Accessibility links

Жаңаөзендіктер Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы шықты


Жаңаөзендегі наразылыққа жиналғандар. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Жаңаөзендегі наразылыққа жиналғандар. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 3-і күні Жаңаөзеннің екі жүзден астам тұрғыны қаланың орталық алаңына жиналып, Қытайдың Қазақстандағы жобаларын тоқтатуды талап етті. Осы күні Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте де белсенділер «Қытайдың экспансиясына қарсымыз» деген акция өткізді.

ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРДІҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Жаңаөзен тұрғындары екі күн қатарынан әкімдік алдына келіп, Қытайдың Қазақстанда салатын 55 зауытына қарсы шықты. Олар қыркүйектің 2-сі күні Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына келіп, билікке талаптарын айтқан. Кейін оларға қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов шығып, Жаңаөзенге Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов келе жатқанын айтқан.

Қыркүйектің 3-і күні наразылар қарсылық шараларын 2011 жылы мұнайшылар ереуілі өткен Орталық алаңда жалғастырды. Олармен кездесуге Ақтаудан Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов келді. Жиналғандардың бірі әкімге «президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Қытай зауыт салынбайды деген қолы мен мөрі қойылған қағаз берсін. Соны талап етеміз» деді.

Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов (оң жақта) наразылармен жолыққан сәт. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Тұрымов (оң жақта) наразылармен жолыққан сәт. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Жаңаөзендегі Орталық алаңға келгендердің арасында «Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшылары да бар. Солардың бірі Күнсұлу Әйтешова ортаға шығып, биліктен «Нұр Отан» партиясын таратуды талап етті.

– Қазіргі билік ауысса, ешқандай мәселе болмайды. Жер халыққа керек. Бұл – [Нұрсұлтан] Назарбаевтың да, Тоқаевтың да жері емес. «Нұр Отанды» тарату керек, халық үшін жылап жатқан депутат жоқ, – деді ол.

Наразы жұрт президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан 11-12 қыркүйекте Қытайға жоспарланған ресми сапарынан бас тартуды талап етеді.

Шараға келгендердің кейбірі ортаға шығып, билікке басқа да талаптар қойды. Олар Нұр-Сұлтаннан «саяси тұтқындарды» босатуды сұрады.

Облыс әкімі Серікбай Тұрымов Қазақстанда ешқандай Қытай зауыттары салынбайтынын, салар болса, қоғамдық тыңдау өтіп, жұртшылықпен ақылдасатынын айтты.

– Қазақстанда Қытай 55 зауыт салады деген бағдарлама жоқ. Бір күнде зауыт салынбайды. Біз жаhандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Экономикамызды әртараптандыруымыз керек. Облыс экономикасының 90 пайызы мұнай мен газға қарап отыр. Ол – біздің ұрпақтан-ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сендер шақырдыңдар, мен жауап беру үшін келіп тұрмын, – деді Тұрымов.

Наразы жұртқа Жаңаөзен қаласы әкімі Әділбек Дауылбаев пен бірнеше прокурор, полиция өкілдері де келді. Қала әкімі тұрғындарды заң бұзбауға шақырды.

ЖАҢАӨЗЕНДІКТЕРДІ ҚОЛДАҒАНДАР

Қыркүйектің 3-і күні Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкентте белсенділер акция өткізіп, Жаңаөзендегі наразылық шарасын қолдады. Нұр-Сұлтанда Қалдыхан Қозыбаева, Әлия Жакупова мен Анна Шөкеева «Қытай экспансиясына жол жоқ», «Біз Жаңаөзенмен біргеміз!» деген жазулары бар плакаттар көтеріп, Ақордаға қарай баратын жол бойына шықты.

– Біз Жаңаөзенде не болып жатқанын білеміз. Жаңаөзен - әркезде Қазақстанның жан ауруы. Сондықтан да біз олардың бейбіт наразылығына қолдау білдіріп шығып тұрмыз. 2011 жылдың желтоқсанын (Жаңаөзен оқиғасы – ред.) ешкімде қайталағысы келмейді деп ойлаймын. Ол кезде біз ештеңе естімедік, көрмедік, интернет болмады. Біздің саясатқа қатысымыз жоқ дей алмаймыз. Біздің бәріміздің саясатқа қатысымыз бар, – деді Әлия Жакупова.

Белсенділерді көшеде өтіп бара жатқан кейбір тұрғындар да қолдады. Олар үлескерлер дауын, елдегі адам құқығы жағдайын айтып, биліктің назарын аударуға тырысты.

Нұр-Сұлтан белсенділері Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге қарсы пикет өткізген сәт. 3 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтан белсенділері Қазақстанға Қытай жобаларын әкелуге қарсы пикет өткізген сәт. 3 қыркүйек 2019 жыл.

Ал Шымкенттегі акция Ордабасы алаңында өтті. Алаңға жиналған жиырма шақты адамның арасында жергілікті белсенділер, көп балалы әйелдер мен зейнеткерлер болды. Олар билікті Қытайдан алынған кредит пен екіжақты жасалған келісім жайлы ақпаратты жариялауды талап етті

– Қытай зауыттарының бізге не керегі бар? Қазір қанша адам жұмыссыз жүр. Зауыт, фабрикаларды ашып, соларға жұмыс тауып берсін, – деді зейнеткер Тілеулес Ілес.

Ақтөбеде жеті адам облыстық әкімдігінің алдындағы алаңда пикет өткізіп, "Қытайдың 55 зауытына жол жоқ" деген плакат ұстап шықты.

– Біз екі күннен бері наразылық білдіріп жатқан Жаңаөзен халқымен біргеміз. Қазақстан жері – бәріміздің жеріміз, бәріміздің болашағымыз. Сондықтан Қазақстан жеріне Қытай зауыттарын салуға біз де қарсымыз! – деді жергілікті белсенділердің бірі Әлібек Молдин.

Ақтөбедегі қарсылық шарасы, 3 қыркүйек 2019 жыл.
Ақтөбедегі қарсылық шарасы, 3 қыркүйек 2019 жыл.

Әкімдік өкілдері наразыларды ғимаратқа кіріп сөйлесуге шақырғанымен, олар кеңсеге барудан бас тартты. Акцияға келгендер бір сағаттан соң тарады.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫТАЙҒА ҚАРСЫЛЫҚ ҚАЛАЙ КҮШЕЙДІ?

2016 жылы көктемде Қазақстанда өткен жаппай жер митингісінде наразылардың көбі «шетелдіктерге жер сататын заң қабылданса, Қазақстандағы жерлердің көбін қытайлар сатып алады» деген қауіптерін ашық жеткізген. 2016 жылы Атырауда жер митингісін ұйымдастырды деп айыпталған Макс Боқаев (2016 жылы бес жылға сотталып, қазір түрмеде отыр) пен Талғат Аянның (2016 жылы бес жылға сотталып, былтыр шартты жазамен босап шықты) сотында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері «жерді Қытайға немесе қытай компанияларына, азаматтарына сату жоспары» болмағанын айтқан. Кейін Қазақстан билігі қарсылыққа ұшыраған жер заңына мораторий жариялады.

2017 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қазақтардың лагерьлерге қамалып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Қазақстандықтардың кейбірі Шыңжаңға кеткен жақындарының шекарадан өте алмай отырғанын айтып шағымданған. Бұл жағдай да Қазақстандағы қарсылықты күшейтті.

2018 жылы Қазақстан Қытайдан екі миллиард 62 миллион юань көлемінде кредит алды. 2019 жылы сәуірде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Пекинде өткен «Бір белдеу – бір жол» форумына барып, Қытайдың Қазақстандағы 55 ірі жобасының 15-і жұмысын бастағанын, 11 нысан биыл пайдалануға берілетінін айтты.

Форумнан кейін қытайлық журналистерге сұхбат берген Назарбаев «Қытай ешкімге шарт қоймайды. Біз секілді өмір сүріңдер деп ешқашан айтпайды. Батыс елдері «біз сендерге көмектесеміз, сендер біз сияқты болыңдар» дейді. Қытай олай жасамайды. Қытайдың осы саясаты ұнайды» деген.

Қазақстанның Қытайдан алған кредиті мен Назарбаевтың зауыт туралы сөзі халық арасында сынға ұшырады.

Елде Қытай-Қазақстан қатынасына қарсылық күшейген тұста ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге ресми сапармен бармақ. 11-12 қыркүйекке жоспарланған сапарда Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин екі ел арасындағы қарым-қатынасты талқылайды. Тоқаев Қытайға сапарына он күн қалғанда, қыркүйектің 2-сі күні халыққа жолдау жариялап, «шетелдіктерге жер сатылмайтынын» мәлімдеді.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын - төртінші, ең көп қарыз беретін үшінші ел. Қазақстанға инвестиция салу бойынша Нидерланды, АҚШ және Швейцария алғашқы үштікте тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG