Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасындағы Бағыс ауылы «тозып барады»


Бағыс ауылының балалары. Оңтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылының балалары. Оңтүстік Қазақстан облысы, 19 желтоқсан 2015 жыл.

Қазақ-өзбек шекарасындағы Бағыс ауылы тұрғындары «ауыл үйлерінің 90 пайызы әлі Қазақстанға ресми тіркелмегеніне, ауылдың тозып кеткеніне» наразы. Ал әкімдік шекараның әлі ратификацияланбағанын айтады.

1 285 адам тұратын Бағыс – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш қаласынан 40 шақырым жердегі Ақжар ауылдық округіне қарайтын ауыл. Қазақстан мен Өзбекстан шекара сызығын белгілейтін кезде дауға түскен (2001-2002 жылдары – ред.) ауылдың жай-күйін біліп қайту мақсатында Азаттық тілшісі Бағысқа барған еді.

Бағыс ауылының түбінен өтіп жатқан шекара сымдары. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылының түбінен өтіп жатқан шекара сымдары. 19 желтоқсан 2015 жыл.

Өзбекстан шекарасы Шымкент жақтан келе жатқанда Бағыс ауылына төрт километр қалғанда көріне бастайды. Оң жақтан созыла жақындайтын шекара сымдары ауылға таяғанда жолмен қатарласады. Шекара қоршауының жақындығы соншалық сары тақтайлардағы «Тоқта. Мемлекеттік шекара» деген ескертпені анық оқуға болады. Әр жерден шекара бақылау мұнаралары мен ондағы сарбаздар көзге шалынады. Тәртіп қатаң екені бірден байқалады.

Жолдың сол жағында, Қазақстан шекарасы ішінде 210 үйлі Бағыс ауылы жатыр. Өрдегі жолдан ойдағы ауыл анық көрінеді. Әр жерден, үй шатырларынан түтін будақтайды. Тілші көлікті тоқтатып, шекара қоршауын суретке түсіргенде ойын балаларының айқайы мен сиырдың мөңірегені, иттің үргені естіліп тұрды.

ШЕКАРА ДАУЫНАН МЕЗІ БОЛҒАН ЖҰРТ

Ауыл тұрғындарымен сөйлескен тілші бұл ауылдың тыныс-тіршілігіне тұтастай шекара мәселесі әсер етіп отырғанын аңдады. Алдымен ұшырасқан 58 жастағы Жетербай Жапбасбаев бірден ауылдың бүгінгі ахуалын баяндап:

- Шекара тартқанда ұлтарақтай жер үшін өліспей беріспейміз деп шықтық. Енді кімнен көмек сұрауды да білмейміз. «Картада жоқсыңдар» деп мектеп құрылысын тоқтатты, газ да тартпай отыр. Не онда, не мұнда жоқпыз. Жұмыссыз жастар қалаға тентіреді. 40 мың теңге зейнетақы мен бір сиыр, бес-алты қойды талғажау етіп отырмыз. Мал жаятын жер де, пайға берілген жер де жоқ, субсидия деген тіпті жоқ, - деді.

Азаттық тілшісінің Бағыс ауылынын түсірген видеосы:

Шекарадағы Бағыс ауылы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

Бір үйде 15 жан тұратынын айтқан ол «жалғыз баспанадан да айырылып қалмаймыз ба деп қорқамыз» деді. Өйткені, мұндағы тұрғын үйлерді 2004 жылы құжаттандырғанымен, 2012 жылы тұрғындар 190 үйдің тұрғындарымен қоса ресми есепке кірмей тұрғанын білген. Бағыстықтар араларынан шығарып «би» сайлаған Абидулла Құсайынов:

- СССР кезінде жұмысымыз Өзбекстанда, азаматтығымыз Қазақстан болды. Екі ел де бізді иеленді. Шекара тартқанда Қазақстанда қалдық. 2012 жылы қуанышымыз су сепкендей басылды. Жер актісі, техникалық паспорт сияқты үй-жай құжатының бәрі бар. Бірақ республиканың бірыңғай базасына енбей тұр. Ратификация бітпей Қазақстанға өтпейді екен, - дейді.

Бағыс ауылын екіге бөліп тұрған арық. Ресми орындар осы арықтың сол жақ бетіндегі 17 тұрғын үйді тізімге алған. Оң жақ беттегі 190 тұрғын үй даулы болып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылын екіге бөліп тұрған арық. Ресми орындар осы арықтың сол жақ бетіндегі 17 тұрғын үйді тізімге алған. Оң жақ беттегі 190 тұрғын үй даулы болып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.

Ауыл «биінің» сөзіне қарағанда, ауылдағы 210 үйдің 17-сі ғана мемлекеттік тіркеуде. Ол үйлер - бұрын ауылды Өзбекстан мен Қазақстанға бөліп жатқан, «шекара» аталып кеткен арықтың сол жағында тұрған баспаналар. Абидолла Құсайынов ратификацияның «сағызша созылуынан» жұрт мезі болғанын, «Бағыс ауылы тозып, ел азып бара жатқанын» айтты.

- Апатты жағдайдағы мектеп орнына жаңасын салуға құжат дайындасақ, осы мәселе (ратификацияны айтады – ред.) көлденең шығады. Газ тартқызайық десек тағы шығады. Туған баланы тіркейін десең де, ескі паспорт алмастырайын десең де шығады. 15 жыл болды, тұрақты ел болмадық, - дейді ол ашуланып.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл халқы мал бағумен айналысып отыр. Бірақ жайылым тар. «Бір жағымыз – шекара, екінші жағымыз - егіндік. Егінді мал жемі үшін ғана саламыз» дейді ауыл «биі».

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Бағыс ауылының бүгінгі ахуалы

- 60 пайыздай елдің күнкөрісі нашар. 20 пайызы қалаға кетті. Жұрттың 10 пайызы ғана (мектеп, амбулатория – ред.) жұмыс істейді. Азаматтар жазда қалада жұмыс істеп келеді де, қыста тапқанын азық етеді. Қазір арамызда қыстық көмірін ала алмай, қиналып отырғандар бар, - дейді ол.

Бағыс ауылын аралаған Азаттық тілшісі 70 жыл бұрын салынған, тозығы жеткен мектепке кіріп шықты. Ауылда екі дүкен, бір жекеменшік балабақша бар. Көшенің екі жағындағы сабаннан салынған үйлердің көбі жөндеусіз. Мұндағы жалғыз жаңалық – жаңа салынған дәрігерлік амбулатория мен үш жыл бұрын төселген, бірақ ендігі жарыла бастаған асфальт көше ғана.

ӘКІМДІК УӘЖІ

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов Азаттық тілшісіне «Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы белгіленген шекараны ратификациялау жұмысы аяқталмағанын» растады.

Бағыс ауылы маңында есекпен қой бағып жүрген адам. 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылы маңында есекпен қой бағып жүрген адам. 19 желтоқсан 2015 жыл.

- Шекара делимитациялау жұмыстары бітті, сымдары тартылды. Енді екі ел парламенті мұны ратификациялау керек. Ол аяқталмай ауылдағы Өзбекстаннан өткен жерлерге кадастр нөмірін бере алмаймыз. Бұл жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкіміне хат жаздық. Бүгін (21-желтоқсан – ред.) жауап алдық. Ратификациялау жұмысы 2016 жылдың соңында бітеді - дейді ол.

Әкімдік өкілдерінің сөзіне қарағанда, «Ауыл тұрғындары жер, мүлік, көлік салықтарының бәрін төлеп келеді. Қазақстан азаматтары ретінде зейнетақылары мен тиісті жәрдемақылардың бәрін алып отыр». Сарыағаш ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы маманы Нұрбол Жұмабектің мәліметінше, Бағыс ауылынан биыл мүлік салығынан – 50 мың, жер салығынан – 52 мың, екі дүкеннен -85 мың, жекеменшік балабақшадан 212 мың теңге бюджетке түскен.

Бағыс ауылының жастары жаздыкүні қалаға жұмыс істеуге кетеді. Қысқа салым ауылға қайта оралады. Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.
Бағыс ауылының жастары жаздыкүні қалаға жұмыс істеуге кетеді. Қысқа салым ауылға қайта оралады. Бағыс ауылы, 19 желтоқсан 2015 жыл.

Ауыл тұрғындарына егін салуға Қазығұрт ауданынан 163 гектар суармалы жер, 107 гектар жайылымдық жер бөлінген. Ал ауыл маңындағы ратификация күтіп, тіркелмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі - 550 гектар.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара келісіміне 2002 жылдың қыркүйек айында қол қойылған. Дау тудырған Бағыс сияқты бірнеше елді мекен Қазақстанға беріліп, есесіне бірнеше ауыл Өзбекстанға өткен. Қазір екі ел арасында даулы аймақ жоқ деп саналады.

XS
SM
MD
LG