшағы деп қабылдаған. Бірақ олардың "Бук" зымыранын басқарған ресейлік экипажға ұшақты атып түсіру туралы бұйрық берген-бермегені белгісіз. Бұл әрекеттердің барлығы осы оқиғаға қатысушылардың ішінде ең жоғарғы шенге ие Игорь Стрелковтың (Гиркин) рұқсатымен жүзеге асқан. Зерттеу авторларының айтуынша, зерттеу толықтай ашық деректерден алынған мәліметтерге негізделген және 2018 жылы шілденің 17-сі күні болған оқиғалардың жаңа қырын ашуға көмектесуі мүмкін. Оқиға қатысушыларының көбі өлген, олардың кейбірі күдікті жағдайда қайтыс болған.

Апатты оқиғаның хронологиясын қалпына келтіріп, Boeing жолаушылар ұшағын атуға кім бұйрық бергенін анықтау үшін куәгерлердің түсініктемесі керек. Голландиялық тергеушілер барлық куәгердің атын жасырын сақтауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік береді. Бірақ голландиялық тергеушілерге ақпарат беруге келіскен куәгерлердің бар-жоғы белгісіз. 2019 жылдың ақпанында Нидерланд пен Австралия үкіметі Донбасс үстінде шабуылға ұшыраған MH17 жолаушылар рейсі апатындағы Мәскеудің құқықтық жауапкершілігін анықтау үшін бес жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет Ресеймен дипломатиялық байланыс жасады. Нидерланд сыртқы істер министрі Стеф Блок елдің Мәскеумен байланысына "позитивті және конструктивті" деген баға берді. "Америка дауысы" Стеф Блоктың "Дипломатиялық байланыс MH17 апаты үшін ұлттық жауапкершілік бойынша келіссөздерді бастау мүмкіндігін тексеру мақсатында орнады" деген мәлімдемесін жариялады. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко Ресейдің "диалогқа дайын екенін" айтып, құқықтық әріптестік аясында Нидерланд тергеушілеріне Ресей мамандары берген деректер әлі де негізге алынбағанын атап өтті. Boeing апаты бойынша соттың қашан басталатыны белгісіз. Бірақ 2018 жылы қараша айында қаза тапқандардың туыстары Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі сотқа Ресейдің үстінен шағым берді. Шағымда Ресей үкіметінің халықаралық тергеу тобына оқиғаны зерттеуге қажет деректерді беруден бас тартып отырғаны, ал бұған дейін берілген ақпараттың жалған екені айтылған.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутовтың мақаласынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG