43 жастағы Дулат Ағаділ 25 ақпанда таңертең Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында көз жұмды. ІІМ дерегінше, жедел жәрдем дәрігерлері Ағаділдің "жүрек талмасынан" қаза болғанын тіркеген.
24 ақпан түнде штаттық киімдегі бірнеша адам Ағаділдің үйіне келіп, оны изоляторға алып кеткен. Facebook желісіндегі видеода штаттық киімдегі адамдар қолын қайырып, әкетіп жатқаны байқалады. Видео сыртынан "қолына кісен сал" деген дауыс естіледі. Ағаділ оларға "киініп алайын" деп бірнеше рет айтады. Видеоның соңына таман Ағаділді үйінен шығарып, қараңғыда көлікке салып жатқаны көрінеді.
Видео: Штаттық киімдегілер Ағаділді үйінен қалай әкетіп еді?
Нұр-Сұлтан полиция департаменті ақпанның 25-і күні Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында "жүрегі қысып қайтыс болғаны" туралы ақпарат таратты. Бұл ақпаратты кейін ІІМ өкілдері де растады. Полиция "сотқа құрмет көрсетпегені, судья мен сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тигені үшін Дулат Ағаділдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен ақпанның 24-і күні қамауға алынғанын" хабарлады
Ағаділдің қазасы туралы хабар тараған соң нұр-сұлтандық бір топ белсенді 25 ақпан ішкі істер министрлігіне барған. Белсенділер министрліктен ешкім шықпаған соң жолды жабуға тырысқан. Сол кезде арнайы жасақ келіп, наразыларды күштеп ұстады. Белсенділер полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бірнеше сағаттан соң босатылған.
Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар белсендінің қазасына билікті айыптады.
Сейсенбі кешкісін Алматыда құзырлы орган өкілдері брифинг өткізіп, Ағаділдің өліміне қатысты тергеумен Нұр-Сұлтан прокуратурасы айналысатынын мәлімдеді. Биліктің мәліметінше, сараптама жасалады және изолятордағы видеокамералар тексеріледі. Брифингте ІІМ өкілі Ағаділ изоляторға жеткізілгенде "қызу болғанын" айтты. Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Орынбасар Құлжыбаев "тергеу изоляторында ешқандай қылмыс болмағанын" айтып, "Ағаділдің арақ ішкені өлімге себеп болуы мүмкін" деді.
Қазақстандық желі қолданушылары биліктен белсендінің қазасын жан-жақты тергеуді талап етіп жатыр.
Олардың арасында "Дулат Ағаділ тергеу изоляторына әкетілерден бұрын ішімдік ішкен" деген полиция уәжіне сенбейтіндер де кездеседі.
Журналист Тоқтар Жақаш "полиция Дулат Ақәділдің өлімін арақпен байланыстырып, құтылғысы келеді. Ішкен адамды изоляторға емес айықтырғышқа апару қажет еді. Заң білмеген полиция қызметкерлерін түгелдей қылмыстық жауапқа тарту керек" деп санайды.
Facebook қолданушы Дастан Елдесов те "таныстары Дулат Ағаділ ішпейтінін айтады. Тіпті, ішімдік ішсе де, ондай жағдайда изоляторға күштеп әкету – заңды бұзу" деп жазды.
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ ПЕН САЯСИ ПАРТИЯЛАР "ҮНСІЗДІГІ"
Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев "Дулат Ағаділдің қазасы жайлы ресми ақпарат құралдары хабар таратпады" деп санайды.
"Есі дұрыс елде ресми БАҚ бұл уақытта Дулат Ағаділді мәжбүрлеп әкеткен полицейлер жұмысынан қуылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды деп жаңалық таратар еді" деп жазды ол.
Facebook қолданушы Берік Қошқарбай да Дулат Ақаділдің қазасы жайлы АҚШ-тың New York Times газетінің сайты жазғанына назар аударған.
Ол "Мұхиттың арғы бетіндегі бүкіл әлемге танымал Нью-Йорк Таймс Дулат Ақәділдің өліміне арнап мақала шығарды, қазақтың мемлекеттік БАҚ-тары неге үнсіз?!" деп сұрақ қояды ол.
Видео: Желіге шолу
Заңгер Руслан Түсіпбеков "бұл Нью-Йорк Таймс газетінің Қазақстанды еске салғаны бірінші рет емес, тіпті Қазақстанға арнайы айдар ашса да болады" деп жазды желіде.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың Facebook парақшасында "Дулат Ағаділді Сталиннің НКВД-сы кезіндегідей түнделетіп әкетті. Егер ресми нұсқадағыдай жүрегі тоқтап қалған, ешкім ұрып-соқпаған болса да бұл өлім осылай қуғын-сүргін тәсілімен әкеткен биліктің мойнына жүктеледі. Егер саяси ой-пікірі басқа адамдар изолятор мен түрмеде өле берсе, Ресейдегі "Магнитский заңы" секілді іс бізде де ерте ме, кеш пе пайда болады" деп жазды.
2012 жылы Вашингтон Мәскеудің тергеу абақтысында қаза болған Британия инвестициялық қорының заңгері Сергей Магнитскийдің өліміне қатысы бар деген күдікке іліккен ресейлік лауазымды қызметкерлерге санкция салған еді. "Магнитский тізіміне" енген адамдарға АҚШ-қа баруына тыйым салынған. Бұл санкцияны Батыстың бірнеше мемлекеті қолдаған.
Бұрынғы дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтің Facebook парақшасында "белсендінің тергеу абақтысында өлгені - наразылық білтесін тұтату. Білтені биліктің өзі жағып отыр" деп жазды. Оның пайымдауынша, Дулат Ағаділдің қазасына байланысты ресми тіркелген саяси партиялар ұстанымдарын білдіру керек.
Қазбек Бейсебаев меңзеген саяси партиялардың Ағаділдің қазасы жайлы мәлімдеме жасағаны әзірге байқалған жоқ. Белсенді қаза болған күні қуғындағы бизнесмен, Қазақстан "эктремистік ұйым" деп тыйым салған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған ҚДТ қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов пен "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мәлімдеме жасап, билікті айыптай сөйлеген.
АҚЫНДАРДЫҢ АЗАЛЫ ЖЫРЫ
Елде ресми тіркелген саяси партиялар үнсіз қалғанымен, Дулат Ағаділдің қазасы жайлы хабар шығысымен ақындар азалы жыр арнады.
Ақын Дәурен Берікқажыұлы:
Сен өлесің ел үшін болып құрбан,
Селт етпейді бірі де көріп тұрған.
Күні бойы мемлекет өсек соқты
Тірі адамын отыз жыл өлік қылған! - деп басталатын өлеңін әлеуметтік желіге жариялады.
Журналист, ақын Есей Жеңіұлының да Дулат Ағаділдің қазасына арналған:
Ақпан күні тауысқанда жарығын,
Үшеу кіріп, есін алып бәрінің,
Алға салып Алашының нар ұлын,
Алып кетті... айтпай сөзің анығын, - деп келетін өлеңі Facebook парақшасында жариялады.
"ТЕРРОРИСТІ ҰСТАУҒА КЕЛГЕНДЕЙ..."
Желі қолданушылары 24 ақпан түнде штаттағы киімдегілерді Ағаділдің үйіне басып кіріп, белсендіні күштеп әкеткеніне де наразылық білдірді.
Жұлдыз Әбділда, журналист:
Террористі ұстауға келгендей, алып кетуге бір топ болып келіпті. Кеудесі жалаңаш күйі "наручник кигіз" деп сүйрелеп жатыр. Камераға түсіріп тұрған жігіттің қолын қақты бірнеше рет. Сөйтіп алып кеткен адам изоляторда өліп отыр. Бұл не масқара?! Бұл үшін кім жауап береді?! Марқұмның алты баласы бар екен, олардың жағдайы не болады?
Сауле Алипова, желі қолданушы:
"Жұрт жатып қалған, тас қараңғы мезгілде бір топ түсі суық жандар балаларының көзінше қылмыскер сияқты қолын артына қайырып алып кеткен деген не деген сұмдық, не деген қатыгездік? Миға сымайды екен. Не себепті жандайшаптар мұндай қадамға барған? Бір түн күтуге шыдатпаған не нәрсе? Сұрақ көп, жауап та табылар...
"Назарбаев кетпей демократия болмайды". Ағаділдің Азаттықта сақталған видеолары
ПІКІРЛЕР