Accessibility links

Шахан тұрғындары орталық жылу беру жүйесін әлі күтіп жүр


Ақтау ауылындағы үйлердің бірі, бұл жердің автономды жылыту жүйесі жеке қазандыққа ауыстырылған. Қарағанды облысы, 21 қыркүйек 2018 жыл.
Ақтау ауылындағы үйлердің бірі, бұл жердің автономды жылыту жүйесі жеке қазандыққа ауыстырылған. Қарағанды облысы, 21 қыркүйек 2018 жыл.

Көп қабатты үйдің жертөлесіндегі қолдан жасалған қазандық жарылып, адамдар қаза тапқан Шахандағы қайғылы оқиғадан кейін Қарағанды облысының билігі көп қабатты тұрғын үйлердегі автономды жылыту жүйесін жеке қазандыққа көшіруді жоспарлаған еді. Бірақ бұл жоспар жартылай ғана орындалды.

2017 жылы қаңтарда болған апатты жағдайдан соң жергілікті билік Қарағанды облысындағы төрт елді мекен – Шахан, Ақтау, Ағадыр ауылдары мен Саран қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің жылыту жүйесін қайта жасауды қолға алды.

2017 жылдың басында Шахандағы үйдің жертөлесіне салынған жылыту қазандығы жарылып, бес қабатты панель үйдің кіре берісі тұтас құлап, тоғыз адам опат болған.

Сурет-көрме: Шахандағы жарылыстан кейінгі тіршілік (Орыс тілінде)

Осы төтенше жағдайдан соң билік СССР тарағаннан кейін орталықтан жылыту қазандығынсыз қалған тұрғын үйлердің жағдайына назар аударды. Адамдар үйді шама-шарқынша жылытуға тырысқан: бірі шағын пешке көмір мен ағаш жаққан, енді бірі электрлі қазандық, үшіншісі автономды жүйе қолданған.

Шахандағы жарылыстан соң шенеуніктер тексеріс жүргізді. Содан соң көп қабатты үйлердегі жылыту қазандықтарын алып тастап, бір-екі үйге арналған, жеке тұратын модульді қазандықпен жабдықтауды жоспарлады. Бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, жұмыс әлі бітпеген.

АҒАДЫР КҮТІП ОТЫР

Ағадыр ауылы – Қарағанды облысы Шет ауданындағы тұрғыны ең көп елді мекен. Ол Қарағандыдан оңтүстікке қарай 130 километр қашықтықта орналасқан. Тұрғын үйлердің ғимаратындағы жертөледен қазандықты шығару тізімінде Ағадыр ең соңғы болып тұр.

Бұнда қазандықты көшіру жұмыстары әлі басталған жоқ, себебі жоба-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамада жатыр. Биліктің айтуынша, Ағадыр үйлеріндегі қазандық "көлденең" типке жатады, сондықтан "қатты алаңдауға негіз жоқ". Бірақ бұндай қазандықты бәрібір де алып тастау керек. 11 көпқабатты үйдегі қазандықты қауіпсіз қашықтыққа апару керек дейді.

- Бюджет қаражатын үнемдеу үшін ол жаққа бес қазандық салу жоспарланған. Ол 11 үйді орталықтан жылытады, ақша көп керек болғандықтан ауданға осылай жасаған дұрыс. Бұлардан басқа үйлердің жертөлесінде қазандық пен АЖЖ (автономды жылыту жүйесі) жоқ, қайғылы оқиғадан соң тексеріс жүргіздік, - деді Азаттыққа Қарағанды облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Ұлантай Үсенов.

Бұған дейін облыс билігі тұрғын үй ғимараттарынан автономды жылыту жүйесін көшіру бойынша кестеден қалып жатқан Шет ауданындағы қызметкерлерін сынға алған еді.

ЕҢ АЛДЫМЕН "ТІК" ҚАЗАНДЫҚТАРДАН ҚҰТЫЛУ КЕРЕК

Алдымен Шахан мен Ақтаудағы "тік қазандықтарды" шығару керек. Осындай қазандық түрлері ерекше қауіпті саналады екен. Азаттық тілшісі сөйлескен ауыл тұрғындары Шахандағы жағдайдан соң жертөледегі қазандықты шығарғандарын растады.

- Қазандықтың бәрі далаға шығарылды. Жылы болды. Бірақ олардың іші тар, - дейді Шахан ауылының тұрғыны Светлана Ержұманова.

Ақтау ауылының тұрғыны Николай Беликов жертөледе автономды жылыту жүйесі болған бірнеше үй бар екенін айтты.

– Қазір олардың бәрін алып тастады. Солай қауіпсіз дейді. Бірақ жылыту жүйесі мәселесі толық шешілді деуге келмейді. Көп қабатты үйлерді орталық жылыту жүйесіне неге қоспасқа? Қазандық қойса, адамдардың қазандыққа көмір алуына неге жеңілдік жасалмайды?, - дейді Николай Беликов.

Бізде сегіз пәтер бар, әрқайсы бу жүйесімен жылытылады – біреу асүйге, біреу әжетханасына пеш қойып алған. Солай тұрып жатырмыз

Қазіргі кезде Шахан мен Ақтау ауылдарындағы үйлердің жертөлесінен 18 автономды жылыту жүйесі алынған. Саран қаласындағы 19-шы автономдық жылыту жүйесін мамандар қазанның 1-не дейін аяқтаймыз деп уәде берген екен. Ол адамдар тұрмайтын ғимаратта орналасқан, бірақ көршідегі төрт подъезд үйді жылытады.

- Екі қабатты үйде тұрамын, бізде сегіз пәтер бар, әрқайсысы бу жүйесімен жылытылады – біреу асүйге, біреу әжетханасына пеш қойып алған. Солай тұрып жатырмыз. Жақында ауылға орталық қазандық салынады деді, жобасы жасалды. Шынымен де салынатын шығар деп үміттенемін, - деді Азаттық тілшісіне Шахан ауылының тұрғыны Юлия Г.

Шаханда 117 көп пәтерлі үй бар. Биліктің есебінше, бірыңғай орталық қазандық салу үшін екі жыл уақыт керек және 2 миллиард 343 миллион теңге (шамамен 6,5 миллион доллар) қажет болады.

Қазандық салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтті, жақында үкіметтің қарауына жіберілді. Жергілікті билік Астана жобаны мақұлдап, қаржы бөледі деп күтеді.

Шахан тұрғыны Светлана Ержұманова қазандықты келер жылдан бастап салар деп үміттенеді. Бірақ шахандықтарға 2012 жылдан бері орталық жылу жүйесін саламыз деп уәде айтылып келе жатқандықтан күмән де жоқ емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG