Ресей құрамындағы Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №93 гимназияда қарашаның 15-і күні "Орыс тілі", "Әдебиет" және "Орыстың ана тілі" ("Родной русский язык") пәндерін оқыту мәселелері жайлы форум өтті. Оған Татарстан аудандарынан 200-ден астам мұғалім мен әдістемелік бірлестік жетекшілері қатысты. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен бөлек, жиында орыс тілін ана тілі есебінде оқыту мәселесі, 2019 жылғы бірыңғай мемлекеттік емтиханға дайындалу ерекшеліктері, балаларды орыс әдебиетін оқуға баулу әдістері пысықталды.
Форумға қатысушылардың арасында бұрын татар тілінен сабақ беріп, қазір орыс тілін оқытып жүрген мұғалімдер де болды. Татарстанның Черемшан ауданынан келген Нәйлә Исмагилова 23 жыл татар тілінен сабақ берген. 2017 жылы мектепте татар тілінің сағаты қысқарғаннан кейін ол қайта даярлықтан өтіп, мамандығын өзгерткен.
Татар ұстазы Нәйлә Исмагилованың Азаттыққа сұхбаты (татарша):
Азаттық: Нәйлә ханым, неліктен басқа пән – орыс тілінен сабақ беруге көштіңіз?
Нәйлә Исмагилова: Мектепте татар тіліне берілетін сағат саны қысқарды.
Азаттық: Қиын болды ма?
Нәйлә Исмагилова: Жаңа мамандық алу үшін Набережные Челны педагогика университетінде қайта даярлықтан өттім. Филологиялық білімім бар, сондықтан пәннен қиналған жоқпын. Бұрын татар тілінен сабақ берген мұғалімдерге деген қарым-қатынас мәселе туғызды. Ұлтымызға байланысты. Біреулер татарлар орыс тілінен сабақ бере алмайды деп ойлайды. Бірінші кезекте қиындық осы мәселенің төңірегінде болды.
Азаттық: Сізге не айтты?
Нәйлә Исмагилова: Ата-аналар тарапынан сенімсіздік байқалды, біліктілігімізге күмәнмен қарағандар болды. Өзі татар болса орыс тілінен қалай сабақ береді дегендей... Әуелгіде бұл күдікпен күресіп, ата-аналардың сеніміне кіру қиын болды. 2017 жылы бәріміз қиын шақты бастан өткердік, психологиялық тұрғыдан да ауыр болды. Татар тілі мұғалімдерінің еңсесі түсіп, жағдайымыз аянышты күйге түсті. Жұрт бізді жұмыстан босағанына қайғырып жүр деп ойлады. Мәселе онда емес. Біз ана тілімізден айрылғанынмызға жылап жүрдік. Тіліміздің тағдырына алаңдадық. Мектептерде татар тілінің сағатын қысқарту тілдің жойылуына әкеп соғатыны анық еді. Біздің буын, 1980 жылы туғандар тілді біледі, ал 2015-2017 жылдары дүниеге келгендер ше?
Азаттық: Сіз қалай ойлайсыз?
Нәйлә Исмагилова: Тілін ұмытпайды деп үміттенемін.
Азаттық: Қазір мектепте татар тілі сабақтары аз.
Нәйлә Исмагилова: Әрине, аз. Бірақ тілді меңгеру тек мектеппен шектелмейтінін ұмытпау қажет. Үйде, отбасында ана тілінде сөйлеген жөн. Баланы ана тілінде тәрбиелейтін балабақшаға беруге болады.
Азаттық: Сіз жұмыс істейтін мектепте қазір татар тілінің мұғалімі бар ма?
Нәйлә Исмагилова: Бар.
Азаттық: Неге сізді татар тілінің мұғалімі етіп қалдырмады?
Нәйлә Исмагилова: Өйткені мен кезінде Черемшандағы №1 орыс мектебін бітірдім. Кейін осында татар тілін оқытуға келдім. Орта білімді орыс тілінде алғандықтан басшылық маған орыс тілін оқыту оңай болады деп шешті. Дайындық курсынан өтуді ұсынды. Мен келістім.
Азаттық: Бұл материалдық жағдайыңызға әсер етті ме?
Нәйлә Исмагилова: Бұл туралы ойлана бермеймін. Табысым кеміді, бірақ көп емес.
Азаттық: Татар тілін оқытудан тәжірибесі бар мұғалім ретінде айтыңызшы, баланың тілді меңгеруіне аптасына үш сағат оқыту жеткілікті ме?
Нәйлә Исмагилова: Айту қиын. Мүмкін жеткілікті де шығар. Бірақ бала мектептен кейін үйде ата-анасымен ана тілінде сөйлесуі керек. Баланың қызығушылығы да маңызды. Өз қалауы болмаса, сағат саны да көмектеспейді. Аптасына алты рет сабақ өткенде де тілді меңгере алмаған балалар болған.
Азаттық: Қазір мектептегі татар тілі сағаттарын қайтарса, оқу қалай жүрер еді?
Нәйлә Исмагилова: Нәтиже жақсы болар еді деп ойлаймын. Өйткені соңғы уақытта балалар да, ата-аналар да татар тілі керек екенін түсіне бастады.
Азаттық: Балаларды татар тіліне үйретудегі ең үлкен қиындықты атай аласыз ба?
Нәйлә Исмагилова: Оларға татар тілінің грамматикасын меңгеру қиынға соғатын. 2017 жылы коммуникативті технологияға негізделген жаңа оқулықтар барын естігенде, "Неге бұрын осындай оқулықтар болмады?" деп ренжідік.
Азаттық: Қазір мұндай оқулықтар бар ма?
Нәйлә Исмагилова: Бар.
Азаттық: Ыңғайлы ма?
Нәйлә Исмагилова: Иә.
Азаттық: Сіздің ойыңызша, мектептерге осындай оқулықтардың уақытылы жетпеуіне кім кінәлі?
Нәйлә Исмагилова: Министрлік шығар. Мүмкін мұндай оқулықтар болса да, бәріне жетпеген болар.
Азаттық: Негізгі мәселе татар тілі оқулығының нашар болуында деп ойлайсыз ба?
Нәйлә Исмагилова: Әрине. Төртінші сыныптың оқушылары көсемшені өтеді. Ал орыс тілінде бұл тақырып жетінші сыныпта бір-ақ оқытылады. Төртінші сынып оқушылары тест тапсыра алмай жылайтын.
Азаттық: Қазір оқулықтар бар, бірақ сағат аз. Мұғалімдер аз. Мұндай жағдайда татар тілін жақсы меңгеру үшін не істеу керек?
Нәйлә Исмагилова: Мектептегі сабақтармен ғана шектелмеу керек. Балаларды экскурсияларға, кітапханаларға, көрмелерге апару керек. Сынып сағаттарын татар тілінде өткізу керек. Оқушыларды грамматикамен ғана қинамай, татар тілінде араласуға үйрету керек.
Азаттық: Сізге татар тілі оқулығын дайындау тапсырылса, не қосар едіңіз?
Нәйлә Исмагилова: Балаларды татар тілінде сөйлеуге үйрететін оқулық шығарар едім. Грамматикасыз, тек сөйлеу дағдыларына баулитын оқулық.
Татарстан Республикасының білім және ғылым министрі Рафис Бурганов өткен жылы татар тілі мен әдебиетінен сабақ беретін 1200 мұғалім кәсіби қайта даярлау курстарынан өткенін хабарлаған. 2018 жылдың мамырында жарияланған дерекке сәйкес, таңдалған мамандықтар арасында "орыс тілі мен әдебиеті" пәні көш бастап, қайта даярлау курстарынан өтуге берілген өтініштердің үштен бірін құраған. Одан кейінгі орында "бастауыш сынып мұғалімі" және "мектепке дейінгі тәрбие" мамандықтары тұр. Осыған дейін "Idel.Реалии" сайты тілшілері мұғалімдермен сөйлесіп, Татарстан мектептерінде мемлекеттік тілді міндетті оқытудың жойылуы олардың өміріне қалай әсер еткені туралы материал дайындаған.
2017 жылы татар тілінде оқытуды қалай шектеді?
- Шілденің 20-сы күні Ресей президенті Владимир Путин Йошкар-Ола қаласында өткен ұлтаралық қатынастар бойынша кеңестің отырысында мектептерде орыс тілінен басқа тілдерді міндетті оқытуға болмайды деп мәлімдеген. "Адамды ана тілінен басқа тілді оқуға мәжбүрлеуге, орыс тілінің сағаты мен деңгейін төмендетуге жол беруге болмайды" деген Путин.
- Тамыздың 28-і күні Ресей президенті Бас прокуратура мен Ресейдің білім беруді бақылау комитетіне мектептерде орыс тілінен басқа ұлттардың тілдерін ерікті оқыту мәселесін тексеруді тапсырды. Осы қаулыдан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Татарстан мектептерінде татар тілін оқытудан бас тартуға болады, ол үшін өтініш беру керек" деген хабар тарады.
- Қыркүйектің 7-сі күні Татарстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің сайтында мектептерде татар тілін оқытуға байланысты түсініктеме берілді. Құжатта татар тілін оқыту заң аясында жүретіні, татар тілін оқытудан бас тартуға шақыру заңға қайшы екені жазылған.
- Қыркүйектің 8-і күні интернет пен әлеуметтік желілерде Татарстан мектептерінде татар тілін міндетті оқытуды қолдауға шақырған жазбалар жарияланып, бірнеше флешмоб ұйымдастырылды. "Татартілді ата-аналар" тобы құрылып, олар мектептерде татар тілін міндетті оқытуды талап ете бастады. Бірнеше күн ішінде топқа екі мың адам қосылған.
- Қыркүйектің 11-і күні Татарстандағы орыс мәдениетінің қоғамы және Орыстілді оқушылар мен ата-аналарды қорғау комитеті Ресей Федерациясының бас прокуратурасына татар тілі мен орыс тілін оқытудағы заңбұзушылықтар туралы шағым түсірген. "Татарстанның ата-аналар қауымдастығы" татар тілін міндетті оқытуға тыйым салу үшін белсенділік танытты.
- Қыркүйектің 15-і күні бір топ ата-ана Путиннің атына ашық хат жолдап, Ресей Конституциясында Ресей Федерациясы субъектілерінің мемлекеттік тілге құқығы бары жазылғанына назар аударды. Хатқа мыңдаған адам қол қойды.
- Қыркүйектің 20-сы күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Татарстан ата-аналарынан татар тілін сақтау туралы хат келмегенін мәлімдеді.
- Қыркүйектің 21-і күні Татарстан жазушылары елдегі тіл тепе-теңдігін бұзбауды, республиканың білім министріне Ресей және Татарстан заңдарының негізінде өз құзыретін орындауға мүмкіндік беруді сұрап, мәлімдеме жасады.
- Қазанның 2-сі күні Татарстан прокуратурасы аудан прокурорларына мектептерде мемлекеттік және ана тілдерін оқытуға байланысты тексеру жүргізуді тапсырды.
- Қазанның 17-сі күні "Мэгариф" ұлттық білім беру және мәдениет саласы жұмысшыларының одағы ата-аналарды татар тілінде оқытудан бас тартпауға шақырды.
- Қазанның 22-сі күні әлеуметтік желіде Татарстан президенті Рустам Миннихановқа татар тілінің тағдырына алаңдаған желі қолданушыларынан сұрақтар түсе бастады. Олар президенттен татар тілін сақтап қалу үшін қажет шараларды қолға алуды сұрады.
- Қазанның 23-і күні Татарлардың бүкіләлемдік конгресі татар тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалуға шақырған үндеу жариялады.
- Қазанның 24-і күні татар тілі мұғалімдері Татарстан депутаттарына татар тілін қорғау туралы өтініш білдірді.
- Қазанның 24-і күні Татарстанның эстрада әртістері татар тілін қорғау мақсатында флешмоб ұйымдастырды.
- Қазанның 24-і күні Қазанда өткен жиында "келісімге келуге шақыратын нұсқа" жарияланып, татар тілін 1-9 сыныптарға оқытуға міндетті, ал 10-11-сыныптарда ерікті пән етіп бекіту ұсынылды.
- Қазанның 26-сы күні Татарстан Республикасы мемлекеттік кеңесінің отырысында мектептерде ана тілін оқыту мәселесі қаралды.
- Қазанның 27-сі күні татар тілі мұғалімдері жұмыстан босатылғаны туралы хабар тарады.
- Қарашаның 5-і күні Татарстан прокуратурасы республика білім министрлігі ұсынған жаңа оқу жоспарын ("келісімге негізделген нұсқа") қабылдамай, оны заңсыз деп тапты.
- Қарашаның 8-і күні Татарстан парламентінің отырысында Мәскеумен келісімге қол жеткізілгені – татар тілі мемлекеттік тіл ретінде аптасына екі рет оқытылатыны хабарланды.
- Қарашаның 24-і күні Путиннің Приволжье федералды округіндегі өкілетті өкілі Михаил Бабич Қазанға сапары барысында республикада мемлекеттік тілді меңгеруге аптасына екі сағатқа дейін бөлу мүмкіндігін қарастыратын әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
- Қарашаның 29-і күні Татарстан республикасы мемлекеттік кеңесінің отырысында Татарстан прокуроры Ильдус Нафиков татар тілі мектептерде тек ерікті түрде оқытылатынын айтты.
- Желтоқсанның 4-і күні Татарстан республикасының білім және ғылым министрі Энгеля Фаттахова қызметінен кетіп, оның орнына Мемлекеттік кеңес депутаты Рафис Бурганов тағайындалды.
(Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің материалынан аударылды.)
ПІКІРЛЕР