Accessibility links

«Қорғас» кеден бекетінде көлік табу мұң болды


«Қорғас» кеден бекетінде көлік кезегінде тұрған адамдар. Алматы облысы. 26 мамыр 2011 жыл.
«Қорғас» кеден бекетінде көлік кезегінде тұрған адамдар. Алматы облысы. 26 мамыр 2011 жыл.

«Қорғас» кеден бекетінде біраз адам шекарадан өту үшін қытай көліктерін күтіп тұр. Ал қазақстандық жүргізушілер күнкөрістерінен қағылғандарын айтады.


Қытайға бару үшін виза алған адамдар «Қорғас» кеден бекеті арқылы қазақ-қытай шекарасынан өте алмай отыр. Себебі «Қорғастан» Қытай шекарасына дейін адам таситын қазақстандық көлік мекемесі лицензиясынан айырылып қалған. «Ал қытай автобустары анда-санда бір келеді» дейді көлік күтіп тұрған жұрт. Кеден бекетінде күту залы да жоқ екен – жолаушылар далада тұр.

КӨЛІК КҮТКЕНДЕР

Кезек күтіп қажыған жолаушылар Азаттық радиосының тілшісін көре сала реніштерін айта бастады.

– Мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Ашық далада тұрмыз. Мұнда не полиция, не медицина қызметкерлері де жоқ. Күннің ыстығынан әйелдер талып қалып жатыр. Оларға ешкім көмек көрсетпейді. Көп адам екі елдің кеден бекеті арасындағы үш шақырым жолды жаяу-ақ жүріп өтуге келісіп
«Қорғас» кеден бекетінде көлік күтіп тұрған жұрт. Алматы облысы. 26 мамыр 2011 жыл.

отыр, бірақ оған «заң бойынша рұқсат етілмеген» деп жібермейді, – дейді Талғат Сабыров.

Ал Қытай азаматы Кәрім Мәмбетәли:

– Бүгін визамның мерзімі аяқталады. Өзім Қытайда тұрамын. Бүгін қайтпасам, маған 100 АҚШ долларына тең айыппұл салады, – деп уайымдайды.

Өңі жүдеу тартқан, маңдайы тершіп отырған Төлебай Мәтәзім Қытайға емделуге бара жатқанын айтады:

– Бір қол, бір аяғым жансыз. Мұнда тіпті қай жерге отырарыңды білмейсің, құлап қаламын ба деп қорқамын. Тезірек Қытайдағы емделіп жатқан ауруханама баруым қажет.

ЖЕТПІС ЖҮРГІЗУШІ

Бұған дейін екі ел кедені арасында жолаушылар тасымалдап келген Жаркенттегі «Үркер» көлік мекемесі қытай жағымен келісім жасасқанын, ол келісімнің әлі қуатты екенін айтады. «Үркер» мекемесі директорының орынбасары Зәкір Хакімұлы Қазақстан кеденшілерінің күтпеген жерден жолаушылар тасымалдауына тыйым салғанын, соның салдарынан мекемедегі 70-ке жуық жүргізушінің жұмыссыз қалғанын айтты. «Қорғас» бекеті арқылы жолаушылар тасып жүрген кәсіпкерлер күнкөрістерінен айырылды дейді ол.

– Қазір қытай автобустары қатынайды, әрі бүкіл қаржы Қытай жағында қалып қояды. Біз көп ақшадан қағылып отырмыз. Бірақ ең ауыры және қорқыныштысы – 70-тей жүргізушіміздің жұмыссыз қалғаны, – дейді «Үркер» мекемесі директорының орынбасары Зәкір Хакімұлы.

Жолаушы тасымалдайтын компанияның жұмыссыз қалған жүргізушілері мен жергілікті таксистер аудан және облыс басшылығына шағым жазып, қол жинайтындарын айтады. Олар екі ел шекарасы арасындағы көлік
«Үркер» көлік мекемесінің жүргізушісі Хамит Садыров. Алматы облысы, 26 мамыр 2011 жыл.

қатынасын қалпына келтіріп, жұмыстарын қайтаруды талап етеді.

– Ең бастысы – жолаушылар жайлы жағдайдан айырып отыр. Бізде «Қорғас» бекетінен өтетін кезде әрбір «Газель» шағын автобусына бес-он адамнан мінгізетін. Ал қазір олар үш автобус бөліп қойды. Бір автобусқа 115 адамды нығыздап кіргізеді. Осылай істеуге бола ма екен? Жұрт шағым айтып, қарсылық танытып жатыр. Есіктерді жұлып алды. Халыққа бұлай істеуге болмайды ғой, – дейді «Үркер» көлік мекемесінің жүргізушісі Хамит Садыров.

Алматы облысы Панфилов ауданының әкімшілігі «Қорғас» кеден бекетіндегі жолаушылар тасымалы мәселесінен хабардар екен. Азаттық радиосының тілшісімен әңгімесінде аудан әкімі Ермек Келемсейіт «қазір бұл мәселені шешумен айналысып жатқанын» айтты.

Ауданның кейбір шенеуніктері мен қарапайым тұрғындар «Қорғас» бекетіндегі жағдайды Қазақстан қаржы полициясының 3 мамырдағы мәлімдемесімен кейінгі тексерістермен байланыстырады.

Қаржы полициясы ұйымдасқан қылмыстық топтың ұзақ уақыт бойы «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттері арқылы Қытайдан Қазақстанға контрабандалық тауар тасымалдауды ұйымдастырып келгенін, бірқатар жоғары шенді шенеуніктің тұтқындалғанын хабарлаған.
XS
SM
MD
LG