Ұлы жібек жолы сауда торабы сахара төсінде әлдеқашан «құмға сіңіп» жойылғалы бері жүздеген жыл өткесін қазақстандықтар қосымша жұмыс орнын ашу және жаңа инфрақұрылым салуды, одан ары әлемдік экономикаға қосылуды қамтамасыз ететін жаңа заманға сай, жылдам жүруге арналған көлік жолын салмақшы деп жазады Washington Post басылымы.
ТҮЙЕ КЕРУЕНІНЕН БАСТАЛҒАН САУДА ЖОЛЫ
Жаңа жібек жолы құны 7 миллиард АҚШ долларына тең Қытай мен Батыс Еуропаның арасын жалғайтын ауқымды жоба. Магистральдің 1700 шақырымы Қазақстан жерін басып өтеді. Әлемге аты шыққан тұрмыстық бұйымдармен бірге түрлі мәдениет пен идеяларды қатар тасымалдаған ежелгі керуен сарайлары сияқты Қазақстан енді бүкіл әлемге, оның ішінде АҚШ-қа да әсер ететін, экономикалық өсімге дем беретін байланыстың заманауи түріне үлкен үміт артып отыр.
Бұны Азия Даму банкінің орталық және Батыс Азия департаментінің бас директоры Хуан Миранданың: «Бұл тек бір нүктеден екінші нүктеге тауар тасымалдайтын өткел ғана емес. «Жібек Жолы» экономикалық дәлізді қалыптастырып, тұрақтылық орнатады. «Жібек Жолы» Қазақстанға ғана пайдасын тигізіп қоймайды деген сенімдемін» деген пікірі дәлелдей түседі.
«Жібек Жолы» экономикалық дәлізді қалыптастырып, тұрақтылық орнатады.
Магистральдің қазақстандық бөлігіндегі жұмыстар 2013 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бөлік іске қосылса, магистраль тұтастай пайдалануға беріледі деген сөз. Себебі ол әлдеқашан Батыс Еуропаға жалғанып қойылған Қытай мен Ресейдегі жол бөліктеріне қосылады. Ежелгі жібек жолының көптеген тармақтары болғанымен, заманауи магистраль Қазақстан аумағынан өтетін солтүстік тармақты қамтиды.
ТЕҢІЗ ТРАНСПОРТЫНА БАЛАМА
Магистральдің 300 шақырымдық бөлігі – 200 мыңдай тұрғыны бар оңтүстіктегі Қызылорда қаласынан солтүстікке қарай Арал қаласына дейінгі тас жол ой-шұқырлы, көлікпен жүрсең іші-бауырыңды солқылдатып жіберерліктей күйде. Бұл жерде тек түйе ғана жүре алатынын жазыпты басылым. Айнала түгел жайылым жер. Мұнда жанға жайлы жер іздемей қойыңыз. Ал дәретхана дегенді шам алып іздесеңіз де таппайсыз деген тұрғыда сипаттама берілген.
«Қауіпті жолмен жүру – ажалыңды тездетумен бірдей» дейді Хуан Миранда. Бұл жолдар батыстық саяхатшының көңіл-күйін түсіріп жіберсе, қазақтардың одан жарқын болашақты көретін оптимист екендігін айтады Washington Post.
«Қазақстанға тиесілі магистраль ел халқының жартысына жуығы тұратын аймақтарды басып өтеді. Жолдың бойында кафе, қонақ үй, кәсіпорындар салынатындықтан, оның әлеуметтік тиімділігі үлкен болмақ. Жүк көлемі артқан сайын, жаңа жұмыс орындары да пайда болады» дейді бұрынғы көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов.
Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен көлік және коммуникация министрі Ә. Құсайынов "Қарабатан-Бейнеу" жолының ашылуында. Атырау, 30 қыркүйек 2009 жыл
Экс-министрдің айтуынша, жобаға қазірдің өзінде ел бойынша 50 мың жұмысшы тартылған. Бағдарламаға 40 ірі құрылыс компаниялары тартылған, олардың әрқайсысы жұмысшыларын күн сайын етпен тамақтандырады. Бұған қоса, қазақтар мұнда жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялардан сапалы жол салу өнерін үйренеді. Ал бұрын оңтүстік-батысқа қарай ұзақты күн жол жүру үшін геодезистер немесе жергілікті халық өздері бульдозерлер мен грейдерлердің көмегімен қатты жерді тегіс жолға айналдыруға мәжбүр болған. Хуан Миранда жоба аяқталғанда қозғалыс жылдамдығы 40 пайызға артып, транспорттық тасымалдау шығындары 50 пайызға дейін азаяды, ал 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемі 2010 жылғы деңгеймен салыстырғанда 68 пайызға көбейеді деп болжайды. АҚШ-тың Сауда палатасы бірнеше жыл бұрын жүргізген зерттеулерінде егер осы бағыттағы жолдар жақсарып, шекараларда кедендік рәсімдеулер оңайласа, онда ол тиімді және теңіз тасымалына тәуір балама да болады деген қорытынды жасаған.
МАГИСТРАЛЬҒА ВАШИНГТОННЫҢ ДА НАЗАРЫ АУДЫ
Жібек жолы Қытайда Сары теңіз жағасындағы Ляньюньган портынан бастау алады. Бұдан ары ол Сары өзен бойындағы Чжэнчжоуға, одан әрмен Қытайдың солтүстіктегі орталығы Ланчжоуға және солтүстік-батыстағы Үрімжіге жол тартады. Үрімжіден Қазақстанның Қорғас бекетіне жалғанған жол Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларын басып өтеді де, Ресейдің Орынбор қаласына бағыт алады. Орынбордан ары Мәскеу және Санкт-Петербургтің арасын жалғайтын жол әрмен қарай созылады. Аталған елдерді басып өтетін дәліздың жалпы ұзындығы 5200 шақырымнан асады.
Орталық Азияда транспорт пен инфраструктураны диверсификациялау аймақты саяси тұрақсыздық сияқты ықтимал қауіптен біршама сақтайды.
Орталық Азияны зерттеу тобы соңғы баяндамасында Орталық Азияда транспорт пен инфраструктураны диверсификациялау аймақты саяси тұрақсыздық сияқты ықтимал қауіптен біршама сақтайды, ал бұл АҚШ-қа оңтайлы деген қорытынды жасады.
Ал Дүниежүзілік Банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша бұрынғы вице-президенті, қазір Брукингс институтының аға ғылыми қызметкері Йоханнес Линн: «Алдағы ұзақ мерзімде АҚШ Орталық Азияның Ауғанстан сияқты қауіп-қатерлі аймаққа айналмауы үшін бейбіт және тұрақты дамуына мүдделі болып отыр» деген пікір білдірген.
ЖОЛ САЛСА, ЖҰМАҚ ОРНАП КЕТПЕЙДІ
Дегенмен, Дүниежүзілік Банктің автожол мәселері бойынша инженері Жак Буре жол жақсы салынғанымен, ондағы логистика сол күйі жетілдірілмейтін болса, қауіпсіздік шаралары бақыланбаса және бірер минутта реттелетін шекаралардағы кедендік рәсімдеулер бұрынғыдай күн ұзаққа созылатын болса, онда күткендегідей экономикалық өсім болмайды деп ескертеді.
Жак Буре: «Сіздердің бұрынғы даңқтарыңызды қайта қалпына келтірмек ойларыңыз бар ма? Бұл Қазақстан және аймақ үшін де маңызды сала, алайда ол біраз уақытты қажет етеді. Сіздер ары қарай да сауданы жетілдіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуларыңыз керек» деп кеңес беріпті.
Дегенмен, жол салудың да машақаты аз емес дейді басылым. Мысалы, жолдың Қазақстандағы бөлігіне қажетті 700 миллион текше метрлік материалды, жұмысшылардың металдан жасалған баспаналарын және жол бойына тізілген цемент зауыттарын көшіріп жүру, жұмысшылардың апталап тұрмыс тауқыметін тартуы сияқты мәселелер жетіп артылады.
2017 жылға дейін10 мемлекетті біріктіретін аймақтық ауқымды магистраль жобасына 20 миллиард АҚШ доллары бөлінбек.
Бұған қоса, өткен жылғы жазда күн қатты ысып кеткенде жұмысшылар жұмысты 06.00-ден 11.00-ге дейін және 16.00-тен 23.00-ге дейін екі ауысыммен, салқында істеген.
10 мемлекетті біріктіретін аймақтық ауқымды магистраль жобасын Азия Даму банкінің Орталық Азия аймақтық экономикалық ықтымақтастық бағдарламасы қарастырып, Дүниежүзілік Банк, Халықаралық валюта қоры, БҰҰ даму бағдарламасы және өзгелері тарапынан үйлестіріліп отырады. Басылымның дерегі бойынша, 2017 жылға дейін аталған ұйымдар батысы Каспий теңізі мен Қара теңізге, оңтүстігі Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстанға жететін теміржол және автожол құрылысына 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы аудармақ екен.
ЖАҢА ҒАСЫРДАҒЫ ЕСКІ ҚОНАҚ ҮЙ
Мұның бәрі қарапайым қазақ ауылдарына жаңа да жайлы өмір рақаты жайлы армандауға мүмкіндік беріп отыр. Арал теңізіне жақын Қамбаш көлінің жағасындағы кірпіштен тұрғызылған ондаған коттеджден тұратын Қосжар ауылының тұрғындары енді көз алдарына асфальттанған көше мен құбырдан келіп тұрған суды елестете алады деп жазады Washington Post ("Вашингтон Пост").
Иен айлақтағы қайықтар да пайдаланылмай тұрып қалған. Аймақ басшысы Түркбенұлы Мұсабаев мұнда бесжұлдызды қонақ үй салынып, туристік аймаққа айналады дегенді айтады. Ал басылымның жазуынша қазір мұндағы ең жақын деген қонақ үй 50 шақырым жердегі Арал қаласында. Оның өзінде де жоғарғы қабатын жауып тастаған, ыстық су тартылмаған. Ескі үлгідегі дәретхана, жуынатын жерінің раковинасы тым үлкен немесе аса кішкентай, ваннасы өте биік, ал дәретхана қағазын тек сұрап алу керек.
Бірақ, жергілікті билік өкілі жаңа жібек жолмен бірге бұл аймақтың түрленіп сала беретініне еш шәк келтірмейді. «Мұнда енді бес жарым жылдан кейін келсеңіздер, үлкен өзгеріс болады. Біз бұның орнына тағы бір Біріккен Араб Әмірліктері құсаған жер жасаймыз. Климатымыз бен жер бедеріміз де бірдей - құмдауыт әрі тақыр. Біз балық аулап, сұңқармен аңға шығу жағын ұйымдастыра алатын ек. Арабтар бұндай дем алуды өте жақсы көреді ғой»,- дейді Мұсабаев.