Accessibility links

"Жұмыс орнымызды қорғаймыз". Бестөбе халқы алтын өндіретін шахталарды жабуға қарсы


Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы шахталардан кен өндіру жұмысы былтыр шілдеде тоқтаған. Ауыл халқының ауқымды бөлігі алтын кенін өндіретін шахталарда жұмыс істеген.
Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы шахталардан кен өндіру жұмысы былтыр шілдеде тоқтаған. Ауыл халқының ауқымды бөлігі алтын кенін өндіретін шахталарда жұмыс істеген.

"Қазақалтын"тау-металлургия кешені" компаниясы кеншілері Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы шахталарды су басуына байланысты жұмыссыз қалғанын айтып, президентке видеоүндеу жолдады. Олар ауылдың болашағы мен алтын өндіретін шахталардың тағдырына алаңдайды.

"ЖАҚСЫ ХАЛЫҚ – ТОҚ ХАЛЫҚ"

"Құрметті президент! Жақсы халық – тоқ халық. Біз алтын өндіретін шахталарды жауып тастағысы келгендердің әрекетіне үнсіз қарап отыра алмаймыз. 2021 жылдың шілдесінен бастап шахталардың жұмысын тоқтатып, жұмысшыларды белгісіз мерзімге әкімшілік демалысқа жіберді. Одан бері тоғыз ай өтсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Олар кенді карьер әдісімен өндіруді жоспарлап отыр. Жерасты шахталарын жапқысы келеді. Мыңдаған адам жұмыссыз қалғалы тұр. Олардың қайда баратыны түсініксіз".

Наурыздың аяғында "Қазақалтын" тау-металлургия кешені" компаниясының Бестөбедегі кеншілері Қазақстан президентіне осындай видеоүндеу жолдады.

Видео Бестөбеде тұратын ондаған жұмысшының атынан жіберілген. Алты мыңға жуық халқы бар Бестөбе ауылында еңбекке жарамды азаматтардың көбі алтын кенішінде жұмыс істейді. Олар алтынның ашық әдіспен емес, жерасты шахталары арқылы өндірілгенін қалайды. Тұрғындар кенді ашық әдіспен өндіру ауылдың тұтастығын бұзып, мыңдаған адамды жұмыссыз қалдырады деп алаңдайды.

Кеншілер президент пен бас прокурордан көмек сұраған. Жұмысшылардың айтуынша, бұрын айына 120-130 килограм алтын беріп келген кен орнына биыл 90 жыл толады.

ЖҰМЫССЫЗ ХАЛЫҚ, БҰЛЫҢҒЫР БОЛАШАҚ

20 жылдан астам уақыт бойы "Западная" шахтасында жұмыс істеп келген кенші тоғыз айдан бері үйінде отыр. Шахтаның жұмысы тоқтағанына байланысты уақытша демалысқа жіберілген азаматтарға орташа жалақы төленеді. Соған қарамастан, жұмысқа оралу мәселесі толғандырған кенші көңілі алаңдап, әріптестерімен бірге көшеге шығып, президентке видеоүндеу жазған. Ол аты-жөнін атаумады өтінді.

– Ай сайын жоспарды орындап келген шахтаны алды да, суға батырып жіберді. Шахта қазанда ашылады деді, бірақ олай болмады. Қазір кеншілер жұмыссыз отыр: "Западная" шахтасын су басып қалған, "Центральная" шахтасына да су барған, оның үстіне, ол бірінші шахтасыз жұмыс істей алмайды, сондықтан екеуі де жабық тұр. Бізге "шахтадағы суды қайда жіберерімізді білмей отырмыз" дейді. Оған сенбейміз. Бұрын шахтаны еш қиындықсыз құрғатып, жұмысты жалғастыратын. Қазір адамдармен сөйлесіп, бізді кенді карьер әдісімен қазуға көндіруге тырысып жатыр. Бірақ компания жерасты жұмыстарын ғана жүргізе алады, ашық әдіспен кен өндіруге рұқсаты жоқ. Көп адам карьерге қарсы. Жер астындағы кен қоры бір ғасырға жетеді, бірақ компанияға бұл тиімсіз. Карьер арзанырақ: аз ақша салып, көп табыс табады. Ал шахтада істеген жұмысшылар қайда барады? Карьерге ары кетсе 300 адамды жұмысқа алады, – дейді кенші.

Шахтада жұмыс істеп жатқан кеншілер. Бестөбе, Ақмола облысы. Архивтегі сурет.
Шахтада жұмыс істеп жатқан кеншілер. Бестөбе, Ақмола облысы. Архивтегі сурет.

Президентке видеоүндеу жолдаған жұмысшылар арасында Бестөбе тұрғыны, отыз жыл еңбек еткен кенші Сергей Зайцев те бар. Жергілікті халық карьер іске қосылса, ауылдың ахуалы нашарлап, жарылыс пен шаң-тозаң көбейеді деп қауіптенеді.

– Компания кен орны аумағынан тыс жерге 500 үйден тұратын ауыл салып беруді ұсынып отыр. Әзірге адамдармен жеке-жеке сөйлесіп жатыр. Өз басым көшкім келмейді. Кен шоғырланған жерлердің суретін көрсетті. Карьерге қарсымын, кенді жер астында өндіруді қолдаймын. Бұл жер ерекше. Алтын қоры көп, әлі кем дегенде 50 жыл жұмыс істеуге болады. Кен орнында бірнеше тармақ бар, олар жай ғана топырақтың беткі қабатын қазып алғысы келеді, олай жасаса, жер астында алтын қалып қоюы мүмкін, – дейді Сергей Зайцев.

БИЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық тілшісі бұл жағдай жөнінде Бестөбе ауылы қарайтын Степногорск әкімдігінен ақпарат алуға тырысты.

Жергілікті билік ауылдағы шахталардың жұмысы 2021 жылғы 1 шілдеде тоқтағанын растады. Әкімдік "Қазақалтын" ЖШС-нің қалдық көметін орнын су басып қалуына байланысты шахталардың жұмысын тоқтатуға тура келгенін айтты. Шенеуніктердің дерегінше, бұрын қалдық көміп келген жер толып қалған, ал жаңасының құрылысы 2020 жылы тамызда "ауылға жақын орналасуына байланысты" тоқтаған.

Билік өкілдері шахта қызметкерлерінің жұмыссыз қалғанын да біледі.

Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы шахта.
Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы шахта.

"Компания өкілдерінің тұрғындармен кенді ашық әдіспен өндіру және ауыл халқын басқа жаққа көшіру туралы келіссөздер жүргізе бастағанын білесіз бе?" деген сұраққа Степногорск әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов: "Тұрғындарды көшіру, карьер және басқа да өндіріс орындарын ашу мәселесі жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы қоғамдық тыңдау өтіп, оң қорытынды берілгеннен кейін, яғни Бестөбе халқының келісімімен ғана шешіледі" деп жауап берді.

– "Қазақалтын" ЖШС тау-кен жұмыстарын ашық әдіспен жүргізу үшін мемлекеттің рұқсаты мен жергілікті халықтың келісімін алуы керек. 2022 жылғы шілдеде жоба-сметалық құжаттар дайын болған кезде су жинайтын тоған салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарлап отырмыз. Жергілікті тұрғындарға хабар береміз. "Бестөбе" кен орны жұмысшылары мен ауыл халқына алдын-ала түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Нұрлан Мұқатов.

КЕН ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ УӘЖІ

"Қазақалтынның" жалғыз иесі – "Алтыналмас" компаниясының өкілдері жер астындағы "Бестөбе" кен орнының жұмысы кәсіпорынға қатысы жоқ себептермен тоқтап қалғанын, өндірісті қайта бастауға өздері де мүдделі екенін, өйткені қанша айдан бері шығынға батып отырғанын айтады.

Компания өкілдерінің сөзінше, жергілікті халықтың талабымен Бестөбедегі кен байыту фабрикасының жұмысы тоқтап, қалдық көметін орын жабылғаннан кейін шахтадағы суды төгетін жер болмаған, оның үстіне жерасты суы қосылып, кен орнын жартылай су басып қалған.

"Алтыналмас" компаниясының дерегінше, 2021 жылғы шілдеден бастап кен орны қызметкерлері жұмыссыз қалған: 2022 жылдың наурызындағы дерек бойынша, "Бестөбе" кен орнында тіркелген 1427 жұмысшының 1188-і еріксіз демалыста отыр. Оларға орташа жалақы төленеді. 239 қызметкер кезекшілікке қойылған. 136 қызметкер "Қазақалтын" тау-металлургия кешені" құрамына кіретін "Қазақалтын Technology" компаниясына ауысу үшін тегін дайындық курсынан өткен, әлі оқып жатқандар да бар. Олардың 30-ы "Қазақалтын Technology" компаниясында жұмыс істеуден бас тартқан, қалғаны қызметіне кіріскен, кей азаматтар құжатын рәсімдеп жүр.

– Қоғамдық тыңдаудан үлкен үміт күтіп отырмыз, өйткені өндіріс алаңының тағдыры сол жиында шешіледі. Шахтадағы суды сыртқа шығару және қызметкерлерді қайта жұмысқа алу жергілікті халықтың "Бестөбе" өндіріс алаңын дамыту жөніндегі ұсыныстарды, оның ішінде қалдық көметін орын мен шахтадағы суды жіберетін тоған құрылысын қолдауына байланысты. Қазір осы ұсыныстар бойынша жоба жасалып, құжаттар дайындалып жатыр. Кейін бұл құжаттарды жергілікті халыққа көрсетеміз. Қоғамдық тыңдау биыл жазда өтеді деп жоспарланған, – дейді "Алтыналмас" компаниясының қоғаммен байланыс және корпоративті коммуникациялар департаменті директоры Анара Сәуірбекова.

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.
Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.

Компания өкілдері бір ғасыр ішінде кенді ескі технологиямен өндіруге жарайтын қор таусылды, "Бестөбенің" пайдалану мерзімін ұзарту үшін жер астындағы кен орнын механикалық ірі тонналық өндіріс әдісіне көшіру керек деп есептейді. Жұмыс берушінің дерегінше, бұған бірнеше жыл уақыт пен қыруар қаржы керек. Сондықтан компания кенді уақытша ашық әдіспен өндіруден басқа амал таппай отыр.

– Кенді ашық әдіспен өндіруге белгіленген орын жерасты қорларынан қауіпсіз қашықтықта орналасқан. Сондықтан карьер әдісі ресурстық әлеуеті бар шахталардың пайдалану мерзімін ұзартуға кері әсер етпейді. "Алтыналмас" шахтадағы қызметінен уақытша босаған адамдарға әртүрлі жұмыс орнын ұсыну үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Кенді ашық әдіспен өндіру учаскесіне де жұмысқа қабылдаймыз (қызметкерлерді қайта оқыту қарастырылған). Әрине, бұл бастамалар қоғамдық тыңдауда қаралып, жергілікті халықтың келісімін алғаннан кейін ғана жүзеге асады. Халық көнбесе, Бестөбе кен орнындағы өндіріс мүлде тоқтап қалуы мүмкін, – дейді "Алтыналмас" компаниясының өкілі.

Компания кеншілердің өңірдегі басқа шахталарға байланысты алаңдаушылығына қатысты "Жыл өткен сайын "Ақсу кварцит төбелері" және "Жолымбет" шахталарындағы кен сарқылып жатыр, бірақ қолға алынған шаралар шахта жұмысын он жылға дейін жоспарлауға мүмкіндік береді" деп жауап берді.

ХАЛЫҚТЫ КӨШІРЕ МЕ?

Компания карьер құрылысы мен Бестөбе халқын көшіру үшін жаңа ауыл салу жоспары туралы былай дейді:

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.
Ақмола облысындағы Бестөбе ауылы.

– Шахта жұмыс істеп тұрған жылдары Бестөбе ауылы кеңейіп, тау-кен учаскесінің аумағына үй салған тұрғын саны көбейді. Бұл үйлердің асты берік емес, 90 жыл бойы кен өндіру салдарынан жер астында бос кеңістіктер түзілген. Мұндай аумақта тұру қауіпті. Жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, заң талабына сәйкес, ауыл халқымен (олардың көбі компанияда істейді) жұмыс бағдарламасы жасалды. Оған әр тұрғынның мәселесін жеке шешу, ауылды дамыту үшін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсаты кіреді, – дейді компания өкілі Анара Сәуірбекова.

Бестөбе кеншілері Ақордадан жауап күтіп отыр. Олар жақында президент әкімшілігіне үшінші рет өтініш жіберген. Алдыңғы екі өтінішіне "хатыңыз тіркелді" деген хабар ғана алған.

– Биліктің бұл жағдайға жайбарақат қарап отырғаны таңғалдырады. Олар адамдар шаршап, ақыр соңында карьерге өздері-ақ келіседі деп ойлайтын сияқты. Бірақ қателеседі. Биліктің үнсіздігі өзіне кері әсер етуі мүмкін. Халықтың шыдамы шегіне жетіп отыр, – дейді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған кеншілер.

P.S. Осы мақала жарияланар алдында Бестөбе ауылы мен Степногорск қаласының билік өкілдері ауыл халқымен және кеншілермен кездескені туралы хабар жетті. Кеншілер шахталардың болашағы мен жұмыс орнының жайы не болады деп сұраған. 31 наурызда Степногорск әкімі жұртқа "шахталар қалай болғанда іске қосылады, біраз шыдаңыздар" деп, шешім қабылданарда жергілікті халықтың пікірі ескеріледі деп уәде еткен. Бестөбе тұрғындары облыс әкімі мен "Алтыналмас" компаниялары басшылары келсін деген талап қойған. Билік өкілдері ондай кездесу сәуірде болуы мүмкін, ал жазда қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланып отыр деп жауап берген. Бірақ бұл сөзге көңілі толмаған тұрғындар "Біз картерге қарсымыз" деп, кездесу өтіп жатқан жерден кетіп қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG