Accessibility links

25 қазан қарсаңында оппозициялық белсенділерді жазалау үдеді


Шетелдегі Мұхтар Әблязов жариялаған митинг күні таяғанда Қазақстанда белсенділерді қудалау күшейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:57 0:00

Шетелдегі Мұхтар Әблязов жариялаған митинг күні таяғанда Қазақстанда белсенділерді қудалау күшейді

Қазақстанда билік белсенділерді әкімшілік жауапқа тартуды жиілетті. Алматы мен Астанада кемінде 7 белсенді "митинг заңын бұзғаны" үшін қамауға алынды. Тағы бірнешеуінің ісін сот жақын арада қарамақ. Құқық қорғаушылар мұны оппозиция 25 қазанға белгілеген қарсылық акциясымен байланыстырады. Билік ол күні митинг өткізуге "жол бермейтінін" ескерткен.

"488-БАПТЫ БҰЗҒАН"

Қазақстанда кейінгі күндері оппозициялық көзқарастағы белсенділерді билік ұстап әкетіп, кейбірін әкімшілік қамауға алғаны белгілі болып отыр. Көбіне оларды әкімшілік кодекстің 488-бабы ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") бойынша жауапқа тартқан.

Елдегі ең ірі қала Алматыда 18 қазанда бірнеше белсенді сот шешімімен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды.

Сот алматылық белсенділер Дархан Уәлиев пен Нұртай Шегебекұлын биыл 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезіндегі "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша сотталған белсенділерге қолдау білдіріп, олардың апелляция шағымын қарап жатқан қалалық соттың алдында өзгелермен бірге "рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны" үшін айыпты деп таныған.

Белсенді Дархан Уәлиев. Алматы, 20 қыркүйек, 2022 жыл.
Белсенді Дархан Уәлиев. Алматы, 20 қыркүйек, 2022 жыл.

Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, сотта Уәлиев ешқандай шараға қатыспағанын, жұртпен бірге ашық сот отырысына барғанымен, оған қатыса алмағанын, ал ашық сотқа қатысу "митингіге жатпайтынын" айтқан.

Дархан Уәлиевті әкімшілік жазаны өтеу мекемесіне емес, уақытша қамау изоляторына қамаған.

– 27 қазанда оның пробациялық бақылау мерзімі бітеді (Қаңтар оқиғасынан кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған ол шартты жаза алған – ред.). Бұл соған әсер етуі мүмкін болғандықтан оны изоляторға қамаған болуы мүмкін, – деді Жанар Балғабаева. Ол апелляциялық шағым беретінін айтты.

Белсенді Асан Жақыпбеков 5 мамыр күні Алматы қалалық әділет басқармасына оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшесі екенін "растауға барғаны үшін айыпты" болды. Сот оны да 488-бап бойынша 15 күнге қамады.

Сәрсенбі күні Астананың әкімшілік соты жергілікті белсенділер Мереке Нұғыманов, Марат Темірбеков пен Сейілхан Түсбековті 488-бап бойынша 15 күнге әкімшілік қамауға шешім шығарды. Олар қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген оппозициялық белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, 7 қазанда жүгіру акциясына қатысқаны үшін айыпты болды. Бұған қоса Айдар Сыздықовқа полиция кеңсесінде "әйнекті сындырғаны" үшін тағы бес күн жаза қосылды деген ақпарат тарады.

Белсенділер (солдан бастап) Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева және Марат Жыланбаев "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының тіркеу құжатын әділет министрлігі осымен сегізінші рет қайтарғанын айтып отыр. Астана, 15 желтоқсан, 2022 жыл
Белсенділер (солдан бастап) Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева және Марат Жыланбаев "Алға, Қазақстан" партиясы бастамашыл тобының тіркеу құжатын әділет министрлігі осымен сегізінші рет қайтарғанын айтып отыр. Астана, 15 желтоқсан, 2022 жыл

Билікті қатаң сынап, бейбіт акцияларға қатысып келген әйгілі ультрамарафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша күдікке ілініп, мамыр айынан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

Жақын арада Астананың әкімшілік сотында оппозициялық белсенді Амангелді Жахиннің ісі қаралмақ.

Бұдан бөлек, Ақтауда белсенді Ұлболсын Тұрдиеваның үстінен "жала жабу" бабымен қозғалған іс қаралып жатыр. NotExtremists телеграм-каналы "айыппұлды қамау жазасына алмастыруы мүмкін" деп жазды. Сәрсенбіде полиция шақырту қағазын тапсыруға алматылық белсенді Бибігүл Иманғалиеваның үйіне барған.

"ОЯН, ҚАЗАҚ!" ФИЛЬМІНЕН КЕЙІНГІ СӨЗ

20 қазанда Семей қаласында әкімшілік сот тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының белсендісі Елдос Досановтың ісін қарайды. Оған Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабы ("Құқық қорғау органы өкілінің талабына бағынбау") бойынша айып тағылған. Досанов 4 қазанда Семейдегі кинотеатрда көрсетілген "Оян, қазақ!" фильмінен кейін көпшілік алдында сөйлеген.

– Фильмнен кейін жай ғана шығып кете алмадым, – дейді Досанов. – "Тарихтың қайталануына жол бермейік" деп Марат Жыланбаев туралы айттым.

Семей кинотеатрында қудалау туралы сөйлеген белсендіні соттап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:34 0:00

18 қазанда полиция белсендіні көшеден тоқтатып, біреу оның үстінен "Досанов митингіге шақырды" деп арыз түсіргенін айтып, шақырту қағазын тапсырмақшы болған.

– Уақыты дұрыс көрсетілмеген екен, қолмен түзетіліпті. Дұрыс толтырылмаған шақыруды алудан бас тартқаным үшін енді мені полицияға бағынбады деп айыптап жатыр, – деді Досанов. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Азаттық белсенділерді жауапқа тартуға қатысты қандай да бір пікір алуға қанша тырысқанымен, ішкі істер министрлігі мен жергілікті полиция департаменттері оның ресми себебін айтпай отыр.

"БИЛІК БЕЙБІТ ЖИЫННАН ҚОРҚАДЫ"

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина белсенділерді жаппай жауапқа тарту оппозиция 25 қазанға белгілеген қарсылық акциясына бір апта қалғанда үдегеніне назар аударады.

"Құқық қорғаушылар мониторинг жүргізіп, адам құқықтарын бұзу деректерін жинастырып отыр. Аты-жөнін, қаласын, полиция бөлімінің немесе соттың мекен-жайын хабарлаңыздар" деп жазды ол Facebook-парақшасына.

– Бейбіт жиынға деген фобия біздің биліктегі адамдарға сіңіп кеткен. Кез келген осындай жиын болады деген ақпарат жарияланбай тұрып, алдын ала адамдарды үйінен, жұмысынан, басқа жерден ұстап, түнделетіп он бес тәулікке қамап жатыр. Қазақстанда халықаралық заң тұрмақ, Конституциямыздың өзі сақталмайды. Түбінде бұл жақсылыққа апармайды, – дейді құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

Шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстанның ірі қалалары мен облыс орталықтарында 25 қазанда үкіметке қарсы митинг өткізу туралы хабарландыруды әлеуметтік желіде жариялап жүргеніне бірнеше апта болды.

Әлеуметтік желіде наразылық акциясын қолдағандар да, митинг өткізуге қарсы болып, жұртты "арандатуға ермеуге" шақырғандар да ой-пікірін білдіріп жатыр.

Tik-Tok желісінде митингіге қарсы насихат көбейген
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:45 0:00

17 қазанда Астанадағы брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха осы митинг жайлы сұраққа:

– 25 қазан – [Республика күні] мемлекеттік мерекеміз. Біз, әрине, оған дайындалып жатырмыз. Қызмет атқаруда күшейтілген тәртіпке көшеміз. Қазір әкімдіктерден барлық шаралар туралы ақпарат жинастырып жатырмыз, біз қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етеміз. 25 қазанға қатысты үндеуге келсек, ондай үндеуді ҚДТ ("Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы – ред.) мүшелері жасап жүр. ҚДТ – экстремистік ұйым, ел аумағында оның қызметі заңсыз. Сондықтан, әрине, ешқандай митинг өтізуге біз жол бермейміз, – деп жауап берді.

Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Еуропа парламенті ҚДТ-ны бейбіт саяси қозғалыс деп атаған.

Қазақстан соты бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты "кісі өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған. Әблязов бұл айыпты "саяси астары бар" деп мойындамайды. Видеодан алынған скриншот
Қазақстан соты бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты "кісі өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған. Әблязов бұл айыпты "саяси астары бар" деп мойындамайды. Видеодан алынған скриншот

Ақорданы сынаушы Әблязов 2017 жылдан бері ауық-ауық жұртты жаппай наразылық акциясына шақырып, үндеулерін негізінен әлеуметтік желі арқылы таратады. Ол 25 қазандағы митингіні де шетелден жұмыс істейтін "Оппозициялық күштер альянсы" ұйымдастырып жатқанын айтады.

– Алдағы митингіден қорыққан билік барлық белсенді адамды ойдан шығарылған айыппен қамауға тырысып жатыр. Мысалы, "Алға, Қазақстан" партиясы белсенділері бар болғаны таңертең жүгіруге шыққан. Оларды рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды деп жатыр. Ертең үш адам аялдамада тұрса, оны да митинг атауы мүмкін. Тоқаев "хабарлама жіберіп-ақ, митингіге шыға беруге болады" деген. Ондай түк жоқ. Ешқандай "Жаңа Қазақстан" да жоқ. Бұл – бұрынғыдан да репрессивті Қазақстан, – деді Әблязов Азаттыққа.

Оппозиция митингісі қарсаңында үкіметті сынайтын белсенділерді полицияға шақыру, ұстау, қамау – Қазақстанға таңсық нәрсе емес, елде авторитар билік жүйесін орнатқан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінен бері мұрты бұзылмай келе жатқан практика.

Үкіметті сынайтын белсенділерді полицияға шақыру, ұстау, қамау – елде авторитар билік жүйесін орнатқан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінен келе жатқан практика.
Үкіметті сынайтын белсенділерді полицияға шақыру, ұстау, қамау – елде авторитар билік жүйесін орнатқан бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінен келе жатқан практика.

2020 жылы жаңадан қабылданған бейбіт жиындар туралы заңда митинг өткізу үшін жергілікті билікті хабардар ету жеткілікті деп жазылғанымен, жергілікті әкімдіктің қолында қолайына жақпайтын шараны өткіздірмей тастаудың тетігі көп дейді құқық қорғаушылар мен белсенділер. Билік келісім бермеген акциялардың ұйымдастырушылары мен қатысушылары "митинг туралы заңды бұзғаны" үшін жауапқа тартылады: айыппұл салынады я әкімшілік қамауға алынады.

Бұған дейін Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның мамандары елде бейбіт митинг болар қарсаңда азаматтық белсенділерді заңсыз алдын ала ұстау әдетке айналғанын сынаған. Құқық қорғаушылар 2021 жылы елде болған 350-ден астам бейбіт жиынға бақылау жасаған. Олардың басым көпшілігіне билік келісім бермегендіктен, шараға қатысушыларды полиция ұстап, түрлі деңгейде әкімшілік жазаға тартқан.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын құрметтеуге үндеп келеді. Қазақстан билігі елде азаматтар Конституцияда көрсетілген бейбіт жиын өткізу құқығын еркін пайдаланып отыр дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG