Accessibility links

"Таза ауа үшін күрестік". Бестөбелік экобелсенділерге сот үкімі шықты


Ақмола облысы Бестөбе ауылы.
Ақмола облысы Бестөбе ауылы.

Ақмола облысында сот Бестөбе ауылындағы таза ауа үшін күрескен екі экобелсендіні "көрінеу жалған ақпарат таратқан" деп танып, бір жылға бостандығын шектеді. Амнистияға байланысты екеуін жазадан босатты. Белсенділер үкіммен келіспейді.

КҮТПЕГЕН ҮКІМ

Ақмола облысы Бестөбе ауылының тұрғындары Николай Катчиев пен Александра Назаренко бір жыл бойы тергеуде болды. Ауыл тұрғындары "Қазақалтын Technology" фабрикасындағы өңдеу жұмыстарына қарсы шыққан соң, жергілікті билік оларды компанияның экология мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кіргізген. Николай мен Александра сол кезде экобелсендіге айналатынын да, ақыр соңында айыпкер атанып, соттан бір-ақ шығатынын да білген жоқ.

Сотта сөйлеген сөзінде белсенділер "билік пен компания проблемаларды шешсе, жұрт қарсы шықпайтын еді және сот та болмайтын еді" деді.

– Балаларымның, немерелерімнің, халықтың экологиясы жақсы жағдайда өмір сүргенін қаладым. Конституция бойынша өмір сүре алатынымды, тыныс ала алатынымды білдім. Саясатқа араласпадым, алауыздық туғызбадым, – деді Александра Назаренко соттағы сөзінде.

Николай Катчиев.
Николай Катчиев.

– Жауаптылар бұл проблемаларды шешсе, біз сотқа тартылмас едік. Таза ауа үшін күрестік. Онда бізді неге жұмыс тобына қосты? Тұрғындардың бәрі жұмыс тобына кірсе, бәрі солай әрекет етер еді, – деді сотта Николай Катчиев.

27 маусымда Степногорск қаласының соты ешкім күтпеген үкім шығарды. Сот Катчиев пен Назаренконы, прокурор айтқандай "әлеуметтік алауыздық туғызғаны" үшін емес, "топ болып алдын ала сөз байласып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны" үшін айыпты деп таныды. Заңда ондай қылмыс жасағандарға прокурор сұраған бес жыл түрме жазасынан анағұрлым жеңілдеу жаза қарастырылған. Судья екі белсендіні басқа бап бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бостандығын шектеу туралы үкім шығарды да, амнистияға байланысты жазадан босатты.

Бір қызығы, әу баста экобелсенділердің үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс ашылған еді. Бірақ кейін сотқа, неге екені белгісіз, "алауыздық туғызу" бабымен айып тағылған қылмыстық іс жеткен. Бұл бап бойынша он жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Сот үкімінде Катчиев пен Назаренко фабрика қызметкерлерінің "құқығы мен заңды мүдделеріне кесірін тигізуге бағытталған қылмыстық оймен топ болып әрекет еткен" делінген. Сотталушылардың топырақтан цианид табылмағанын біле тұра фабрика қызметі туралы жалған ақпарат таратқаны, бұл Бестөбе экологиясына кесірін тигізіп, тұрғындарды улайды дегені, бейбіт жиын өткізу талабын елемей, тұрғындарды фабрикаға қарсы белсенді күрес жүргізуге шақырғаны айтылды. Сараптама жарияланған видеоларда аудиторияға ауылдағы жағымсыз жағдай туралы ақпарат берілгенін анықтады.

Қылмыстық істің барысын құқық қорғаушылар, журналистер, блогерлер мен белсенділер бақылады. Бұл билік экобелсенділікті әлеуметтік алауыздыққа теңеген жалғыз іске ұқсайды.

Сот отырыстары күн сайын таңнан кешке дейін жалғасты. Бірақ кейде сотталушылардың жағдайы нашарлаған соң, процесті кейінге шегеруге тура келді. Сотталушылар кейде есінен танып қалды, қан қысымы көтерілген соң бірнеше рет жедел жәрдем шақырылды.

Осы сот аясында Николай Катчиев ісі "Өзінше билік ету" бабы бойынша да қарастырылды. Бұл іс тұрғындар ескі стадион орнына мектеп салмауды талап еткен соң ашылған еді. Сот "қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған соң", Катчиевті осы бап бойынша ақтап алды. Сот мектеп құрылысы маусымның аяғында басталуы керегін, ал Катчиевтің құрылыс жұмыстарына кедергі келтіргені үшін айып 11 маусымда тағылғанын анықтады. Катчиев айыптың ойдан шығарылып, "үсті-үстіне ашылғанын" айтты.

"Сот бұл айып дәлелденбеді деген қорытындыға келді" деді судья Берік Құрамысов. Куәгерлерден жауап алғанда да Катчиевтің тергеушілер айтқандай қақпаны жауып, оны скотчпен орағанын да ешкім көрмегені анықталды.

Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы үйлер.
Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы үйлер.

КУӘГЕРЛЕР СОТТАЛУШЫЛАРДЫ ҚОЛДАДЫ

Жәбірленуші тарап деп танылған "Қазақалтын Technology" компаниясы сотталушыларды кінәлі деп танып, бостандығынан айырмай жазаға тартуды сұрады.

– Катчиев мен Назаренко бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеуметтік алауыздық туғызды. Катчиев YouTube арна ашып, компания жайлы дәйексіз ақпарат айтылатын видео жариялады. Автор компания қоршаған ортаға зиян тигізеді деп айтып, тұрғындарды компания қызметіне қарсы тұруға шақырды. 2021 жылғы мамырда компания істі насырға шаптырмау мақсатымен жұмысын тоқтатты. Бұл екі кәсіпорынның жұмысына кедергі келтірді: "жерасты кен орнындағы кенді өңдеу қалдығын тастайтын жері жоқ" фабрика мен топырақ суын соруға мүмкіндік болмаған соң су басқан Бестөбе жерасты кен орны ЖШС құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болып, қылмыстық іс қозғалды, – деді "Қазақалтын Technology" компания өкілі.

Компания Катчиев пен Назаренко әрекетінен соң 1200 адам жұмыс істейтін шахта жұмысы тоқтап қалған соң, миллиондаған теңге шығынға батқанын мәлімдеді.

Сот ондаған куәдан жауап алды. Олардың көбі сотталушыларды жақтады. Айыптаушы тараптан шыққан куәлардың кейбірі куәлік етуден бас тартты. Олар жұмысынан айырылудан қорыққан соң белсенділерге қатысты полицияға жіберілген өтінішке қол қойғанын айтты.

"БІЗДІ АҚТАУҒА БОЛМАЙТЫНДАЙ ЖАҒДАЙ ШЫҒАР"

Үкім оқылған соң Азаттық экобелсенділермен сөйлесті. Олар судьяның "әлеуметтік алауыздық" бабы бойынша айыпты алып тастағанына риза екенін, бірақ "қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша кінәлі дегенмен келіспейтінін айтты. Олар сот шешіміне қарсы шағым түсіретін я түсірмейтінін білмейді. Олай күресу үшін денсаулық пен шыдам жетпейді дейді олар. Осы жыл оларды қалыпты өмірден, жұмыстан, балалар мен денсаулығына көңіл бөлу мүмкіндігінен айырды.

– Әлі толық түсінбедім. Қуану керек пе, әлде күйіну керек пе, білмеймін, себебі ақтамады ғой. Ал ауылда шаң-тозаң әлі тұр. Бірнеше күн бұрын жұрт қатты шаң-тозаң тұрғанын видеоға түсіріп алған. Бірақ прокурор сұрағандай бес жылға қамамағаны да жақсы болды, ол күнге жетпес пе едім. Тергеу мен сот кесірінен денсаулығым нашарлады. Бүгін анализ қорытындылары келді, жылдам емделуім керек, – деді Азаттыққа Александра Назаренко.

Тергеу мен сот кезінде Александра Назаренко денсаулық жағдайы нашарлап кеткеніне шағынды.
Тергеу мен сот кезінде Александра Назаренко денсаулық жағдайы нашарлап кеткеніне шағынды.

– Мұндай проблемаларды туғызған адамдар неге жауапқа тартылмай қалады? Ал біз кінәлі болып қалдық, – деді Азаттыққа Николай Катчиев. – Бұл шаң, оның ішінде майда дисперсті шаң-тозаң пайдалы ма сонда? Біз тек жұрттың ойын жеткіздік. Жұмыс тобы халықты ақпараттандырып, осы проблемаларды билік органдарына жеткізу үшін құрылды емес пе? Сотта куә болғандардың бәрі тұрғындардың бұл пікірін растады. Сондықтан ешқандай жалған ақпарат таратпадық, барын айттық: денсаулығымыз бен салдарына уайымдайтынымызды жеткіздік. Сот бұдан осы бап бойынша қандай айып көргені түсініксіз. Қолымызға алған соң, үкімді оқып шығармын. Одан кейін не болатынын білмеймін. Бізді ақтауға болмайтын болған соң, жеңілдеу жазаға тартқан шығар.

"БАҚША СҰР ШАҢ-ТОЗАҢҒА ОРАНЫП ЖАТЫР"

Прокурор Катчиев пен Назаренконы бес жылға бостандығынан айыруды сұрағанда, Бестөбе ауылының тұрғындары жергілікті билікпен кездесіп, "сотталушылар орнында Катчиев пен Назаренко емес, осыны істеген адамдар отыруы керек" деген.

"Олар ауыр жазаға тартылса, Бестөбе халқы өре түрегеледі" деді шенеуніктерге жергілікті тұрғын.

Тергеу мен сот жүріп жатқанда жергілікті тұрғындар президентке үндеу жасап, билікпен және компаниямен кездесуге тырысты. Олар белсенділерді қудалауды тоқтатуды талап етіп, олардың "билік пен компания шаң-тозаңның себептерін жойғысы келмегендіктен, құрбан боп кеткенін" мәлімдеді.

Дәлел ретінде тұрғындар өздері түсірген фото мен видеоларды көрсетті. Ауылды шаң-тозаң басқанын, қардың цементке ұқсап тұратынын, бақшаның шаң-тозаңға оранып жататынын көрсетті. Жұрттың көбі шаң басқан соң бақша отырғызуды доғарғанын, ал мұны жалғастырып жатқандар өсімдіктің үстіне су құйып, тұрып қалған шаң-тозаң қабатын алып тастап отырғанын айтып шағынды. Бұл фото мен видеоларды сотталушылар іс материалдарына тіркеуді сұрап, сонда ауылда емес, Степногорск қаласында тұратын судья мен прокурор тұрғындардың неліктен қарсы шығып жатқанын түсінетінін айтты. Олар фабриканы ауылдан алыстау жерге көшіруді сұрады. Бірақ мемлекеттік айыптаушы бұл деректердің іске қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Прокурордың пікірінше, сотталушылар "шиеленісті жағдай туғызған". Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы мессенджердегі топтарда Францияда тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың видеолары таратылғанын айтты. Катчиев пен Назаренко мұны сотта жоққа шығарып, прокурордың істі саясиландырып жатқанын мәлімдеді.

Николай Катчиев пен Александра Назаренкоға қарсы қылмыстық іс "Қазақалтын Technology" компаниясы бас директорының полицияға түсірген арызынан соң ашылған. Тұрғындардың бәрі компаниядан жаңа фабриканы ауылдан алыс жерге салуды немесе жұмысты шаңдатпай істеуді талап еткен.

Үкім оқылғанымен, әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған шағым түсіре ме, ол жағы әлі белгісіз. Ал Бестөбе тұрғындары ауыл әлі шаңнан көз ашпай тұр дейді.

Назарбаев ашқан фабриканы тұрғындар жабуды талап етеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG