«РЕСЕЙ ҮСТЕМ РӨЛІН ЕСКЕ САЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
Вашингтонда шығатын Diplomat басылымында жарық көрген мақала Ресейдің Орталық Азия елдерінің ішкі ісіне араласуы тақырыбына назар аударған. «Өзбекстан өзбек тілін бірінші орынға қоя ала ма?» деп аталған мақаланың жазылуына Ресей сыртқы істер министрінің мәлімдемесі және ресми Ташкенттің оған берген жауабы түрткі болған.
Сәуірдің соңында Өзбекстан әділет министрлігі заңға іс жүргізуде өзбек тілін қолданбаған шенеуніктерге айыппұл салуды көздейтін өзгеріс енгізуді ұсынған. Артынша Ресей басылымдарында «Өзбекстанда мемлекеттік органда орыс тілін қолданғаны үшін айып салғалы жатыр» деген сарындағы мақала шықты. Бұған Ташкент қарсылық білдірді. Әділет министрлігінің баспасөз хатшысы Севара Уринбаева мемлекеттік құрылымдарды «өзбек тілін құрметтеуге» шақырып жатқандарын, ал «Ресейдің пропагандашыл сайттарының» Өзбекстан «орыс тілін қолданғаны үшін айып салады» деп жазып жатқанын айтты.
Пікірталас мұнымен бітпеді. 14 мамырда Ресей СІМ өкілі Мария Захарова мәселені «саясиландырып» жіберді деп жазады Diplomat. Ол Өзбекстанда заңға енгізілетін өзгерісті қолдайтындар «тым аз» деді.
«Орыс тілін ресми қолданыста толық қалдыру тарихтың рухына және біздің қазіргі қарым-қатынасымыздың сапасына сай келеді, ең бастысы бұл — көбіне Ресейде білім алуды я жұмыс істеуді қалайтын Өзбекстанның көп азаматының мүддесі» деді Захарова.
Бұрындары Мәскеу Балтық елдеріне, Грузия мен Украинаға тіл мәселесі бойынша осындай пікір айтқан, ал Орталық Азия елдері әдетте мұндай пікірталасқа барыспауға, Ресейдің шамына тимеуге тырысып келген деп жазады басылым. Захарованың мәлімдемесі — «Ресейдің лауазымды тұлғасы осындай ішкі мәселеге байланысты пікір айтқан тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы алғашқы оқиға», деп жазады мақала авторы, АҚШ-тағы CNA Corporation зерттеу орталығыны сарапшысы Умида Хашимова.
Захарованың сыни пікірі жарияланғаннан үш күн өткен соң Өзбекстан сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады, онда Ресей шенеунігінің есімі мүлде аталмайды. Сыртқы саясат мекемесінің мәтіні «Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі пікірге байланысты...» деп басталады. Демек «министрлік мәлімдеменің авторына емес, өз азаматтарына қайырылуды жөн санады» деп жазады мақала авторы.
«Ресей қарым-қатынастағы үстем рөлін баса көрсету үшін бұрынғы совет елдерінің ішкі ісіне араласуды жалғастырып келеді. Орталық Азия мемлекеттері Ресейдің ерекше назарына іліге бастады» деп жазады Diplomat.
Мақала авторы бұған ұқсас оқиғаның соңғы рет 2018 жылы болғанын еске салады. Сол жолы Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеумен келіспестен АҚШ азаматтарына визасыз режим енгізген Қазақстанды сынға алған. Қазақстан Ресеймен бірге Еуразия экономикалық одағына мүше.
«Осы оқиғаға байланысты Қазақстан визаның жайы — егемен елдің ішкі мәселесі екенін, ал ЕАЭО-ның саяси ұйым емес екенін бірден мәлімдеген» деп жазады Diplomat.
Сол жылы Ресейдің ақпарат құралдары Ауғанстанның әскери емес жүгін Қазақстан теміржолымен тасымалдау келісіміне қол қойғаны үшін Нұр-Сұлтанды сынға алған, сонымен бірге Каспий теңізінің жағасында «АҚШ әскери базалары ашылуы мүмкін» деген сөз таратты. Соған байланысты Қазақстан СІМ «Каспийде әскери база салу туралы ешқандай әңгіменің жоқ» екенін, Ресей басылымдары мен сарапшыларының жағдайды әдейі бұрмалап көрсету ниетімен емес, «шынайы ахуал туралы нақты ақпараты болмағаннан» осылай жасады деп үміттенетінін хабарлады.
«Билікке Владимир Путин келгелі Ресей көрші мемлекеттерге отаршылдық үстемдігін қайта арттыру жолына түскен сияқты. Советтік өткен шақты сылтау ету — бұрынғы одақтас республикалардың ішкі ісіне араласуды ақтап алуға мүмкіндік беретін ең ыңғайлы құрал, Захарованың «тарих рухы» туралы сөзі осындай пікірталаста жиі айтылатын тіркес. Ташкенттің бұған берген сылбыр жауабы — нашар прецедент, себебі бұл ел Ресей басқаратын Еуразия экономикалық одағына бақылаушы ретінде кірген» деп жазады мақала авторы.
ЕАЭО-ға мүше бес елдің басшылары (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) осы аптада көзқарас қайшылығына байланысты алдағы бес жылға арналған интеграция стратегиясын қабылдай алмады.
Армения мен Беларусь одақ аясында газдың ортақ тарифі жоқтығына наразы, ал Ресей тығыз интеграция жағдайында ортақ нарық қалыптасқанда ғана бірыңғай тариф болады деді. Қазақстан жағы қазіргі стратегия жобасы «үкімет пен парламенттің егемен құқығын шектейді», Еуразия экономикалық комиссиясының өкілетін кеңейту мәселесіне «байыппен» қарау керек десе, Ресей одақтың осы реттеуші органының рөлін «нығайтуға» құлшынып отыр.
ТЕҢІЗ КЕНІШІН ЖАЙЛАҒАН КОРОНАВИРУС
Британияда шығатын Financial Times газетінде жарық көрген «Коронавирус таралуы кесірінен Қазақстандағы алып кенішке қауіп төнді» деп аталған мақалада жүздеген қызметкерінен COVID-19 шыққан Теңіздегі жағдай туралы айтады.
Сәрсенбі, 20 мамырда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ескерту жасап, кенішті игеріп жатқан консорциумды инфекцияны ауыздықтау шараларын қолға алуға шақырды. Талап орындалмаса, індет өршіп, мекеме күштеп жабылуы мүмкін деді ол. Кеніштегі 950-дей адамның сынамасынан COVID-19 шыққан. Бұл – елде коронавируспен тіркелгендердің 13 пайызы.
«Бұл ескерту — ірі мұнай кенішіне коронавирус қатер төндірген алғашқы жағдай. Бұл оқиға мыңдаған мердігер тар кеңістікте жұмыс істеп, вахтасы біткен соң үйіне қайтатын шалғайдағы энергетика жобаларыларына пандемияның қаншалық қауіпті екенін көрсетеді» деп жазады Financial Times.
Жоба операторы — «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы «өндіріс үздіксіз жүріп жатыр», басшылық «қызметкерлерінің денсаулығын сақтауда барлық шараларды қолданып отыр» деп мәлімдеді.
Инфекцияның таралуына жол бермеу және кешенді тасырмаларды орындайтын дені сау қызметкерлерден тұратын командаларды жасақтау үшін компания маңызды жұмыспен айналысатын қызметкерлерді бөлек «капсулаларға» бөлген.
Теңіз кенішін америкалық Chevron және ExxonMobil, ресейлік «Лукойл» және қазақстандық «Қазмұнайгаз» бірлесіп игеріп жатыр. Түрлі болжам бойынша мұндағы өңделетін мұнай қоры 6-9 миллиард баррельге жуық. Басылымның жазуынша, өнім жобаны жүзеге асыруға «барлаудың кешеуілдеуі, бұрғылаудағы қиындықтар және жұмысшылар арасындағы тәртіпсіздікке себеп болатын (соңғысы былтыр болды) еңбек мәселелері кедергі келтіріп отыр».
Көрші Ресейдегі мұнайлы аудандар да коронавируспен күресіп жатыр. «Роснефть» және «Татнефть» компаниялары, сонымен бірге газ өндіретін «Газпром» мен «Новатек» коронавирустың таралуына байланысты Сібірдегі кей нысандарында карантин жариялап, Ямал түбегіндегі жалғыз әуежайды жабуға мәжбүр болды.
Британдық Reuters ақпарат агенттігінің сайтында жарық көрген «Қазақстан коронавирус кесірінен Теңіз мұнай кенішінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болатын шығар» деген мақалада да Теңіздегі жағдайды талқылайды.
«Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, басшылық пен жергілікті билік жұмысшылар арасында коронавирустың таралуын тоқтата алмаса, Теңіз кеніші жұмысын тоқтатуға мәжбүр болатын шығар» деп жазады Reuters.
Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үштен бірі Теңізден шығады.
Мұнай өндіруші консорциум жұмысшыларынан сынама алып отырғанын, симптомы байқалмайтын, ауруы жеңіл өтіп жатқан қызметкерлерді емдейтін аурухана ашқанын хабарлады.
Reuters-тің жазуынша, Қазақстан коронавирусқа байланысты шектеулерді босаңсытты, бірақ індеттің Теңізде таралуы биліктің назарын аударып, арнайы жоспар әзірлеуге мәжбүр етті.
ПІКІРЛЕР