Accessibility links

Қазақстандағы оқуды қымбатсынған студент Моңғолияға кеткен


Қарақалпақстандық қазақ жігіті Дәурен Мұстафаев Ұланбатыр қаласында білім алып жүр. (Сурет оның фейсбук парақшасынан алдынды.)
Қарақалпақстандық қазақ жігіті Дәурен Мұстафаев Ұланбатыр қаласында білім алып жүр. (Сурет оның фейсбук парақшасынан алдынды.)

Моңғолияға оқуға барған қазақ жасы ағылшын тілін ол елде үйренудің қандай артықшылықтары бар екенін айтты.

Дәурен Мұстафаев Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласында 1998 жылы дүниеге келген. Орта мектепті туған жерінде бітірген ол қазір Моңғолияның астанасы Улаанбаатар қаласында ағылшын тілін үйреніп жүр. Азаттық тілшісімен сөйлескен этникалық қазақ жігіті ағылшын тілін үйрену үшін неге Моңғолияны таңдағанын түсіндірді.

Азаттық: – Ағылшын тілін оқуға неліктен қызықтыңыз?

Дәурен Мұстафаев: – Мамамның Оңтүстік Кореяда қызмет істейтін бір танысы бар. Сол кісі өздерінде жақсы жұмыс бар екенін, ол үшін тіл білу керек екенін айтты. Сол себепті Моңғолияға ағылшын тілін үйрену үшін келдім. Қазір Улаанбаатар қаласындағы «Моңғолия халықаралық университетінің» дайындық курсында оқып жатырмын. Дайындық курсты тәмамдағаннан кейін болашақ мамандығым бойынша университетті таңдаймын.

Азаттық: – Әдетте ағылшын тілін үйренгісі келетіндер АҚШ-қа не Еуропа елдеріне оқуға түседі. Ал сіздің Моңғолияны таңдауыңызға не себеп? Ағылшын тілін Өзбекстанда не оған жақын Қазақстанда да оқуға болмады ма?

Дәурен Мұстафаев: – Басында Қазақстанды таңдаған едім, бірақ ол жерде оқу ақысы қымбат екен. Қаржылық тұрғыда қолайлы елдердің барлығын зерттеп көрдім. Сонда ішіндегі ең арзаны және ыңғайлысы Моңғолия болды.

Мен үшін Улаанбаатарда оқудың екі артықшылығы бар. Біріншісі, бұл жерде оқу ақысы арзан. Жатақханасы бар, басқасы бар, бір жылға 1600 доллар төледім. Екіншісі, мұнда негізінен Еуропадан және Оңтүстік Кореядан келген мұғалімдер сабақ береді. Осында тіл үйрену үшін келген студенттер де негізінен шетелдіктер – Ресейден, Таиландтан, Кореядан, Қытайдан келіп оқып жүрген жастар. Барлығымыз тек ағылшынша тілдесеміз. Бұл да ағылшынша тезірек сөйлеп кетуіме мүмкіндік береді.

Азаттық: – Моңғолия – шеттегі қазақтар көп шоғырланған елдердің бірі. Ондағы қандастарыңызбен араласып тұрасыз ба?

Дәурен Мұстафаев: – Басында жергілікті қазақ қызы менімен бірге оқыды. Бірақ жаңа жылдан бастап шетелге оқуға кетіп қалды. Қазір жалғыз өзіммін. Бірақ қалада оқитын, қызмет істейтін қазақтардың көп екенін сырттарынан байқаймын. Олармен әлі тілдеспеппін. Жалпы, жергілікті жұрттың менталитеті ұнады. Өте қарапайым, ақкөңіл, көмектескісі келіп тұрады екен. Сосын тағамдары ұнады, етті көп тұтынады екен. Ал ауа райы өте суық екен, қиналып кеттім.

Азаттық: – Өзбекстандағы өзіңіз секілді қазақ жастарының оқуға деген құлшынысы қалай?

Дәурен Мұстафаев: – Сабақ негізінен қарақалпақ тілінде жүрді. Біз бір класта үш қазақ болдық. Біреуі Ташкентте оқып жүр. Екіншісі оқуға түсе алмай қалды. Жалпы, жергілікті қазақтардың көпшілігінің тұрмыс жағдайы жақсы. Сондықтан болар, Қазақстанға барып білім алатын жастар өте көп. Бірақ жоғары, мемлекеттік қызметке орналасатын жастар аз. Содан кейін білім алған жастардың тең жартысы Қазақстанға көшіп кетеді.

Азаттық: – Ал сіздің жақындарыңыз қазір қай елде?

Дәурен Мұстафаев: – Нүкіс қаласында тұрады. Біз бір отбасында бес адамбыз. Өзімнен кейін екі қарындасым бар. Әкем мен шешем әскери салада ұзақ жыл қызмет етіп, қазір зейнет демалысына шыққан.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG