Ғазиза Тілеубай актерлік жолын режиссер Рүстем Әбдірашевтің "Қазақ хандығы. Алмас қылыш" көркем фильмінде (Бұл картинаны Қазақстан "Оскар" сыйлығына ұсынды) Бұрындық ханның әйелі Қызданайдың рөлін сомдаудан бастап, "Алтын тақ", "Сүйе білсең", "Ән аға", "47 баланың анасы" сияқты бірқатар отандық фильмдер мен сериалдарға түскен. Шымкентте туып, жергілікті техникалық колледжді бітірген Ғазиза актерлік өнерден бөлек, әкесімен бірге ұлттық нақыштағы бұйым жасап, құйма ісімен айналысады.
Ғазиза Тілеубай қыркүйектің 21-і күні Шымкент қаласындағы Тәуелсіздік саябағында Қытай экспансиясына қарсы наразылық өтетінін әлеуметтік желі арқылы білген. Қытай жобаларына қарсылық білдіру ниетімен қолына "Түркі халықтарын лагерьде ұстап отырған Қытайға Қазақстанда орын жоқ" деген плакат ұстап, Байтұрсынов көшесінің бойымен жүрген.
- Плакатымды неге алаңға жеткенде ғана ашуым керек» деп ойладым. Бізде халық көбіне наразылар неге жиналғанын білмей де қалады. Сондықтан "жолдағы адамдар да көрсін" деген ниетпен плакатты жайып шамамен екі квартал жүріп өттім. Көшеде кездескен адамдар плакатымдағы жазуды оқып, қызығушылық танытып жатты. "Гарант" сауда желісінің жанына барып, бес-он минуттай қарсылығымды айтып тұрдым. Сол кезде полиция келді. Өздерін таныстырып, қандай заң бұзғанымды түсіндірудің орнына қарсыласқаныма қарамай, көлікке салып алып кетті, - дейді Ғазиза Тілеубай.
Актриса наразылыққа шығуға Қазақстан билігінің Шыңжаң лагерьлеріне қатысты ашық мәлімдеме жасамауы және Қытай жобалары туралы халыққа дұрыс ақпарат бермеуі себеп болғанын айтады.
- Бұл мәселеде (Шыңжаңдағы лагерьлерді айтады – Ред.) біздің мемлекеттің позициясына таңғаламын. Бәрінен хабары бола тұра, көз жұма қарап отыр. Наразылыққа Қытай экспансиясынан қорыққаннан, еліміздің дұрыс даму жолына түспегеніне алаңдағаннан шықтым. Қазақстанда іске қосылатын 55 жоба тікелей Қытай үкіметінің қолдауымен жүзеге асады. Қазақстанның көрші мемлекетке сыртқы қарызы көп. Қытайдың соғыссыз-ақ қалағанына қол жеткізетін саясатынан бәрі қорқады. Мемлекет Қытай зауыттарының пайдасын жаңа жұмыс орындары пайда болатынымен түсіндіргісі келеді. Сондай кәсіпорынды өзіміз де ашып, дайын өнім шығарып үйренсек болады ғой. Қазір билік халықпен диалог жүргізуді, жағдайдың ақ-қарасын ажыратып түсіндіруді білмейді. Жаңаөзеннен бастап, Шымкентке дейінгі халықтың талап етіп отырғаны сол, - дейді ол.
Полиция Ғазиза Тілеубайды Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасында жеті сағат ұстаған. Алғашқы үш сағатта бір кабинеттен екіншісіне жұмсап, уақыт өткізген. Қандай заңды бұзғанын сұрағанымен ешкім жауап бермеген.
Төрт сағаттан кейін тергеуді бастап "Қазақстанның демократиялық таңдауы» деген ұйымды білесіз бе Олардың экстремистік бағытта жүргенінен хабарыңыз бар ма?" деген сұрақ қоя бастаған.
- Ұйым қызметіне қатысым жоғын, тек жан-жақты ақпарат алу үшін парақшаларын қарап отыратынымды айттым. Наразылыққа шығу себебімді білгісі келді. "Мемлекетке наразылығымды білдіргім келді" дедім. Жауап алып отырған полиция қызметкері "Мемлекеттің істегені ұнамаса, басқа елге кетіңіз" деді. Жауабына ашуланғанымды түсінген болуы керек, басқа қызметкерлердің алдында "олай айтқан жоқпын" деп жалтаруға тырысты. Кешке дейін ұстап, ақыры босатты, - дейді Ғазиза Тілеубай.
“МЕМЛЕКЕТТЕН ҮМІТ КҮТПЕЙМІН”
Ғазиза Тілеубай әкесі ашқан шеберханада ұлттық нақыштағы киімдер мен бас киімдер, кәдесыйлар мен зергерлік бұйымдар жасап, сатады. Қолөнерді әкесінен үйренген Ғазиза шеберханаға қажет металл күйдіретін пештің бағасы қымбат болған соң, оны өзі құрастырып үйрену үшін техникалық колледжге оқуға түскен. Қазір шеберханада өзі жасаған екі пешті пайдаланып отыр.
- Кез келген бұйымды жасау үшін оның қалыбы болуы керек. Біз құйма цехында қалаған заттың жобасын жасап, қалыбын шығарып бере аламыз. Өндіріс орындары, әдетте шикізатты бір жерден, қалыбын екінші жерден алып, соларды құрастырып, дайын өнім шығарады. Біздің цехта бүкіл жұмысты жолға қоюға болады. Сонда біз күнделікті қолданыстағы тіс щеткасынан бастап, танктің темір бөлшектеріне дейін құйып шығара аламыз, - дейді ол.
Ғазиза кәсібін дамыту үшін осы жобасын 2015-2016 жылдары екі рет қатарынан Оңтүстік Қазақстан облысында өткен инновациялық жобалар байқауына ұсынса да грантқа қол жеткізе алмаған.
-Қандай жоба жеңгенін, шешім қандай негізде шығарылғанын да түсіндіріп айтқан жоқ. Қазір тапқан-таянғанымды кәсібіме құйып жатырмын. Мемлекеттен үміт күтпеймін, - дейді ол.
"ШЫНАЙЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛГЕНІН ҚАЛАЙМЫН"
Қыркүйектің 21-інде болған "Қытай экспансиясына қарсылық" - Ғазиза Тілеубай қатысқан алғашқы наразылық акциясы емес. 2016 жылы 19 жасында Ғазиза Алматы қаласында өткен жер митингісіне де қатысқан.
- Ол кезде Алматыда түсірілімде жүр едім. Демалыс күні "Қытайға жер бермейміз!" деп ұрандаған халықты қолдауға бардым. "Алаңда халық саны көп болсын, билік үнімізді естісін" деп ойладым. Әр жерде бөлек отырған адамдарға барып, "ойымызды бір жерге жиналып айтайық" деп жүргенімде, полиция белсенділігімді байқап қалып, халықтың ортасынан жұлып әкетті. Көлікке салып, полиция бөлімшесіне жеткенше шашымды жұлып, соққыға жықты. Бірақ жаза кеспей, біраз уақыттан соң түсініктеме алып, босатты, - дейді ол үш жыл бұрынғы оқиғаны еске алып.
Ғазиза "уақыт өте халықтың саяси мәдениеті өседі" деп есептейді.
- Кешкісін үйге қайтқанда автобуста жүз теңге жолақысын төлеп, отыз теңгесін уақытылы қайтармағаны үшін ұрыс шығаратын халықты көремін. Жұрт отыз теңге үшін төбелеседі, түсінесіз бе? Өкінішке қарай, жағдайымыз осындай. Өткен аптада Семейден Шымкентке пойызбен келдім. Елдің аузында тек қана әлеуметтік мәселе. Елде жағдай жақсы болса, халық отандық кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарын сөз етер еді. Халыққа қағаз жүзінде емес, шынайы қолдау көрсетілгенін қалаймын. Ел арасынан кәсіптің көзін тапқан азаматтарды тауып, отандық өндірісті көтеруге жағдай жасалуы керек, - дейді ол.
Ғазиза Тілеубайдың сөзінше, өзі өскен отбасында пікір еркіндігі құпталады, сондықтан оның наразылық акцияларына барғанына туыстары қарсы болмаған. Сөз арасында актриса Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға қатысты пікір білдіруді азаматтық борышы көретінін, ал әлеуметтік желіде аудиториясы көп өнер адамдары мен блогерлердің белсенділігіне көңілі толмайтынын айтты.
- Үлкен аудиториясы бар адамдар өз оқырмандарына азаматтық позициясын ашық жеткізіп, оларды елдегі жағдаймен таныстырып отыруы керек. Әріптестерімнің белсенділігіне көңілім толмайды. Көбісі естімеген, көрмеген сыңай танытады. Мүмкін табыс көзі боп отырған парақшасын бұғаттап тастайды деп қорқатын шығар. Өнер адамдарының саясатқа араласуы әлбетте олардың карьерасына әсер етеді. Бірақ "наразылық акциясына қатысты" деп, режиссерлер менен сырт айналмайтын шығар деп үміттенемін, - дейді Ғазиза Тілеубай.
Қытайға қарсы наразылық акциялары қыркүйектің басында Жаңаөзенде бір топ азаматтың Қазақстанда "Қытайдың 55 зауытын салуға" қарсылық білдіруінен басталған. Наразылар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Пекинге жоспарланған ресми сапарынан бас тартуды талап еткен. Тоқаев қыркүйектің 11-12-сі күндері Қытайға ресми сапармен барып, бірқатар құжаттарға қол қойып қайтты.
Қыркүйектің 4-і күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Семей қалаларында ондаған адам Жаңаөзендегі наразылық акциясын қолдап, "Қытай экспансиясына қарсылық" білдірген. Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан 55 жобаның 15-і іске қосылып, тағы 20 жоба "жүзеге асырылуға" таяғанын, жаңадан ашылған төрт мыңға жуық жұмыс орнына тұрғандардың 95 пайызы – Қазақстан азаматтары екенін мәлімдеген. Қазақстанның сыртқы істер министрі қазанның 4-і күні Шыңжаңның "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" этникалық қазақ жоғын айтқан. Бірақ Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген Қазақстандағы "Атажұрт еріктілер" ұйымы министр сөзін жоққа шығарады.
"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, Қазақстан билігін сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы жұртты қыркүйектің 21-і күні митингіге шығуға шақырған. Полиция бұл күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда 57 адам ұсталғанын хабарлаған. Кейбір ұсталған адамдар полиция әкетіп бара жатқанда билікке қарсы ұрандар айтқан.
ПІКІРЛЕР