Accessibility links

Қырғыз депутаттары қазақ кеденіне наразы


Қазақ-қырғыз шекарасында.
Қазақ-қырғыз шекарасында.

Қырғыз депутаттары «қазақ кеденшілері мен шекарашыларының дөрекілігін» парламентте талқылады. Ал Қазақстанды толғандырып отырған – «алыпсатарларды анықтау» мәселесі.


Қырғыз Жогорку кеңешінің депутаты Исмаил Исаков қыркүйектің 22-сі күні болған парламент отырысында қазақ шекарашылары мен кеденшілерінің әрекетін сынап, «егер бұған билік араласпаса, ушығып кетуі мүмкін екенін» айтты.

ШЕКАРАДАҒЫ КЕЗЕК

– Қазақ шекарашылары мен кеденшілері Кеден одағы ережелеріне сүйеніп, азаматтарымыздың намысына тиеді. Жағдайды жеңілдету үшін Қырғызстанның мемлекеттік кеден қызметіне көрші елдегі әріптестерімен келіссөз жүргізсін деп тапсырма берулеріңізді сұраймын, – деді Исмаил Исаков.

Ол сөз арасында бекетке бірнеше мәрте барып, қырғыз азаматтарының шекараны қалай кесіп өтетінін өз көзімен көргенін де айта кетті.

– Ондағы ұзын-сонар кезек пен соның кесірінен болып жатқан
Қазақ-қырғыз шекарасының Қырғызстан жағы, 16 қыркүйек 2011 жыл.

тәртіпсіздіктерді көрсеңіздер, жағаларыңызды ұстайтын едіңіздер, – дейді Исмаил Исаков.

Ал оның әріптесі Тұрсынтай Салимов жақында қазақ депутатымен кездескенін, оның бұл мәселені бірлесіп шешуге дайын екенін айтты.

КЕДЕН ОДАҒЫ НЕМЕСЕ ДАУДЫҢ БАСЫ

Қазақстанның Кеден одағына енуіне байланысты күшіне енген келісім-шартқа сәйкес, жеке адамдар құны 1,5 мың еуродан, салмағы 50 килодан аспайтын күнделікті тұтыну тауарларын шекарадан еш салықсыз өткізе алады. Қазақстан кедендік одаққа енгелі «алыпсатарларға тыйым салғаннан кейін» саудагерлер тауарларын осы нормадан асырмай, бірнеше мәрте тасуға мәжбүр болған.

Сондықтан қазір қазақ-қырғыз шекарасында «Дордой» базарынан Қазақстанға тауар тасыған адамдар ұзын-сонар кезекте тұр. Кеден бекетіне жолы түскен азаматтардың айтуынша, ол жерден жүксіз өткеннің өзінде кемінде 2-3 сағат уақыт кетеді.

Жергілікті агенттіктердің жазуынша, кәсіпкерлер тауарларды заңды түрде рәсімдеп өткізуге көп уақыт жұмсайды. Сондықтан олар «әр өткен сайын
Қазақ-қырғыз шекарасындағы кеден бекеті.

кеденшілер мен шекарашыларға пара беруге мәжбүр».

Қырғыздың knews.kg агенттігінің жазуынша, шекарадан бір рет өтудің «құны» – 300-1000 теңге.

КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ДЕЛДАЛДАР

Қазақ кәсіпкері Ержан Әбдірахманның (өзін осылай атауды өтінді) айтуынша, кәсіпкерлер параны тікелей кеденшілерге бермейді, арада жүрген жүк тасушыларға береді. Оның пікірінше, бұл «делдалдар» кеден қызметкерлерімен ортақтасып істеуі де мүмкін.

– Мен тек жүк тасушыларды ғана білем. Ақшаны кімге беру керектігін олар өздері біледі, – деді ол қыркүйектің 22-сі күні Азаттық тілшісіне.

Бұл мәселе жөнінде бейсенбі күні «Қордай» кеден бекетіне хабарласқанымызбен, жауап ала алмадық.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ «УАЙЫМЫ»

Ал Қазақстанды басқа мәселе алаңдатып отыр. Осы аптада жергілікті агенттіктерге берген түсініктемесінде Қазақстанның кедендік бақылау комитеті «алыпсатарларды анықтау мәселесіне бас қатырып отырғанын» айтқан.

Комитеттің айтуынша, Кеден одағының арнайы құжатына қандай да бір толықтырулар енгізгеннің өзінде бұл мәселенің шешілу-шешілмеуі неғайбыл. Себебі азаматтардың жүктерінің салмағы қалыпты нормадан аспаса, кедендегілердің оны тексеруге хақы жоқ.

Комитеттің мәліметінше, бұл мәселені тек сот арқылы шешуге болады: 2011 жылдың қыркүйек айына дейін 65 әкімшілік іс қозғалып, азаматтардан 3 миллион теңгеден астам айыппұл өндіріліп алынған. Бірақ комитет өкілдері бекеттегі жемқорлық мәселесіне қатысты ешқандай түсініктеме бермеген.

Кеден комитетінің мәліметінше, «Қордай» кеденінен күніне орта есеппен 32 мың адам өтеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG