Ақмола облысындағы Қызылсуат ауылының тұрғындары ауыл округінің әкімін сайлау қорытындысын өзгерткісі келеді. Олар жергілікті кәсіпкердің әкім болғанын қалайды. Бірақ аудан басшылығы мен мәслихат депутаттарының шешімімен ауылдық округ тізгіні сайлауға дейін әкім болған бұрынғы шенеуніктің қолына қайта тиген. Азаттық әкім мен тұрғындар арасындағы даудың ара-жігін ажыратып, ауыл өмірімен танысу үшін Қызылсуатқа барып қайтты.
2013 жылдан бері Қазақстанда ауыл мен ауылдық округ әкімдерін әр ауданның мәслихат депутаттары (өкілді билік органы) құпия дауыс беру арқылы төрт жылға сайлайды. Аудан әкімі жергілікті тұрғындармен ақылдасып, жасы 25-тен асқан, ауыл әкімі болуға үміткер азаматтар тізімін жасайды. Ұлттық заңнамаға сәйкес, "әкімді сайлаушы депутаттар таңдауына бақылау жасауға болмайды".
КОТТЕДЖДЕР, СИЫРЛАР МЕН КҮРЕСІН
Қызылсуат ауылы (1995 жылға дейін Калинино деп аталған) мемлекет астанасынан 10 километр жерде орналасқан. Жыл сайын Қызылсуат тұрғындарының саны өсіп келеді. Мұны ауылдың астанаға жақын орналасуымен түсіндіруге болады. Ауыл тұрғындарының көбі қалада жұмыс істеп, балаларын оқытып, медициналық көмек алады.
Қызылсуаттың бір жағында астананы көктемгі жаңбыр суынан қорғайтын бөгет, екінші жағында әуежай мен орман белдеуі жатыр. Ауыл іргесінде астанаға ең жақын орналасқан қиыршық тас карьері бар. Сол себепті ауылдың айналасында үнемі жердің шаңын көтеріп, асфальтты бұзатын жүк көліктері жиі жүреді.
Қызылсуатта бірінші көзге түсетіні – жылжымайтын мүлік. Совет одағы кезінде балшықтан соғылған үйлер мен тәуелсіздік тұсында бой көтерген жаңа коттедждер арасында алшақтық байқалады.
Жаңа үйлердің кейбірі зәулім сарайға ұқсайды. Олар ауылда соңғы жылдары салынған жалғыз әлеуметтік ғимарат – мектептен де әдемі. Интернеттегі хабарландыруға қарасақ, ауылдағы зәулім үйлердің кейбірінің бағасы 50 миллион теңгеге жетеді. Мұндай ақшаға ауыл шетінен қарағанда алыстан биік ғимараттары мұнартып көрінетін астананың сол жағалауынан бірнеше шағын пәтер сатып алуға болады.
Қызылсуатта балаларға арналған бір де бір ойын алаңы, шаштараз бен дәріхана жоқ. Ауыл тұрғындары шаш алдырып, дәрі-дәрмек сатып алу үшін астанаға сабылады. Қызылсуаттан Нұр-Сұлтан қаласына 10-15 минут жүріп жетуге болады.
Қызылсуат шартты түрде ескі орталық пен коттедж үйлер салынған ауданға бөлінген. Екі ауданды да немқұрайды көзқарас пен қирап қалған ауыл көрінісі біріктіреді. Әр жерден тұрмыстық және құрылыстан шыққан қалдық пен олардың арасында жайылып жүрген сиырлар көрінеді.
Жол үстінде өздерін айналып өткен көліктерге назар аудармастан бір топ бала алаңсыз ойнап жүр.
Ауылда бірнеше көшеде ғана жол бар: оларға асфальт төселіп, жаяу адам жолы мен арық салынған.
Бірақ жолы бар көшелердің өзі құрылысшылар жұмысын аяқтамай, жарты жолдан тастап кеткендей әсер қалдырады: кей жерде асфальт бірден аяқталып, ары қарай шаңы шыққан қара жол басталады, жаяу адам жолы бүліне бастаған, арықтардың тарлығы соншалық, жаңбыр жауғанда ішіндегі су жол үстіне жайылады.
Жұмысшылардың жаяуларға арналған өткел салуға біраз күш салғаны байқалады. Мысалы, бір жол қиылысының өзінен онға жуық жүргінші өткелін көрдік. Бірақ ауылда қозғалыс аз: адамдар мен сиырлар жолды қалаған жерінен кесіп өтеді.
Астанаға жақын орналасқанына қарамастан, ауылдың Совет одағы тұсында қордаланған проблемалары әлі шешілмеген. Жыл сайын астанаға барар жолдың бір бөлігін қар басып, ауыл тұрғындарының "сыртқы әлеммен" байланысы үзілгенде Қызылсуат теледидар жаңалықтарына шығады.
Қар көп жауған 2020 жылы тағы да жабылып қалған жолды адамдар өз қалтасынан ақша шығарып тазалаған. Жақында тұрғындарда ауыл өмірі өзгереді деген үміт пайда болған: Қызылсуат жеке әкімшілік бірлікке айналып, ауылда әкімдік құрылып, халық әкімді таңдау мүмкіндігіне ие болған еді.
"ЖЕРГІЛІКТІ АДАМДЫ ӘКІМ САЙЛАҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ"
Ауылдағы ақсақалдар кеңесінің басшысы, басына Қазақстанның туы салынған киіз қалпақ киген қимылы ширақ, эмоцияға бейім зейнеткер, 65 жастағы Нағызхан Төлеубай Қажымен аптап күннен сая іздеп, автобус аялдамасының көлеңкесінде сөйлесіп отырмыз. Төлеубай Қажы биліктен саяси тұтқындарды босатуды, демократиялық реформалар жүргізуді талап етіп бірнеше рет бейбіт наразылық акциясына қатысқан.
Ақсақал ауыл мәселесімен зейнетке шықпай тұрып айналыса бастаған.
– Біз Талапкерге (Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы ауыл, Нұр-Сұлтаннан 30 километр жерде орналасқан – ред.) қараған кезде, басшылықтың алыс орналасуынан көбіне ауылға техника мен көмек жетпей қалатын, қыста жолдың қарын ешкім тазаламайтын. Нан жеткізе алмаған кездер де болды. Қыста ауырудың өзі мұң: ауылға жедел жәрдем көлігі жете алмайды. Ауыл тұрғындары өз қалтасынан ақша шығарып, трактор жалдап, жолды ашты, – дейді Төлеубай Қажы.
Соңғы бірнеше жылда ол басқа белсенділермен бірге биліктен ауылға жеке әкімдік ашып беруді талап етіп келген. Ақсақалдың сөзінше, олар заңды қарап, ауылға әкімдік керегін депутаттарға дәлелдеп шыққан.
– Жаңа ауылдық округ құру үшін ол жерде кемінде екі жарым мың адам тұруы керек деген талапты оқыдық. Ал бізде бес мыңға жуық адам тұрады, – дейді Төлеубай Қажы.
Билік белсенділердің талабына назар аударып, ауылдың проблемаларын шешетін жаңа әкім таңдау басталған.
2020 жылы көктемде Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланып, барлық өңірде карантин шаралары енгізілген кезде Целиноград ауданы басшылығы ауыл округі әкімінің сайлауын өткізу туралы шешім қабылдаған.
Ауылға аудан басшылығы келіп, тұрғындарды жинаған. Төлеубай Қажының айтуынша, ауыл тұрғындары "Стаханұлының әкім болғанын қалаймыз" деген.
– Біз жастармен кеңесіп, әкім қызметіне лайықты адам іздей бастадық. Соңында ауыл тұрғыны Тоқтақұл Стаханұлын ұсынамыз деп шештік. Өткен қыста жолды қар басып қалғанда, Тоқтақұл бастама көтеріп, ақша жинап, солярка апарып, жолда қалып қойған көліктерді шығаруға келісіп, көп жұмыс атқарды. Ол адамдармен тез тіл табыса біледі, басшы әрі кәсіпкер болудан тәжірибесі бар. Тоқтақұлдың өзі де халық сенсе, әкім болуға келісетінін айтты, – дейді Төлеубай Қажы.
2020 жылы 18 наурызда Целиноград аудандық сайлау комиссиясы Қызылсуат ауылдық округіне әкім болуға үміткер үш кандидатты тіркеген. Олар: сол кездегі ауыл әкімі Оразбай Сәлменов, "Аццел" ЖШС директоры Тоқтақұл Стаханұлы және Қызылсуат орта мектебі директорының міндетін атқарушы Шынар Сүйіндікова.
– Депутаттар ауыл тұрғындары ұсынған әкімге дауыс береді деп сендік. Бірақ мамырдың соңында былтыр күзден бері әкім қызметін атқарып келген Сәлменовты әкім етіп сайлағанын естідік. Ол карантин кезінде еркін келіп-кетіп жүрді. Біздің кандидатымызда төтенше жағдай кезінде үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, депутаттармен бетпе-бет сөйлесіп, бағдарламасын таныстыруға да мүмкіндік болмады, – дейді Төлеубай Қажы.
Целиноград аудандық мәслихатының сайтында 20 мамырда өткен Қызылсуат ауылдық округінің әкімін сайлауда 12 депутаттың 10-ы Сәлменовке, екеуі Стаханұлына дауыс бергені жазылған. Сүйіндіковаға ешкім дауыс бермеген.
Енді дауыс беру қорытындысына наразы ауыл тұрғындарынан құрылған бастамашыл топ "жоғарыға" хат жазып, сайлау қорытындысын жоққа шығаруды талап етуге бел буып отыр.
– Президент Тоқаев атқарушы және өкілді билік шешім қабылдарда жергілікті халықтың пікірін ескеруі керек деген жоқ па? Мәселе облыс деңгейінде шешілмесе, талабымызды президентке жеткізгіміз келеді, – дейді Нағызхан Төлеубай Қажы.
Оның айтуынша, жаңа әкімде өзін жақсы жағынан көрсетуге жеткілікті уақыт болған.
– Оған "Қарағым, халықтың көбі саған қарсы болып тұрғанда, жұртты одан әрі шулатпа" дедім. Осыған дейін бес-алты әкім ауысты. Бәрі уәде береді, бірақ ештеңе істемейді. Отыз жылдан бері халықтың төзімін тауысып келе жатыр! Біз артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Билік керісінше, халық өз мәселесін өзі шешуге дайын екенін көріп, қуануы керек қой. Халықтың игілігі үшін қызмет етуге дайын азамат бар, бірақ қолымызды байлап отыр, – дейді Төлеубай Қажы.
ЖАҢА ЕСКІ ӘКІМ
Қызылсуаттағы жаңа әкімдік бұрын мектеп пен балабақша болған бір қабатты ескі ғимаратта орналасқан. Ғимараттың маңдайшасына ілініп үлгермеген "Қызылсуат ауылдық округі әкімінің аппараты" деген жазу дәліздегі еденде жатыр.
Әкімдіктің бос ауласындағы төрт жерге отырғызылған гүлдердің сола бастағаны байқалады. Ғимарат іші жартылай қараңғы әрі салқын. Егде әйел дәліздегі линолеум төселген, сыры көшкен сықырлақ еденді жуып жүр.
Ауыл әкімі Оразбай Сәлменов бұрын сынып бөлмесі болған кең кабинеттердің бірінде, ескі үстел басында бір қағаздарды реттеп отыр екен. Дәл осы кабинетте әлдебір құжаттарды теріп, көшіріп отырған әкімдіктің екі қызметкерін де кезіктірдік.
Қабырғаға ілінген портреттен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев күле қарап тұр. Әкімдіктен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың портреті көзімізге түспеді.
57 жастағы Оразбай Сәлменовтың әкім болғанына бір ай да толмаған. 14 жылдан бері мемлекеттік қызметте істейді. Бұрын астанаға жақын орналасқан Қоянды ауылдық округінде бас маман болған. Әкім Азаттық тілшілерімен әңгімеде "сайлаудың заңға сай өткенін" айтты.
– Заң тұрғысынан бұл округті әкімдік қызметкері ретінде өзім тіркедім. Ережесін жазып шықтым. Көп жұмыс атқарылды, алда әлі қаншама жұмыс бар. Қазір бір компаниямен қоқысты шығаруға байланысты келіссөз жүргізіп жатырмыз. Міне, ескі мектепте отырмыз. Жылу батареясы ескіргенін өзіңіз де көріп тұрсыз. Халық бәрін әкім жасауы керек деп ойлайды. Аппарат жұмыс істемесе, ештеңе болмайды. Проблема көп. Енді ғана орналастық, бәрін ретімен шешеміз, – деді әкім.
"Ауыл округін басқарудың қыр-сырын жақсы білесіз бе?" деген сұрағымызға Сәлменов үнсіз бас изеп, бұрын құқық қорғау органдарында істегенін, заңгер болып, көп сотқа қатысқанын айтты.
Жаңа әкімнен "Әкімдік кеңсесіне көшуден басқа қандай жұмыс атқарып үлгердіңіз?" деп сұрадық.
"Қар шығардық! Міне, қараңыз, мұнда жазылған" деген әкім үстел үстінде жатқан алғыс хаттың көшірмесін көрсетті. Оның айтуынша, бұл хатты ауыл тұрғындары аудан басшылығына жазыпты.
"Жаңа әкім Сәлменов 2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында ауыл тұрғындарын қар құрсауынан құтқаруда үлкен ерлік жасады. Қар шығару кезінде күндіз-түні ауылда болды. Бұл үлгінің өзі неге тұрады" деп жазған тұрғынның аты-жөні көрсетілмеген.
Әкім хатты суретке түсіруге рұқсат бергенімен, аудан басшылығының аты-жөні жазылған мәтіннің бас жағын қолымен жапты. Әкімнің дерегінше, Қызылсуатта 1315 адам тіркелген, бірақ ауылда тұратындар бұдан әлдеқайда көп.
– Астана маңындағы ауылдың бәрінде осы мәселе бар. Адамдар қаладан медициналық көмек алу үшін ауылға тіркелгісі келмейді. Қазір халыққа бюджет қаржысы ауыл тұрғындарының санына қарай бөлінетінін түсіндіріп жатырмын, – дейді әкім.
Әңгімеден соң Азаттық тілшілерін шығарып салған Оразбай Сәлменов әкімдік алдындағы теректі өзі кесіп, шөпті де өзі оратынын айтты. Сөзін іспен дәлелдеу үшін ол әкімдік ғимаратынан шөп оратын құрал да алып шықты. Сәлменов бірнеше минут әуреленіп көргенімен, қолындағы құрал сол күйі оталмай қойды.
"ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК"
Қызылсуат тұрғыны және ауыл әкімі сайлауына түскен кандидаттардың бірі Тоқтағұл Стаханұлы басында сұхбат беруге келіспегенімен, сөзден-сөз шығып, сәлден соң еркін әңгіме айта бастады. Тоқтақұлдың жасы 55-те. Мамандығы - инженер-гидротехник. Алты жыл мемлекеттік органдарда еңбек етіп, басшылық қызметтерде істеген. Ауылда әкімдік құруды талап еткен топтың ішінде болған. Нағызхан Төлеубай Қажы сияқты Тоқтақұл Стаханұлы да сайлаудың карантин кезінде өткеніне наразы. Ол ауылдан шығуға да мүмкіндігі болмағанын, бұл сайлау нәтижесіне әсер еткенін айтады. Тоқтақұл не аудан депутаттарымен, не ауылдық округке кіретін басқа ауыл тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстыра алмаған.
– Сайлауалды бағдарламаңызда не болып еді? - деп сұрадық бұрынғы кандидаттан.
– Ауыл өмірін жақсартатын ұсыныстар. Бізде қоқыс алып кету қызметі жоқ. Орталық су құбыры жоқ. Кезінде су құбырының жобасын жасауға көмектескем. Жол құрылысын жобалау жұмыстарын қоғамдық және мемлекеттік бақылауға алу керек. Ал қазір көріп отырғаныңыздай, жүргіншілер жолы трансформаторға барып тіреледі. Жұмысқа сондай салғырт қараған. Қала мен ауыл арасында жүретін автобус бағытын реттеу керек. Қоғамдық көлік бағыты дұрыс бекітілмеген. Осының бәрін жүзеге асыру үшін әрекет ету керек. Қазақта "жыламаған балаға емшек жоқ" деген сөз бар. Ауыл әкімі шешім қабылдаудан толықтай шеттетілген. Барлық шешім аудан мен облыста қабылданады. Ал ол жақтан ештеңе көрінбейді, – дейді Тоқтақұл Стаханұлы.
Оның айтуынша, адамдарға пікірін білдіруге мүмкіндік беру үшін Қазақстанда тікелей сайлау жүйесін енгізу керек.
– Жергілікті халық өз әкімін өзі таңдауы керек. Аудан депутаттары ауылға келмейді. Жергілікті жердің мәселесін осында тұратын адам ғана біледі. Жүйені өзгерту керек, – дейді Стаханұлы. Ол көп нәрсе әкімнің бастамасы мен халықтың ішкі құлшынысына байланысты екенін айтады. Тоқтақұл Стаханұлының пікірінше, әзірге "өз ісіне дұрыс қарайтын шаруаға икемді адам жоқ".
ҚЫЗЫЛСУАТТЫҢ ТҰЗДЫ СУЫ
Қызылсуаттағы маңызды мәселенің бірі – ауыз су жетіспеушілігі. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың тұзды суы ішуге жарамайды. Бұл суға киім жуса, ағарып кетеді, көлік жуса, темірдің бетін тат басады.
Ауылда жергілікті халыққа тұщы су сататын жалғыз пункт жұмыс істейді. Тұрғындар қырық литрлік ыдыстағы суды екі теңгеге сатып алады. Бұл арзан саналады. Бірақ ондаған адам бір уақытта келгенде, насос тұщы су дайындап, екі тонналық цистернаны толтырып үлгермейді. Сондықтан бөшке көтеріп, су кезегінде тұрған адамдар ауылдағы қалыпты көрініске айналған – көбі суды азаннан кешке дейін алады.
– Тұрғындардың жартысы суды қаладан әкеледі. Өйткені ауылда су алып үлгермеуі мүмкін. Ауыл кеңейіп келеді. Кейде жиналған су кезекте тұрғандардың бәріне бірдей жетпейді. Демалыс күндері суға ұзын-соңар кезек түзіледі. Кейде адамдар сусыз қалады. Үйге тұзды суды тұщы суға айналдыратын құрылғы орнату қымбат тұрады. Оған үш-төрт мың доллар ақша керек. Қазір тұрып жатқан үйімді кезінде сондай ақшаға сатып алғанмын, – дейді жергілікті тұрғын Болат Ундустанов. Ол әйелі, балалары және қарт әкесімен бірге ауыл шетіндегі ескі үйде тұрады.
Болаттың әкесі 74 жастағы Едіге Жүнісов 48 жыл бойы ауылда физика пәнінен сабақ беріп келген. Бірнеше мектепте директор да болған. Ол бізді үйге кіріп, шай ішіп, ауыл өмірі туралы сөйлесуге шақырды. Зейнеткер астанаға автобус аз жүретініне шағынды. Бір жақсысы, ұлының көлігі бар. Жүнісовтер отбасы 10 жыл бұрын екі сиыры ұрланғаннан кейін мал ұстамайтын болған. Ұрылар сол күйі табылмаған. Қария жаңа әкімнің қызметінен оң өзгеріс көрмегенін айтады.
– Біз оны таңдаған жоқпыз. Олар бізбен неге кеңеспейді? Басты сұрақ – осы! Біздің еш қадіріміз жоқ па? Мен, мысалы, жергілікті тұрғынмын. Ата-бабам қанша ғасырдан бері осы жерде жылқы бағып келген. Бізбен кеңесу керек қой. Жергілікті халық бізді құрметтейді, бірақ биліктен ондай қарым-қатынас көрінбейді. Үстімізден аттап кетті! – дейді зейнеткер.
Ауылдан кетерде ауызсу сататын үйге тоқтадық. Тұщы су шығаратын құрылғы орнатылған шағын үйдің жанында жас шамасы жеті-сегіздегі қыз бен ұл алюминий ыдысқа су толтырып жатыр екен. Терезе алдындағы қарт адам судың ағуын қадағалап отыр. Ыдыс толған кезде кішкентай қыз қолымен "кранды жабыңыз" деген белгі берді. Ауыр ыдысты қолдан жасалған арбаға мықшыңдап тиеген соң балалар үйін бетке алып, жүріп кетті.
ПІКІРЛЕР