Accessibility links

«Ресей өз көрін өзі қазып жатыр»


Ресейшіл сепаратистер Украинада "Бук" зымыран кешенімен атып құлатылған Малайзия жолаушылар ұшағының қирандысының жанында жүр. Украинаның шығысы, 20 шілде 2014 жыл.
Ресейшіл сепаратистер Украинада "Бук" зымыран кешенімен атып құлатылған Малайзия жолаушылар ұшағының қирандысының жанында жүр. Украинаның шығысы, 20 шілде 2014 жыл.

Сәрсенбі күні Нидерланд прокуратурасы басқаратын халықаралық тергеу тобы 2014 жылы шілденің 17-сінде Донецк үстінде атып түсірілген Малайзия әуе желілеріне тиесілі Boeing ұшағы апатына қатысты тексерудің алғашқы қорытындыларын жариялады.

Тексерудің басты қорытындысы – жолаушылар ұшағын атып түсірген "Бук" зымыран қондырғысы Украинаның Донецк облысына Ресейден жеткізілген, ұшаққа тиген зымыран өздерін «Донецк халық республикасы» деп атайтын сепаратистер бақылауындағы территориядан атылған.

Бірақ сәрсенбі күні халықаралық тергеу тобы (Joint Investigation Team) өкілдері аузынан Кремльді тікелей айыптайтын сөздер шыққан жоқ. Азаттықтың Орыс қызметіне бүгін жарияланған деректерге қатысты іле-шала комментарий берген Bellingcat тергеу тобы мүшесі Арик Толер «Бұл - Ресейге өзіне өзі қазған көрінен бір қадам шегінуге берілген соңғы мүмкіндік» дейді. Қасірет болған күннен бері Bellingcat тобы Вoeing апатын интернеттегі ашық деректер арқылы тексерумен айналысқан, халықаралық тергеу тобының қорытындылары олардың болжамына толық сай келеді.

MH17 рейсі ұшағының апаты туралы халықаралық тергеу тобының алғашқы есебін таныстыру сәті.
MH17 рейсі ұшағының апаты туралы халықаралық тергеу тобының алғашқы есебін таныстыру сәті.

Азаттық: - Халықаралық тергеу тобының бүгінгі баяндамасынан алған әсеріңіз қандай?

Арик Толер: - Мен бұған таңғалған жоқпын, өйткені МН17 рейсі ұшағын атып түсірген «Бук» туралы негізгі деректер зымыранның атылған орны, «Бук» тіркелген көлік , жүрген маршруты, шекарадан өткен, кері қайтқан күндері жайлы соңғы екі жарым жыл бойы біз жинаған ақпаратқа сәйкес шықты. Ал тергеу тобының біз білмейтін жаңа айғақтарды жариялағаны мен үшін тосын болды. Мысалы, атылған зымыранның аспандағы ізінің жаңа фотосуреті. Ол зымыранның қай тұстан атылғанын дәл есептеуге әрі тағы да дәлелдеуге мүмкіндік берді. Апаттан кейін іле-шала Paris Match журналы жариялаған «Буктың» екі фотосуреті видеодағы кадрлар екенін біз бұған дейін де білгенбіз. Бірақ біз видеоның өзін көреміз деп ойлаған жоқпыз. Оны бүгін көрдік. Баяндамада жаңа айғақтар бар, бірақ жарияланған айғақтардың көбі бізге бұрыннан мәлім болатын.

Азаттық: - ​Бүгінгі баяндамадан МН17 рейсі апатын тексеру ісінде айтарлықтай ілгерілеу барын байқадыңыз ба?

Арик Толер: - Иә, апатты тексеру көп ілгерілегенін көрсететін бірнеше маңызды жайттарды байқадым. Көңілім толды. Бұған қуаныштымын, өйткені Нидерланд қауіпсіздік кеңесі баяндамасынан кейін тексеру барысынан түңілген адамдар көп болған. Енді бізде сепаратистердің апаттан бір күн бұрынғы, ұшақты атып түсірген күнгі және оның ертеңіндегі телефон арқылы сөйлескен сөздері бар. Тергеу тобы Ресейдің апатқа қатысы бар екенін дәлелдейтін көптеген айғақ тапқанымен, сақтық танытып отыр деуге болады.

Азаттық:​ - Сіз халықаралық тексеру тобы «Бук» қондырғысының Украинаға Ресейден жеткізілгенін мойындағанымен, апатқа Ресейдің қатысы бар деп бүгін тағы ресми мәлімдемегенін меңзеп отырсыз ба?

Арик Толер: - Иә. Олар Ресейдің қатысы бар деген фактіні мойындады, бірақ бұл елдің қорғаныс министрлігін де, оның әлдебір әскери бөлімшелерін де тікелей айыптаған жоқ.

Азаттық: - ​Халықаралық тергеу тобы ешкімнің аты-жөнін атамағанымен, апатқа 100 шақты адамның қатысы бар екенін айтты. Бұл мәлімет Bellingcat тобы әскери қызметшілері апатқа қатысы бар деп санайтын Курскідегі 53-зенит зымыран бригадасы туралы мәліметтерге сәйкес келе ме?

Арик Толер: - Меніңше, олар бұл мәліметке шекараның арғы бетіндегі адамдарды, яғни сепаратистерді қосқан. Меніңше, әлгі 100 адамның көбі - ресейлік әскерилер, олардың ішінде 53-бригада ғана емес, «Буктерді» Ресейдің оңтүстігіне қайта апарған бөлімшелердің әскерилері де бар. Ал қалғандары – сепаратистер немесе ресейлік «еріктілер».

53-зенит зымыран бригадасының жауынгерлері Курскіде "Бук" құрылғысы жанында тұр.
53-зенит зымыран бригадасының жауынгерлері Курскіде "Бук" құрылғысы жанында тұр.

Азаттық:​ - Халықаралық тергеу тобы өзге де деректер бар екенін, бірақ әлі аяқталмаған тексеру жұмыстарына кесірін тигізбес үшін оларды әзірше жариялай алмаймыз деп мәлімдеді. Олар қандай айғақтар деп ойлайсыз?

Олар бәрін терістеп жатқан Ресейге өзі қазған көрден бір қадам шегінуге мұрсат беру үшін тартынып отырған сияқты.

Арик Толер: - Тергеушілердің қолында әлі талай ақпарат бар әрі әлі түсіп жатқандары да жетеді. Олардың қолында апатқа қатысы бар деп ойлайтын немесе тіпті нақты білетін ресейлік солдаттардың аты-жөндері бар екеніне сенемін. Бүгінгі баспасөз жиынында олар видеолардың біріндегі үш секундтық қана үзікті - «Бук» зымыранының нақты индексін өшіріп, «9М38» деген бірінші бөлігін ғана көрсеткенін байқап қалдым. Видеода соңғы екі таңба - талай дау болған әрі Курскідегі 53-бригаданың қару-жарақ есебінде тұрған «Буктардың» «М1» индексін бояп қойған. Олар (тергеу тобын айтады – ред.) бәрін терістеп жатқан Ресейге өзі қазған көрден бір қадам шегінуге мұрсат беру үшін тартынып отырған сияқты.

"Бук" зымыранын атқан жердегі күйген топырақ.
"Бук" зымыранын атқан жердегі күйген топырақ.

Азаттық:​ - Халықаралық тергеу тобы куәлерді немесе Boeing ұшағына жасалған шабуылға қатысы бар адамдарды іздеуді есептемегенде, тағы қандай қадамдарға бара алады?

Арик Толер: - Олар енді телефон арқылы сөйлескен адамдарды, мысалы «Орион» есімді Андрей Ивановичті іздейтіні анық. Табылуы тиіс айғақтардың бәрі табылып, зерттеліп, қайта тексеріліп бітті. Сондықтан енді тек арнайы ғылыми әдістерге сүйену немесе біреу өз еркімен тергеу тобымен байланысқа шығып, әлдебір жаңа деректер береді деген үміт қана қалады.

Халықаралық тергеу тобы жариялаған телефон әңгімесіндегі «Орион» мен «Дельфиннің» дауыстары:

Азаттық:​ - Ресейдің ресми тұлғаларының халықаралық тергеу тобы жариялаған баяндамаға қатысты мардымсыз реакциясын қалай бағалайсыз? Мария Захарова тексерудің «саяси реңкі бар», ал «Алмаз-Антей» өкілдері «Нидерланд есебінде Boeing ұшағының зақымдары дұрыс көрсетілмеген» деп мәлімдеді.

Арик Толер: - Басқа не десін, бұл - олардың соңғы қорғанысы. Захарова «саяси реңкті баяндама» деп ойлай ма екен? Олай болса, Ресей армиясының қатысы бар екені туралы тіке айтылатын немесе ресейлік солдаттардың нақты аты-жөндері аталатын келесі баяндаманы күтсін.

Азаттық:​ - Радар тіркеген жаңа деректерді Ресей қорғаныс министрлігі неліктен халықаралық тергеу тобының бүгінгі баспасөз жиынынан бірнеше күн бұрын ғана жариялады деп ойлайсыз?

Халықаралық тергеу тобы есебінен бірнеше күн бұрын ғана Ресей қорғаныс министрі жариялаған Ростов облысындағы радарлардың мәліметі.
Халықаралық тергеу тобы есебінен бірнеше күн бұрын ғана Ресей қорғаныс министрі жариялаған Ростов облысындағы радарлардың мәліметі.

Арик Толер: - Жақсы сұрақ. Меніңше, мұның бірнеше себебі бар. Мысалы, Ресей тергеу комитетінің өкілі Владимир Маркин радарда тіркелген жаңа деректерді жариялаудан бірнеше күн бұрын отставкаға кетті. Есіңізде болса, ол Boeing ұшағын Украинаның Су-25 жойғышы атып түсірді деген теорияны жанталаса жақтағандардың бірі болатын. Енді ол отставкаға кетіп, бірнеше күннен кейін әуеде Boenig жанында ешқандай жойғыш ұшақ болмағанын дәлелдейтін жаңа айғақтар жарияланды. Ресей сәл тартынып, шындықты аз да болсын көрсеткісі келді деп ойлап қалуға болар еді. Бірақ меніңше, мұның себебі басқа. Олар әлгі ақпаратты халықаралық тергеу тобы баяндамасына бірнеше күн қалғанда «Міне, қараңдар, олар тексерген кезде біздің жаңа деректерімізді ескермеген, сондықтан тексеру әділ емес» деп мәлімдеу үшін екі жыл бойы ұстап отырды. Бұл - халықаралық тергеу тобы жұмысының бағасын түсіру үшін жасалған амал.

Мәскеуліктердің MH17 рейсі апатына қатысты тексеру деректері жайлы пікірі:

Москвичи о выводах следствия по MH17
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Сәрсенбі күні халықаралық тергеу тобы MH17 рейсі апатын тексеру мерзімін 2018 жылға дейін созатынын хабарлады. Апатта ұшақтағы 298 адам түгел қаза тапты, оның 196-сы - Нидерланд азаматтары. Австралия, Бельгия, Малайзия және Украина өкілдері де кірген халықаралық тергеу тобын Нидерланд басқарады.

XS
SM
MD
LG