Accessibility links

"Көмектес, брат! Учаскеден жарты сағатқа шыға тұршы". Сайлауды бақылаушыға "әкім" не деп қолқа салды?


Ерейментау белсендісі, тәуелсіз бақылаушы Нұржан Әбілов.
Ерейментау белсендісі, тәуелсіз бақылаушы Нұржан Әбілов.

Ерейментау қаласының белсендісі, тәуелсіз бақылаушы Нұржан Әбілов өзіне аудан әкімі Абай Әлжанов кезектен тыс президент сайлау кезінде "жарты сағатқа учаскеден шыға тұр" деп қолқа салғанын айтты. Белсендінің сөзінше, одан "бюллетеньді топтап тастауға мүмкіндік беруін" өтінген. Аудан әкімдігі ондай әңгіме болған жоқ дейді.

45 жастағы Нұржан Әбілов 20 қараша күні таң ата Ерейментау орталығындағы 3-мектепке барды. Жергілікті белсенді әрі кәсіпкер кезектен тыс президент сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан.

Ерейментау қаласы – Ақмола облысындағы Ерейментау ауданының әкімшілік орталығы. Астанадан 160 шақырым жердегі ауданда, биыл шілдедегі ресми дерек бойынша, 25 мыңдай адам тұрады. Нұржан 2197 сайлаушы тіркелген қаладағы ең үлкен 417-сайлау учаскесін таңдаған.

Нұржан учаскедегі жалғыз тәуелсіз бақылаушы болғанын айтады. "Бұған дейін әкімді сынап, есеп беру жиындарында сұрақ қойып көзге түсіп жүргендіктен, сайлау комиссиясының мүшелері маған ашық қарсы шығуға қорықты" дейді ол.

Ерейментаудағы Нұржан Әбілов бақылаған 417-сайлау учаскесінде 2022 жылғы 20 қарашада таңертең түсірілген сурет.
Ерейментаудағы Нұржан Әбілов бақылаған 417-сайлау учаскесінде 2022 жылғы 20 қарашада таңертең түсірілген сурет.

– Сыртқа шығып бара жатқанда камерамды қосып қоямын. "Мұнда не істеп жатқандарыңды телефоннан көріп отырамын, артық тірлік болмасын" деп кетемін. Басында қысым болмады. Кешке қарай әрекетке көшті, – дейді Нұржан.

Оның сөзінше, әкімдік өкілдері әуелі Нұржанның бюджеттен қаржыландырылатын мекемеде жұмыс істейтін туған ағасына хабарласып, інісін учаскеден шыға тұруға көндіруін өтінген. "Явка" төмен болып жатыр, әрекет жасауымыз керек" деген көрінеді". Ағасы "Нұржан мені тыңдамайды ғой" деп жауап береді. Кейін Нұржанмен "әкімдікте танысы бар" досы арқылы сөйлесуге тырысқан. "Оған да көнбеген".

– Учаске жабылардан бір сағат бұрын, 18:50-де досымнан "Аудан әкімі сені соғыс ардагерлері ескерткішінің маңында күтіп тұр. Баршы" деген хат келді. Камерамды реттеп, 15-20 минуттан кейін сонда шықтым, – дейді Нұржан.

Сайлауда әкім бақылаушыны "сыртқа шақырған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

"ХАН МЕН ҚАРА"

22 қарашада Нұржан Facebook парағына өткен жексенбідегі сол кездесуде жазып алдым деген аудионы жариялады. Белсенді постында "Ерейментау ауданы әкімі Абай Әлжанов тәуелсіз бақылаушыдан сайлау нәтижесін бұрмалауға көмектесуді сұрады" деп жазады.

Нұржан кездесуде кім болатыны және не мақсатта өтетінін білмеген соң "сақтық шарасы ретінде" диктофонын қосып қойғанын айтады. Алты минуттық аудиода бақылаушы мен ол "Әбеке" деп атайтын екі адамның әңгімесі бар. "Әбеке" Нұржаннан көмек сұрайды.

– Мына жерде бір жарты сағаттай…

– Әбеке, мен таңғы алтыдан бері жай отырған жоқпын ғой мұнда. Ерігіп отырған жоқпын ғой.

– Білем ғой. Түсінесің ғой…

– Жоқ, түсінем. Келіп отырған мақсатымды орындауым керек қой енді.

– Нұржан, енді… Ағайын-туыспыз ғой. Бөтен емеспіз. Көмектесіп жіберші.

– Жо-жоқ, Әбеке.

– "Ханның ісі де қараға қарайды" дейді ғой.

– Жоқ, Әбеке. Маған ешкім ақша төлеп отырған жоқ. Азаматтық парызыммен келіп отырмын. Біз 30 жылда халықтың дауысы ұрланғаннан, халықтың ақшасы ұрланғаннан осындайға жетіп отырмыз.

Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов.
Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов.

– Көмектесші…

– Әбеке, болмайды. [Бар дауысты] көрсете салса қайтеді, басқа жақтарда [керек нәтиже] бар емес пе?

– Помоги, брат.

– Әбеке, болмайды. Ерігіп отырған жоқпын ғой. Жұмысымның бәрін тастап, күні бойы тамақ ішпей, туалетке шыдап…

– Бір кішкене уақыт берші…

– Жо-жоқ, Әбеке. Сіз мені түсініңіз. Күні бойы отырып-отырып, кешкісін "Әй, жарайды" деп басымды еңкейтін кете салатын… Болмайды олай.

– Ойланып көрші…

– Әбеке, несін қорқасыздар? Қалай бар, қалай келеді, қалай дауыс береді – соны көрсете салыңыздар, болды. Басыңызды кесіп алмайды ол үшін.

– Өзіміздің неміз бар ғой…

– Түсінем ғой. Сайлауда Тоқаевты ұтып кететін ешкім жоқ. Биліктен кетіп қалмайды.

– Енді түсініп отырсың ғой…

– Жоқ, түсініп отырмын барлығын. Енді "Жаңа Қазақстан" деп айтады Тоқаевтың өзі. "Әділ өтеді" деді. Осы ма? Жоқ, Әбеке, мен ерігіп отырған жоқпын.

– Ойланып көрші…

– Ойланатын несі бар?

– Бір жарты сағат…

– Жо-жо-жоқ, Әбеке.

– Бәрімен тату-тәтті өмір сүргім келеді. Уақыт өтіп барады. Міне, 58-ге аяқ бастым. Басын қосып жігіттердің… Тату-тәтті, бөліп-жармай… Бәріміз осы елдікіміз ғой. Мен де ел үшін қызмет жасап жатырмын ғой. Помоги, брат.

– Енді… Президенттің өзі айтып отыр ғой әділ болады деп. Қалай болады – солай болсын. Мен мына жерде Жигули өтіп кетсін, не біреу өтіп кетсін деп отырған жоқпын…

– Оның бәрін түсініп отырмын. Бәрін түсініп отырмын.

– Халық келіп жатыр. Өзінше дауыс беріп жатыр. Ертең депутаттарды сайлайды. Бәрі әділ өтуі керек. Халықтың дауысы ұрланбауы керек. Сонда біз жаңа Қазақстан боламыз. Әбеке, ренжімеңіз. Бұл "личный" емес. Азаматтық борышым…

– Бір жарты сағат уақыт… "Просить" етіп тұрмын ғой енді мен. Түсінуге болады ғой. "Любой" жерде айтасың ертең: "Әбеке, кеше алдыма жүгіріп келдіңіз. Мен сіздің жолыңызды кескен жоқпын" деп… Көмектесші.

– Ренжімеңіз, Әбеке, бұл – азаматтық парызым.

– Азамат дегенде… Екеуміз де азаматпыз ғой.

– Анаусың-мынаусың деп тұрғам жоқ. Халықтың даусын сақтау үшін тұрмын. Қалай дауыс береді – солай болсын. Ренжімеңіз, жақсы…

Нұржан он минуттай әңгімеден соң учаскеге оралған. Оның сөзінше, аудиодағы "Әбекең" – Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов осы ауданда туғандықтан бақылаушыға "ағайын-туыспыз" деген. Интернеттегі бірнеше видеода сөйлеген әкім Әлжановтың дауысы бақылаушы сөйлескен "Әбекеңнің" даусына ұқсайды. Аудиодағы азамат "58-ге аяқ бастым" дейді. Әкім Әлжанов биыл ақпанда 57-ге толған.

"СОНДА ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАРСЫ МА?"

Азаттық Ерейментау ауданы әкімі Абай Әлжановқа бірнеше рет телефон шалып, онымен сөйлесуге тырысқанымен, сәті түспеді: әкім жеке телефонына түскен қоңырауға жауап бермеді, қабылдау бөлмесіндегі қызметкер әкімнің "нысандарды аралап жүргенін" айтумен болды.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ербол Құттыбаев аудиодағы азамат аудан әкімі дегенді жоққа шығарды.

Ерейментау ауданы әкімі аппаратының басшысы Ербол Құттыбаев. Нұржан Әбілов 20 қарашада түсірген видеодан скриншот.
Ерейментау ауданы әкімі аппаратының басшысы Ербол Құттыбаев. Нұржан Әбілов 20 қарашада түсірген видеодан скриншот.

– Әкім Әлжанов [сайлау күні] үнемі әкімдікте отырды. Сіз журналиссіз ғой. Қазір кез келген "фейкті" жасай салуға болады. "Фейк" істеген шығар. Дауысты таңдап алуға болады. Менің ойымша, Әбілов дүрліктіріп жатыр. Міне, сізді де журналист ретінде араластырып отыр. Осылай жалғаса берсе, прокуратураның да, соттың да араласуына тура келеді деп ойлаймын. Сөйтіп жайсыз жағдайлар болуы мүмкін… Оның үстіне, түсінесіз ғой, оқиғаның саяси мәні да шығуы мүмкін, – деді аппарат басшысы Құттыбаев.

Азаттық тілшісі "Саяси мәні деп нені айтасыз?" деп сұрады.

– Нұржан сайлауға риза емес сияқты ғой сонда…

– Ол мұны ашық айтып отыр.

– Сонда ол біздің президентімізге қарсы ма? Мұны басқа қалай түсінуге болады? Демек ол президентке қарсы.

– Әркімнің көзқарасы әртүрлі ғой. Қолдамайтын азаматтар да болады.

– Демек ол да елде араздық тудырып жүр ме? Осылай деп түсінеміз бе? – дейді әкім аппаратының басшысы.

Бақылаушы Нұржан Әбілов "әкімнің" учаскеге келіп, өтініш айтқанына таңқалдым" дейді.

– Бұл әкімнің деңгейі емес еді. Келмеуі керек еді. Жалынып тұрып сұрағаны дұрыс болмады, – дейді белсенді.

"ЕСКІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАЙТАЛАУ"

Бақылаушы Нұржан Әбілов хаттаманы алып, сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге аудандық әкімдіктегі аумақтық сайлау комиссиясына баруды ұйғарады.

– Басқа учаскелердің хаттамасын да көргім келді. Әкімдікке барлық ауданнан комиссия мүшелері келіп жатыр екен. Солармен бірге күзетшіге білдірмей ішке кіріп кеттім, – дейді Әбілов.

Ол басқа учаскелердегі комиссия төрағаларының хаттамасын сұрап, онда дауыс бергендер үлесі – 90-95 пайыз деп жазылғанын көреді.

– Мұндай "явка" мүмкін емес! – дейді Нұржан. – Сайлауға қанша сенсе де, халықтың 20-30 пайызы үйінде отырады, дауыс беруге бармайды. Ал бұл сайлауға халықтың сенімі болмады. Адамның бәріне телефон соғып, чат арқылы шақыртқанның өзінде менің учаскемдегі "явка" 45 пайыз ғана болды.

Нұржан Әбіловтің бақылау парағы.
Нұржан Әбіловтің бақылау парағы.

Аумақтық сайлау комиссиясында шетелдік бақылаушылармен сөйлесіп отырған Нұржан Әбіловті аппарат басшысы Ербол Құттыбаев көріп қалады.

– Мені күштеп ұстап алып, желкелеп, сыртқа шығаруға тырысты. Телефон қостым. Сосын аздап басылды. "Заңсыз жүрсем, қағаз толтырыңдар, шығамын" дедім. Сосын күзет қызметінің бастығы келді. Ол да қол жұмсауға дайын тұр. Телефонымды қосқан соң ол да басылды. Ақырында мені сыртқа қуып шықты, – дейді бақылаушы.

Ербол Құттыбаев бақылаушы Нұржан Әбіловті әкімдік ғимаратында көргенін, онымен сөйлескенін растайды, бірақ оған күш қолданғанын жоққа шығарды.

– Біріншіден, ондай ештеңе болған жоқ. Екіншіден, ол күзетілетін нысанда заңсыз жүрді. Бұған қақысы жоқ еді, – деді әкімдіктің аппарат басшысы Азаттыққа.

Заң бойынша, аумақтық сайлау комиссиясы ғимаратына арнайы тіркелмеген жергілікті бақылаушылар кіре алмайды. Тек халықаралық бақылаушылардың кіруіне рұқсат.

Сайлау күні Қазақстанның бірнеше қаласында Нұржан Әбілов сияқты тәуелсіз бақылаушылар түрлі қысымға ұшырады: бірін дауыс беру жәшігінен алыс отырғызды, біріне учаскеде жүруге тыйым салды. Бірнеше өңірде оннан аса бақылаушыны дауыс санау кезінде учаскеден қуып жіберді.

Қазақстандағы сайлау науқандары кезінде бюллетеньді топтап тастау мен нәтижені бұрмалау сияқты заңсыздықты әшкерелейтін тәуелсіз бақылаушыларға мұндай қысым көрсету әдетке айналған. Орталық сайлау комиссиясы олардың шағымын үнемі елеусіз қалдырады. Ал тәуелсіз Қазақстан тарихында сайлау комиссияларына арыз жазған бақылаушының бірде-бірі сотта жеңбеген.

Ерейментаулық белсенді Нұржан Әбілов.
Ерейментаулық белсенді Нұржан Әбілов.

22 қарашада Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 81,3 пайыз дауыс алғанын хабарлады. Ресми дерек бойынша, сайлауға халықтың 70 пайызға жуығы қатысқан. Нұржан бақылаушы болған Ақмола облысында азаматтардың сайлауға қатысу белсенділігі 78,87 пайыз деп көрсетілді.

Нұржан Әбілов 2019 жылы жазда кезектен тыс өткен президент сайлау кезінде де бақылаушы болған. Бірақ ол кезде "мұндай қысым көрмеген". Ол "Тоқаев әділ әрі таза өтеді деп кепілдік берген биылғы сайлауда бүкіл манипуляция мен аспаннан алынған нәтиже көрсетіліп, ескі Қазақстандағы тірлік қайталанды" дейді.

– Біздің жүйе 30 жыл құрылды, – дейді ол. – Әкімдіктер сайлау кезінде жоғарыдан келген тапсырманы орындайды. Сайлауды әділ өткізбейді. Соны өткіздіру керек. Азаматтық қоғам қалыптастыру керек. "Жыламаған балаға емшек жоқ". Талап етуіміз керек. Бұл ісім бірдеңе өзгертеді дегенге сенбесем, бақылаушы болып бармас едім. Ештеңе істемесек, өзгеріс болмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG