Accessibility links

"Тасқынның беті қайтты, қиындық енді басталды". Ауыл шаруашылығына салдары қандай болмақ?


Тасқыннан аман қалған жылқы. Атырау облысы Құлсары қаласы. 10 сәуір, 2024 жыл.
Тасқыннан аман қалған жылқы. Атырау облысы Құлсары қаласы. 10 сәуір, 2024 жыл.

Ауыл шаруашылық жерлердің сапасы төмендеп, мал моласын су шайып, өтемақы мәселесі шешілмей тұр. Көктемде Қазақстанның бірнеше өңірін су басқаннан кейінгі жағдай осындай. Қазақстандық шаруаның жайы не болады? Ел ғаламдық климаттың өзгеруіне қалай бейімделуі керек? Азаттық осы және өзге де сұрақтарды экология және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылармен талқылады.

Тасқынның беті қайтқанымен Қазақстанның 8 өңірі әлі де жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимінде өмір сүріп жатыр. Атырау облысында ғана су деңгейі қайта көтеріледі деген болжам бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі 8,2 мың бас мал қырылғанын растады. Шығынды өтеу үшін жергілікті атқарушы органдар жанынан арнайы өңірлік комиссиялар құрылды. Министрлік дерегінше, комиссияларға өтемақы бойынша 22 475 өтініш түскен, қырылған мал басы үшін жалпы өтемақы мөлшері 278 миллион теңгеге жуықтайды.

Билік тасқыннан келген жалпы зардап көлемін әлі есептеп бітпей жатыр. "Өңірлерде шығынды есептеу және өтемақы беру жұмыстары жалғасып жатыр", – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев жақында болған үкімет жиынында.

"АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДЫҢ ДАМУЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ"

Бұрын-соңды болмаған ауқымдағы су тасқыны биыл көктемде Қазақстанның ауыл шаруашылығына да орасан шығын келтірді. Өңірлік "Шаңырақ" қоғамдық ұйымының басшысы Алмасбек Садырбаев оның салдары әлі көрінбесе де, мәселені шешуді қазірден бастау керек дейді. Көп жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын Садырбаев ең алдымен селден зардап шеккен шаруаларға әділ өтемақы беруді ұсынады. Сарапшының сөзінше, шенеуніктердің "тасқыннан зардап шеккендердің бәрінің шығыны өтеледі" деген сөзіне қарамастан, шаруалар лайықты өтемақыға қол жеткізе алмай отыр.

– Жақында Құлсарыда тұратын шаруа хабарласты. Тасқыннан тұрғын үйі мен қаладан 15 километр жердегі шаруа қожалығы зардап шеккен, – дейді Садырбаев. – Ол жергілікті биліктен өтемақы сұраған, шенеуніктер "Не үйіңіздің, не шаруа қожалығының ғана шығынын өтейміз" деп жауап беріпті. Бірақ бұл – мәселенің бір шеті ғана. Шаруалар онсыз да бар малынан айырылып отыр. Басында "мал өлексесін әкелгендерге ғана өтемақы төленеді" дегені есіңізде шығар? Тасыған су малды Каспийге дейін ағызып әкетіп қалуы мүмкін екеніне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Шаруалар шу көтеріп, әлеуметтік желіде талаптарын айта бастағаннан кейін ғана ауыл шаруашылығы министрлігі мал басын шаруашылық кітаптағы деректер бойынша тексеруге келісті. Бұл кітаптар жергілікті әкімдікте болады, малдың бәрі сонда тіркелген.

Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы суда қалған үйлер. 9 сәуір, 2024 жыл.

Үлкен судан мал жаятын шабындықтарға да зиян келген. Селмен бірге арамшөп тұқымы да тарайды, арасында улы шөптер де болуы мүмкін.

– Жаңа вегетациялық кезеңмен бірге арамшөп қаптап шығады. Бұл да шаруашылыққа үлкен шығын. Ауыл шаруашылық жерлерін жылдар бойы баптап келдік. Бәрі технология бойынша өсетін. Қазір бұл жерлерге сумен бірге бөгде шөптердің тұқымы келді. Аграрлық сектордың дамуы бірнеше жылға кері кетті. Тасқынның беті қайтты, бірақ қиындықтар енді ғана басталды, – дейді Алмасбек Садырбаев.

Садырбаевтың пікірінше, тасқын су бәрінен де шағын және орта шаруа қожалықтарына ауыр тиген. Олардың күзден бері сақтап отырған тұқымы, жанармайы мен ауыл шаруашылық техникасы бөлшектерімен қоса су астында қалды. Өтемақы алайын десе, шығынды дәлелдей алмайды.

– Шаруалар тұқым, жанармай мен техника бөлшектерін тіркеп, есепке алып отыратынына күмәнім бар, – дейді Садырбаев. – Ірі агрокомпаниялар сондай есеп жүргізетін шығар, бірақ шағын шаруа қожалықтарында ондай жоқ.

АСТЫҚ АЗАЯ МА?

Мамырдың ортасында Қазақстанда көктемгі егіс науқаны басталды. Министрліктің болжамынша, 2024 жылы егістік ауданы 23,8 миллион гектарды құрайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға артық. Жақында өткен үкімет жиынында ауыл шаруашылығы министрлігі тұқым себу жұмыстарына дайындық жайлы есеп берді. Бұл мақсатқа 580 миллиард теңге бөлінген. Есепте тасқын салдары туралы ештеңе айтылған жоқ.

Апат салдары жайлы сарапшылар айтып жатыр. Журналист әрі аграрлық сарапшы Кирилл Павловтың болжамынша, биыл қазақстандық шаруалар су тасқыны салдарынан туған кешенді мәселелерге тап болады.

– Министр егін егу жұмыстары мамырдың екінші жартысында басталады деді. Кеше ғана Ақмола облысында болдым, жолай бір ғана жыртылған жер көрдім. Оның өзі биіктеу жерде орналасқан, – дейді Павлов. Көп егістік алқабын су басты. Ол жаққа техника қалай кіретінін білмеймін. Жер кепкенін күтсе, кеш болып кетпей ме? Оның үстіне тұқымдық бидай араласып кетуі де мүмкін. Элеватордағы бидайды пайдаланса, оның пісу уақыты басқа. Солтүстік Қазақстанда биыл жаз салқын, жауын-шашынды болады дейді. Егінді кеш егіп, күн салқын болса, қандай астық аларымыз белгісіз.

Есіл өзеніндегі бөгет. Солтүстік Қазақстан облысы, 15 сәуір, 2024 жыл.
Есіл өзеніндегі бөгет. Солтүстік Қазақстан облысы, 15 сәуір, 2024 жыл.

Павлов селдің бір жақсы тұсы – жерде ылғал көп болады дейді. Бірақ одан басқа мәселе шаш-етектен.

– Біздің шаруалар тұқым айналымын сақтамайды. 10-15 жыл бойы бірдей дақыл еге береді. Көбіне бидай салады. Салдарынан жерде патогендер пайда болады. Содан барып астық көлемі азаяды. Егістік алқаптарын тасқын су басқанда, осы патогендер, топырақты өңдеуге қолданылған пестицид, инсектицидтер суға қосылды. Бұл су еңістеу жерде жатқан егістік алқаптарына жетеді. Тағы бір мәселе – егістік шекарасы. Су басқан жерлерде бұл шекара шайылып кетті. Оны мемлекеттік жер кадастрінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бойынша қалпына келтіреді. Жер аумағында 500 метрге дейін өзгеріс болуы мүмкін, – дейді Павлов.

Сарапшының сөзінше, көп нәрсе биліктің шаруалармен жұмысына байланысты: "егістік алқаптарының шекарасын дұрыс анықтап, шаруаларға уақытылы несие беріп, субсидия үлестіруді кедергісіз жүзеге асырса, бәрі жақсы болады".

2022 жылы күзде Қазақстан президентін сайлау қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев (осы саяси науқанда екінші рет президент болып сайланды) ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналады деп уәде берген. Биыл президент аграрлық сектор әлі де реформалауды қажет ететінін, су ресурстары және ирригация министрлігін құру сияқты шаралар нәтиже бермегенін мойындады.

ЭКОЛОГИЯ НЕ БОЛАДЫ?

Көктемгі су тасқыны шаруаларға ғана емес, қоршаған ортаға да әсер етті. Эколог сарапшылар суға тұрмыстық қалдықтар, мұнай өнімдері мен химиялық тыңайтқыштар қосылғанына алаңдап отыр. Үлкен суда қаншама жануардың өлексесі жатыр, мұның арты инфекциялық аурулар өршуіне әкеліп соғуы мүмкін. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында топалаңнан қырылған мал көмілген 14 аумақты су басқан.

Экологтар қауымдастығының басқарма басшысы Лаура Маликова тасыған су басқан аудандарда, әсіресе, мал қорымдарын шайып кеткен жерлерде су мен топыраққа талдау жасап, зиянды заттар бар-жоғын анықтау керек дейді. Шаруалар егін егу жұмыстарына кіріспес бұрын топырақ сапасын тексеруі қажет.

Эколог болашақта Қазақстанда жаңа катаклизмдер болады, оның негізгі себебі жаһандық жылыну деп топшылайды. Шаруаларға жаңа климаттық жағдайға бейімделуге тура келеді, ал билік алдағы апаттардың салдарын азайту үшін климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша ұлттық жоспар дайындауы керек.

– Өкінішке қарай, бізде ондай жоспар жоқ, – дейді эколог. – Экология министрлігіне қарайтын климаттың өзгеруі жөніндегі департамент жұмысы парник газдардың бөлінуін азайтумен ғана шектелген. Бұл департамент жұмысын кеңейтуі керек. Ведомство климаттың өзгеруінен туған салдарларды жеңілдетумен айналысып, экономиканың барлық саласы бойынша жаһандық жылынуға бейімделу жоспарын дайындауы қажет. Өйткені климат өзгеріп жатқанда ескі әдістер жұмыс істемейді.

Тасқын арнасын бұру үшін қалааралық тасжолды бұзуға тура келді. Ақтөбе облысы Қобда ауданы, 14 наурыз, 2023 жыл.
Тасқын арнасын бұру үшін қалааралық тасжолды бұзуға тура келді. Ақтөбе облысы Қобда ауданы, 14 наурыз, 2023 жыл.

Маликова Қазақстанда мониторинг және болжау жүйесі бар, бірақ не үкімет, не әкімдік "Қазгидромет" ұлттық гидрометеорологиялық қызметінің деректерін қаперге алмайды дейді.

– Біз жаңа климаттық жағдайда өмір сүріп жатырмыз, Совет Одағы кезіндегі мемлекеттік жоспарлау әдістері қазір жұмыс істемейді. Климаттың өзгеруіне бейімделу керек, жаңа әдістер қажет, – дейді Маликова. – Сондықтан "Қазгидрометтің" мониторинг деректеріне сүйеніп, болжау жүйесін жолға қоюға тиіспіз. "Қазгидрометтің" даму бағдарламаларына ақша бөлу керек. Жыл сайын бюджет қорғаған кезде қаржы министрлігі оны қысқартып, даму бағдарламаларына ақша бөлмейді. Тіпті, климатты болжау бағдарламасына қаржыны Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым арқылы тапты.

Лаура Маликованың сөзінше, Қазақстан елдің имиджін көтеретін шараларға қыруар қаржы жұмсайды, бірақ ел ішіндегі маңызды мәселелерге келгенде бюджетті қысқартып тастайды.

Былтыр Астанада өткен екі күндік халықаралық форумға бюджеттен миллиард теңгеден көп қаржы жұмсалған. 2023 жылғы 8 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде су мен климаттың өзгеруі мәселесі өзара байланысты деп, Алматыда климат мәселесін талқылайтын Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін ашуды ұсынған. Бұл кеңсе сол күйі ашылмады. Биыл Қазақстан өңірлерін су басып жатқанда, Тоқаев форумнан бас тартып, үнемделген қаржыны тасқын салдарын жоюға жұмсайтынын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG