Accessibility links

Чехия кейбір қазақ босқындарына «сары паспорт» берді


Қазақ босқындарының наразылық шарасы. Прага, 2009 жылдың ақпаны.
Қазақ босқындарының наразылық шарасы. Прага, 2009 жылдың ақпаны.

Чехия қазақ босқын-мұсылмандардың кейбіріне үш жылға арналған уақытша саяси баспана берді. Ал екі ел арасында таяуда жасалған жаңа келісім Қазақстаннан барған босқындарды қайтару ісін тездетеді.


Босқындарға үш жылға уақытша саяси баспана берілгендігін білдіретін куәліктің мұқабасы – сары. Босқындар, уақытша болса да, бұндай саяси баспананы біраз жыл күтті. Қазақстан мүфтилігіне қарасты мешіттердің діни бағытынан өзге жолды таңдаған бұл адамдар кез-келген сәтте өз еліне күштеп қайтарылуы мүмкін еді.

ҚОШ БОЛ, БОСҚЫНДАР ҚОСЫНЫ!

Осындай құжат алған бір әйелдің күйеуі, Атырау қаласының бұрынғы тұрғыны аты-жөнін айтпауымызды өтінді. Өзі зорға қол жеткізген чех билігінің шешіміне кері әсер ете ме деп қауіптенеді. «Сары паспорт» Чехияда жүргенде балалы болған бірнеше отбасыға ғана беріліпті, себебі мұндай балалар ешбір елдің санатында жоқ көрінеді.

Бұл жігіт әйелі екеуінің босқын мәртебесін сұраған өтініштері сот тарапынан әуелі кері қайтарылғанын, тіпті Чехияның ең жоғарғы сот инстанциясы да
Чехиядағы босқын мәртебесін алуға үміткерлер тұратын қоныс. Бела под Бездемем қаласы, 2009 жылдың маусымы.
бас тартқанын айтты. «Енді «сары паспорт» алған әйелімнен бөліп тастамас, маған да беретін шығар» деп үміттеніп отырғанын жеткізді.

– Осыған байланысты босқын мәртебесін алу үшін тиісті сатылардың барлығынан қайта өтуім керек, – дейді ол.

Чехияда балалы болған басқа ата-аналар да осындай жағдайда. «Сары паспорт» алған адам мұнан кейін мемлекет қорғауына алынып, әлеуметтік жәрдемақыға ие бола алады, сондай-ақ Еуро одақ ішінде еркін жүріп-тұрып, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік туады. «Сары паспорттың» иелері қазірдің өзінде мемлекеттен жәрдем алып жатыр. Кейбірі жатақханадан шығып, пәтер жалдауға көшті; алғашқы кезде жалға төленетін ақшаны чех үкіметі мойнына алады. Көпшілігі, негізінен фермалар мен құрылыстарда қара жұмыс істейді. Ендігі жерде бұлар «сары паспорттың» арқасында өз мамандығы бойынша жұмыс істей алады. Араларында жоғары білімді, Қазақстанда бизнеспен шұғылданған адамдар да бар.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚУҒЫН

Қазір Чехияда босқын мәртебесін алудан үміттеніп жүрген екі жүздей қазақстандық азамат бар. Бұлардың көпшілігі – ислам дінінің консервативті ағымын жақтаушылар.

2006 жылдан бері Чехиядан саяси босқын мәртебесін сұрап жүрген бұл азаматтар өздерін діни желеумен кемсітіп, қуғындағанын, түрмеге қамап,
Шариполла Сайфуллин Атырау қалалық сотында. 20 сәуір 2011 жыл.
азаптағанын айтады. Әлі күнге дейін түрмеде отырған кейбір жетекшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Өткен аптада Атырауда олардың белсенділерінің бірі Шариполла Сайфуллин абақтыға жабылып, оған байланысты «есірткі мен қару-жарақ сақтады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.

Алайда Чехия ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бұларға босқын мәртебесін беруден көп жылдар бойы бас тартып келді. Олар «босқындардың діни себеппен қуғындалғанын, азапталғанын, жеке бастарына қауіп төнгендерін айғақтайтын дәлел жоқ әрі олардың діни қауымдары өз отандарында тіркелмеген» деген дәйекті көлденең тартумен келді.

Чехия ішкі істер министрлігі 2009 жылы қараша айында Атырау облысының тұрғыны Марғұлан Мұхамбетовті Қазақстанға мәжбүрлеп қайтарды. Ал басқа босқындар чех билігінің соңғы шешімін күтіп жүр.

«Орталық Азиядағы адам құқығы» қоғамының құқық қорғаушылары, керісінше, оларға Отанында қауіп төніп тұр деп санайды. Бұл ұйымның мәліметінше, Қазақстанның батысындағы екі облыста бұл қауымның 14 мұсылманы ойдан шығарылған қылмыстық іс бойынша сотталып, 37 адам әртүрлі азаптауларды бастан кешкен.

Босқын мәртебесінен үміткерлердің діни сенімі интернет-қорларда көбіне «салафит» немесе «неосалафиттер» деген атаулармен мағлұм. Бірақ олар өздеріне қандай да бір ат қойып, айдар таққанды ұнатпайды, «жай ғана «таза ислам» жолында жүрген мұсылмандармыз» дейді.

ЧЕХ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЙЫРЫМЫ

Азаттық радиосынан аты-жөнін айтпауды өтінген босқын чех үкіметінің өз әйеліне «сары паспорт» беруі эмиграцияда жүргенде дүниеге келген баласына байланысты деп есептейді. Өйткені бала Чехия аумағында дүниеге келгенімен, осы уақытқа дейін оған не Чехияның, не Қазақстанның азаматтығы берілмеген.

– Олар бұл мәселені ақыры біржақты қылғысы келді, себебі біздің мұнда тұрып жатқанымызға бес жылдан асып барады, – дейді телефон арқылы тілдескен Чехиядағы Қазақстан азаматы.

Чехия 2010 жылы Өтешқалиевтардың ұлы Ыбырайым Сүлейменовке лейкемия дертіне шалдығуына байланысты босқын мәртебесін берген еді. Соның арқасында ол толыққанды медициналық сақтандыруға ие болып, жергілікті ауруханада емделеді.

Чехияда туған балаларға жағдай жасала бастауы біраз отбасының үмітін оятты. Қазір бұл елде туған балалардың саны елуден асқан көрінеді. Мектеп жасына толған балалар чех мектептерінде оқиды. Олардың кейбірі, тіпті, бүкіл Чехия аумағында өткен мектеп аралық конкурстарда топ жарып жүр екен.

ДЕПОРТАЦИЯДАН АМАН ҚАЛДЫ

Бірақ алғашқы «сары паспорттан» кейінгі жылт еткен үмітті малданып жүрген босқын қазақтар «2011 жылы 23 ақпанда Чехия мен Қазақстанның үкіметтік ведомстволары қол қойған құжаттардан соң жағдайымыз ушығып кете ме» деп қауіптенеді.

Чех министрлігінің хабарлауына қарағанда, Чехия ішкі істер министрі Радек Йон мен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл
Чехиядағы қазақ босқын-мұсылмандарының бірі Қайрат Досметов. Карловы Вары, 2009 жылдың маусымы. (Көрнекі сурет)
Жошыбаев реадмиссиялық келісімшарт жасап, оған қосымша хаттамаға қол қойған. Жаңа құжатта үшінші тараптың аумағында заңсыз жүрген Чехия мен Қазақстан азаматтарын және үшінші елдердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қайтару тәртібі көрсетілген.

Осы келісімшат негізінде заңсыз тұлғаларды беру процесі тездетіліп, екі елдің тиісті органдарының арасында тікелей байланыс орнатылады.

Қазақстандық баспасөз бен ресми органдардың хабарламаларында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген немесе Астанадан саяси баспана сұраған чех азаматтары туралы сөз жоқ, сондықтан бұл құжат негізінен Чехияда тұрып жатқан екі жүзден астам босқынға байланысты болары анық.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі Азаттық радиосының сұрауына қайтарған жауабында жоғарыда айтылған ойларды қуаттады. Ал Чехия аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары туралы сауалымыздан айналып өтіп, бұл мәселе жөнінде Прагаға хабарласқанымыздың жөн болатынын сыпайылап қана есімізге салды. Алайда Чехия сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ханна Мала халықаралық міндеттемелерге орай босқын мәртебесін сұраушылардың нақты саны мен олардың жеке бастары туралы мағлұматтарды жариялауға құқы жоқтығын айтып, сыпайылықты Астанадан да асырып жіберді.

– Босқын мәртебесін беру туралы мәселені сот қараған кезде баспана сұраушылар Чехия аумағында заңды жағдайда болады, – деді Чехия сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы.

Қазақстаннан саяси баспана алуды көздейтін чехтардың жоқтығы және алдағы уақытта да бола қоюы екіталай. Сондықтан екі елдің ведомстволары арасындағы келісімшарт, бірінші кезекте Чехияның көші-қон қызметінің жұмысын жеңілдетіп, Қазақстаннан келетін босқындарға тосқауыл қоюдың жаңа мүмкіндіктерін табуға мүмкіндік береді.

Босқын қазақтар қауымының жетекшісі Хамит Нұрғалиев:

– Қазақстан мен Чехия арасында жасалған бұл келісімнің күші бізге жүре қоймас. Бала-шаға аралас екі жүзден астам босқынның бірнеше жылдық әуре-сарсаңы таяу арада аяқталар, – деп үміттеніп отыр.
XS
SM
MD
LG