Астрахань вокзалындағы шағын алаңда адам көп жиналады. Бұл жерден әр он бес минут сайын аймақтағы ауылдарға адам таситын автобус жүреді. Осы жерде бір топ жас азамат Володар кентіне – өңірдегі қазақтар ең көп тұратын аудан орталығына автобус күтіп тұр. Бір-бірімен қазақша сөйлесіп тұрған жастар әңгіме арасында "коронавирус" сөзі айтылғаннан кейін бірден орысшаға көшті.
Көрші Қазақстанда оқулықтар мен заңдар қазақ тілінде жазылады. Фильмдер қазақша түсіріліп, жиын-отырыстар да қазақша өтеді. Ал шекараның Астрахань жағында жағдай мүлде басқа – қадірі қашқан қазақ тілі мұнда көбіне ауыл тұрмысында ғана кездесетін ауызекі тілге айналған. Қазіргі кездегі әңгіменің бәрі орысша айтылады. Сол жастар мінген автобусқа мен де отырдым, бірақ аудан орталығына жетпей, иен далада түсіп қалуым керек. Бұл сапар – әлеуметтік-лингвистикалық экспедицияның бір бөлігі. Оны қаржыландыруға Санкт-Петербургтегі Еуропа университеті де біраз ақша қосқан.
ҚАЗАҚТАР АСТРАХАНЬҒА ҚАЛАЙ ҚОНЫСТАНДЫ?
Володар ауданы халқының шамамен 70 пайызы, Краснояр тұрғындарының жартысына жуығы, ал Харабалиндегі елдің 40 пайыздан астамы – қазақ. Қазақтар облыстың өзге аудандарында да тұрып жатыр, арасында тек қазақтар тұратын ауылдар да кездеседі.
Астрахань қазақтарының көбі – Қазақстаннан кейіннен көшіп келген мигранттар емес, Еділ өзенінің төменгі бойын (төменгі Поволжье) ерте кезден жайлаған, сол жерді мекендеген жұрттың ұрпағы. Тарихшы әрі этнограф Андрей Сызрановтың сөзінше, қазақтардың негізгі бөлігі Астрахань жеріне 18-19 ғасырларда қоныстанған. Бұл көші-қонға Кіші жүз ханы Нұралының ұлы Бөкей сұлтан мұрындық болған. Бөкей сұлтан Ресей империясының құрамына кіретін және соған тәуелді қазақ хандығын – Бөкей ордасын құрған. Сол жылдары Астрахань жеріне әртүрлі ұлттың өкілдері қоныс аударған. Еділдің жағасымен төмен түскен орыс, татар, чуваштар жаңа ауылдардың негізін қаласа, Каспий теңізінің ар жағынан түркімендердің шағын тобы келген. Еділдің оң жағалауында қалмақтар көшіп-қонып өмір сүрген. Сол заманда осы жерге ең көп қоныс тепкендердің бірі қазақтар болды.
Әр жылдары жүргізілген халық санағы деректерін салыстырар болсақ, қазақтардың саны да, олардың Астрахань облысындағы үлесі де тұрақты түрде өсіп жатқанын аңғарамыз. Аймақ губернаторы әкімшілігінің бұрынғы басшысы Қанат Шаңтеміровтің сөзінше, кейінгі жылдары қазақ тілін оқытатын мектеп саны қатары көбейген қазақтармен бірге өспек түгілі, керісінше, сұмдық жылдам азайып кеткен. Оның айтуынша, 1992 жылы аймақта мұндай 72 мектеп болса, жиырма жылдан кейін оның тек 22-сі қалған.
"ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚЫЛМАЙТЫНЫНА ҚУАНҒАН"
Лингвистикалық зерттеу институтының аспиранты, Володар ауданындағы Ямное атты қазақ ауылында туып-өскен Динара Степинаның сөзінше, қазақ тілін оқытпау туралы шешім мемлекеттің тіл саясатына байланысты бола бермейді: кейде мектеп оқушылары мен ата-аналар да өтініш білдіріп жатады. Мысалы, аудандағы Жаңа Рычан ауылындағы халықтың 95 пайызы – қазақтар және олардың көбі ата-баба тілін сақтау маңызды деп санайды. Әйткенмен жұрт қазақ тілін пайдасыз санағандықтан, тілдің оқытылмайтынына қуанған.
– Бұл аптасына бір рет ескі оқулықтарды бірсарынды құрғақ жаттау болатын. Балаларға ешқандай машық үйретпейтін. Тек діңкені құртып, тіпті қазақ тілін зеріктіретін нәрсе сияқты көрсетіп, жерітетін. Оның үстіне, бұл кезде ағылшын тілінен емтихан тапсыру міндетті болады-мыс деген қауесет шықты, сосын ауыл халқы сол тілге көбірек уақыт бөлген жөн деп ұйғарды, – дейді зерттеуші.
– Егер үйде отбасы мүшелері қазақша сөйлессе, бала ана тілін біліп өседі, ал сөйлеспесе, ешқандай мектеп көмектеспейді, – дейді Жаңа Рычан ауылында тұратын Алтынбек (мақалада есімі ғана көрсетілген адамның аты-жөні өзгертіліп берілді – ред.). 60 жастағы Алтынбек орысша жақсы сөйлейтінін және жазатынын мақтан етеді – оның жас кезінде Астрахань қазақтарының көбі орысша білмеген.
"Сенің, Ресей, мақтаның, / Бүгінде қосты өлеңге, / Еділ қазағы – өз ұлың / Орысша айтып сезімін" деп жазды осыдан жарты ғасыр бұрын көрші Алтынжар ауылында тұрған ақын Мәжіліс Өтежанов "Қос тіл" атты өлеңінде. Оның әкесі Еділ сағасында балық аулап, жалшы болып істеген. Ол кісі тек қазақша сөйлеген, ал Мәжіліс Мұханбетжанұлы қазақша және орысшаны бірдей меңгергенін мақтан тұтқан. Немерелерінің қатары тек орысша сөйлейтін заман болады деген оның үш ұйықтаса түсіне кірмеген де болар. Бірақ Жаңа Рычандағы бүгінгі шындық – осы. Ауылда тұратын мың адамның 950-і – қазақ бола тұра көшеде орысша сөз жиі естілетіні парадокс болып көрінеді.
ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ КЕҢ ТАРАМАУЫНА НЕ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Әңгіме мынада – тілге ұлт құрамынан гөрі, ауылдың көлемі, оның орналасқан жері, көлік оңай жететіндей болуы және жергілікті экономиканың жағдайы анағұрлым қатты әсер етеді. Жаңа Рычан – аудан мен облыс орталығына да, күре жолға да жақын жатқан әжептәуір ірі ауыл. Жергілікті жұрт интернетті белсенді пайдаланады, қалаға қатынап оқиды немесе жұмыс істейді. Сол жерде орыс тілінде сөйлейтін ортамен байланысып, оны "үйіне" де ала келеді. Қазақ тілі шалғайдағы шағын ауылдарда ғана сақталған. Ол жаққа барып-қайту да қиын. Жүздеген сай-салаға бөлінетін Еділ өзенінің шығысын алып жатқан Володар ауданында жеткілікті. Көптеген ауыл аралдарда орналасқан және ол жаққа тек бірнеше паром ауыстырып жетесіз.
Мұндай елдімекендерде қазақтар көбіне ана тілінде сөйлейді. Пароммен баруға болатын Шаған-Кондаков ауылында тұратын Дария жас кезінде қазақ тілінің кең тарағаны сонша, "орысша сөйлегенің үшін мұрныңды бет қылуы мүмкін еді" деп әзілдейді. Дегенмен, шалғайдағы ауылдарда қазақ тілінің сақталуына орыс тілі де, ұлты орыс ауылдастар да кедергі емес. Тіпті сол ауылда бұрыннан тұратын орыстардың өзі қазақша ауызекі сөйлесе алатын дейді Азаттық тілшісі әңгімелескен Зеленга ауылының тұрғыны Еркежан.
Расымен, Еділ бойындағы көптеген ауылдарда қазақ тілінің негізгі лексикасын білетін орыс қариялар жоқ емес, кейбірі тіпті қазақша сөйлем құрап, әңгімелесе алады. Ондай адамдарды қазақ жастары тірі жәдігер санайды. Ауылға келген мейманды соларға қонаққа апарып, қазақша білетінін мақтан тұтып, "ол қазақ тілінде қазақтардан да артық сөйлейді" деп бөсіңкірейтіні де бар.
"ҚАЗАҚША БІЛЕТІН ОРЫС КӨРСЕК ТАҢЫРҚАЙМЫЗ"
Ауылда қазақ тілін сондай білетіндердің бірі Иринамен танысқаннан кейін оның көршісі Жұмабекпен шай ішіп отырмыз.
– Орыс қазақша бір ауыз сөз айтса, бәрі таңғалып, таңырқап жатады. Ал қазақ орысша білсе – бұл таңғаларлық емес, бәріміз сөйлейміз ғой... Бұл әділетсіздік сияқты, – дейді Жұмабек терең күрсініп.
Оның пікірінше, бұл әділетсіздікке жергілікті орыстардың жазығы жоқ. Тарих солай болған, мемлекеттік шекара солай бекітілген – қазақ көп тұратын бұл жерде орыс тілі негізгі тілге айналып кеткен.
Қазақ көп тұратын ауданда "жергілікті орыс" болу – ерекше статус. Алтынбектің сөзінше, бірде ол кафеде үш орыс танысымен отырған кезде масаң тартқан біреуі "қарсақтар" жайлы шағына бастаған. Түлкі тұқымдас түз тағысының атауы қазақтарды қорлайтын сөз саналады. Қасында отырған екі орыс Алтынбектен бұрын ашуланып, әлгі адамға ол сөзді ауызға алуға болмайтынын және қазақтардың басқа ешбір халықтан кем емесін түсіндірген.
– Ол екеуі өзіміздің орыстар, осы Володарда тұратындар. Олар қазақтармен етене жақын өскен. Біз оларды қалай сыйласақ, олар да бізді солай сыйлайды. Ал үшіншісі – сырттан келген еді. Ол бұл жерде өзін қалай ұстау керегін білмейтін, – дейді ол.
Астрахань облысындағы қазақ тілінің проблемасына алғашқылардың бірі болып Володар ауданының "жергілікті орысы", "Заря Каспия" аудандық газеттің колумнисі және бірнеше көркем кітаптың авторы, публицист Михаил Реутин назар аударған. Шалғайдағы Нововасильево ауылында туған ол бала кезінен көршілерінің тілі мен мәдениетіне қызыққан. (Кейінгі халық санағының дерегінше, ол ауыл халқының 70 пайызы – қазақ, 27 пайызы – орыс болған). Флотта механик болған Михаил Реутин мамандығының арқасында көп жер көрген. Совет одағы кезінде Украинада, Приморьеде, тіпті Вьетнамда да тұрған. Зейнетке шыққан соң туған жеріне оралып, Зеленга ауылына қоныстанған (60 пайызы – орыс, 36 пайызы – қазақ). Мұнда ол Астрахань қазақтары өзара көбіне орысша сөйлесетінін байқаған. Бұл оның бала күнінде көргеніне мүлде қарама-қайшы еді: қазақша сөзді күнде естіп өскен ол көрші балалармен ойнап жүріп өзі де қазақ тілін меңгеріп алған.
Мен Зеленгаға келіп, қазақ тілі туралы және оның жергілікті жердегі жағдайы туралы айтып бере алатын адаммен жолықтыруды сұрағанымда, мені бірден Михаил Семеновичке алып келді.
– Меніңше, әр халық ана тілін біліп, оны сақтауы керек. Онда ата-бабасының даналығы жатыр, ұлттың мәдениеті, білімі кейінгі ұрпаққа тіл арқылы беріледі. Оны қалайша ұмытуға болады? – деп таңырқады ол.
Реутиннің сөзінше, мәселе бір тілде сөйлеп тұрып, екінші тілге оп-оңай өтуде емес, қазақ тілінің іштен бұзылып жатқанында жатыр. 1990 жылдардың басында ол аудандық газетке осы туралы мақалалар топтамасын жариялаған. Бұған бір оқиға себеп болған: бірде ол облыс орталығынан автобуспен келе жатқанда, қасында екі жас қазақ қала дүкенінен көрген әдемі жейде туралы әңгімелесіп отырған.
– Бір қарағанда бір-бірімен қазақша сөйлесіп отырған сияқты, бірақ әр екінші сөзі орысша. Шала-шұбар тіл! Қызық естіледі, бірақ шын мәнінде қынжыларлық көрініс, – дейді ол.
"ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛЕТІНДЕР ҚАЗАҚША ЖАЗА АЛМАЙДЫ"
Публицист Михаил Реутин мен лингвист Динара Степина атап өткен тағы бір проблема – Астрахань облысында қазақ тіліндегі жазудың қолданыста болмауы. Тіпті, бала кезінен қазақша сөйлейтіндердің өзі қазақша жаза алмайды немесе оқи алмайды, қазақ әліпбиінің төл әріптерін де ажырата алмайды. Кейде адам есіміне байланысты да осндай мәселе кездеседі: Астраханьда Қуанышкерей емес, Куваншкирей есімді адамды кездестіруге болады.
Қазақша жазудың қолданылмауын тілдің қадірі қашып, тек тұрмыста ғана қолданылатын тілге айналуынан көреді. Жұрт от басы, ошақ қасындағы ұсақ-түйек шаруа мен мал жағдайын талқылағанда, егде жастағы туыстарымен сөйлескенде, дәстүрлі мейрамдарда ғана қазақша сөйлейді. Ал өмірдің түгелге дерлік өзге саласында, әдетте әңгіме орысша өтеді.
– Тіпті теледидарды реттесек те біз орысша сөйлейміз, – дейді Алтынбек.
Қазақ тілінің қолдану аясы шектеулі күйде екеніне тағы бір дәлелді Володар ауданы Винный ауылында көрдім. Қазір Астраханьда тұратын жиырма бес жастағы Қанат осы ауылда туып-өскен. Ол демалыс кезінде ата-анасына барып тұрады. Әлеуметтік-лингвистикалық сұхбатта Қанат қазақша мүлдем білмейтінін айтты. Бірақ мен оның ата-анасымен үй шаруасы және дәстүрлі ас туралы сөйлескенде қазақша сөздерді айтатынын байқадым. Ол қазақтардың арасында ауыл өмірімен танысқанын, сол үшін әңгіме арасында ана тілге өту табиғи нәрсе екенін, бірақ басқа уақытта бәрін тек орысша немесе ағылшынша талқылай алатынын айтты. Михаил Реутин де мақалаларында Зеленгадағы қазақ жастарынан осыны байқағанын жазған.
ОРЫСША БІЛМЕСЕ ДЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙТІНДЕР БАР
Қазақ көп тұратын Винный ауылы о баста қазақ ауылы емес, көпұлтты совет кенті ретінде құрылған. Қай жағынан алып қарасақ та, халықты орналастыру тарихы тілдің жағдайына әлі күнге дейін әсер ететін сыңайлы: ана тілін жақсы меңгерген қазақтардың өзі қоғамдық орындарда өзара орысша сөйлеседі.
– Мысалы, маған бір ата келсе, ол орысша дұрыс сөйлей алмаса да, маған ешқашан қазақша тіл қатпайды. Жергілікті жұрт бұдан қысылатын сияқты, –дейді жергілікті медицина пунктіндегі Айгүл есімді қызметкер.
Оның пікірінше, орыс, украин, татар, Кавказ ұлттарының арасында өскен қазақтар әлі күнге дейін "бұл жерге құқығымыз бар" деп есептемейді, сондықтан олар қажет емес жерде де орысша сөйлейді. Қазақтар емес, мокшалар мен чуваштар негізін қалаған, кейін орыс ассимиляциясына түскен Зеленга ауылында да жағдай сондай. Бүгінде ондағы қазақтар саны мыңнан асады, бірақ үйден тыс жерде олар өзара орысша ғана сөйлеседі.
– Мүмкін, олай істемесе, басқа ұлт өкілдері, ауылдастары ренжиді деп ойлайтын шығар? Бекер. Мұның бәрі бос сөз, – дейді Михаил Реутин.
Реутиннің сөзінше, қазақ тілі тамырын тереңге жіберген саланың бірі – дін. Бұл пікірмен Жаңа Рычан тұрғыны Алтынбек те келіседі.
– Құран оқыған кезде қазақша сөйлеу керек, – дейді ол.
Әрине, Құранды арабша оқиды, бірақ жағдайдың өзі дәстүрге жетелеп, осы тақырып төңірегіндегі пікірталас ана тілінде өрбиді.
– Жерлеу рәсімінде әдетте қазақша сөйлемейтіндердің өзі бірнеше сөз айтуға тиіс. Бұл – құрмет көрсетудің белгісі, – деп түсіндіреді ол.
Бірақ той мен жерлеу рәсімінен басқа жерде Астрахань қазақтары дінге сүйене бермейді. Көп ауылда мешіт жоқ, тұрғындар да ондаған жыл бойы мешітке бармаған. Ал ең жиі кездесетін дәстүр – жергілікті жердегі киелі орындарға құлшылық ету. Ортодоксалды ислам тұрғысынан бұл қисынсыз саналады. Астрахань тұрғындары бір ауылдан басқа ауылға барар жолда Құрманғазы немесе Бөкей хан мазарына соғып, айналып шығады. Оған ақша немесе тамақ қалдырып, сыйынады. Сенімнің ұжымдық емес, мұндай дара түрі ана тілінің сақталуына әсер еш етпейді.
ҚАЗАҚ МЕКТЕБІ АЗАЙДЫ, МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚ ЖОҚ
Әрине, ана тілдің жағдайы Реутинді ғана емес, қазақтардың өзін де алаңдатады. Қайта құру жылдарында облыста Никита Ысқақов басшылық ететін "Жолдастық" атты қазақ мәдени орталығы құрылған. Оның белсенділері "Ақ арна" деп аталатын қазақша газет ашқан. Газеттің алғашқы редакторы осы мақаланың бас жағында есімі аталған Мәжіліс Өтежанов болды. Сол кездері облыстағы бірнеше аудандық газетте де қазақ тілінде қосымша бет пайда болды. Бірақ бүгін оның бәрін Крупская атындағы облыстық кітапханадан ғана көруге болады. Ол жерде басылымдардың ескі нөмірі сақталған, ал қазақ тілінде шыққан жаңасы жоқ.
Білім беру саласында да осындай жағдай байқалады: совет кезінде қазақ тілінде білім беретін мектеп аз болды, 1990 жылдары ауданда ондаған мектепте қазақ тілі енгізілді. Бірақ 2000 жылдан бастап олардың саны қайтадан азая бастады. Бұл мемлекет саясаты мен сұраныстың азаюына ғана емес, мұғалім жетіспеуіне де байланысты. Бұрын аудан орталықтарында қазақ тілі пәні мұғалімі мамандығын алуға болатын педагогика училищелері болды. Бірақ қазір ол мамандықты облыс орталығындағы Астрахань мемлекеттік университетінде ғана оқытады.
Институционалды деңгейде қазақ тілінің жағдайы совет кезіндегі деңгейге түсіп кетті және бұл тіл алуандығын қолдаушыларды алаңдатып отыр. Жекелей алғанда, жағдай түңілетіндей емес. Мен сөйлескен екі адам – Жаңа Рычан тұрғыны Нұрлыбек пен Астраханьнан шыққан Луиза көбіне орысша сөйлейтін отбасында өскен. Олар қазақ тілін мектеп бітірген соң өз еркімен үйрене бастаған. Нұрлыбекті бұған корей мәдениетіне қызығушылығы итермелеген. Корей сериалдарын көріп жүрген Нұрлыбек корей грамматикасының қазақ тіліне ұқсас тұсы көп екенін байқап, соңында екі тілді де үйрене бастаған. Ал Луиза азшылыққа жасалатын дискриминация, ксенофобия және әлеуметтік желідегі постколониалды тақырыптарды талқылаудан соң тілді меңгеруге ден қойған.
Ағылшын және неміс тілінің мұғалімі Разия Астраханьға Мултановодан көшіп келген. Бұл – қазақ тілі кең тараған Володар ауданындағы шалғай ауыл. Оның күйеуі де Астрахань қазағы, бірақ орысше сөйлейді. Ол Жоғарғы Баскунчак деп аталатын үлкен ауылда өскен. Әдетте, мұндай отбасындағы балалар, қазақ тілін білмейді, бірақ Разия қызына қазақ тілін үйретуді мақсат етіп отыр.
ТОҢАЗЫТҚЫШ – "КАЛАДИЛЬНИК"
Разияның сөзінше, Астраханьдағы қазақ тілінің тағы бір маңызды өзгешелігі –заманауи терминологияның мүлдем болмауы. Қазақстанда орысша "холодильник" дейтін затты "тоңазытқыш" деп атаса, Астрахань тұрғындары қазақша сөйлеп жатып, "каладильник" дей салады.
– Бізде (қазақша) таза сөйлеу мүмкін емес. Мысалы, мен "доказательство" сөзінің қазақшасы "дәлел" екенін білемін. Мұны сөздіктен көрдім. Бірақ егер осы сөзді көршіме айтсам, ол мені түсінбейді. Ол бұл атауды тек орысша айтып үйреніп кеткен, – дейді Разия.
Ол ауылдағы жұрттың бәрі білетін, ана тілінде сөйлейтін ортаны сағынады және қазақ телеарналарын көріп, Instagram-да Қазақстаннан шыққан блогерлерді оқып, әдеби тілде кездесетін, бірақ Астрахань тұрғындарына бейтаныс "жаңа" сөздерді жаттап алуға тырысады.
Еділдің төменгі жағында қазақ тілін қандай болашақ күтіп тұрғанын айту қиын. Тілге институционалдық қолдау жетіспейді. Ал ұлт белсенділері көбіне фольклор және материалдық мәдениетпен айналысып, тіл мәселесіне назар аудара бермейді. Тағы бір жағынан, қазақ тілінің халі мүшкіл екеніне қарамастан Нұрлыбек, Луиза және Разияның мысалынан тілді көп адам бағалайтынын көруге болады. Астрахань облысында ноғай тілі жанашырларының белсенділігі артып келеді, ал ноғайдың ең жақын туысы – қазақтарға бұл шабыт берер деп үміттенуге болады.
ПІКІРЛЕР