"ТОҚАЕВ НЕНІ АНЫҚТАДЫ?"
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 11 қыркүйекте Қытайға барған сапары жайлы Қазақстанның ресми ақпарат құралдары барынша қамтып жазуға тырысқаны байқалды. Алайда, Қазақстанда соңғы жылдары жиі айтылып жүріп жүрген Қытайдағы саяси лагерьлерде қамауда отырған этникалық қазақтар мәселесін Тоқаев Қытай басшылығының алдында көтерді ме, жоқ па деген сұрақтың жауабы кейін, біршама уақыттан соң белгілі болды.
Арада 20 күннен астам уақыт өткеннен кейін, қазанның 4-іне Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Шыңжаңдағы қамау орталықтарында этникалық қазақ жоқ екені анықталды" деп хабарлады.
Бұл хабар Қазақстан билігінің Шыңжаң қазақтары жайлы Қытай билігімен сөйлескенін аңғартқанымен, "қамауда отырған қазақ жоқ" деген ақпарат Қытайдағы туысын жоқтап жүрген Қазақстан азаматтарын қынжылтты. Қазақстан азаматтығын алған Қытай қазақтары бұл ақпарат шығысымен "саяси лагерьде отыр" деп санайтын туыстарының аты-жөнін атап, суретін көрсетті.
Қытай ақпарат құралдарын оқып отыратын блогер Серік Керейдің айтуынша "Тоқаев Қытайға сапарында Шыңжаң қазақтары мәселесін көтере ме, жоқ па" деген сауалға жауап іздейтіндер көп. Оның сөзінше, Шыңжаңдағы қазақ ақпарат құралдары да осы мәселенің шетін шығарып қалуға тырысқаны байқалған.
- Қазақ тілінде ақпарат тарататын Шыңжаң телеарнасы журналистерінің бірі Тоқаев Қытайға сапарында этникалық қазақтар мәселесін айтты деп хабарлады. Шыңжаң телеарнасының "мынадай мәселелер айтылды" деп стендап түсіріп жатқанын сондағы журналистердің бірі телефонға түсіріп, барлығына таратты. Ол видео Қазақстандағы оралмандарға да жетті. Видеода журналист біржола көшетіндерге рұқсат беріледі деген сыңайда ақпарат беріп жатты. Оны Шыңжаң телеарнасынан көрсеткенін, я көрсетпегенін білмеймін. Бірақ Қазақстан ақпарат құралдары ол туралы мүлде жақ ашқан жоқ, - дейді ол.
"ҚЫТАЙ ПАРЛАМЕНТІНІҢ СПИКЕРІ НЕ СҰРАДЫ?"
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарынан екі апта өте Қазақстанға келген Қытай парламентінің спикері Ли Чжаньшудың Қазақстан парламенті сенатының төрайымы Дариға Назарбаевамен және мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинмен не мәселе жөнінде сөйлескені де тарқата айтылмады.
"Нұр Отан" партиясының ақпарат құралы "Литер" сайтындағы қысқаша мәліметке қарағанда, Дариға Назарбаева биыл қыркүйекте Қытайға барған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "екі елдің бірлескен декларациясы - Қазақстан-Қытай қатынасындағы жаңа кезеңнің бастауына айналады" деген пікірін білдірген.
Қытай елшісімен кездесу жайлы басқа да ресми ақпараттар "Дариға Назарбаева кедейлікпен, кибершабуылмен күрес, инновация, экология, ауыл шаруашылығы салаларында әріптестік орнату мәселесін талқылады" деумен шектелген.
Екі мемлекет парламенттері басшыларының кездесуі туралы Қазақстан ақпарат құралдарының ақпаратын Қытайдың Xinhua агенттігі толықтырды. Бұл агенттіктің хабарына қарағанда, Қытай парламентінің спикері Қазақстанға жаңа ұсыныстарын ала келгенге ұқсайды.
Қыркүйектің 25-іне Xinhua агенттігі "Қытай парламентінің спикері Ли Чжаньшу қазақ-қытай арасындағы инвестицияны қорғау, кедендік рәсімдеу және жұмыс істеуге рұқсат беру, қолайлы инвестицияға мүмкіндік жасау келісімдерінің жаңарған нұсқасын тез арада ратификациялау керегін мәлімдеді" деп жазды.
Xinhua агенттігінің жазуынша, Қытай парламентінің жетекшісі Ли Чжаньшу бұл мәлімдемесін Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева мен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллинмен кездесуде айтқан.
Xinhua агенттігі таратқан хабар Қазақстанда түрлі пікір туғызды. Әсіресе, Қазақстанда Қытайдың эконмикалық жобаларына наразылық өршіп тұрған шақта Қытай тарапының Қазақстанға инвестицияны қорғау деген мәселе қойғаны нені білдіреді деген сауалдар түрлі жорамалдарға түрткі болды.
Ресми ақпарат болмағандықтан "Қытай инвестициясын қалай қорғағысы келеді" деген сұрақты Азаттық тілшісі парламент депутаттарына қойған еді. Мәжіліс депутаттары екі ел арасында инвестицияны қорғау туралы шарт бұрыннан бар, бірақ Қытай жағы оны неге жаңартқысы келетіні, қандай кепілдік сұрайтыны және қандай саяси астары бар екені белгісіз деген болжаммен тоқтады.
Қазақстан Қытай инвестициясын қорғау керек пе? Мәжіліс депутаттарының жауабы
«НҰР ОТАН» МЕН КОМПАРТИЯ НЕ ЖАЙЛЫ УАҒДАЛАСТЫ?»
Қытай парламентінің спикері Ли Чжаньшу кетісімен Қытайдың тағы бір жоғары лауазымды қызметкері Ян Сяоду Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясымен уағдаласып кеткені мәлім болды.
Қазанның 11-іне "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қытай коммунистік партиясы орталық комитеті саяси бюросының мүшесі әрі Қытайдың мемлекеттік бақылау комиссиясының төрағасы Ян-Сяодумен "емен-жарқын" кездескені "Нұр Отан" партиясының сайтында жарияланды.
Сайттағы ақпаратқа қарағанда, Бауыржан Байбек пен Ян-Сяоду "Нұр Отан" мен Қытай компартиясының жемқорлықпен күресі жайлы әңгімелескен және партиялық бақылау жұмыстары бойынша тәжірибе алмасуға келіскен.
Ал Қытай ақпарат құралдары не дейді? Осы кездесу жайлы толымдырақ ақпарат таратқан Қытайдың халықаралық Xinhua агенттігінің жазуынша, "Қытай коммунистік партиясы "Нұр Отанды" маңызды әріптес деп атап, жемқорлықпен күрестен өзге "Бір белдеу – бір жол" экономикалық жобасы аясындағы әріптестікті де талқылаған".
"Қазақстан Қытаймен түрлі сала бойынша, оның ішінде "Бір белдеу – бір жол" құрылыс жобасы және жемқорлықпен күрес аясында әріптестікті нығайтуға дайын. Қазақ шенеуніктері "Нұр Отан" партиясының Қытай коммунистік партиясымен байланысты нығайтып, партия және ел басқару бойынша тәжірибе алмасуға ықылас білдірді" деп жазады Xinhua агенттігі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай билігі жариялаған "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасының Қазақстанға да қатысы бар. Қытайдың Қазақстанға құйып жатқан мол инвестициясы осы бағдарламаны жүзеге асыратын тетіктердің бірі саналады. Қытайдың бұл бағдарламасын қолдайтынын білдірген Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та "Нұрлы жол" бағдарламасын "Бір белдеу – бір жолмен" үйлестіретінін жариялаған.
Қытайдың мемлекеттік бақылау комиссиясының төрағасы Ян-Сяодудің "Нұр Отан" басшылығымен кездесуінде "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасы бойынша нақты қандай экономикалық мәселе сөз болғаны белгісіз.
Ян-Сяодудың "Нұр Отан" басшыларымен кездесуі бір бұл емес. Тура бір жыл бұрын, яғни 2018 жылы қазан айының ортасында да ол "Нұр Отан" партиясы төрағасының сол кездегі орынбасары Мәулен Әшімбаевпен қазіргі Нұр-Сұлтан, сол кездегі Астанада қол алысып кеткен болатын. Ол жолы да "Нұр Отан" партиясы "Қытайдың коммунистік партиясы партиялық құрылыс, кадрлар даярлау мәселелерінде тәжірибе алмасу, жастар саясатындағы ынтымақтастықты арттыру" жайлы сөз болғанын жариялаған.
"БЕЛГІСІЗДІК ҮРЕЙ ТУДЫРАДЫ"
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Қазақстан мен Қытай арасында қатынас күшейген сайын, оны егжей-тегжейлі тарқата баяндайтын ақпараттардың азайып бара жатқанын айтады. Сарапшылар сөзінше, бұл жайт Қазақстанда Қытай жобаларына қарсы көңіл күйді одан әрі өршіте түсуі мүмкін.
Қытай тілінің маманы Дүкен Мәсімханұлы айтуынша, Қазақстанның ресми орындары Қытаймен қатынас жайлы ақпараттарды соңғы жылдары жұтаңдата бастағаны байқалған.
- Қарапайым халықта екі ел арасындағы қарым-қатынасқа күмән пайда болғалы ресми БАҚ тәптіштеп жазбайтын болды. Біз демократиялық ашық қоғамбыз. Қытаймен жасасқан келісім қоғамда ашық талқылану керек. Пайдасы мен зиянын қоғамның өзі де саралағаны жөн, сонда айқай-шу да болмайды. Ақпаратты неғұрлым жасырған сайын күдік те соғұрлым ұлғаяды, - дейді ол.
Алайда Дүкен Мәсімханұлы Қазақстан мен Қытайдың ресми ақпарат құралдары екі түрлі жүйеде өмір сүргенмен ақпарат тарату сарыны ұқсас деп есептейді. Қытай ақпарат құралдарында жұмыс істеген жазушы Алмас Ахметбекұлы да осыған ұқсас пікір айтады. Оның сөзінше "Қытайда ақпарат жариялаудың өз шаблоны бар, бірақ барлық ақпарат партия мүддесімен сай келуі тиіс" дейді.
- Олар Қазақстанға инвестиция салып жатырмыз, оның қауіпсіздігі жайлы айттық деп, оңды-солды идеологиялық ақпарат тарата беруі де мүмкін. Кейде асыра сілтейтіні де бар, - дейді Алмас Ахметбекұлы.
Қазақстан мен Қытай қатынастарын әлеуметтік желідегі парақшасында жиі жазатын бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев ақпараттың аздығынан туатын "белгісіздік" үрей тудырады деп санайды.
- Билік Қытаймен қандай келісім жасағанын толық айтпайды. Жасырын ақпараттар бар сияқты көрінеді. Сол себепті қоғамда неше түрлі сұрақ пайда болады. Мысалы, Қытайдан көшірілетін 55 зауыт жайлы әу бастан ашып айтқан жоқ. Қандай зауыт не үшін және қалай көшірілетіні, онымен қанша жұмысшы ілесе келетіні жұмбақ болды. Бастапқыда 51 зауыт көшіріледі деген еді, кейіннен 55 зауыт деп айтыла бастады. Ал, оны тәптіштеп түсіндіретін ақпаратқа зәру болып отырмыз, - дейді Қазбек Бейсебаев.
Қазбек Бейсебаев сөз еткен «Қытайдан көшірілетін 55 зауыт» жайлы ақпараттың шыққанына бірнеше жыл болған. Бастапқыда Қазақстанның сол кездегі президенті Назарбаев Қытайдан 51 зауыт әкелінетінін айтқан болатын.
"Қытайдың 55 зауыты" туралы ақпарат қыркүйек айында Қазақстанның бірнеше қаласын қамтыған наразылыққа түрткі болған. Наразылыққа шыққандар Қытайдан алынған қарыздың қалай жұмсалатыны, қашан және қалай қайтарылатыны жайлы ашық ақпарат жоқтығына алаңдайды.
55 жоба жайлы толымды ақпарат берілмей отырғанын мойындаған Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек толық ақпаратты сыртқы істер министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитеті беруі тиіс деген еді.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан 55 жобаның қазіргі кезде 15-і іске қосылған, 20 жоба "жүзеге асырылу" кезеңіне таяған. Ол 15 жобада жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі Қазақстан азаматтары".
Қазақстан үкіметі "55 зауыт" мәселесін айтқанда, "Қытаймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңызы зор, инвестициясыз даму мүмкін емес" деп санайды.
Қазақстанға ең көп инвестиция салған елдердің ішінде Қытай Нидерланд, АҚШ және Швейцариядан кейін төртінші орында тұр. Қарыз берген елдердің арасында да үшінші орын алады. Ұлттық банктің 2018 жылғы есебінше, Қазақстанның Қытай алдындағы сыртқы қарызы 12 миллиард долларға жеткен. Түрлі деректерге қарағанда Қазақстанның мұнай саласындағы Қытай компанияларының үлесі өзге мемлекеттерден әлдеқайда көп.
ПІКІРЛЕР